Құл сату, құл ұстау кәсіпке айналды

0
357

Бүгінгі қоғамға қарап жаның түршігеді. Небір адам аузы  айтуға  бармайтын  сұмдықтарды көзбен де көресің, әлеуметтік желіден де оқисың. Адамдардың пейілі   бұзылған.  Біреулер оны заманнан көреді. Заман қай дәуірден  басталса  да қаз қалпында.  Сол заманда өмір сүрген  адамдардың  қадір-қасиеті,  бірін-бірі бағалауы, табалауы, сыйлауы, сынауы, үлкеннің кішіге, кішінің   үлкенге   құрметі   заманның  илеуінде.

ХХ ғасырдың соңында дүние төңкерілді. Мәңгілік деген КСРО құлады. Тәуелсіздік алдық. Нарық заманына  көштік. Жекешелендіру дәуірі басталды. Азулылардың айы оңынан туды. Қоғам әлділер мен  әлсіздер болып екі топқа бөлінді. 1990-1998 жылдары жеке кәсіппен айналысқандарды «рекеттер» (бандылар, қарақшылар) уысында ұстады. Бай-дәулеттілерден алым-салық алып тұрды,  оларды қорғауына алды. Тіпті жәй ала дорба арқалап,  Қытайдан тауар тасыған саудагерлерді тонады.  Ізім-ғайым жоғалып кеткені қаншама.  Адам саудалау, құлдықта ұстау үрдіске айналды. Бұл ғасырлар тоғысындағы дүрбелең ХХI ғасырда да тыйылған жоқ. Қорқыту, үркіту. тонау, атыс-шабыс керісінше «жаңбырдан кейін қаулаған саңырауқұлақтай» қаулады. Жаһандану дәуіріндегі жабайылық қазаққа да сіңді. Бала тәрбиесі тасада қалды. Төбелестің қыр-сырын меңгергендер бірін-бірі басып- жаншып, топ-топ болып, ұрыс салып, жалғызды жабылып ұру, қасақана адам өлтіру шыбын өлтіргенмен бірдей болды.  Мектепте үлкен сыныптың оқушылары кіші сыныптан ақша бопсалау, әскердегі әлімжеттік, қыз балалардың бір-бірін шашынан сүйреп  төбелесуі  қамысқа иген өрттей қаулады. Үлкенге деген құрмет сұйылды. Ата-анасын қарттар үйіне, одан қалса көшеге шығарып тастау, қазақтың қай салтында бар еді. «Ойнақтап жүріп от басқандар тапқан перзенттерін қоқысқа, одан қалса әжетханаға лақтыру, обал-сауап деген қағиданы қаперге алмайтын болды . Қыздан қылық, ұлдан ұлағаттылық қашты. Жезөкшелік, еркек пен еркектің жанасуы, бала-шағасын тастап, дала кезіп жүрген әйелдер туралы көгілдір экран күнде көрсетеді. Отбасылық  жауапкершілік деген әдірәм  қалды. Ұлттық құндылық, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ырым мен тыйым ұмытылды. Еуропаға еліктеп, естен тандық. Бұл бер жағы,  арғы жағына үңілсек, ұрпағың үшін алаңдайсың. Қарекет жасағың келеді, заң қатайса дейсің. Қатайып та жатыр. Үркіп жатқан пенде жоқ. Дәулеттілер қазір жалдамалы жұмысшы ұстайды. Еңбек ақысын төлейтіндері бар. Төлемей, құл ретінде пайдаланып,  ұрып-соғып, қорқытып-үркітіп, тұсаулап ұстайтындары тағы бар. Олардың  тұтылғаны және тұтылмай заңнан жалтарып жүргендерін ешкім де жоққа шығара алмайды. Обал-сауап дегенді мойындағылары келмейді. Табанға жаншып, жалданушыны жәбірлеуден ләззат алады. Ары бармай-ақ қоялық, соңғы алты-жеті жылды алсақ та құлдыққа түскен талай азамат пен азаматшаның өмірін кіл тозаққа айналдырған жүректері, бүйректері тасқа айналған қатыгездерді көресің. Интернет желісін ақтарып қалсаң жәбір көргендер жайлы небір ақпаратты  көзің шалады. 2015  жылы  Алматы облыстық  ІІД-нің  мәлімдеуінше құлдықта болған азамат Балпық би ауылының тұрғыны  анықталған болатын.  40 жастағы азамат шаруа қожалығынан қашып кеткен. Оны сол жерде бәз біреулер бір жыл бойы күштеп,  құлдықта  ұстағанын полицияға хабарлаған болатын. Іс облыстық департаменттің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына беріліп, нәтижесінде шаруа қожалығы мен оның қожайыны  анықталған. Ол 27 жасар Талдықорғанның  тұрғыны болып шыққан. Күдікті фермер ауыл тұрғынын күштеп ұстағанын жоққа шығарып, оған еңбекақы төлегенін айтты. Оның айтуынша, зардап шегуші мал бағып, шаруа қожалығындағы өзге де жұмыстарды істеген екен. Істің ақ-қарасы қалай аяқталғаны бізге белгісіз болып тұр. Еңбекақысы дұрыс төленсе жалданушы бекерден-бекер фермерден  қашпайды ғой. 2018 жылы анасы мен қызын тоғыз жыл құлдықта ұстады деген ақпаратты да  ҚазАқпарат тілшісі  таратты. Бұл жағдай да Алматы облысында болған. Таратылған ақпаратта белгісіз біреулер ұрлап әкетіп, фермада құлдықта ұстаған. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне жәбірленушінің жеңгесі Жанар Кенжебекқызы айтып берген. Жеңгесінің айтуынша келіні осыдан 9 жыл бұрын жұмыс іздеп шыққан. Содан жұмысқа тұрғызамын деген белгісіз біреулерге алданып, көлігіне отырып кете барған. «Жұмыс береміз дегенге сеніп қалған, қолында бір құжаты жоқ. Әйел  әлсіз болғаннан кейін оның үстіне күш көрсеткен болуы керек қашып шыға алмаған. Денсаулығы сыр бере бастаған соң жұмысқа жарамайтынын білген әлгілер Гүлдала деген жерге әкеліп тастаған. Сол жерден туыстарына  хабар беріп, бізді шақыртты. Наргиз менің қайын сіңілім болып келеді. Қызы Ділназды бізге тапсырып, қолындағы үш баласымен келінім шешесімен бірге тұруға кетті»,–деді Жанар Кенжебекқызы. Қара жұмысқа жегілген ана азаптан құтылған кезде 11 жастағы қызын асыраудан бас тартқан. Бүгінде Ділназ ағасы мен жеңгесінің үйінде тұрады. «Анасы бас тартқаны рас. Бұл туралы қолхат жазып қалдырды. Қыз біздің қолымызда, қазір 3 сыныпты бітірді..»  деді Жанар Кенжебекқызы.  Ағасы Абдусамат Заитовтың айтуынша, құлдықта болған қарындасын жан-жақтан,  шекара асып та іздеген. Келіншегін іздеген күйеу баласының да әрекетінен нәтиже болмаған.11 жастағы Ділназдың әкесі Қазақстанда тұрады. Баласын асырауға құлқы болмапты. «Құлдықтан» босап шыққан Наргиз  аудандық ішкі істер бөліміне арыз жазған. Аталған деректерге байланысты құқық қорғау орындарынан түсініктеме алуға тырысқан ҚазАқпарат тілшілеріне: «Бұл істі сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне енгіздік. Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүруде. Күдіктілер анықталды. Жәбірленуші құлдықта болғаны немесе өз еркімен жұмыс істеуге барғаны анықталып жатыр», – деді Алматы облысы ІІД баспасөз хатшысы Көбейхан Нұрахмет.

Тоғыз жыл, егер жұмыс беруші жәбірленушіні ақ адал еңбегін бағалап, анасын да  қамқорлықтарына алғанда  мұндай айқай шу шықпас еді ғой.  Бойынан күш қуаты кетіп, жұмысқа жарамсыз болғанда Гүлдалаға әкеп тастағанын немен түсіндіруге болады? Неге ауруханаға апармаған? Неге жәрдем көрсетпеген?  Неге үй ішімен аға-жеңгелерімен байланыстырып тұрмаған? Айдалаға апарып, өзің жұмыс сұрап келгенсің деп жәбірлеуге фермерге кім құқық берді? Күйеуі,  бауыры  бәрі сабылып іздеу салады. Ал  жұмыс берем деген фермер үн-түнсіз тоғыз жыл жұмысқа жегеді. Денсаулығы нашарлағанда  керек қылмай,  итере салады. Сұмдық қой. Төбеде Құдай көріп тұр-ау деп ойланбағанда. 2021 жылы тағы да Алматы облысында екі ағайынды жігітті құлдықта ұстаған деген ақпарат желіні жарды. «Құлдықтамыз»  деген ағайынды екі азамат құтқаруды өтініп, видео үндеу таратқанын «Адырна»  ұлттық порталы, «31 арна»  көрсеткен болатын.  Шағымданушылардың сөзінше бұл қазіргі Жетісу облысы, Кербұлақ ауданында  болған. Оларға Ғабит Бөрібаев есімді азамат екі ай бойы күштеп мал бақтырғанын,  кәсіпкер малшыларға не ақы төлемей, не жейтін астарын бермегенін көгілдір экран көрсеткен болатын. «Құлдықтан құтқарыңыздар»  деп көмек сұраған бес баланың әкесі Бибол Ясымбек бейнежазба түсіріп жіберген. Оқиға орнына полицейлер барғанда олардың алдынан қария шыққан.  87 жастағы ақсақал екі баласын малдың иесі жібермей жатқандықтан, оларды босатуын сұрап, үлкен басымен келгенін айтады.

– Өлсеңдер осы жерде өліп қалыңдар дейді. Біз адам түгілі, ит құрлы болмадық. Неге қорлайды бұл бізді? Балаларыма бірдеңе болып қалса мен қайтып жан бағамын,  – дейді Нұрбол мен Биболдың әкесі көгілдір экранда. «Құлдықта ұстап отыр» деген екі ағайындының сөзінше,  олар 46 бас сиыр, 150 бас жылқы, 400 бас қой баққан. Олар осыншама малды қарауға бар болғаны 250 мың теңге алады. «Қазір денсаулығымыз жарамайды, малды қарамаймыз»  деген олардың қарсылығына қарамастан малдың иесі бұл екеуін күштеп ұстап отырғанын айтады.

Біз малды өз бетімізше тастап кетуге қорқамыз. Мынау енді қинау болмағанда басқа не? «Кетпейсіңдер. Мына малды қарайсыңдар» дейді. Бізді үйіне кіргізіп алып, қорқытты.  Қамшысын бүктеп алып, қайда барсаң онда бар деп бізді бопсалады. Екі ай болды, он тиын ақы алған жоқпыз. Осы жерде ішіп, жейтін тамағымыз да қалмады. 400 бас қойында қырқып бердік. Оның да ақшасын берген жоқ, – дейді ағайынды малшылар. Ал отар- отар малдың иесі Ғабит Бөрібаев ешкімді күштеп ұстап отырмағандығын айтады. Керісінше, олардың «бес жылға дейін мал бағамыз» деген уәдесіне сеніп, несиесін өтеп, балаларына жағдай жасағанын айтады.

Ешқандай зорлық-зомбылық болған жоқ. Келісім шарттарымыз  Ясимбек Биболмен 3 жылға, Ясимбек Нұрболмен 5 жылға болған. Бірақ келісім шартқа қарамай, ол азаматтар келісім шарттарын бұзды. Құдай бұйыртса 10-15 күнде ме, бір жетінің ішінде ме, малшы табылса жұмыстан босатуға уәде беремін, – дейді Ғабит Бөрібаев.  Ал «мал қарауға денсаулығымыз сыр бергендіктен, келісімшартты бұздық»  деген екі ағайынды малшылар қожайын өзге бақташыны әдейі іздемей жүргендігін айтып, күдіктенетінін айтқан болатын. Енді өткен жылғы ақпаратқа көз сүзелік. Алматыда құлдықта болған әйел жұмысқа жегілген. Жұмыс берушілер әу баста әйелге дұрыс қарап, уақыт  өте келе қоқан-лоққы көрсете бастаған. Жәбірленуші Алматыдағы оңалту орталығының көмегіне жүгінген. Әйелдің тағдыры қылмыстық істің қозғалуына себеп болған. Бұл туралы орталықтың директоры айтты деп «Астана» арнасы хабар таратқан болатын.

Құлдыққа түскен Өзбекстан азаматшасы екен. Әйел Алматыға жұмыс іздеп келіп, танысы арқылы жұмысқа орналасқан. Ол жерде аса ірі көлемде ақша ұрлады деген айып тағылып, қара жұмысқа жегілген.

«Алматы қаласына таныс арқылы келдім. Сол жақтағы бір кафеде еден жуушы болып істедім. Басында бәрі жақсы болған, бірақ уақыт өте келе қоқан-лоққы көрсете бастады. 2 балаңды тірідей көрмейсің деді. Телефоным мен құжаттарымның бәрін алып қойды. Ешкімге хабарласа  алмадым. Ірі көлемді ақша ұрладың деп айыптап, жұмыс істеуге мәжбүрледі»,  – дейді жәбірленуші.

«Родник»  әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығы»  ҚҚ директоры Нина Балабаева айтуынша, ел аумағында өзгелерге қарағанда Өзбекстан тұрғындары құлдыққа көбірек түседі екен. Олардың көпшілігі ер адамдар көрінеді. «2020 жылы 35 адамға көмек көрсеттік. Оның 30-ы ер адам, 5-уі әйел. Өзбекстан бірінші орында, Польша, Ресей, Қырғызстан азаматтары да бар. 2021 жылы 60 адам келді, 51 – ер, 9 – әйел. Өзбекстан азаматтары – 56 адам», – дейді Орталық  директоры.

Адам сату бойынша әлем елдерінің арасында Қазақстан 83-ші орында тұр. Арнайы орталық мамандары осыны   айтып дабыл қаққан. 2020 жылдың көрсеткіші бойынша 1891 адам осы сауданың құрбаны болған. Оның 744-і Қазақстан азаматы. Зардап шеккендердің көпшілігі қара жұмысқа салынған. Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары жыныстық құлдықтан гөрі, еңбек құлдығы басым.  2023 жылы Жетісу  полицейлері әлеуметтік желілерде көп жылдық еңбек құлдығы туралы мәлімдеген ер адамды іздеп тапқан. 22 қарашада әлеуметтік желілерде ер адамның бейне хабарламасы тарап, ол соңғы 10 жыл ішінде Қаратал ауданындағы шаруа қожалық иесінің құлдығында болғанын мәлімдейді. Полицейлер видеоның авторы болған Үштөбе қаласының 44 жастағы тұрғынын анықтаған. Ер адам, оның отбасы мүшелерінің құжаттарын жұмыс беруші заңсыз иемденгенін айтады. Ер адамның өтініші ресми түрде тіркелген. Оған қатысы бар барлық адамдардан Яғни, шаруа қожалығының иесі, оның қызметкерлері, сондай-ақ жәбірленушінің туыстарынан түсініктеме алынған. Құжаттарды заңсыз алу фактісі бойынша тергеу амалдары басталды. Қылмыстық іс аясында, сондай-ақ өтініш берушінің еңбекті пайдалануы туралы келтірген дәлелдері де тексерілуде. Ер адам және оның қызына көмек көрсетілуде. Тергеу барысында ол Талдықорған өңірлік «Әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері ұсынған тұрғын үймен, киіммен және тамақпен қамтамасыз етілген. ПД бастығының орынбасары Елдар Әбдікенов іс бойынша барлық тергеу әрекеттері  облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынды деді. Тағы осыған ұқсас оқиға. Биылғы жылы мамыр айында  Алматыда белгісіз біреулер қарт кісіге 10 жыл бойы қайыр сұратып қойған. «Олар қалаған соманы жинай алмасаң  оңдырмай ұрып, сұлатып түсіреді»,  – дейді қарт әйел. 10 жылдан аса уақыт бақыр сұрап, бейтаныс адамдардың қыспағынан күні кеше босап шыққан 66 жастағы әйел бар сұмдықты жайып салғаны жайлы «Almaty.tv» сайты хабар таратқан. Айтуынша, оны құлдықта ұстағандар жаздың ыстығы, қыстың суығына қарамастан далаға тастап, күнде  салық  салып отырған. Жоспарды орындамаған күні оңбай таяқ жеп, миына да зақым келген көрінеді дейді ақпарат таратушы. Тіпті күні бойы жинаған ақшадан дым татырмапты. Таңертең базар жақтағы көпірге қалдырып, кешке алып кетіп жүрген. Құлдықта ұстаушылар  кейуананы мүгедек арбаға таңыпты. Көрген зорлық-зомбылықтан денсаулығынан айырған қарт ана  есімді жөнді білмеймін дейді. Құлдықта менен де басқа адамдар да  болды. Оларды қаланың басқа жағына тастайды деді жәбірленуші. 66 жастағы әйел қазір оңалту орталығында ем алуда. Оны бейтаныс адамдардың қыспағынан еріктілер құтқарып алған. Құлдықтан босап шыққан қарттың жанашыр туысы, не іздейтін жақыны жоқ. Құжаттан да жұрдай. «Арам пиғылдылар да осы қауқарсыздығын біліп, жоспарын іске асырды» дейді көмек бергендер.  «Бір кісі келді. Бетін тұмшалап алған, басында орамал. Ол «апаны бермеймін. Ол – біздікі» деді. Сіз кімсіз деп сұрасам, ол апаның төсіндегі телефон нөмірді жұлып алды. Сосын камераға түспейтінін айтты. Апаны бермеуге тырысты. Біз қарсыласып, алып кеттік», – деді «Әділ» қайырымдылық қорының директоры Оксана Маралова.

Қайырымдылық қорының директоры бұған дейін құзырлы органдарға шағымданғанын, алайда олар арызды қабылдамағанын айтты. Сондықтан түсірілім кезінде полиция шақыруға тура келген.

«Арызын қабылдаймыз. Толыққанды тексеру жүргізіп, дене жарақатына қатысты тиісті сараптама тағайындап, жаңағы көрсетілген нөмір арқылы банктерге сұраныстар жіберіп, оның кімге тиесілі және қанша қаражат түсіп отырғанын білеміз. Тергеу әрекеті толық аяқталған кезде мәлімдеме беретін боламыз», – деді Наурызбай аудандық полиция басқармасының тергеушісі Мұхамедәлі Абдинаби. Адам баласынан айла артылған ба? Сау адамды құлдықта ұстап оны мүгедек арбаға таңып, көлік көп жүретін көпір маңында ертеден кешке дейін қайыр сұрату. Оған бақыр тиын еңбек ақы төлемеу, қайыр-садақадан түскен қаражат пен тірлік кешу дені сау адамға жарасама? Адамның еңбегін қанау, құдайсыздардың тірлігі бұл. Қарапайым халық қайыр сұрғандарды мүсіркеп,  садақа береді. Ал, оның арасында мәжбүрлі түрде құлдықта жүргендерін білмейміз. Егер қайырымдылық қорының мамандары құтқарып қалмаса,  66 жастағы әйел әлі қанша жыл құлдықта жүрер еді. Алақан жайып, қайыр тілегендерді базар  маңындағы көпірден ғана емес, қаланың басқа жерінен де кездестіруге болады. Алайда олардың арасында  көмекке мұқтаж  жәбір көріп жүргендерді кім біліп жатыр. Осы жағдайдан кейін ішкі істер органдары қаланың әр аймағында қайыр сұрап жүргендерді дұрыстап тексеріп, араларында жәбір көрушілер бар ма, жоқ па анықтайтын шығар. Осыдан бірер жыл бұрын мүгедек  арбасына таңылып, қайыр сұраған азамат жайлы видео жарық көрген-ді. Әлгі алаяқ кешке дейін арбаға таңылып, қайыр сұрап,  кешкісін арбадан түсіп, жорғалап бара жатқанын көргенбіз. Бұл енді құлдықта жүргендерге қатысы жоқ.

Шығыс Қазақстан облысында биылғы жылдың сәуір айында 52 жастағы азаматты 15 ай бойы құлдықта ұстаған қожалық иесі туралы ақапарат желіні шулатты. Бұл хабарды таратқан «turkystan.kz»  Қазақпаратқа  сілтемесінде ішкі істер министрлігінің онлайн брифингінде ведомство өкілі Шұғыла Тұрлыбек  мәлімдеме жасаған.  Ол Шығыс Қазақстан облысында еңбекті заңсыз пайдалану фактісі анықталғанын айтады. 1986 жылы туған шаруа қожалық басшысы 1971 жылы туған жергілікті тұрғынды зорлық-зомбылық көрсетіп, қорқыту арқылы 2022 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың наурызына дейін еңбекке қанап келген.

«Ер адам үй шаруашылығында және мал күтімінде жұмыс істеуге мәжбүр болды», – деді Шұғыл Тұрлыбек. ІІМ өкілі бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргенін, ал жәбірленуші адам саудасының құрбандарына арналған дағдарыс орталығына орналастырылғаны айтты. Мал шаруашылығымен айналысып  отырған шаруа қожалықтары мал санын көбейтеді. Алайда, малшы ұстауда олардың әлеуметтік және тұрмыстық  жағдайларын жасап, әрі қомақты жалақы төлеуге келгенде сараңдықтары ұстап қалатын көрінеді. Айналайын-ау, мал басың өсіп жатса, дәулетің артып жатса, ол малшы қауымның арқасы емес пе? Сен сараңдық танытсаң, малшы жолай ма? Бірі келіп,  бірі кетіп жатады. Жапан түзде мені кім бақылап жатыр деп, қақ соқты болып жүрген жұмысшы тауып алып, оған жағдай жасамай, жалақы бермей құлдықта ұстау қандай іскерлікке жатады. Егескендері малыңды сатып, ізін-қайым жоғалып кетсе, сен полицияға шапқылайсың рас па? Бар жағдайын жасасаң ол да, сен де разы  болмайсың ба? Олардың да бала-шағасы бар емес пе? Сенің мал-жаның, отбасың өсіп,  малшының жайы жасалмаса,  сенің кеңірдегіңнен қалай ас өтеді. Обал-сауаптың сұрауы боларын білесің, олай болса, неге жәбірлеп қорлайсыңдар дегің келеді.

Бұл тараптағы заңды қатайту керек. Мал бақтырып, малшыны қорлаушыларды жазаға тартқаннан олардың айылы жыйылмайды. Заң жүзінде зорлық-зомбылығы дәлелденетін болса, шаруа қожалығының малының барлық түрінен жалшыға теңдей  және жерінің жартысын бөліп беретіндей заң қарастырылуы керек. Олай болмайынша бұл қылмыс тоқтамайды. Сондай-ақ, адамды мәжбүрлі түрде қайыр сұратқандарға да олардың дүние-мүліктері де қайыршыға теңдей бөліп беретін заң қалыптасуы тиіс. Он жыл құлдықта ұстап, азып-тоздырған адам қандай жазаға лайық, меніңше болса осы дұрыс. Құдайсыздарды заңның ауыр түрімен құрықтамасақ,  қоғам құбылып барады. Адам саудасындағы құлдықтың бірі жезөкшелікке мәжбүрлеу.  Жанын қинамай тәнін сатып  саудаласып жүрген жезөкшелердің өз обалы өздеріне. Тұнығын лайлап сағаттап пұл табамын деген жетесіздер бұл қоғамда көбейіп барады. «Қарағайдан шайыр, адамнан қайыр кеткен» бұл заманда ешнәрсеге таңғалмайтын болдық. Арсыздықтан арланбаған қайбір шөп желкелер өзінің пәктігін миллиондаған теңге мен валютаға бағалап, жаһанамға жар салып,  жарнама жасағанды да көрді ғой  көзіміз. Интернет желісін сүзіп отырып Қазақстаннан шетелге қыздарды құлдыққа сатқан қылмыстық топтың ұсталғанын оқыдық. Бұл осыдан үш жыл бұрын болған. Бахрейнге апарған әр қызды 5-15 мың долларға сатқан. Манамаға келгеннен кейін қыздардың төлқұжатын тартып алып, бостандығынан айырып, ұзақ уақыт бойы жезөзекшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері жас қыздарды Бахрейнге  құлдыққа сатқан қылмыстық топтың жолын кескен. Адам саудалағандардың арасында Қазақстан, Ресей және Бахрейн азаматтары бар. Қылмыскерлер ұзақ уақыт бойы Қазақстанның оңтүстігінде тұрмысы төмен 16 мен 25 жас аралығындағы қыздарды алдап, шетелге шығарумен айналысқан. Құқық қорғаушылар қыздардың сеніміне кіріп, шетелде жалақысы жоғары жұмысқа тұрғызуға уәде берген қылмыстық топтың мүшелерін анықтаған. «Бәлен жерде алтын бар,  барсаң бақыр да жоқ» демекші,  шетелде жоғарғы жалақы төлейтін жұмыс бар десе, қауіп-қатерін ескермеген талай ару, арлары аяққа тапталғанда өкінді ғой. Бірақ, бәрі кеш болғанда, өмірден түңіліп кеткенде шығар.

«Қыздар келіскеннен кейін, төлқұжат рәсімдеу, кәмелетке толмағандарды мемлекеттік шекарадан шығару, оларды Бахрейн корольдігіне жеткізу мәселелерін шешкен»,  – деп мәлімдеді полиция.

Бахрейнге апарған әр қызды 5-15 мың долларға сатқандар, мұндай талапқа көнбегендерді күш көрсетіп, 500 мың теңгеге дейін айыппұл салып жазалаған. Тіпті, басқа «жеңгетайларға» қайта сататынын немесе құқық қорғау органдарына хабарлайтынын айтып қорқытқан. Бахрейн заңнамасында жезөзекшелікпен айналысқаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Қазақстанның Ішкі істер министрлігі қылмыстық кодекстің 135-бабы («Кәмелетке толмағандар саудасы») және 128-бабы («Адам саудасы») бойынша қылмыстық іс қозғаған.  Ұйымдастырушылар тиісті жазасын алғанда шығар. Айта кетсек, Қазақстанда адам сатқаны үшін мүлкі тәркіленіп, 9-дан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал кәмелетке толмағандардың саудасы үшін 12-18 жылға түрмеге қамалады. Тағы осындай қылмыс  2021 жылы наурыз айында  ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов Бахрейнде сексуалды эксплуатация мақсатында қыздардың саудасымен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеу барысын айтқан болатын.

Белгілі болғандай, қылмыстық топтың құрамында Қазақстан, Ресей және Бахрейн азаматтары болған. Олар 2016-2020 жылдар аралығында еліміздің аумағында қыздарды алдап, Бахрейн Корольдігіне алып шығумен айналысқан. «Жалпы, зардап шеккен 39 адамды анықтап, олар Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары болғанын,  қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде 19 адам танылғанын, олардың арасында үшеуіне іздеу жарияланғанын С. Әділов онлайн режимде өткен  брифинкте айтқан болатын. Оның айтуынша, соңғы екі аптада Қазақстанның 6 азаматтың шетелдегі тұрғылықты жері анықталды, осыған дейін оларды да құлдықта ұстау үшін шетелге шығарған. «Сыртқы істер министрлігі, Бас прокуратурамен өзара іс-қимыл нәтижесінде қыздар Бахрейннен, Түркиядан және БАӘ-ден қайтарылды. Бізде трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топты құру мен басқару бойынша қосымша қылмыстық іс қозғалды. Жақын арада қылмыстық істің тергеуі аяқталып, айыптау актісімен сотқа жолданады»,  деді Санжар Әділов. Қылмыскерлер заң аясында жазасын алды. Биылғы жылы, шет елдік алаяққа алданып құлдықта жүрген қазақ баласының  қазір қайда екені белгісіз. Бұл азамат Алматы облысының 20 жасар тұрғыны. Табыс табамын деп шетел асып, ата-анасының «қасымызда қал» деген қарсылығына қарамастан Біріккен Араб Әмірлігіне аттанған.

Мектептің соңғы екі жылын Қазақстанда аяқтаған қандасымыз қытай тілін жетік білгендіктен, Дубайдағы қытайлық компанияға жұмысқа тұрған. Араға бірнеше ай уақыт салып, Отанына оралып, кейін тағы да шетелге аттанады. Ата-анасымен күнделікті хабарласып тұрған. Үйіне 400-500 мың теңге көлемінде ақша жіберіп, әкесіне көлік те сатып алып берген. Алайда өзінің тілеуін тілеп отырған ата-анасы баласының немен айналысатынынан бейхабар болған. Жырақта жүрген баласын уайымдап, сананы күмән торлаған кезде баласынан келген хабарлама ата-анаға жас балаға қауіп төнгенін  сездірткен. 2023 қаңтар айында  былтырғы маусым айынан бері Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде құлдықта болған 14 Қазақстан азаматына көмек көрсетілген. Бұл туралы елорда да өткен баспасөз мәслихатында Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім еткен болатын.

«Былтырғы маусым айынан қазіргі уақытқа дейін Таиландтағы елшілігіміз Қазақстанның 14 азаматына көмек көрсетті. Оларды мәжбүрлі түрде жұмысқа салынған. Сонымен қатар бұл адамдар Мьянма мен Лаоста болғаны анықталды», –  деді А. Смадияров.

Осы орайда ол шетелге барғысы келетін еліміздің азаматтары көбіне алданып қалатынын айтты.

«Көбінесе біздің азаматтар шетелге жоғары жалақыға қызығып жұмысқа барады. 2-3 мың АҚШ долларына дейін айлық төлейміз деп компаниялар шақырған кезде, адамдар шарттың мазмұнына мән бермей жатады. Соның салдарынан кейін қиын жағдайға тап болады. Шетелге барар алдында барлық құжатты мұқият қарап шығуға кеңес береміз»,  – деді ресми өкіл.

Міне,  шетелге шығып, жоғары жалақы табамыз деп құлдыққа тап болған арулар мен  өрімдей жас жігіттердің қауіп пен қатердің арасынан аман оралғандарына бір жағы қуанасың. Екінші жағынан құжат қараудағы сауатсыздық, жайбасарлық оларға өмір бақи сабақ болары сөзсіз. Басқа мемлекетке барғысы келетіндер сауысқандай сақ болуы керек-ақ. Ортада жүрген делдалдар  кімдер, олар туралы да толық мәлімет алып, баратын жерлері істейтін жұмыстары жан-жақты сараланып барып жолға шықпаса оның арты адам саудасына ұласып, құлдыққа тап болуы мүмкін екенін өмірдің өзі көрсетіп тұр. Жеті тіл білсең де, шет мемлекетке жұмысқа барарда  абай  болу керектігін сыртқы Істер Министрлігі де жиі айтып жатады. Мақала барысында үш түрлі оқиға өрбіді. Біріншісі туған Отанында жүріп құлдыққа түскендер болса, екінші жайт жас қыздарды саудалаған қылмыстық топтың әрекеті, үшіншісі шетелге жұмыс іздеп барып, құлдыққа түскен азаматтардың тағдыр-тәлейі. Конститутциялық  заңда  «Мемлекеттің  басты құндылғы –  адам» деп тайға таңба басқандай жазылған. Адам еңбегін қанау, оны мал сияқты саудалау содан табыс тауып, бақытқа кенелем   дегендердің де  ерте ме кеш пе бір жауап беретіндері әмбеге аян.  Әлемде  есірткі және қару-жарақ саудасынан кейін үшін орында адам саудасы тұр. Адам саудасымен айналысатындардың қарасы бірте-бірте  құрықталып келеді. Бірақ, түбегейлі жойылып кеткен жоқ. Мәселен, былтырғы жылы республика бойынша 120-дан астам  қылмыстық іс қозғалса,  биылғы жылдың жарты жылдығында  79 қылмыстық іс тіркелген. Адам саудасымен айналысқандарға жазада қатаң екенін айтады  полиция подполковнигі Шынар Көшербаева: «Заң қатаң екен деп айылын жыйып отырған қылмыстық топтар жоқ. Адам саудасымен айналысқандар 18 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылатынын айтуда. Бұл ауыр қылмыс санатына жатады. Адам саудасымен айналысқандар  адам өлтіргенмен бірдей.  Оларды мерзімінен бұрын түрмеден де босатпайды», – деді. Ел ішінде де жеңгетайлық пен айналысатындар бар. Бұлардың арасында қыздарды шет елге сатып, пайда тауып отырғандар барын мақала барысында айттық. Оған қоса  уақытылы еңбек ақысын төлемей, қысым көрсететіндер жайлы да  ақпараттар  аз емес.  Адамға –  адамның қиянат жасап, әлімжеттік көрсетуі жүректі сыздатады…

Айтақын МҰХАМАДИ

Суреттер ғаламтордан алынды.

 


ПІКІР ЖАЗУ