Республика бойынша 1395 ауыл ауыз суға зәру

0
570

Тіршілік нәрінің бірі де бірегейі  ауыз су.  Алыс аймақтағы елді-мекендер тұрмақ,  қаланың  іргесіндегі  тұрғыпдар  «ауыз суға жарымадық, ішкеніміз «у»,  жегеніміз желім болды»  деп   БАҚ   өкілдерін шақырып, мұңдарын шағып жатқанын екі күннің бірінде көретін  болдық.  Елімізде  ауыз су  және егіс алқаптарын суғаратын өзен көлдерді қорғау мәселесінің түйіні әлі толық тарқатылмай келеді.

Әлқиса әңгімеміздің басын әуелі ауыз судан бастасақ. Экс президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ҚР Үкіметі бастаған игі істің жалғасы ретінде қала мен ауыл   тұрғындарын сапалы, таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған 2011-2020 жылдар аралығына арналған «Ақбұлақ»  бағдарламасын жүзеге асыру межесі аяқталғанына  биыл үшінші жыл. «100 мектеп 100 аурухана аясында жеделдете іске асырылған «Ақбұлақ» бағдарламасы 2020 жылы толық аяқталуға тиіс еді. Алайда  ұраны қатты болғанымен жыр-әні  әлі  таусылмай, аяғы мұң-зарға  ұласты.

«Күндіз түні бір тынбай,

Дала кезіп шапқылап,

Құдықтарға көнек сап,

Арқанменен тартқылап.

                                      

Күйіп-жанып пісеміз,

Қара терге түсеміз.

Бастау іздеп, таба алмай

Лай суды ішеміз.

Көшемізде тұрмады

Құбырдан су атқылап,

Көзден бұл-бұл ұштың-ау,

Айналайын Ақбұлақ.

          

Ақ моншақтан аспанға

Шашу шашып жатпадың.           

Көлшік сумен көрісіп,

Ақбұлақты таппадым»,  – деп зарлаған халық біресе ауыз суға, біресе егістікті суғаратын суға жарымай  жүргендерін  айтып  шаршады.

2011 жылдан бастап ауыз  сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы мен оған жөндеу жүргізу жұмыстары қайта жанданып, бағдарлама ел игілігіне қайта жұмыс істей бастаған. Несін айтасың «Ақбұлақтың» аясында да жемқорлық пайда болып, талай мердігерлер мен ауыл әкімдері істі боп  кете барды. Бұл туралы кезінде сала-құлаш материалдар баспасөзде жарық көріп, құзырлы орган прокуратура мен қаржы полициясының құрығына ілінген талай шенді қызметімен қош айтысып, абақтыға жолдама алғанды.

Бәріне бірдей топырақ шашқандай болмайық, өңірлердегі жергілікті әкімдіктерге жаңа міндеттер жүктеліп, нәтижесінде  ауыз сумен қамтылған елді мекендер де баршылық. Алайда  құбыр тартылып ауыз су  үйімізге кірді деп қуанған халықтың қуанышы ұзаққа бармай, қайтадан айғай атанға  басқандары бар. Мәселен, Қаратал ауданындағы Көпірлік,  Қарақұм ауылдарына тартылған ауыз судың дауы  әлі басылмай келеді. Күні бүгінге дейін фильтр ауысса таза су ішіп, фильтр ауыспай қалса тұзды суды  ішіп отырған қараталдықтар ауылға таза су жеткіземіз дегендерді қарғап-сілеп отыр. Әу баста жер асты суын ауыл маңынан тапқандар тәтті су таптық деп құбыр тартқан.

Тапқан тәтті сулары сарқылып, кейін ол тұзды суға ұласып кете барған. Жер асты суының бетін ғана ашып, тереңіне зер салмаған мамандар мемлекеттің бөлген ақшасын да далаға шашып қара халықтың арман-мақсатын желге ұшырды.  Сол кезеңнің өзінде-ақ ауылға әрбір үйге тартылған ауыз судың қайнар көзіне су тартушылар фильтр қойыпты. Қалай болғанда да құмды өңірдің жер астынан табылған тәтті суы тұзды суға айналып кетерін зерттеушілер сезбесе керек. Таза ауыз суға жарыдық деген ауыл халқы  алданғандарын біліп,  өре түрегелгенде қайтадан жер асты суларын зерттеп ауыл маңынан емес, енді жырақтан табылды, оны ауылға тарту үшін қаражат керек десті.

Әуелі бөлінген қаржыны тиімді пайдаланбаған сол кездегі әкім-қараларға кім қайта-қайта қаржы бөле берсін. «Аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмапты» демекші мемлекеттің ауыз суға бөлген ақшасы Көпірлік пен Қарақұмдағы  ауыл тұрғындарының мақсат-мүддесіне жұмсалмады. Шенді-шекпенділердің шалағай ісінің кесірінен «Ақбұлақ» бағдарламасы ауылдағы ағайынды жарылқамады. Күні бүгінге дейін тұзды су ішіп отырған  шалғайдағы ауыл тұрғындары бүйректерінің ауыратындығына  шағым айтып, дәрігерлердің босағасында түнеп жүр. Бұл бір ғана Қаратал ауданына қарасты мәселе емес. Ескелді ауданы Қоңыр ауылының тұрғындары да қыс бойы ауыз су төңірегінде улап-шулады. Бұлақтан су тасып ішіп отырғандар  қыстың көзі қырауда  мұз болып қатып қалатын бұлақтың жырын билікке дұғай-дұғай айтумен келеді. Қалың бұқараның басты талабы да осы ауыз су.

Оған қол жетімді болу үшін мемлекеттің арнайы жасақтаған бағдарламасы экс президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында аяғына жетпей қалды. Сапалы ауыз суға  шалғайдағы ауылдар әлі қол жеткізе алмауда.  Үкімет ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бар күшін салғаны рас. Сондықтан да әлеуметтік маңызы жоғары «Ақбұлақ»  жан-жақты, тыңғылықты зерттеліп-зерделенген бағдарлама еді.  Бағдарлама ойдағыдай орындалып жатса, қала мен ауыл халқы толығымен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін күн де алыс емес деп  қаладағы, ауылдағы ағайындар бөріктерін аспанға лақтырып қуанған. «Қырқына шыдадық, енді қырық біріне шыдайық» деп сабыр танытқан. Әлі де үкіметке жәутеңдеп таза да мөлдір тамшы суға зарыққан ауылдардың кеңезесі кеуіп тұр…  Мұны жоғары билікте көріп-біліп отыр.

Құр қарап отырған жоқ, аяқсыз  қалған «Ақбұлақ» бағдарламасын қайта жалғастыруда. Ауыз су мен қамтамасыз етудегі оң жұмыстарға қарамастан, бүгінгі күні республика халқының едәуір бөлігі сапалы және жеткілікті көлемде сумен әлі күнге дейін қамтамасыз етілмегені жайлы Үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Марат Қарабаев айтқан болатын. Оның айтуынша республикада 1000-нан астам ауылдар ауыз сумен қамтамасыз  етілмегенін министрдің өзі айтты. Енді осы мәселені 2025 жылға дейін шешу жоспарлануда.

«Бүгінгі таңда 6 295 ауылдың 4 900-і ауыз сумен қамтамасыз етілген. 1 395 ауылдың ауыз су мәселесін 2025 жыл-дың соңына дейін шешу жоспарла-нуда.  Қалған ауылдардың  69%,  яғни   963-і халқы аз елді мекендерге жатады. Оларға бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен кешенді блок модульдер орнатылады», – деді министр Марат Қарабаев. Хош делік, енді министрлік арқылы 391 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысы қамтамасыз етіледі және 41 ауылда кентішілік желілер Экология және табиғи ресурстар министрлігі арқылы топтық су құбырларын салу жөніндегі  жобаларды іске асыру аясында салынады. Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1-ші қыркүйектегі жолдауында 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауыз су мен 100% қамтамасыз етуді тапсырған. Министрдің айтуынша, бұл тапсырманы «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту» тұжырымдамасы  аясында    орындау   жоспарланған.

«Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 402 жобаны іске асыру үшін 280 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде қалаларда 135 жобаны іске асыруға 167 млрд теңге және ауылдарда 267 жобаны (270 ауыл) 113 млрд теңге бөлінді», – деді министр. Қоғамның басты байлығы адам. Ол Кониституцияда тайға таңба басқандай жазылған. Адамның денсаулығы ішкен жеген тағамына байланысты. Таза су ішпей лай суды сүзіп ішіп отырмыз, міне,  көріңдер деп  көгілдір экранда шулаған елді мекен түгіл, Алматы қаласының іргесіндегі Талғар ауданынан екі күннің бірінде ұлардай шулап жатқан ауыл тұрғындарын көргенде көңілің жабырқайды. Мемлекет қаржы бөлмейді емес, арнайы бағдарлама құрып, миллиардтап қаржы бөлінді кезінде.

Алайда, сол тендерді ұтып алғандар мен жергілікті әкім-қаралар халық мүдесінен өз мүдделерін биік қойды. Таза ауыз судың құбыры тартылған ауылдарда ойдым-ойдым шұңқырлар қазылып құбырлар тартылып көмусіз  ашық-шашық қалғандарын айтып бас көтерген ауылдықтарды көресің екі күннің бірінде. Жамбыл облысының тұрғындары ауылда 30 жылдан бері су жоқ  деп әлеуметтік желіні шулатты. Айғай-аттанға басқан Қордай ауданның тұрғындары ауыз суға да, ағын суға да жарымадық дейді.Себебі ауылға келетін каналдың бір бөлігін жергілікті кәсіпкер бітеп тастаған. «Қызыл партизан» ауылы тұрғындары аудан орталығы деген атымыз ғана, 30 жыл бойы суды жер астынан тартып, не сатып ішеміз. Мал суару да мұң. Құрғақтан қаңсыған алқаптарда қураған ағаш көп деп ашынады.

Ақылбай Мүңкібаев, «Сол су келеді деп біз мәз болып отырсақ, осы жерге келгеннен кейін тоқтап қалдық. Мына кәсіпкер жауып тастаған. Сол жерден тұрып қалды. Сусыз ел 8 шақырымды құрайтын арнаның ауылға баратын тұсын әкімдікке айтып, аша алмай жүр. Ол аздай жуырда кәсіпкер каналдың жарты шақырымға жуық бөлігін тегістеп тастады дейді. Осыдан кейін, 2011-2020 жылға жоспарланған Ақбұлақ бағдарламасы қайда? деген заңды сауал туындайды. 2022 жылдың  орта беліне дейін Шығыс Қазақстан облысының құрамында болған, бұрынғы Семей, қазіргі Абай облысының біраз ауданында ауыз су мәселесі түйінді күйінде қалып қойған.

Ауыз су мәселесі қашан шешіледі деген өзекті тақырып әлеуметтік желінің де, көгілдір экранның да, бетін бермей тұр. Ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы Қазақстанда үш жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бағдарламаны жүзеге асырудағы басты мақсат – ауылдағы ағайындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету. Бұл мәселені шешу Үкіметтің стратегиялық міндеті саналады. Себебі, ол халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. Үкімет таяу жылдары ауыл халқын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешпек. 2025 жылға дейін жоспарланған бағдарламада қанша ауыл, ауыз су азабынан құтылады деген сауал төтесінен қойылған. Ауылдық жерлер үшін сапалы таза ауыз суға қол жеткізу үлкен арманға айналған. Ауыл тұрмақ  қалаға іргелес ауылдарда, яғни қалашықтардың өзі толық қамтылмаған.

Осыдан бірер ай бұрын, Астана қаласында пайдалануға берілген көп қабатты тұрғын үйдің жоғары қабатына ауыз су шықпайтынын айтып, тұрғындар дабыл қаққан болатын. Тиісті мамандардың айтуынша  бүгінгі таңда ауыз су үлкен мәселеге айналып бара жатқанын ашып айтқан еді.. Енді ауылдағы ағайындарды ауыз сумен қамту үшін халқы екі жүз адамнан аз шағын ауылдарды санитарлық сапа нормаларына сай сумен қамтамасыз ету мақсатында суды тазартатын кешенді блок-модульдерді орнатпақ. Бұл халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету  мақсатында, Қазақстан бойынша 1,3 мыңнан астам ауыл ауыз суға қол жеткізді. 2,6 мың ауылдың 1,2 млн тұрғынын барлық қажетті санитарлық нормаларға сай келетін сумен жабдықтау мәселесі де шешілді.

Қаражатты тиімді пайдалану нәтижесінде екі жүзден аз тұрғыны бар 1,1 мың шағын ауылға суды тазартудың жергілікті жүйелері орнатылатын болады.. Қалған ауылдарда «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бойынша 2023 жылы – 224, 2024 жылы – 235 және 2025 жылы – 230 суды тазартудың жергілікті жүйесі қойылмақ. Мақала басында айтылғандай Абай облысының құрамындағы барлық ауылдар «Ақбұлақ» бағдарламасының шарапатына ілінбей қалған.  Ауыз су тарту мәселесіне орай Абай облысының аудандары кенжелеп қалған. Аудандарда ауыз суға қатысты  кемшіліктердің барын әкімдіктерде жасырмаған.

Себебі, әкімдікке «таза су қашан ішеміз» деген  арыз-шағымдар жиі түседі екен. Ауыз су мәселесіне орай, Абай облысында Семей, Курчатов және Аягөз қалаларында кәріз-тазарту станцияларын салу жоспарланған. 2023-2025 жылдарға Бесқарағай ауданына қарасты Канонерка, Бозтал, Кривинка, Башкөл, Малая-Владимировка бес елді мекенінде су құбыры желілерін қайта жаңғыртуға бюджеттік өтінім берілген Оларды жүзеге асыру арқылы кейбір аудандардағы ауыз су тапшылығы шешілуі тиіс дейді. Мәселен, облыстың Бородулиха, Көкпекті, Бесқарағай аудандарындағы, елді мекендерінде ауыл тұрғындары таза ауыз суға қолдары жетпей отыр.

«Қазақстан ТМД елдері арасында сумен қамтамасыз ету бойынша соңғы орында.  Демек, барлығын таза ауыз сумен қамтамасыз ету – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Бүгінде 16,5 млн адам орталықтандырылған сумен қамтылған» дейді, ҚР Ауыл шаруашылығы  министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Анатолий Рябцев.

–  Менің ойымша, жыл өткен сайын жағдай жақсарып келеді. Бұл алдымен 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» салалық бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында мүмкін болды. Оны жүзеге асыру үшін 115 млрд теңге бөлінген. 2002-2004 жылдар аралығында шамамен 33,2 млрд теңге игерілді. Биылғы жылы бағдарлама іс-шараларын қаржыландыруға 17,7 млрд теңге бөлінді. Жалпы, жағдайды жақсы деуге болады. Бүгінде  республика  халқының 75,2%-ы орталықтандырылған су құбыры жүйесін пайдаланады. Алайда, халықтың шамамен 21%-ы әлі күнге дейін орталықтандырылмаған көздерден су ішеді, 2,2%-ы тасымалды суды қолданса, ал 1,6%-ы ашық су қоймаларындағы суды пайдалануда...  Алдағы бес жылға 60 млрд теңгеден астам қаржыландыру мен салалық бағдарламаның екінші кезеңін жүзеге асыру, ең алдымен, азаматтардың осы тобын сумен қамтамасыз ету сапасын жақсартуға бағытталған, – дейді Анатолий Рябцев.

Су ресурстары комитетінің төрағасы Анатолий Рябцов халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламаларына сәйкес  іс-шаралардың бір бөлігі халықаралық қаржы институттарының қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқанын  тілге тиек етті.

«Біз ел тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуді түбегейлі жақсарту үшін шетелдік инвестицияны барынша тартудамыз», – деген   Анатолий Рябцов ауыз су мәселесі өңірлере біртіндеп дамып келеді деседе, шалғай ауылдардың барлық тұрғындары бұл дамудың нәтижесін көріп отырған жоқ. Олар су тапшылығын тартуда. Сондықтан шалғай аудандардың барлық тұрғындарына таза ауыз суға еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет. Осы жұмыстарға орай, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық  даму министрлігі елді мекендер ішінде су құбыры желілерін салуда. Ұлттық жоба аясында сумен жабдықтау қызметтеріне жүз пайыз қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 498 млрд теңге бөлінеді.

Бүгінде Қазақстанда 1 млн-нан астам адам сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. 53 қалада кәріздік тазарту құрылыстарын жаңғырту және салу қажет. Бұл ретте ағынды суларды тазартумен қамту 70,5%-ды құрайды. Осыған байланысты 2025 жылға қарай қалалар мен ауылдардағы халықты ауыз сумен 100% қамтамасыз етуге және қалалардағы ағынды суларды тазартумен   толық қамтуға қол жеткізілетін болады. Сондай-ақ, 2021-2024 жылдарға республикалық бюджеттен 181 млрд теңге бөлінді. Бұл 284 ауылды орталық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деді. Міне, 2002-2004 жылдар арасында «ауыз су», және 2010-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған ауыз су жобасы респулика аймағында әлі толық аяқталмағанын жоғарыдағы көрсеткіштер айғақтайды.

Алыстағы ауылдарда, әлі күнге дейін тасымалдап, не болмаса ашық су қоймаларынан ішіп отырғанын үкіметте жасырмайды. Мұның сыртында тендірді ұтып алып, істі орта жолда тастап кеткен мердігер компаниялардың шалағай тірліктерін қосыңыз. Ауыз суға бөлінген қаржы мен тендірді ұтып алғандарды қатаң бақылауға алмаса 2025 жылыда, ауыз су бағдарламасы толық аяқталмай қалуы бек мүмкін. Елді мекендерде ескі құбырдан су ішіп отырғандар қатарында Жетісу облысыда бар. Өткен жылы Кербұлақ ауданындағы Қарымсақ ауылы тұрғындары суды көше бойындағы тозығы жеткен ескі құбырдан  ішіп отырмыз деп дүрліккен  болатын.

«25-30 литр ыдысты толтыруға 2-3 сағат уақыт кетеді. Күнделікті тұрмысқа қажетті суды да осы жерден аламыз. Кейде ішінен түрлі құрт шығады. Оны қайнатып қана ішеміз»,  – дейді ауыл тұрғыны Қайрат Жаманбаланов.

Ауыл тұрғындары балалар түрлі ішек ауруына шалдығуы мүмкін екенін айтып, алаңдағанын көгілдір экранда айтқанды. Жүзден аса отбасы мекендеген ауыл тұрғындары  сан мәрте  әкімдікке барып шағымдарын айтқан.

«Әкімдік өкілдері мәселені шешудің жолын қарастырып жатқандарын, ауылға, сапалы ауыз су тарту үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленгеін айтқан… «Құжат қарашада дайын болады, іске асыру үшін қаржы бөлінеді деп жоспарланған», – дегенді экс  әкім Самат Исабаев.

2023 жылы сараптама жүргізіліп, бюджеттен қаржы бөлінген соң жұмыс басталатынын, Қарымсақ ауылына ауыз су құбырын жүргізу жұмыстары 3 жылға дейін созылатынын айтқан болатын. Осы уақытқа дейін әкім тағы бос болып күні кеше ғана Қоғалы окургінің әкімі болып Асқар Баядиловтің келгенін білдік. Аудандық мәслихат хатшысы Қайрат Бекеев мырзаның айтуынша Кербұлақ ауданында 60 елді мекеннің әлі 20 пайызы ауыз сумен толық қамтылмаған. Ескі жүйемен су ішіп отыр. Ал Қарымсақ ауылына ауыз сумен қамтуға республикалық бюджеттен 537 миллион теңге сұралғанын бұл қаражат екі жыл көлеміне бөлінгенін, қаржы әлі толық түспегін айтты.

Аудан орталығы Сарыөзекке 214 миллион теңге бөлініп, оны ұтып алған компания қаржының жартысын жұмсап, орта жолдан, жұмысты толық аяқтаудан жалтарып. Себеп бөлінген қаржының жетпейтінін желеу еткен көрінеді. Енді жаңа мердігер қарастылып байқау жариялау үшін 45-күн күтуді тілге тиек етті. Сарыөзектегі су жүйесі биыл толық пайдалануға берілуі болған. Алайда, мынандай тежеулерден кейін жұмыс барысы созбалаңға салынып кетуі мүмкін.

Мақала басында шалғайдағы ауыл тұрмақ қала іргесіндегі елді мекендерді айтқанбыз. Соның бірі, облыс орталығынан 25 шақырымдағы Текелі қаласында да, ауыз су мәселесі толық шешілмеген. «Текеліліктер қашан таза су ішеді? Жаза-жаза қолымыз жауыр болды. Әкімнін уәдесіне күдікпен қараймыз» деген ақпаратты Жетісу өңіріндегі  BAQ.KZ тілшісі жариялаған болатын.   Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев текеліліктермен кездескенде халықтың дені ауыз су мәселесін басты тақырып ретінде көтерген. Өңір басшысы Бейбіт Өксікбайұлы: «Былтыр 2 ауылда орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталды.

Биыл 16 елді мекенде су жүйелерін салу және қайта жаңарту жұмыстарының аяқталуы жоспарланып отыр. Бұл тізімге де мона  қалада кіреді»,  деген болатын.  Бүгінгі таңда Текелі қаласында   таза су тарту бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде.  Былтыр республикалық бюджеттен 416,2 миллион теңге бөлініп, «КазЕвроСтрой» мердігерлік ұйымы қолданыстағы ұңғымалардан инженерлік желілердің құрылысын бастаған.  Енді су құбыры мен құрылысты толық аяқтау үшін республикалық бюджеттен 477,3 миллион теңге беріледі.  Жұмыс жоспары бойынша 3,8 шақырым құбыр төсеу, көлемі 20 мың текше метр резервуарға топырақ әзірлеу жүргізілуде. Ауыз суды ашық су көзінен алып отырған ағайын көктемгі жаңбыр мен еріген қар суының салдарынан Қора өзенінің суы қатты лайланатынын  облыс әкіміне айтқан-ды.

Қала бойынша су құбыры желісінің ұзындығы – 156 шақырым. Оның көп бөлігінің тозығы жеткендіктен, жиі жарылады.

2025 жылы ауыз су мәселесі республика бойынша толық шешеледі деген қазақ мемлекеті, елді мекендер мен моно қалаларды бір орталықтан ағытылған таза сумен қамту үшін бұл салаға инвестиция тартуды  көздеп отырғанын  айтуда. Жан тазалығы үшін таза ауыз су  мәселесі толықтай шешілгенше, шалғайдағы елді мекен тұрғындарына тасымалданған және ағын сулар мен ескі құбырдың суын іше тұруға тұра келеді.

Айтақын  МҰХАМАДИ

Суреттер  ғаламтордан  алынды


ПІКІР ЖАЗУ