
ЖАС КЕЛСЕ ІСКЕ
Кеңестер одағы кезінен бері қалыптасқан жағдай ол мемлекеттік қызметтегі басшылық орындарға тағайындау көп жағдайда 40 жастан кейін болып жататын. Бір жағынан ол да дұрыс шығар. себебі ол жаста қызметкер жан-жақты тәжірибе жинап, мінезі да сабырлы, салмақты күйге көшеді. Дей тұрғанмен кейбір ерекшелігі бар адамдар жас кезінде алғыр болады. Талмай, шаршамай ізденісте болады. Жақсы нәтижеге қол жеткізу барысындағы ұмтылысы жоғары дәрежеде көрініс береді.
Бұл жолғы айтпағымыз ел басқаруға келген Өтенай ауылдық округінің әкімі Малтаев Руслан Рысбекұлы туралы болмақ. Байқауымызша, Жетісу облысы бойынша ауылдық округ әкімдерінің ішіндегі ең жас әкім бола тұра, атқарған істері ауқымды. Көңіл толарлық шаруаларды атқарып жүр.
Руслан Рысбекұлы алғашында аталған округ бойынша қатардағы маман ретінде жұмыс атқарды, одан кейін бас мамандық қызметтерді көңіл толарлық деңгейде орындай білді.
Бұл туралы жалпы халық аузынан естіп, сондай-ақ бұқаралық ақпарат беттерінен де оқып білуге болады.
Біздің айтайық деп отырғанымыз — өмір бір орында тұрмайды, күннен күнге адам тұрмысы үшін қажеттіліктер туындап тұрады. Ондай халыққа қажетті жұмыстарды орындау үшін сол төңіректегі әкімнің жанкешті еңбегі керек.
Мысалы, соның бірі — күре жолдың бойындағы АКЛ тұсындағы халыққа өте қажет болып тұрған ауылдарға апаратын жолдардың кедергісіз таралуы үшін қажетті қаржы бөлінді — деген жақсы хабарды естідік. Яғни, бұл да ауыл әкімінің араласуымен, айтуымен қол жеткен жетістіктерінің бірі — деп есептеуге болады. Әрине, бұл іс те ауқымды шаруа, үлкен құрылыс тез арада біте қоймас. Дегенмен, ең бастысы қаржы бөлінді – жұмыстар көп ұзамай бас-талуы тиіс деген үміттеміз. Өйткені бұл жолдар Мойнақ, Еңбек, Ынтымақ, Өтенай сияқты ауылдарға апаратын күре жолдан тарайтын тармақтар болып есептеледі.
Осы мақаланың авторы ретінде сәті түскенде АКЛ төңірегіндегі аталған ауылдарды аралап, тыныс-тіршілігімен танысқанды жөн санап, аралап шыққан едім. Ынтымақ ауылы туралы газетіміздің 23.01.2026 жылғы №3 санында жазылды. Енді Мойнақ пен Еңбек ауылына ат басын тіреп, көрген жайларға тоқталсам.
МОЙНАҚ АУЫЛЫ
Өтенай ауылдық округіне қарасты елді мекендердің бірі Қаратал өзенінің бойындағы Мойнақ ауылы (Заречный). Осы ауылдың іргесі қаланғанда 1975 жылы құс фабрикасы салынып, сол фабриканың жұмысшылары тұратын ауыл деп жоспарланған болуы керек. Фабриканың алғашқы директоры Сорокин Юрий Николаевич болды. Осы құс фабрикасы салынуына қатысты сол жылдардан бастап 300 балаға арналған мектеп ғимараты, тұрғын үйлер салынды. Жылдар өте тұрғындар саны көбейген сайын әркім өзі жеке үй тұрғызып алатын жағдайға жетті. Ауылға ауыз су кіргізілген, әр үй газ пешпен жылынуда, көшелерінің бәріне асфальт төселініпті. «Билайн» байланыс жүйесі орнатылған.
Ауыл тұрғындарының түгелдей дерлігі құс фабрикасында жұмыс жасайды. Ауылда бірнеше азық — түлік дүкені жұмыс істеп тұр. Медициналық-акушерлік пункті, мәдениет үйі, мешіт бар. Ауыл мен қала арасына қатынайтын №226 автобус жүріп тұр.
Бүгінгі күні Мойнақ ауылында 1093 адам тұрып жатыр. Шағын аралас тілді (қазақ, орыс) орта мектепте 154 бала оқиды. Оның сыртында мектепке дейінгі дайындық сыныбында 15 бала, шағын орталықта 20 бала тәрбиеленуде. Мектептің әр сыныбындағы бала саны — 10-12 баладан аспайды. Сол себепті болса керек әр пән мұғалімдерінің балалармен сұрақ-жауап әдісіне мол мүмкіндік бар екені нәтижеден көрінеді. Жыл сайын бітіруші түлектердің 90 пайызы мемлекеттік білім грантымен жоғарғы оқу орындарына қабылданатыны қуанарлық жағдай. Мұғалімдердің сапалық құрамы жоғары екендігін осы нәтижеден көруге болады.
ЕЛ ПІКІРІНЕ ҚҰЛАҚ АССАҚ…
Көшеде кездескен бірнеше тұрғындардан сұрағанымызда 300-ден астам ауыл тұрғындары құс фабрикасында жұмыс жасайтындығын айтты. Кездес-кен азаматтардың бәрі Өтенай ауылдық округінің әкімі Малтаев Руслан Рысбекұлына оң пікірлер білдірді.
Дегенмен, байқағанымыз Мойнақ ауылындағы тұрғындар тұрып жатқан екі қабатты екі үйдің шатыры әбден тозығы жетіп тұр екен. Жақсы бір боран соқса шатырлары желмен ұшып түсуі мүмкін, әрі қауіпті.
Екінші бір мәселе, қаншалықты шындық бары беймәлім, ауыл тұрғындарының айтуына қарағанда, құс фабрикасында жұмысшылар жұмыртқаларды жуғанда т.б. жылы су қажет ететін жұмыстар жасағанда — жылы судың болмауы. Бұл мәселенің анық — қанығына жетіп, жұмысшыларға жағдай жасауға ықпал етуді округ әкімі «Құс фабрикасы» басшылығымен ақылдаса отырып шешетін болар деген ойдамыз.
Тағы бір шешімі табылмай тұрған мәселе – ауыл төңірегінде мал жайылымының тапшылығы. Ауылдық жер болған соң мал ұстамай болмайтыны рас. Бірақ бәрі жекешеленіп кеткен төңіректе бұл мәселе шешімін таппай отыр.
Мәдениет үйінің директоры Изатова Гүлмира Сүйеубайқызының айтуынша, ауылдағы мешітті «Әлихан» жауап-кершілігі шектеулі серіктестіктің бастығы Зейноллаұлы Ерғали деген азаматтың арқасында салынғанын айтып, ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, мешіттің құжаттары толық жасалынғанын, оған тікелей облыстың бас имамы Дәуітов Керімбектің көмегінің тигендігін айтып өтті.
Ауылдың бұрынғы «Заречный» атауына бұл ауылда тұрғындар ішінде орыс ағайынның саны басым болғандықтан солай аталғанын білдік.
2006 жылдан бастап ауылдың аты жергілікті тұрғындар талабымен «Мойнақ» деп аталыпты. Оның тарихын зерттеген осы ауылдың тұрғыны болған Шорабек деген азамат қазір Еңбек ауылында тұрады екен. Ауылдың неге «Мойнақ» аталу тарихын білу мақсатындағы Шорабекті іздеп Еңбек ауылына да бардық, бірақ оны кездестіре алмадық. Бірақ ауылдың тіршілігімен танысып қайттық.
ЕҢБЕК СҮЙГІШ «ЕҢБЕК» АУЫЛЫНДА
Өтенай ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылында болып, барлық жағдайды көзбен көрдік. Жаңа мектеп, медпункт, мәдениет үйі, мешіт, пошта-байланыс бөлімшесі бар, көшелердің бәріне асфальт төселген ауылды аралау көңілсіз болған жоқ.
Жалпы, Еңбек ауылында 2564 адам тұрып жатыр. Жұмыс жасауға қабілетті адамдардың, шамамен 50-60 пайызы, қалада жұмыс жасайды екен. Қала мен Еңбек ауылының арасына №228 автобустың алтауы қатынайды және жүру арасы 12 минут. Бұл дегеніңіз ауыл үшін керемет мүмкіндік!
Жаңа заманауи тұрғыда салынған 360 балаға арналған мектепте бүгінгі күні 494 оқушы білім алуда. Мектеп таза қазақ тілінде оқытады, мектепалды даярлық сыныбында 60 бала, балабақша санатындағы мектепке дейінгі балалар тәрбиелейтін шағын орталықта — 80 бала тәрбиеленуде. Мектепте 55 мұғалім қызмет жасайды, оның 40 пайызы қаладан қатынап жұмыс жасайды екен.
Мәдениет үйінде 26 мың кітап қоры бар кітапхана орналасыпты. Мәдениет үйінің директоры Әлибекова Гүлбақыт Мырқалбайқызының айтуынша, мұнда бірнеше үйірмелер жұмыс жасайды екен . Біз би үйірмесінің би үйрену сәті жүріп жатқанына куә болдық. Бұдан басқа да «Ақдариға» әжелер ансамблі, «Шабыт» домбыра үйірмесі, «Шебер қолдар» үйірмелерінің бұйымдарымен таныс болдық.
Еңбек ауылының ішін аралап көріп, бірнеше ауыл тұрғындарымен ауылдың әлеуметтік жағдайы туралы әңгімелескендегі түйгеніміз — тұрғындардың округ әкімшілігіне деген жақсы пікірлерін естідік. Тек бір ғана проблема — Еңбек ауылына мектептегі орталық емес, жеке балабақша қажет екендігі айтылды.
Өтенай ауылдық округіне қарасты ауылдарды аралап шығып, округ әкімі Малтаев Руслан Рысбекұлының басқарып отырған ауылдардағы жағдаймен танысып шықтық. Жалпы, пікір жаман емес. Тұрғындар айтқан жекелеген пікірлер орындалар деген сенімдеміз.
Ер азаматтардан гөрі шынайылықты баса айтатын, әрі байқағыштығы бар әйелдер әкім туралы: — Округ әкімі Малтаев кейбір басшылар сияқты уәдені беріп алып оны ұзаққа дейін орындамайтын уәдешіл емес. Көп сөйлемейді, бірақ айтқанын орындайды. Сөздің емес, істің адамы.Өзінің ішкі рухани дүниесінде ар-ұятты, намысты жоғары қоятын сенімді тұлға, — деп баға берді.
Жол жүріп келе жатып байқағанымыз, жол бойындағы жаңа құрылыс — «Жастар-3» елді мекенінің әдемілігімен еріксіз көз тартатыны. Бұл ауылға құрылысы толық біткен кезде бір соғармыз деп, қойын кітапшамызға түртіп қойдық.
Сембек ӘБДІ-РАХМАН,
«Алатау» газетінің тілшісі
