БАҚЫТ БАЛАЛЫ ҮЙГЕ ҚОНАДЫ

Ұлы Отан соғысынан кейінгі санақта қазақстандағы қазақ ұлтының саны небары 3 миллионға жетер жетпес қана болса, 80-ші жылдардың соңына ала Қазақстандағы халықтың саны күрт көтеріліп, екі есеге артып, 6 миллионнан асты. Сол жылдары 5 баладан аз балалары бар отбасылары бірен-саран ғана болатын. Әйтпесе 7-10 балалы, 12-14 баласы бар отбасылар аз болған жоқ. Үкіметтің де балаларға көмегі жақсарды. Мектеп жасына жеткенше әр балаға ақшалай көмек берілді. Туғанда бір рет берілетін қомақты көмегі және бар еді. Көп балалы отбасы балаларының мектеп жасындағыларына мектептен де жылына бір рет киім-кешек беріліп тұрды.
Бүгінгі біздің әңгімеміздің арқауы және қазіргі жастарға үлгі боларлық сол кездегі көпбалалы аналардың бірі, 9 баланың анасы сексен жастың сеңгіріндегі асыл ана Нұртілеуова Рысхан Шайхидденқызы апамыз жайында болмақ. 8-наурыз халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында 85 жастағы апамызды бір сергітіп, көңіліне қанат бітіріп серпілтіп қойсақ деген ниетпен Көксу ауданы Талапты ауылына барып қайтқан едік.
Рысхан апа 1941 жылы қаңтар айының 8 жұлдызында дүниеге келген. Ол кездегі орта білімнен төмен саналатын 7 сыныпты оқып бітірген. 1959 жылы Нұртілеуов Мұхамермен отбасын құрып, 40 жылдан астам уақыт бірге ғұмыр кешті. 1962 жылдардан бастап қазіргі Жетісу, бұрынғы Алматы облысы Киров (Көксу) ауданының Ленин атындағы совхозының мал шаруашылығында қой бағып еңбек етті. Малдың соңында жазда жайлауда, қыста қыстауда көшіп-қонып жүріп 9 бала (7 ұл, 2 қыз) өсіріп ер жеткізіп, оқытып әрқайсысына жоғары білім алуға мүмкіндік жасап, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып Рысхан апай мен Мұхамер ақсақал екеуі 41 жыл жақсы өмір кешті.
Бүгінгі күні апамыздың 9 баласынан 23 немере, 12 шөбере өсіп-өнуде. Отағасының өмірден озғанына да 23 жыл уақыт өтіпті. Ол кісінің көзінің тірісінде — ақ балалары отбасылы болып немере, шөбере сүйіп үлгерді.
ПЕДАГОГТАР МЕН АҒАШ ШЕБЕРІ
Рысхан апаның 4 ұл, 2 қызы, 2 келіні педагогика саласында қызмет атқаруда. Қалғандары медицина, сауда, ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүріп жатыр. Рысхан апа әдеттегідей қазақ аналарына тән үй шаруасымен айналыса жүріп ұлды да, қызды да толып жатқан үй тіршілігіндегі істерді атқаруға баулыды. Ал Мұхамер ақсақал мал бағып қана жүрмей, өзінің бойына біткен өнері ағаштан түйме түйетін, әрі өрімшілігі де жақсы дамыған шебер еді. Ағаштан жасалатын ыдыс-аяқ, келі-келсап, асатаяқ, күрек, ағаш қасық, астау сияқты бұйымдармен қатар атқа салып мінетін ер шабудың асқан шебері болды. Ол кісінің жасаған ері ешқашан ат арқасын жауыр еткен емес. Сол себепті сұраныс көп болатын.
Жүген, ноқта, құйысқан, тартпа, өмілдірік, қамшы сияқты ат әбзелдерін өзі өріп, өзі пайдаланып жүретін. Содан болар ол кісіні ел ерші, өрімші деп те атап жүрді. “Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” — деген сөз осындайдан болса керек.
Рысхан апаның балалары әкесінен көрген қолөнерді меңгеріп, ағаш бұйымдарын келістіріп жасай біледі. Өмірден озғанына бір жылдан асқан үлкен ұлы Сапар — Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің технология факультетінің оқытушысы болып көптеген шәкірттер тәрбиеледі.
Қали атты ұлы кезінде домбыра жасап танымал болды.Қазір басқа кәсіппен айналысуда. Егер сұраныс туындаса домбыра аспабын өте шебер әрі үнді етіп жасайды.
Қалибек, Қазбек, Нұрбек атты ұлдары Көксу ауданындағы Талапты, Кенарал ауылдарындағы орта мектептерде, ал қыздары Гүлбақ Талдықорған қаласындағы Абай атындағы орта мектепте директордың орынбасары, Гүлжан Талдықорған қаласындағы арнаулы мектепте дефектолог мамандығы бойынша ұстаздық қызмет атқарады.
Ал Жапар мен Айдар ауылда жеке шаруа қожалығында. Рысхан апамен бірге тұрып жатқан ұлы Қазбек пен келіні Айгүл екеуі де Талапты орта мектебінде мұғалімдік қызмет атқара жүріп 85 жастағы анасын ренжітпей бағып қажетінше барлық жағдайын жасап отыр. Осындай келін, баланы кейінгі жастарға үлгі тұтуға әбден болады.
«Бақытты жоғарыдан іздесең әкенің қабағында, төменнен іздесең анаңның табанында, алдыңнан іздесең жарыңның жанарында, артыңнан іздесең ұл-қыздарыңның қадамында, айналаңнан іздесең ағайын-туыстың аманында» — деп айтқандай Нұртілеуовтар әулеті бақытты отбасылар қатарында.
Әрине, Рысхан ападай көпбалалы ана, Қазбек пен Айгүлдей жақсы келін Талапты ауылында біреу ғана емес. Күйеуі мен ененің ризашылығын алған келіннің қашанда бағы жанады. Сөз соңында айтарымыз қолдағы келін қартайған енесін асырап бақсын, анасының жасы — ғасырдан ассын! — демекпіз.
Сембек ӘБДІ-РАХМАН,
Көксу ауданының құрметті азаматы
