«Сарыөзек – Көктал» автожолының жөндеу жұмысымен танысты

0
369

Панфилов ауданына барған жұмыс сапарында  облыс әкімі Бейбіт Исабаев  «Сарыөзек — Көктал» автожолының жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл туралы  Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі  хабарлады.

Жол бойы Сарыөзек пен Жаркент аралығындағы жолдың жөнделіп жатқан учаскелеріндегі құрылыс жұмыстарын бақылап көрген облыс әкімі жолай бірнеше жерге тоқтап, жобаға жауапты мамандармен, жол жөндеушілермен тілдесті. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жетісу облыстық филиалының директоры Нұрхат Ақылтаевтан облыс аумағынан өтетін республикалық жолдардың жөнделіп жатқан учаскелеріндегі құрылыс барысының қазіргі жай-күйі туралы егжей-тегжейлі сұрады.

«Талдықорған – Қалбатау –  Үшарал» автожолының 287-615 шақырымдарындағы және «Үшарал-Достық» жолының 90-180 км учаскедегі жаңғырту жұмыстары жайлы қысқаша айтып берген   Н. Ақылтаев   «Сарыөзек – Көктал» автокөлік жолының бес жобаға бөлінген жөндеу жұмыстарына да  кеңінен тоқталды. Аталған жолдың 45-68 км учаскесінің күрделі жөндеуін, 68-110 шақырым аралығындағы орташа жөндеуді, «Көктал — Жаркент» жолының 306-322 шақырымының орташа жөндеу жобаларын бір мердігер компания – «РСУ-1» ЖШС ұтып алған екен. Н. Ақылтаевтың сөзінше «Сарыөзек — Көктал» автожолының 45-68 шақырымының күрделі жөндеуі мен «Көктал – Жаркент» жолының 16 шақырымының орташа жөндеуі биыл аяқталып, пайдалануға беріледі. Облыс әкімінің сұрақтарына жауап беру барысында «РСУ-1» ЖШС директорының орынбасары Нұрсұлтан Нұрғиса да аталған учаскелердегі жұмыстарды мерзімінде сапалы бітіреміз деп уәде берді. Бұл жұмыстарға қазір 66 бірлік техника тартылған. Облыс басшысы жол бойы жөндеу жұмыстарының қарқынын бақылай келе, жаңғырту ісіне тартылған техника мен жұмыс күшінің жеткіліксіздігін айтып, күш пен қарқын қосуды қатаң тапсырды.

Мұнан кейін Бейбіт Исабаев Пенжім ауылдық округіндегі «Беширов А.» шаруа қожалығына тиесілі қойма алаңында шаруашылық жұмысшыларымен тілдесіп, «Ауыл аманаты» жобасының мүмкіндіктері   туралы   пікір  алмасты.

«Жаркенттің жеріне бәрі өседі. Өңірде алма өсіріп отырған шаруашылықтар бар, енді тек алманың өзін саудаламай, оны сақтайтын қойма салып, алмадан табиғи шырын әзірлеуді қолға алу керек. «Ауыл аманаты»  – ауылдық жерлерде 3-4 отбасы бірігіп, елді мекенге керек осындай кәсіптерді ашуға өте қолайлы жоба. Ауылға басқа тағы не керек – наубайхана бола ма, шұжық цехы ма, шаштараз ба, өзара ақылдасып, керек кәсіпті ашып, бастасаңыздар, өз отбасыларыңызды жеткілікті деңгейде асырауға да, ауылдастарыңызға  жұмыс тауып беруге де мүмкіндіктеріңіз болады. Бұл пилоттық жоба ретінде Жамбыл облысында кезінде өзінің жақсы нәтижесін көрсетті. Сондықтан жетісулықтар да жобаның игілігін көруі тиіс. Ол үшін, ауыл әкімдері, халықпен жұмыс істеңіздер, жоба туралы егжей-тегжейлі түсіндіріңіздер»,  – деді   Б.Исабаев.

Нұркент ауылындағы төрт 60 пәтерлік және екі 80 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылысы да назардан тыс қалған жоқ. Осыдан екі-үш жыл бұрын салынып біткен бұл көпқабатты үйлердің инженерлік коммуникациясы әуел баста дұрыс жоспарланбағандықтан, осы кезге дейін дайын үйді қолданысқа беру мүмкін болмаған еді. Облыс әкімі кәріз жүйесі, жылу жүйесі, электр желісі, кіреберіс жолдарына қатысты жобаларға тиісті қаражат қарастырылуына қолдау көрсетіп, мәселе шешімін тапты. Осылайша биыл осы тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, кезекте тұрған 400 отбасы үйлі болмақ. Жалпы қазір ауданда 4 300-ден астам адам тұрғын үй кезегінде тұр.

Облыс басшысы бұдан әрі «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында, «Иминова М.» шаруа қожалығының жүгері алқабында, Қорғас өзеніндегі бірлескен «Достық» су торабында болып, жұмыстарымен танысты.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ