Шығарма — жазушының айнасы

0
926

«Жазушы екеніңізді көрсету үшін жаңа шығармаңызды жарияға жар салып, даладан ойыншық тауып алған баладай алақайлап жүгірмес бұрын өз шығармаңызға өзіңіз сын көзбен қарап үйренгеніңіз абзал»,  –  дейді  жазушы Асхат ӨМІРБАЕВ. Сондай-ақ ол шығарма  жазушының айнасы екенін,  айнадан жақсы оқырманға жазушының жазушылық болмысы көрініп тұратыны туралы да айтты. Жазушымен болған бүкпесіз әңгімеде біраз сауалдың тиегі ағытылды. Ендеше, оқып көріңіз…

АЛАТАУ:Асхат, әңгімені балалық шақтан, ата-анаң жайлы, жүріп-өткен жолыңнан бастасаң.

Асхат ӨМІРБАЕВ: – Шығыстың шырайлы Семей өлкесінде, Тарбағатай  тауының  бөктерінде ірге тепкен Үржар ауданы, Үржар ауылында 1982 жылы 16 тамызда дүниеге келіппін. Қазіргі Шығыс Қазақстанда Әбен (Әбілқасым) атам мен Кәмила апам қоныстанған өңір тұмса бұлағы атқылаған, ірілі-ұсақты өзендері өрнектеген табиғаты тамаша жер. Бақыт әкем сол тұста Үржардағы Киров, Абай мектептерінде білім алып, 1975 жылы   үздік белгімен   Сарқан  мәдени-ағарту училищесін, 1987 жылы Талдықорған педагогикалық институтының музыка факультетін бітірген екен. Еңбек жолын Жансүгіров және Киров мектептерінде ән-күй пәнінің мұғалімі болып бастап, 1968 жылдан бастап «Дорожник» атты мәдениет үйінің көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі атанады. Бақыт әкем өзі бітірген баян аспабында ғана емес, домбыра, фортепиано, прима секілді аспаптарда еркін ойнайтын. 1976 жылы Үржар музыка мектебіне баян классы бойынша орналасып, 1980 жылдан зейнеткерлікке шыққанша директор қызметін атқарды. Шешем – Раушангүл қазіргі Жетісу облысы, Қаратал ауданы, Дөңши ауылында 1957 жылы туған. Жастайынан әке-шешесінен айрылып, жетім қалған қызды Сатай атам мен Орынбала апам бауырына басып, асырап алыпты. Шешем орта мектепті бітіріп, Қарлығаш апайымен Үржарға сапарлатып келсе керек. Сол тұста екі жас бір-бірін ұнатып, кейін шаңырақ құрады. Әкем жаңа салынып жатқан көпқабатты үйден жеке пәтер алып, отбасында мен және Әсел есімді қарындасым дүниеге келіппіз. Әкем ауданға беделді адам болды, үйден қонақ үзілмейтін. Сол кезде Қарақол, Мақаншы және басқа жақтан келген музыканттар біздің үйде түнеп қалатын. Өкінішке қарай, тағдыр біздің балалық  шағымызды әкемізбен бірге өткізуге жазбапты.

Мен төрт жаста, қарындасым екі жарым жаста болғанда әке-шешеміз ажырасып кетіпті. Шешем бізді асырау үшін Үржардағы сыр зауытта жұмыс жасады. Екеумізді таңертең балабақшаға апарып, кешке алып қайтады. Сол кезде әкем мен туыстарым Әсел екеумізді тәрбиешілерден сұрап алып, түстен кейін қайта апарып тастайды екен. Содан не керек, араға жыл салып әкем басқа әйелге үйленсе, шешем басқа бір ер-азаматтың етегінен ұстап, тұрмысқа шығып кете барады. Біз өкіл әкеміздің жұмыс бабымен Үшаралда, «Коммунизм» деген ауылда бірер жыл тұрып, Қаратал ауданының шалғайда орналасқан «60 жылдық» (қазіргі Жасталап), кейін Бәйшегір ауылына көшіп келдік. Ол кезде мен кішкентай болған соң Бақыт әкем жайлы білмеген едім.

АЛАТАУ: – Асхаттың бала арманы не еді?

Асхат ӨМІРБАЕВ: – Бәйшегір ауылында жүргенде асық ойнап, балалық шағым алаңсыз өтті десем де болады. Бұйрат құмдардың үстінде жалаң аяқ жүріп, табан күйдіріп, қозы баққан күндерім әлі есімнен кетпейді. Шешемнің Мырзакерім ағасы мен Баян жеңгесі совхоздың қойын бағатын, жазда малды ауылға барып көмектесетінбіз. Өзім бастауыш сыныпты Бәйшегір ауылында бітірдім. Неге екені сол кезде аспапта ойнауға әуес болыппын. Қолдан домбыра жасап, ыңылдап ән айтып жүретінмін. Әкемнің музыкаға жақындығы маған да әсер еткен болуы керек. Бірақ ауылда домбыра үйірмесі болмады. Кейін Жезқазған облысы, Саяқ кентіне көшіп келдік. Сол кезде көлік жүргізетін өкіл әкем Сәкен «Белаз» көлігімен шахтадан мыс рудаларын таситын. Саяқ  кентінде музыка мектебі болған да шығар, бірақ ата-анам мені өнер мектебіне бермеді. Жас күнімде ұялшақ, бұйығы болып өстім. Мүмкін, әке-шешеме домбыра үйренем, музыка мектебіне барамын деп айта алмаған шығармын. Содан кітапханадан кітап алып оқи бастадым. Менің музыкаға деген құштарлығымды кітаптың хош иісі мен қызықты, шытырманды оқиғалары жеңіп кетті. Саяқтағы №6 мектепте оқып жүргенде кітапханашылар кітап беріп: «Бір-екі аптадан кешіктірмей алып келесің» дейтін. Мен бірнеше кітап алып, бір-екі күннен кейін қайырып әкеліп тұрғанда олар «Кітапты оқымай, қайта алып келдің бе?» деп ұрысатын. Оқығаныма сенбей, мазмұнын сұрайтын. Басқа балалар бала кезінде ұшқыш болуды армандап жүргенде, мен агроном болсам деп арманда-дым. Өйткені, бір кітаптан агрономдардың қызықты өмірі жайлы, түрлі жеміс-жидек өсіріп шығаратыны мені қатты қызықтырған еді. Бала кезімнен бір нәрсені құрастыру, жасауға деген құштарлық болды. Ауылда Серік ағамның рулон сым темірін рұқсатсыз пайдаланып, балаларға қолмен жүргізетін төрт дөңгелекті трактор жасап беріп, өзіме өзім риза болғаным есімде қалыпты.

АЛАТАУ: – Қаламгерлік жолға  қай  жасыңда және  қалай келдің?

Асхат ӨМІРБАЕВ: – Мектепте оқып жүргенде шетел жазушысы Дениэл Дефоның «Робинзон Крузо» атты  шығармасын оқығаным бар. Сол шығарма маған қатты әсер етті. Аралда жалғыз қалған адамның тағдыры өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Ойымда небір шытырман оқиғалар жүрді. Бірақ мұны бәрі  болашақта жазушылық жолға әкелетінін білгенім жоқ. Жетінші класс оқып жүргенде отбасымызбен Үржар ауданының «Қызылқазақ» деген ауылдағы бір туыстың үйіне барыппыз. Сол ауылда тұратын Бақыт әкемнің туыстары біздің келгенімізді айтыпты. Біз Саяққа қайтып кеткен соң әкем шешеме  қоңырау шалып, бізді жазғы каникулға жіберуін сұрапты. Ол келісімін беріп, біз екі ай Үржардағы туыстарымыздың үйінде болдық. Сол кезде екінші анамыз Әлия апаймен, оның қыздары Динара, Айнұрмен таныстық. Тоқсаныншы жылдары Саяқта жұмыс болмай, өкіл әкем Үштөбеге барып, күріш егетін кәрістерге жалданды. Анам мені оқытатын жағдайы жоқ екенін біліп, әкем сұраған соң тоғызыншы кластан соң мені Үржарға жіберді. Мен 10-11 сыныпты Үржардағы Абай атындағы орта мектепте оқыдым. Нота білмесем де сол кезде әкемнің туған бауыры Серік ағаның ұлы Әсеттен домбыра шертуді, біраз күйді үйреніп алдым. Жоғарғы сыныпта оқып жүргенде қыздарға хат жазатынбыз. Сол хаттың қалай өлең болып өріліп кететінін білмей қалатынмын (ред: күлді). Ғашықтық деген бір алапат сезім ғой, мүмкін менің шимай-шатпақ өлең жазуыма сол бір қыздың әсері болған шығар. Кім білсін?! Дей тұрғанмен Ұлы Отан соғысына қатысқан Әбен атамның бір бауыры өлең жазған екен. Әкемнің қарындасы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет істеген Бейбіт апай да қиыннан құрастырып, өлең жазыпты. Біздің тұқымда бар қасиет бойыма дарыды ма, махаббат, өмір жайлы көңілге түйгенімді дәптерге түсіре бердім. Бірақ мектепте оқып жүргенде өлеңдерімді баспасөз бетінде жариялап көрмеппін. Мектепті бітірген соң 1999 жылы Семей қаласындағы Шәкәрім Құдайбердиев атындағы Семей мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түстім. Бала кезден тарихты жақсы көретінмін, содан мұғалім болайын деп шештім. Сырттай оқып жүріп бір мекемеде күзетші болып жұмыс жасадым. 2004 жылы оқуымды аяқтап, анам науқастана берген соң әкемнен сұранып, Үштөбе қаласына келдім. Аудандық білім бөлімінің жолдамасымен аудан орталығынан шалғайда орналасқан Балқаш көлінің жағасындағы Көпбірлік ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектебінде бір жыл сабақ бердім. Келер жылы Ортатөбе  ауылындағы И.Панфилов атындағы орта мектепте тарих пәнінен сабақ беріп жүргенде  Желтоқсан оқиғасы жайлы өлең жазып, аудандық «Қаратал» газетіне алып келдім. Сол тұстағы газет редакторы, кейіннен  рухани ұстазыма айналған Мәкен Өсербаева өлеңімді оқып көріп: «Мақала жазып көрдің бе?» деді. «Жазып көрген жоқпын» дедім. «Желтоқсан оқиғасы жайлы мақала жазып алып кел, мына өлеңінді газетке басамыз» десін. Қуанышым қойныма сыймады. Сөйтіп, келесі аптада мақала жазып апардым. Мәкен Сейдахметқызы жазғанымды ұнатты ма, «Қаңтар айында бізге жұмысқа кел» деп шығарып салды. Бұл мен үшін күтпеген тосынсый болды. Дегенмен директорым сабақтан босатпай, редактор аттай қалап мені газетке тілші етіп қабылдады.

АЛАТАУ: – Өткен жылы берген бір сұхбатыңда кітап шығарам деп жинап жүрген аудандық, облыстық газеттерге шыққан 70-80 шақты өлеңіңді  бір күні түгел өртеп жібергеніңді және ол үшін еш өкінбейтініңді айтыпсың. Неге бұлай еттің, мұндай қадамға баруыңа не түрткі болды?

Асхат ӨМІРБАЕВ: – Қандай да бір шығарманы дүниеге әкелу оңай шаруа емес. Қара мақала жазсаң да сан ойланып қағазға түсіресің. Ал, шығармашылықтың жөні бір бөлек. Жақсы яки жаман болсын, өзің жазған шығарма – іргетасың құйған ғимарат секілді: қанша еңбектеніп жасаған соң бір күні себепсіз құлата салу ақылға сыймас еді. Иә, «іштен шыққан шұбар жылан» демекші,  ойланып-толғанып, қаншама сезім кешіп жазған шығарманың күлін көкке ұшыру кімге болсын оңай тимесі анық. Десек те, уақыт өте келе ол шығармалардың талғам үддесінен шықпайтынына көз жеткіздім. Мәселен, аудандық «Қаратал» газетінде жұмыс істеп жүргенімде өлеңдерім  аудандық, облыстық газетте бірнеше рет жарияланды. 2008-2009 жылдары облыста өткен Астана қаласының 10 жылдығы, «Тіл-тағдыр» секілді мүшәйраларға қатыстым. Мұқағали Мақатаевқа арналған жыр бәйгесінде 3 орын алдым. Бірақ өлеңдеріме көңілім толмады. Жалпы, мен өзіме сын көзбен қарайтын жазушымын. Барлық нәрсе салыстыру арқылы анықталады ғой, өзге жақсы ақындардың өлеңдерін оқыған соң өлең жазудан бас тарттым. Әрине, бұл менің мүлдем өлең жазбайды дегенім емес. «Байқауға қатысайын деп жатырмын, таныстыру  шығарып берші» деп тапсырыс беретін таныстарымның көңілін қимай, ұйқастырып бірнәрсе құрастырып беремін. Жазып бермесең, мен өлең жазбаймын   десең, теріс айналып, ренжіп жатады. Сосын амалсыз қолға қалам алуға тура келеді. Бірақ кәсіби тұрғыда, ақын ретінде шығармашылықпен айналысуға құқығым жоқ деп шештім. Бірде  бір танысымның үйінде кеңес өкіметінде жарық көрген, күн көсемді дәріптеген ақынның, идеологиялық сарында жазылған жазушының кітабын от тұтату үшін жыртып, жағып  отырғаны   санаға ой салды. Өзімнің ортақол өлеңдерімді кітап қылып басуға ұялдым. Жастықтың буымен баспаға кетіп қалса, жылдар өткен соң менің де кітабымды біреу отқа жағып отыра ма деп қорықтым. Нашар дүниені кітап қылып басу ақ қағаз бен бояуды ысырап қылудан басқа түк те емес. Қағаз бен қаламнан ұят нәрсе. Сондықтан өлеңдерімді өзге біреу өртегенше, өзім өртеп жібергенім дұрыс деп шештім. Оған еш өкінбеймін. Қазір сол өлеңдерім жазылған дәптерді жақсы шығарма жазуыма себеп болған шимай дәптерім секілді қараймын.

АЛАТАУ: – Кейін сатира жанрына да қалам тербегенің рас па?

Асхат ӨМІРБАЕВ:  –  Негізі шығармашылықты сатиралық өлең жазудан бастағам. Түрік жазушысы Әзиз Несиннің «Өзім кінәлі» деген секілді прозалық кітаптарын көп оқитынмын. Мектепте жүргенде «Академик наук, менің миым – тауық, жүрсің ақша тауып, соған есің ауып» деген секілді шимай-шатпақ тақпақ жазатынмын. Үржарда жүргенде жолдас балалармен «Тамаша» театрының  актерларындай, қазақтар тұратын үйлерге кіріп, күлкілі скетч қоятынбыз. Біздің өнерімізді бағалағандар  азын-аулақ ақша ұсынып, ақ жол тілеп шығарып салатын. Мен көбіне кемпірдің  рөлін  айнытпай сомдаушы едім (ред:езу тартты). Аудандық «Қаратал» газетіне жұмыс істегенде сол тұстағы мәслихат хатшысы Бақыт Смаилов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жекен Теберіков, қаламгер-журналист Қараша Қараман, тіл жанашыры, журналист Жексенбек Сұлтанбеков секілді ауданның танымал азаматтарына «Қаламгерге қағытпа», «Әзілің жарасса…» айдарымен достық, әзіл өлең жазатынмын. Суретін жергілікті суретші Айнолла Абылхановқа салдырып, газет бетінде көңілашар бет жасайтынбыз. Республикалық, облыстық  басылымдарға «Казақша «как нибудь», «Жасасын жағымпаздық», «Өтінем, мені сынаңызшы!», «Өзім кінәлі», «Үш тілді үрпектер» деген сияқты сатиралық шығармалар жаздым. Көңілім қош көрсе, сатиралық шығармаларды да жаза беремін.

АЛАТАУ: – Ең алғаш жазған әңгімең қалай аталады? Асхат Өмірбаев есімін  танытқан қандай шығарма?

Асхат ӨМІРБАЕВ:  – Аудандық «Қаратал» газетінде жұмыс жасап жүрген кезім. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні жақындап қалған болатын. Газетке аналар тақырыбында материал керек болды. Ең алғашқы жазған әңгімем «Бір шоқ гүл» деп аталады. Әңгімеде екі баланың ақшасы болмаса да темір-терсек, бөтелке өткізіп, мереке күні анасына бір шоқ гүл сыйлағанын баяндадым. Жергілікті оқырмандар оймақтай ғана әңгімемді жылы қабылдады. Содан шабыт алған мен Алматы облыстық «Жетісу» газетіне «Мен өмірді сен деуші ем» деген әңгіме жолдадым. Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби  сыйлығының иегері, сол тұста редактордың орынбасары болып қызмет атқарған Әміре Әрін ағамыз алғысөз жазып, шығармашылық жолыма ақ жол тіледі. Келер жылы Халықаралық «Дарабоз» байқауында «Еңлікгүл тауда өседі» деген шығармам ынталандыру сыйлығына ие болса, «Аялдама атты» атты әңгімем республикалық «Үркер» газеті жариялаған байқауда 2 орын, 2011 жылы «Алтын қалам» байқауында «Жылдың үздік прозасы» номинациясын жеңіп алды. Осылайша, жүлде алған сайын шабытым шарықтай түсті. Жалпы, «Мені танытқан мына әңгіме еді» деп тап басып айта алмаймын. Жазушының бағасын беретін патша көңілді оқырман. Мысалы, егер әлдебір оқырманға менің «Аялдама» атты әңгімем ұнаса, сол арқылы жұртқа таныс болдым деп айтуға болар. Оқырмандарға «Асхат Өмірбаевты танисыз ба? Қандай шығармасы ұнайды?» деген секілді сауал қойсаңыз, жауабын айта жатар. Әр қаламгердің бірден қолтаңбасын танытатын «төлқұжаты»,  яғни,  паспорт шығармасы болады. Мысалы, «Мен жастарға сенемін» өлеңін естісек, бірден есімізге Мағжан ақын түседі. «Абай жолы» десек, ойымызға Мұхтар Әуезов келеді. Өз басым паспортым болуға татырлық көркем шығарма жазбадым деп ойлаймын. Ол ол ма, әлі өзіме ұнайтын шығарма жазғаным жоқ. Өзімді танымал жазушылардың санатына қоспаймын.

АЛАТАУ:  –  Әңгімелеріңнің қай-қайсысы да қоғаммен үндес тақырыптар. Осы орайда  жазған шығармаларың жайлы тоқталып өтсең.

Асхат ӨМІРБАЕВ: – Өзіме әңгімеден гөрі новелла жазған көбірек ұнайды. Шетелдік жазушылардың біршама новелласын оқып тастадым. Жаңа айтып өткен Д. Дефо романының кейіпкерлері – Робинзон мен Жұма әлі өзектілігін жойған жоқ дер едім. Иә, Д. Дефо, Г. Фильдинг, Дж. Свифт секілді ағылшын жазушылары адамның мінезін қалыптастыратын қуатты фактор ретінде әлеуметтік ортаны зерттеді. Тарихқа көз салсақ, 17-18 ғасырларда Еуропа мәдениеті мен өнерінде алма-кезек ауысқан көркемөнер бағыты: классицизм, романтизм мен реализм аясында жарық көрген, халық жүрегінен орын алған шығармалар мәңгілік болып қала бермек. Мәселен, Францияның ағартушылық революциялық әдебиетінде Бомаршенің «Севиль шаштаразы» мен «Фигараның үйленуі» секілді комедиялары жоғары сатыда тұрады. Өйткені, мұнда Францияның әдеп-ғұрыптары көрініс тауып, әділетсіз заңдар жоққа шығарылды. Романтизм прозасы көптеген жанрлық  бағыттар  бойынша өріс алды. Айталық, серілік романға жататын А. Дюманың «Граф Монте-Кристо»,  Дж. Г. Байронның «Чайльд Гарольдтың сапар шегуі атты поэмасы Испания мен Грекия халықтарының азаттық қозғалыстары, Италияны босату үшін күреспен қамтылған әлем бейнесін көрсеткен болатын. Ал, Америка әдебиетінде реалистік әдебиеттің бастауы – Марк Твеннің «Том Сойер мен Гильберри Финнің хикаялары» атты романынан бастау алады. Аталған шығармаларда америкалық құлдық мәселесі көтерілген. Шетел әдебиетінен мұндай шығармаларды көптеп кездестіруге болады.

Шығармаларымда қоғаммен үндес болуында реализмнің айқын көрінісін  беретін тақырыптарға қалам тербедім. Атап айтар болсам,  «Шолпаншаш сүмбілі» атты шығармамда қазақ қызының ар-намысы, ұлт намысы  суреттелген. «Жертөледегі дауыс» атты туындыны оқысаңыз, қазақтың бейқамдығы мен жалпақшешейлігі өзіне опық жегізетінін байқар едіңіз. Жатжерліктің құтырған итін өлтірген қазақтың баласын жертөлеге қамап қойып, итке айналдырған келімсек арқылы жиынтық образды бердім. «Қарақұрт» атты әңгімемде шетелден келген қандастарымызды өзгелер бопсалап, қазаққа айдап салуын оқырманға жеткізгім келді. «Қапер» атты шығармамда қабір ішінде оянған әйелдің жарық дүниені көріп, бастан кешкендерін, ал «Карта» атты әңгімемде қазақтың қабірін тонаған қара археологтардың адам тіксінер тірлігін жаздым.

АЛАТАУ: – Жазудағы мақсат-мүддең туралы не айтасың? Жалпы қоғамнан нені  байқап жүрсің және қандай баға берер едің?

Асхат ӨМІРБАЕВ:  – Қаламгердің бірі халық үшін жазамын десе, енді бірі өзім үшін жазамын дегенін оқып, естіп жүрмін. Өз басым көңілімде жүрген, көкейге түйген дүниелерді жазуды  жазушылық  қана емес, азаматтық парызым деп білемін. Ойымда жүрген оқиғаны ақ қағаз бетіне түсіргенше жаным жай таппай кететіні бар. Шығарма   жазылып   біткен соң   үлкен іс тындырып, тау қопарғандай өзіңе өзің риза болып, масайрап жүресің.  Жарық  көрген  шығармаларым жұртқа ұнап жатса, халық игілігіне айналғаны. Көптің көңілінен шықпаса, хакім Абай айтпақшы, «өз сөзім өзімдікі». Қазіргі қазақ қоғамында алаңдатар жайттар өте көп. Қоғамды жайлаған жемқорлық, қымбатшылықтың шырмауынан шыға алмай жатқан халықтың күйбең тірлігі, әлімжеттілік пен әділетсіздік, бәрі-бәрі – халықтың ертеңгі күнге деген сеніміне селкеу түсіреді. Әсіресе, бірге туып-өскен бауырлардың арасының суып кетуі, туған-туыстардың, көршілердің бір-бірімен араласпауы алаңдатады. Жасандылықты жаным жек көреді. Жас қыздардың бәрі инкубатордан шыққандай ұзын  тырнақ өсіріп, кірпік жабыстырып алып жүретіні ұнамайды. Қазақ қызында өзіне тән қылық, ибалылық болуы керек қой. Бүгінгі қыз – ертеңгі ұрпақты тәрбиелейтін ана екенін ұмытпауымыз керек.

АЛАТАУ: Әдебиетте «шын қаламгер әдебиетке өзінің өмірбаянымен қоса, өз тақырыбын ала келеді» деген түсінік-ұстаным бар.  Бұл тұрғыда не дейсің? Жалпы, қаламгер ретінде әдебиетке не алып келдім деп ойлайсың?

Асхат ӨМІРБАЕВ: – Әр қаламгердің өзіндік жазу стилі, азаматтық ұстанымы болады. Жас күнінде жазушы басынан өткен, көрген, естігенін жаза беруі мүмкін. Прозаға алғаш ден қойып жүргенде балаларға арналған «Қозы жасы» деген әңгіме жазғаным бар. Әңгімеде қозы бағып жүріп адасып кеткенім, қатты шөлдеп тұзды көлшік тапқаным, балалық махаббат жайлы жаздым. Десек те, жазып жүрген әңгімелерім бастан өткен, көргендерім деуге келмейді. Оқырман үшін жазушы өзі кейіпкер ретінде көрінуі мүмкін, бұл әрине,   жазушының  шеберлігіне байланысты. Бірінші жақтан жазылған шығармаларда осы ой басым болады. Мен жазушы Асқар Алтай секілді көркем жазбауым мүмкін, бірақ менің шығармаларымда сезім мен тартымдылық қоса өріліп жүреді. Мен әңгіме жазғанда біреуге еліктеп жазбаймын. Өзімнің қалыптасқан стилім бойынша қалам тербеймін. Қаламгер ретінде әдебиетке пәлендей құнды дүние алып келгенім жоқ. Кейде армансыз көсіліп жазғың келеді. Қым-қуыт тіршілік, отбасын асырау секілді қажетті тірліктер алаңсыз отырып жазуға ерік бермей жатады. Бәлкім, біреу менімен келісер-келіспес, бірақ жазушы үшін бап керек. Ақын шабыты шалқыған сәтте төгілтіп өлең жазып тастауы мүмкін, бірақ жазушы ауыр артилериядан оқ атқандай ұзақ дайындықты қажет етеді. Жұмыстан шаршап келгенде жалқаулығым ұстап, жазғым келмей қалады.  Негізінде жақсы дүние жазуға, бір Алла берген дарыным да, қабілетім де жетеді. Жасым қырыққа келді, өзімді нағыз өндіртіп жазатын жастамын деп ойлаймын. Алла сәтін салса, денсаулық пен уақыт болса, болашақта қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің алтын қорына қосылар шығарма жазсам  деп  армандаймын.

АЛАТАУ: – Тарихшы бола тұра еңбек жолыңды журналистік саламен сабақтастыруыңның себебін немен түсіндірер едің?

Асхат ӨМІРБАЕВ: – Мамандығымды журналистикаға ауыстыруымның бірнеше себебі бар. Біріншіден, тарих пәнінің мұғалімі болып жүргенде жүктеме сағат аз болды, ол күнкөріс үшін жеткіліксіз еді. Екіншіден, журналистика саласында жұмыс жасап көргім келді. Мен өзім тәуекелшіл адаммын, бірақ жағдайды саралап барып шешім қабылдайтыным бар. Сөйтіп, аудандық «Қаратал» газетінде он бес жылдай еңбек еттім. Еңбектен қол үзбей жүріп, 2016 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдап, екінші диплом алдым. Шүкір, жаман болғанымыз жоқ, қатардағы тілшіден бас редакторға дейін көтерілдім. Қазір қайта тарих пәнінен сабақ беріп жүрмін. Журналистикада еңбек еткен жылдарым үшін еш өкінбеймін, қайта бұл сала менің жазушылық жолға түсуіме есік ашты.

АЛАТАУ:  – Жазған әңгімелерің жүлделі орыннан көрініп  жүргенін  жақсы білеміз. Өткен жылы «ЗАҢ» Медиа-корпорациясының бастамасымен   ұйымдастырылған К.Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауында бас жүлдені қанжығаңа байладың. Өзің айтқандай, бұл детектив жанрындағы ең алғашқы туындың екен.  «Қылмыскердің күлкісі» атты  шығарманы жазуға түрткі болған не?

Асхат ӨМІРБАЕВ: – «Заң» медиа-корпорациясының бастамасымен ұйымдастырылған байқау  былтыр бесінші рет өтті. Әлем детективі үшін Артур Конан Дойлдың есімі қаншалықты танымал болса, қазақ әдебиеті үшін Кемел Тоқаевтың бәсі соншалықты бөлек дер едім. Десек те, соңғы жылдары детектив жанрының кенжелеп қалғаны айтыла бастады. Осы  олқылықтың орнын толтыру үшін 2018 жылы «Заң» медиа-корпорациясы бәйге жариялап, талай детектив шығармалардың жазылуына мұрындық болды. Былтыр төрт жылда байқау жүлдегері атанған жазушылардың шығармалары жинақталып, «Шытырман» атты жинақтың тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Осы байқауға алдынғы жылы қатысқым келген, бірақ еркін тақырып болмаған соң бас тартқан едім. Былтыр байқау шарты өзгерген соң тәуекелге бел будым. Әрине, кейде бір байқауға шарты келіп жатса, бір әңгімемді жібере салатынмын. Ертеректе қылмыс әлемі жайлы жазылған новелла жазып көргенмін, бірақ шығармам өзіме аса ұнамады. Құқық қорғау органдарының қажырлы еңбегі жайлы жазған алғашқы әңгімем осы болды. Детектив байқауына шығарма жіберерде қандай шығарма жазсам деп көп ойландым. Журналистикада жүргенде мақаланың тақырыбына ерекше мән беретінмін. Сол шығарма жазғанда соның көмегі тиді. Жалпы, өз басым жұрттан ерекше тақырып қойғанды ұнатамын. «Қылмыскердің күлкісі» деп әңгімеме ат қоюдың өзі тегін емес.  Көз алдыма кинода көрген қылмыскерді мысқылдап күлгені келді. Сол сәтте болашақ шығармамның тақырыбы басыма сап ете түсті. Сол бір тақырып арқылы шытырманды қылмыс жайлы оқиға желісін, фабуласын құрастырдым. Бір әңгімені бір ай жаздым. Бесінші рет өткен Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауына 106 шығарма түскен екен, қазылар алқасы солардың ішінен жиырма шақты шығарманы іріктеп шығыпты. «Заң» газетінің редакторы Айнұр Сембаева марапаттау кезінде екі шығарма үзеңгілесе қатар келгенін, «Қылмыскердің күлкісі» атты әңгімемнің тақырыбы озық болып, бас жүлдеге лайық болғанын айтты. Әрине, бұл марапат менің шабытымды шарықтата түсті. Келешекте детектив жанрында да сүбелі шығармалар жазу ойымда бар.

АЛАТАУ: – Шығармашылық жолыңды зерделесек,  2017 жылдан бері   балалар әдебиетіне қалам тербеп жүргеніңді байқауға болады. Бір сөзіңде   ересектерге тек белгілі бір оқиға болмаса жазбайтыныңды айтыпсың. Арманың  Ганс Христиан Андерсон атындағы сыйлықты алу екен. Солай ма?

Асхат ӨМІРБАЕВ: – «Генерал болуды армандамайтын  солдат болмайды» деген секілді,  жазушы үшін әлем мойындаған халықаралық сыйлықты алу үлкен бір арман ғой. Сол арманға жету үшін қаламгер өзіне тыным бермей, ізденіп, жақсы шығармалар жазуға отырады. Байқасаңыз, мен жазушыларға берілетін ең жоғарғы атақ  Нобель сыйлығын емес, Ганс Христиан Андерсон атындағы сыйлықты меже етіп алдым. Қазір әлемдік саясат әдебиетке де әмірі жүріп тұр, бұрын да солай болған. Сондықтан Нобель сыйлығы көбіне саяси көзқарасы батыспен мүдделес қаламгерлерге беріліп жатады. Жалпы, биік шыңға шықпас үшін әуелі биік жотаны бағындырып алуың керек. Бұрын көрнекті балалар жазушысы, журналист Марат Қабанбай ағамыз Ханс атай аты ндағы сыйлықтың арнайы дипломына ие болған екен. Сол ағамыздың жолын жалғап, балалар жазушыларына берілер сыйлықтың өзін алуды мақсат еттім. Алла қаласа, орындалмайтын арман жоқ.

АЛАТАУ: – «Жүлде қаламгерді шабыт-тандырып, жақсы шығарма жазуға ынталандырады» депсің?

Асхат ӨМІРБАЕВ: – Мен өзім байқауға қатысқанды жақсы көремін. Байқауға шығарма жіберу арқылы өзіңнің қандай деңгейде екенінді байқауға болады. Үнемі жаттығып жүретін спортшы секілді, жазушы да үнемі бабында болуы керек. Көбіне әділ өткен байқауларда бағым жанып жатады. Жүлде алғанда шабытына шабыт қосылады, отбасыңды асырауға қосымша қаражатқа ие боласың. Егер байқауға жақсы шығарма жазсам, жүлдеге ілінбей қалса да өкінбеймін. Себебі  байқау менің тағы бір туындыны өмірге әкелуге себепші болады. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, байқауда  орын алғанан гөрі байқауға жанталасып, өзіңді   қамшылап  шығарма жазу аса маңызды.

АЛАТАУ: – Асхат Өмірбаевтың өз шығармасына сын көзімен қарайтын кездері бола ма?

Асхат ӨМІРБАЕВ:  – Иә, Асхат Өмірбаев деген қаламгердің жазып-сызғанына ең әуелі сын көзбен қарайтын ішкі интуициям. Шығарма жазылған соң бірден газет-журналдарға жібере салмаймын. Жазған шығармамды бірнеше күн «суытып» қайта қараймын. Сол кезде олқы тұстар көзге бірден шалынады. Қаламгер жазу үстінде мұндай кемшілікті байқай бермейді. Кейбір шығармаларымды дос қаламгерлерге жіберіп, оқытып алатыным бар. Егер біреу жазған әңгімеме сын айтып жатса, түк ренжімеймін. Сынды жақсы қабылдаймын. Әлбетте, сын болғанда жанашырлық сын болғаны дұрыс. Бұл шығарманы қайта бір қарап шығуға түрткі болады.

АЛАТАУ: – Сеніңше  жазушы шығармасы оқырманның өмірге деген құштарлығын оятуы керек пе? Өзіңнің жазғандарың осы үрдістен шыға алып жатыр  деп есептейсің бе?

Асхат ӨМІРБАЕВ: – Қалам ұстаған ақын, не жазушы болсын, шығармасы ең алдымен оқырманға ой салып, жақсыны үйреніп, жаманнан жиренуге үндейді. Оқырман жазушы шығармасын оқып отырып, өзіне  таныс бір кейіпкерді таниды. Кейіпкердің ісі сүйсінтіп, керісінше жиіркендіруі мүмкін. Меңінше, жазушының миссиясы – қоғамды тәрбиелеу. Әрине, жазушының туындысы адамның өмірді сүюге, жарық дүниені бағалауға, ертеңгі күнге деген сенімін арттырып жатса, құба-құп. Өзіме келер болсақ, құштарлық дегенде кішкентай оқырмандарға арналған ертегілерім еске түседі. Жасөспірімдерге  арналған   «Мамық»,   «Кітапқұмар Сайра»,  «Ауылға келген қыз» секілді әңгімелерім бар. Дегенмен, менде қазақтың басына төнген қауіп-қатерді суреттейтін мұңдылау шығармалар басым екен. Сондықтан жазғандарым бұл бағытта өз жемісін беріп жатыр деп айта алмаймын. Болашақта оқырманның өмірге құштарлығын оятатын, өнер-білімге талпынтатын шығармалар жазу ойымда бар.

АЛАТАУ:«Дәл қазір бізде прозаның жағдайы мәз болмай тұр, қолдан келсе, осы олқылықтың орнын толтыруға атсалысу керек» дегенді оқып едім. Бұл туралы не дейсің?

Асхат ӨМІРБАЕВ: –  Бұл пікірмен мүлдем келіспеймін. Біздің буыннан кейін екі буын төбе көрсетіп, өзіндік үнімен оқырманға жап-жақсы дүниелер ұсынып жүр. Мәселен,  Қуат Қиықбай, Есбол Нұрахмет, Бақытгүл Сармекова, Жәудір Нартай секілді жазушылардың болашағынан үлкен үміт күтемін. Қазақ прозасы тоқырап қалды деу қисынға келмейді. Өйткені, жақсы дүниелер жазылып жатыр. Олардың дені әлемдік деңгейдегі шығармалар болмағанымен, әдеби үрдіс саябырсып қалған жоқ. Соңғы онжылдықта проза жанрына қалам тербейтін қаламгерді ынталандыратын түрлі байқаулар ұйымдастырылып жүр. Бұл да жазушының қолынан қаламы түспей, бәйгеге жаңа шығармасын қосуға бірден-бір себеп дер едім.

АЛАТАУ: –   Асхат қазір қайда, не жазып жүр дегендерге  не айтасың?

Асхат ӨМІРБАЕВ: – Қазір сол қасиетті Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласында тұрып жатқан жайым бар. 2020 жылы Бақыт әкем науқастанып, 9 ай емханада жатты. Асқар тауымыз 2021 жылы 67 жасында дүние салған соң қырқын, жылын өткізіп жүріп талай уақыт өтіп кетіпті. Жазуға отыруға аса құлық болмай, кеудемді бір көңілсіздік басып жүрді. Әкем біраз шығармамды орыс тіліне аударды. Ол шығармаларымды Германиядағы әкемнің досы Эдуард Церникель немісше аударып, Қазақстанда неміс тілінде шығатын «Daz» газетінде жарық көрді. Былтыр балаларға арналған ертегілер мен бір детектив қана жаздым. Жақында балаларға арналған интернат өмірін суреттейтін повесть жаздым.

АЛАТАУ:  – Жаңа   жұмыспен    жазушылықты  ұштастыру   қиындық   туғызып жатқан жоқ па?

Асхат ӨМІРБАЕВ: – Журналистика саласында он бес жыл еңбек еттім. Өңір жаңалықтарын, қоғамдағы өзекті мәселелерді шама-шарқымызша көтердік. Шыны керек, журналистика саласында жүргенде көркем шығарма жазуға уақыт көбірек болатын. Мектепке ауысқалы жазуым саябырсып қалды. Бір сабақ беру үшін жоспар жасап, тыңғылықты дайындаласың. Шәкірт алдында бәрін біліп, сайрап тұруың керек. Сабақ беруге қатысты жаңа әдіс-тәсілдерді   үйреніп жүрмін. Білім саласында еңбек етіп жүргеніме бір жылдан асты. Әрине, күндіз журналистикада қара мақаланы өндіртіп жазсам, кешке көркем шығарма жазуға келгенде күш-қуатым сарқылып қалатын. Жалықтырып жіберетін сәттер де болады. Сондықтан көркем шығарма жазуға отыру үшін танымал жазушылардың  бірнеше шығармасын оқып, өзімді  жазуға шабыттандырамын. Ал, оқушыларға сабақ беріп жүргенде ертең сабағымды қалай  қызықты  өткіземін, тарихты қалай түсіндіремін деп бас қатырамын. Бірақ, казір бұл салаға да төселіп қалдым. Адамда ниет болса, демалыс күндері де өндіріп жазуға болатынына  көзім  жетті.

АЛАТАУ: – Интернет үстемдік еткен қазіргі заманда адамдардың, әсіресе жастардың кітап оқу белсенділігі қай деңгейде деп айтар едің?

Асхат ӨМІРБАЕВ:  – Қазіргі жастар ұялы телефонның бетіне үңіліп, қызықты сурет, бейнероликтерді көргенді, балалар ойын ойнағанды ұнатады. Кеңес өкіметі тұсында ұялы телефон деген болған жоқ, жұрттың көбі кітапты бір-бірінен сұрап жүріп оқыды. Шопан ағаларымыздың кері етігінің қоншында «Жұлдыз» журналы жүретін. Ол кезде кітап, газет-журналдардың таралымы да көп еді. Қазір жастар кітап оқымайды деп айта алмаймын, бірақ көркем әдебиетті оқитындар аз. Ересектердің өзі психология жайлы кітаптарды оқығанды жақсы көреді. Қазір кітаптардың электронды нұсқалары шығып жатыр. Бұл да жастарға кітап оқытудың бір жолы. Өз басым қаламгер шығармасын кітаптан оқығанды жөн көремін. Өйткені, кітапты қолыңа ұстап, иісін сезіп, жата-жастана оқу ләззатына ештеңе жетпейді. Баспадан шыққан  әдебиетке  қарағанда  электронды кітаптың әсері аз. Көзді де тез шаршатады. Сондықтан жастарға кітаптың өзін оқуды ұсынар едім. Қазір елімізде жастарды кітап оқуға тартуда бірқатар шаралар іске асып  жатыр. Мысалы, мектепте «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында балалардың кітап оқуына арнайы уақыт қарастырылған. Меңінше, балаларды кітап оқуға баулу үшін арнайы сайыстарды жиі ұйымдастырып, жүлде берілуі керек. Бұл үрдіс тоқсан сайын, тіпті ай сайын өткізілсе де артық етпейді. Мемлекет тарапынан осыған аса көңіл бөлініп, сайыстың сыйлығын алу үшін білім беру ұйымдарына қаржылай қолдау көрсетілуі тиіс.

АЛАТАУ:Отбасың туралы да айта отырсаң. Естуімізше, үлкен қызың  өзіңнің жолыңды қуып  ертегі жазып жүрген көрінеді?

Асхат ӨМІРБАЕВ: – Құдай қосқан қосағым – Айжан екеуміз  Мейірім,   Мирас, Мұстафа, Мағжан, Мұзафар есімді балаларды тәрбиелеп отырмыз. Қызым алтыншы сыныпта оқиды, ең кішкентай батыр 2 жаста. Қызым әріп танығаннан бері кітап оқығанды жақсы көреді. Бір күні «Әке, мен ертегі жаздым» деп қуана бір парақ алып келді. Жарты бетке жетер-жетпес ертегісін оқып, қуанып қалдым. Қазір оншақты ертегісі бар. Кім біледі, болашақта қызым менен асқан жазушы болар. Қазір үш балам шахмат үйірмесіне қатысып, аудан, облыс көлемінде жүлделі орындарға ие болып жүр. Материалдық  тұрғыда  бай болмасақ та, отбасың аман, денің сау болса – соның өзі үлкен бақыт екен. Балаларымнан үлкен үміт күтемін. Әр ата-ана баласының абыройлы болып, адал еңбекпен биік белеске қол жеткізгенін қалайды. Мен үшін бақыт деген –  жүректің тыныштығы. Жүрегің тыныш болса, уайым-қайғы болмаса, көңілің марқайып жақсы шығарма да жазасың.

АЛАТАУ: –  Әңгімеңе  рақмет.  

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ