Тарихы терең Түркия

0
331
Әлемді аралап, ел мен жер көру — бүгінгі көзі ашық кез келген азаматтың мақсаты. Әсіресе тарихы мен мәдениеті бір-бірімен астасып жатқан түркі мемлекеттері өкілдерінің басын қосатын жиындар, көрмелер мен конференциялар, түрлі жобалар ұйымдастырылатыны қуантады. Оның бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынастың артуына да, мәдениетіміздің дамуына да әсері мол. Сондай жобалардың бірі – біз Түркітілдес журналистер қорының атынан аттанған Стамбұл-Кайсери-Йозгат-Кыршеһир-Невшаһир бағытындағы сапар.Түркияға алғаш рет келіп тұрғанмен, бұрыннан осы жерде жүрген адамдай өзімді еркін сезіндім, еш жатырқамадым. Оған себеп — осы жобаны ұйымдастырушылардың қонақжайлығы мен құрақ ұшып бір тынбай қызмет етуі. Біз маусымның 11-інен 12-сіне қараған түні Ыстамбұлға, одан әрі Кайсериге ұштық. Гидіміз Мұстафа Ялчынкая мен ел туризміне жауапты министрлік өкілдері таңертең Кайсериден күтіп алғаннан түнжарымға дейін қасымызда болды. Бізбен бірге Өзбекстан, Түркіменстан, Грузия, Сербия, Болгария мемлекеттерің БАҚ өкілдері де Кайсеридегі тарихи орындарды аралап, өздеріне ортақ мәдени мұраларды көріп, рухани азық алды.

Әуелі осындағы 6000 жылдық тарихты, өркениетті сақтап тұрған археологиялиялық музейге бардық. Онда Ассирия сауда колонияларының дәуіріне жататын дөңгелек құмыралар, металл бұйымдары, қолдан қашап жасалған түрлі мүсіндер т.б. көне жәдігерлер сол күйі сақталыпты. Қазақстаннан табылған балбал тастарға ұқсас жасалған мүсіндер бірден көзімізге оттай басылды. Міне, осындай ескі мұралар тарихымыздың қаншалықты тереңде жатқанын және қазақ пен түріктің бір-біріне қаншалықты жақын екенін сөзсіз дәлелдеп тұр. Кезінде Гевхер Несибе ауруханасы болған ескі ғимаратқа да бас сұқтық. Онда да біздегі археологиялық жұмыстардан табылған түрлі ыдыстарға ұқсас тәрелкеден бастап, әр түрлі пішіндегі қазандар, шәйнектер мен кеселер көздің жауын алып тұр. Бір қызығы, қанша ғасыр өтсе де бояуы кетпеген ыдыстардың көптігі таңғалдырды.

Үшінші аялдамамыз әулие Сурб Лусаворичтің атымен аталатын армян шіркеуі болды. Интерьері геометриялық және гүлді өрнектермен көмкерілген шіркеу де көне дәуірден сыр шертеді.

Сонымен қатар, түріктің бай асханасынан дәм татып, көл-көсір жайылған дастарқанның берекесін сезініп бірінші күнімізді аяқтадық.
Бұл пресс-турдың алғашқы күні ғана. Алда әлі қызыққа, ғибратқа толы төрт күр бар. Әр елден келген журналистер Кайсериден бөлек, Түркияның Иозгат, Киршеһир, Невшеһир қалаларындағы тарихи, мәдени және көрікті жерлерді аралайды.

Нұрболат ЖАҢАБЕРГЕН,

Айбын ҚҰСАНБЕК


ПІКІР ЖАЗУ