Жер дауы желіндеп тұр

0
633

Жер, жесір дауы әлімсақтан бері  қазақтың бас ауруына айналған. Тізесін батырып жерін тартып алған бай-шонжарлардың үстінен арызданып, би-болысқа жүгінгендер де аз болмаған. Тіпті мыңғырған малын сыйдыра алмай өріс сұрап, жаз – жайлауда, қыс – қыстауда көшіп-қонған қазақ «малым жанымның,  жаным  арымның  садағасы»  деп   тәмсілдеген.

«Барлық  елдің  пролетарлары  бірігіңдер»  деп ұрандап, дүниені аударып төңкеріс жасаған, 1990 жылға дейін күн көсем санап келген  Ленинмен  сағаттап дауласқан,  мемлекет  және  қоғам  қайраткерлері,  қазақ  арасынан  шыққан   математика  ғылымының профессоры  Әлімхан  Ермек  пен Әлихан Бөкейхановтар тоқымдай жер үшін қазақ шекарасын қорғап қалған тұлғалар еді.Сабындай көпірген әпербақан әлемдік аренада аяқ киімін шешіп алып, үстелді  тоқпақтаған Н.Хрушевтың тұсында жерімізді құнсыз-даусыз өзбек мемлекетіне беріп жіберген кезеңдерде болды.

Демек, қай дәуірде болсын жер дауы оның бауырындағы қазына байлықтар екінші бір мемлекеттің көз құртына айналған. Оны Ресейдің Украина  мемлекетіне жасаған басқыншылық әрекетінен де аңғаруға болады.  Тіршілік ету үшін ауа мен  су қандай қажет болса, адамзатқа жер  сондай қажет. Жер болмаса тіршілік түгесіледі. Тіршіліктің,  күн көрістің   қажетін өтеп отырған жер – қара халықтың байлығы. Жекешелендіру жүйесі  нарық талабына көшкенде қолынан келгендер қонышынан басып,  мың  гектарлап жерді жекешелеп алды. Игергені игерді, игермегені телімдеп сатып, май шелпектен асап, мұрттарын балта шаппай отыр.

2016 жылы осы жер үшін Қазақстанда үлкен дүрбелең болды. Халық көтеріліп, жер сатылмасын  деп ұрандады. Бас көтергендер абақтыға тоғытылды. Күні бүгінге дейін игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару үрдісі жалғасып келеді. Жер дауында сорлаған тағы да сол қара халық. Қолындағы бес-алты тұяғын  жаятын жердің жоқтығы халықтың ашу-ызасын туғызды. Қолы жеткендер гектарлап алған жерлеріне жекенің малын кіргізбей айналасын қоршап тастады. Кәсіппен,  шаруашылықпен айналысқысы келгендер тоқымдай жер ала алмай  әкімдіктің табалдырығын тоздырып жүр. Одан бөлек баспана салуға 10 сотық жер телімін ала алмай, жылдап кезекте тұрғандардың мәселесі атан түйеге артқан жүктей  салмағы ауыр күйінде қалып келеді.

Екі жеп биге шыққандар алаяқтықпен жерді қара халыққа сатып жіберіп, тіпті қолдарындағы жер телімі жайлы құжаттарын да заңдастырған.  Тоқымдай жер алып қуанғандар баспана салып,  енді бірі қабырғасын қалағанда, әкім жер телімі заңсыз сатылған деп қара халықты сотқа жүгінуге мәжбүрлейді. Екі түйе соқтықса, ортада шыбын өледі дегеннің кері келіп, ұлардай шулаған халық не істерлерін білмей дал.

Түркістан облысы, Сайрам ауданының  әкімдігі халықтан 400-ден аса гектар жерді алып қойған. Massaget.kz тілшісі сот шешімі бойынша жер телімдері мемлекетке қайтарылды  деп хабарлаған болатын. Сайрамдық Манзура Өзбекова 7 жыл бұрын Қарасу елді мекенінен 1 миллион теңгеге жер телімін сатып алған. Кейін 10 миллион теңгеге үй тұрғызып болдым дегенде сот шешімімен жер мемлекет меншігіне өтіп кетіпті. Осыны естігелі ес жия алмай жүрген үш баланың анасы енді қайда барамын деп  жыларман болып жүр.  «Бұл үйді салу үшін несие де алдық, астымыздағы көлікті де саттық. Енді келіп  бұл  жер сендердікі емес дейді. Өлсем өлігім шықсын. Бірақ, бұл жерді ешкімге бермеймін», – дейді  Манзура Өзбекова.

Даулы жерден мүлікті болғандар қатары жүзден асады. 4-5 жыл бұрын 500 мың теңгеден бастап 1 миллион теңгеге дейін 450 учаске сатылған. Бұған дейін аудандық сот шешімді тұрғындар пайдасына шешсе, кейін облыстық сот үкімді өзгерткен. «Негізі жеріміз заңды еді. Салық барлығын төлеген едік. Он шақты үй бар, 20-дан аса дәу үйге бетон құйып қойған. Енді-енді тұрғындар қоныс аударып жатқанда мемлекеттік органдар бізді аяғымыздан шалып отыр ғой», – дейді Түркістан облысының тұрғыны Ержан Темір.   Сатып алған жерімізден айырылып қаламыз деп бойларын үрей билегендер әу баста жерді алған кезде сол кездегі ауыл әкімі болған адамның қолы қойылып, мөрі басылғанын айтады. Соған иланып қалдық. Жиналғандармен кездесуге келген аудан әкімінің орынбасары бұл жер алаяқтық жолмен сатылған,  яғни, әкімдікке ешқандай қатысы жоқ қос азамат құжаттарға жалған қол мен мөрді басып халықты алдап соққан деп ақталған. «Қазіргі күнге бұлар сотқа арызданып, сотпен жерлерді заңдастырып,  қаулыларды қайтадан қалпына келтіру керек. Бұның басқа ешқандай жолы жоқ»,  –  дейді Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаев.

Сондай-ақ, бұл елдімекен сыртындағы   егістік мақсаттағы жер. Яғни, бағытын өзгерткен күннің өзінде жиналғандарға жер телімі тимейді. Себебі, кезекте тұрғандарға беріледі екен. Ал, тұрғындар өз кезегінде «Жоғарғы сотқа арызданып, қолдарындағы құжатқа қол қойғандардың барлығын тауып, жауапқа тартамыз» деп отыр. Міне, жергілікті әкімдіктің мөріне сеніп жер телімін алғандар бүгінде  бірі несие алып,  бірі  көлігін сатып баспаналы болғанда жер телімі заңсыз берілген деген аудан әкімдігімен соттасып жүр. Бірінші сатыдағы сот тұрғындар пайдасына шешілгенімен, аппеляциялық сотта жеңіліс тапқан. Сонда қара халықты тақырға отырғызып, жерді саудалағандар кімге арқа сүйейді? Халыққа  құжаттағы мөр ауыл әкімдігінің мөрі деп  айтқан кімдер?  Мемлекеттік органның мөрін пайдаланып жер берілгенде, сол  жерге ауыл тұрғындары баспана сала бастағанда  ауыл әкімі қайда  қарап отырған?

Жер сатуда әкімдіктің мөрі жалған болып сол кезде дабыл қағылса, алаяқтықпен айналысқандар жауапқа тартылар еді. Әкімдіктің үндемей отырғанына қарағанда бір шикіліктің ұшы жергілікті билікте жатқанын аңғаруға болады. Мұндай заңсыздықтар бір ғана Түркістан облысында ғана емес республиканың кез келген аймағынан табылады. Бұл баспана салудағы жер теліміне қатысты дау. Ал  мал жайылымы мен егістікке қатысты даулар әкімдіктен асып сотта қаралып жатады. Қаңтар оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының  игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне  қайтару  туралы  пәрменінен кейін меншік иелері атанған бай-бағландардың біразы жерді  өздері қайтарса, енді біразы әлі күнге дейін қасарысып келеді.

Мәселен, Жетісу облысының  Ақсу ауданында шаруа иесі 10 мың гектардан аса жерді пайдаланбай отырғаны мәлім болды. Ал, ауыл халқы мал жаятын жер жоқ  деп  әкімдіктің табалдырығын тоздырып жүр. Ірі көлемде жер телімін алып, игермеген латуфиндистер  жайлы сан мәрте сыни мақалалар жазылды. «Интернет желілеріне көз сүзсеңіз  мемлекет басшысына үндеу жолдап жатқан шаруалардың бас көтеруін көресіз. Соның бір көрінісі Ақсу ауданы Қапал ауылындағы «Күреңбел» шаруашылығы 10,3 мың га жайылымды пайдаланбаған. Бұл мәселені 2017 жылдан бері ауыл тұрғындары көтеріп келеді. Соның өзінде 2022 жылы небәрі 366 га жайылымдық жер қайтарылған. Аудан және ауыл әкімдері осымен ғана шектелуде»,  – деді Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев өңір басшысының қатысуымен өткен кеңесте.

Жалпы, Жетісу облысында 2022 жылы аэроғарыштық зерттеу арқылы барлығы 857,2 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер анықталған.  Жүргізілген жұмыс нәтижесінде мемлекет меншігіне 128,5 мың гектар қайтарылған. Оның ішінде 121,3 мың га жайылым, 6,9 мың га егістік, 300 га шабындық жер. Биыл 220 мың гектар пайдаланылмайтын жерді мемлекеттің   меншігіне   қайтару  жоспарлануда.  Жыл басынан бері 64,8 мың гектар қайтарылды. «Десек те, бұл бағыттағы жұмысты Ақсу, Ескелді, Кербұлақ, Панфилов аудандары сылбыр жүргізіп жатыр. Нақты айтсам, 2022 жылы орташа қайтару деңгейі 13,2 пайызды құраса, Ескелді ауданы 7,4% ғана орындаған. Биыл жер қайтару көлемі  29,5 пайыз, Ескелді ауданы – 6,3%, Панфилов 8,2% ғана орындаған», — деді Әлібек Жақанбаев.

Әкім орынбасарының сөзінше, ауыл маңына жақын орналасқан қайтарылған жайылым тиісті жоспарға енгізіліп, халық мұқтажына, ал егістік жерлер нақты ауылшаруашылық пайдаланушыларға конкурс арқылы табысталуы тиіс болатын. Алайда, бүгінгі күні Кербұлақ ауданынан басқа аудандарда жоспар әзірленіп, бекітілмеген. «Осының салдарынан бүгінгі күні ауыл тұрғындарының мал жаюына қажет қосымша 688 мың гектар жайылым жерін бекітіп бере алмай отырмыз. Жердің мақсатты пайдалануын қадағалау  тікелей ауыл әкімдерінің міндеті. Алайда жергілікті жерлерде округ әкімдері қадағалау тұрмақ, жер пайдаланушыларды және қандай мақсатта пайдаланып отырғанынан хабарсыз. Білгеннің өзінде еш шарасыз отырады. Оның себебі –  заңға сәйкес өзіне жүктелген тікелей міндетін толық білмейтіндігінде», –  деді Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев.

Біз  қайтарылған жерлерге қатысты Жетісу облысы прокуратурасына қоңырау шалып қосымша ақпарат сұрадық, олар облыс прокуратурасының органдарымен 2023 жылдың 3 айында мемлекет пайдасына жалпы кадастрлық құны 412.2 млн.теңге пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін 32.7 мың га қайтарылғанын айтты.

Ағымдағы жылдың соңына дейін жалпы көлемі 214 мың га қараусыз қалған немесе мақсатсыз пайдаланылатын жайылымдарды және 6 мың га егістікті қайтаруды қамтамасыз ету жоспарланған. Пайдаланылмайтын жерлерді анықтау бойынша жұмыс Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы шеңберінде тұрақты негізде жүргізіліп келеді. Бұл жұмыс бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі деген прокуратура органы заңнаманы бұза отырып пайдаланылмайтын немесе берілген жерлерді анықтау, қадағалау актілерін енгізу, уәкілетті органның тексерулер жүргізуін бақылау, жерді қайтаруды қамтамасыз етуді негізгі бағыт санауда.

Мәселен, прокурорлық қадағалау актілері бойынша пайдаланылмайтын жерлер бойынша облыстық жер ресурстарын басқару жөніндегі департаментпен жалпы көлемі 78 мың га 22 жер иеленушіге нұсқамалар, жалпы көлемі 650.5 мың га 1 393 жер пайдаланушыға нұсқамалар берілгенін тілге тиек етті. Прокуратура органдарымен жерді мемлекетке қайтаруды жүзеге асыру барысын және оларды жергілікті атқарушы органдардың агросектордың адал және құлшынысты өкілдеріне тікелей пайдалану үшін заңды бөлуін тұрақты негізде бақылауда, – дейді Жетісу облыстық прокуратурасы. Құқық қорғау органдарының өзі бақылауда ұстап, қадағалап отырса да аудан және ауыл әкімдерінің бұл жұмысқа аса құлшыныс танытпай отырғанын облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев облыс әкімімен өткен жиында айтқан болатын. Біз мақала аясын тарылтпай республика көлеміндегі болып жатқан жерге қатысты дау-дамайларды толық қамтып отырмыз. Себебі  жерге қатысты мәселе бір Жетісу облысында ғана болып жатқан  жоқ.

Павлодар облысында жайылымнан айырылған жұрт Президентке үндеу жолдап, нүктесін өзі қойып берсін деуде. Жергілікті биліктің дәрменсіздігін әрі істі созбалаңға салуынан, болмаса  ит-итті жұмсаса, ит құйрығын жұмсапты дегендей, бір-біріне сілтеген биліктен көңілі қалған ауыл тұрғындарының жан-айқайы бұл. Халық Жолқұдық, Ребровка және Қаракөл елді мекендерінің тұрғындары мал бағатын өрістерін қайтаруды сұрап,  Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбиновті, Алғабас ауылдық округінің қазіргі және бұрынғы әкімдерін жауапқа тартуды өтінеді. Тұрғындардың айтуынша, бұл лауазымды тұлғалар қызмет бабын асыра пайдаланып, тұрғындардың пікірімен санаспай, жайылымдық жерді жеке инвесторға беріп жібергенін айтады. 2018 жылы Алғабас ауылдық округіне қарасты үш елді мекеннің жерін (2421 гектар) конкурс арқылы «Кронос-Павлодар»  ЖШС алған.

Жоспар бойынша олар сүт фермасын салуға тиіс болған. Әйтсе де құрылыс жұмыстары былтыр күзде ғана басталыпты. Ал биыл көктемде инвестор алған жеріне мал азығын егеміз деген желеумен жыртқан. Осылайша, шағын фермерлер 15 шақырымдағы жаздық мал бағатын жерлеріне бара алмай қалған. Өйткені аумақты қоршап, жолды жауып тастаған. Ал ауылдықтардың үйдегі азын-аулақ малын жаятын жер қалмаған.Тұрғындардың шағымы негізінде тексеру жүргізген жер ресурстарын басқару департаменті үш жер телімінің (1100 гектар) заңсыз берілгенін анықтады. Оны қайтару жөнінде Ақсу қалалық жер қатынастары бөліміне ұсыныс тастаған. Алайда Ақсудың жер қатынастары бөлімі орындаудан бас тартып, жер ресурстарын басқару департаментін сотқа берді. Ал қалалық сот жер ресурстарын басқару департаментін жақтап, шешім шығарған.

Содан кейін ақсулықтар облыстық сотқа аппеляциялық шағым берген. Десе де облыстық, қалалық соттың шешімі күшінде қалды. Соған қарамастан, Ақсу қалалық жер қатынастары бөлімі Жоғары сотқа кассациялық шағым түсірген. Қазір іс кассациялық сотта қаралуда.  Ауыл тұрғындары, әкімдік пен бірінші, екінші сатыдағы соттан көңілдері қалып, жоғары сотқа шағымданып, президенттің өзі істі бақылауда ұстап, осы мәселеге  өзі нүкте қойсын деп үндеу жолдаған. Әрине, бұл істің ақ-қарасын жоғары сот шешер. Алайда, жерді кәсіпкерлерге берер кезде жергілікті билік неге ауыл тұрғындарының мәселесін назарға алмаған. «Айқайласам шығады ащы даусым»  дегендей ауыл тұрғындары елеусіз-ескерусіз қалған соң, жоғарыға шағымданып отырған жоқ па? Азын-аулақ малдарын жаятын жер қалмағандығын және шағым бойынша тексерген жер ресурстарын басқару департаменті 110 гектар жер заңсыз берілгенін анықтаған. Алайда, бұл заңсыздықтарды сот назарға алмады дейді шағымданушылар. Бар үмітттерін сотқа сеніп тапсырған ауыл тұрғындары ендігі сенерлері Мемлекет басшысы екенін айтады. Егер жоғарғы кассациялық сот, төменгі сатыдағы соттың шешімі дұрыс деп күшінде қалдырса, ауыл тұрғындары қолдарындағы малын қайда жаяды.

Арбаны да, өгізді де  өлтірмей екі тараптың мәселесін шешетін жергілікті билікте білікті маманның шынымен табылмағаны ма? Әлде, бұрынғы әкімдердің іс-әрекеті оған біз жауапты емеспіз деген жаңа биліктің кереғар іс-әрекеті болса, онда неге бұл іске Павлодар облысының әкімі өзі араласпаған? Неге ауыл тұрғындары Мемлекет басшысына үндеу жолдауға мәжбүр болуда? Ашкөздік пен қара жерді қандаладай сорған латуфиндистердің кесапаты ауыл халқын әрі-сәрі күйге салып қойды. Қазақстанның әрбір азаматының еншісі, әрі ұлттық байлығы жерде.

Соны біле тұра, балтырларын байпақ қысқан иегінің астындағы ел-жұрттың мұңымен санаспай тек қара бастарының баюын көздегендер қара табан шаруаның  малдарын  өргізуге өріс бермей келді. Отыз жыл елдің ырысын тартып жегендерге де енді тықыр таянды. Ірі бай манаптың бірі экс президенттің туған інісі, Алматы облысының тұрғыны  Болат Назарбаевқа тиесілі  59 жер телімі анықталып, оның еншілес компанияларына тиесілі жерлер мемлекетке қайтарылуда. Бұл туралы «Amanat»  партиясы жанындағы мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерлан Сайыров хабарлаған болатын. «Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі Маңғыстау облысында 239 мың гектар, Жамбыл облысында 60 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды», – деп жазды Сайыров әлеуметтік желідегі парақшасында.

Бас прокуратура Болат Назарбаевқа тиесілі Астана, Алматы, Талғар қалалары, Қаскелең елді мекені, Түркістан облысының ең тиімді жерлерінде орналасқан 244 гектар болатын 59 жер телімін анықтаған. Бұл жерлер бизнес-орталықтары, коттедж қалашықтарын салуға арналғаны жазылған. Бұдан бөлек, Болат Назарбаевтың көлік базары да мемлекетке қайтарылған. «Алматы облысы Қарасай аудандық соты «Барыс» автобазары орналасқан учаскені сату туралы келісімшарттарды жарамсыз деп тапты. Бұл туралы Қарасай аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады. «Сотқа жолдаған талап арызында Қарасай ауданының прокуроры 2004-2019 жылдар аралығында мемлекеттік мекемелер мен жауапкер Н. арасындағы мәмілелерді жарамсыз деп тануды сұрады», – делінген аудандық сот таратқан мәлімдемеде.

«Бақсам бақа екен» демекші жер телімін беру кезінде облыстық жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органмен және жер учаскелерінің санатын беру жөніндегі жергілікті уәкілетті органмен келісілмегендігі анықталған. Сол себепті, жер телімдерін беру ережелері бұзылған. Бастапқыда бұл жер ауылшаруашылық жеріне тиесілі болған. Міне, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болған  шонжарлардың әлі қаншауының аты аталып, түрі түстеленін уақыт еншісіне қалдырайық. Алайда, тоқымдай жер  сұрап, қолындағы бес-алты тұяғын өріске шығара алмай отырған ауыл халқының сұранысын өтеу оңай болып тұрған жоқ.

Одан бөлек, жер телімін сатып алып, заңдастырып, баспана салғанда ол заңсыз сатылған деп  халықты шулатып көз жасына қалған билік тағы да сотқа жүгініңдер дейді. Сол жерді сатқан алаяқтардың аты-жөні аталмайды. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың бір ұшы жер сатып байығандарда жатыр. Желіндеп тұрған жер дауының толғағы   қашан   басылар екен…

 Айтақын МҰХАМАДИ

Суреттер ғаламтордан алынды.


ПІКІР ЖАЗУ