Ұранхаев ұйымдастыра алмады

0
344

Қазақ елінің қабырғасы тағы қайысты. Өткен жылғы  қаңтар оқиғасынан кейін  есін  енді жиып,  қам-қарекетін жасап жатқан қарға тамырлы қазақты  «тілсіз жау» өрт шалып , 14 адам ажал құшты. Дала өрті  дана  Абайдың елінде болды. «Өрт шыққан кезде құдық қазуға кеш болады» дегендей жергілікті билік  орман-тоғайдағы өрттің ырық бермей өршіген кезінде су таппай  жоғарғы биліктен көмек сұрап  дабыл қақты. Жалаң қолмен жауға шапқандай  өрт сөндіруге аттанған орманшылар  түтінді түреміз деп өздері өртеніп кетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы  адам шығыны болған аймаққа барып, қаза тапқандардың отбасымен жүздесіп көңіл айтты. «Жауаптылар тиісті жазасын алады.  Қылмыстық іс қозғалды. Зардап шеккендердің отбасына моральдық-материалдық көмек көрсетіліп, барлық жағдай жасалады», – деген мемлекет басшысы өрт болған өңірдегі  төтенше жағдайлар қызметінің жай-күйін көзбен көріп қайтты.  Жедел  штаб  жиынында  Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың  өрт болған аймаққа өзі бармай орынбасарын жібергенін, өрттің алдын алмағанын сынап, оған  сөгіс берді. 12-ші маусым Республика бойынша қаралы күн деп жарияланды.

Құдайдың «Сақтанғанды сақтаймын» дегенін  біздің қоғамдағы жергілікті билік түсінсе қанеки. Биліктегілер болары болып, бояуы сіңгенде ғана әрекет ете бастайды.  Онда да  мемлекет басшысы өзі араласып, стол тоқпақтап, қызметтерінен шеттетіп, төбелерінен төмпештеп, арнайы тапсырма бермесе  шенді-шекпенділер  өгіз-аяң тірлікпен  күн кешіп жүре береді. Төтенше жағдай болып, адам шығыны орын алғанда  кез келген  жағдайға сақадай саймыз дегендердің шикілігі сүт бетіне қалқып шыққан қаймақтай көлкіп тұрады. Жылма-жыл  миллиондаған қаржы бөлініп төтенше жағдайлар департаменті заманауи техникалар алып, құрал-жабдықтарын жаңартып  түрлі оқу-жаттығулар өткізіп тұрады. Жақында ғана  тура осындай жаңалықпен  бөліскен Абай облысының Төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 99 адамнан тұратын 15 бірлескен мобильді топ құрылды деп  айтқан болатын.  Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Төтенше жағдайлар департаменті 2023 жылғы өрт қауіпті кезеңінде ел аумағында орман және дала өрттерінің алдын-алу және оларды жою жөніндегі іс-шаралардың  жоспарын жасаған. Сол жоспарға сәйкес Абай облысында мобильдік топ та құрылған. Облыстағы мобильдік топ қазіргі күні 133 рейдтік іс-шара өткізіп, 33 адамды  өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Айыппұлдың жалпы сомасы 1 млн.138 мың 500 теңгені құраған. Брифингте Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы полковник Манарбек Шапағатов пен Абай облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Мақсат Елемесов баяндама жасады.

Қазіргі уақытта өрт сөндіру машиналарын кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы Абай облысына Төтенше жағдайлар министрлігі  9 өрт сөндіру автокөлігін бөлді. Биыл  978 млн 700 мың теңгеге 8 бірлік сатып алу жоспарланып, шалғайдағы елді мекендерде табиғи өрттер мен тұтануларды сөндіру үшін 1915 адамнан тұратын еріктілер тобы құрылды.  Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар ауылдық елді мекендерде 49 өрт сөндіру бекетін құрды, – дейді Манарбек Шапағатов. Абай облысының Төтенше жағдайлар департаменті елді мекендерде 2023-2025 жылдарға арналған өрт сөндіру бекеттерін ұйымдастыру туралы кезеңдік жоспарын да әзірлеген. Онда 30 км қызмет көрсету радиусында 44 елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуі үшін 15 өрт сөндіру бекетін құру жоспарланған. 2023 жылғы өрт қауіпті кезеңнің басынан бастап 13 орман өрті тіркелген. «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватына қарасты өрт сөндіру техникасына келетін болсақ қазіргі күні 65 өрт сөндіру көлігі бар.

Техниканы жаңарту мақсатында  республика бюджетінен 1,5 млрд.  теңге көлемінде қаражат бөлінді. Ол қаражат шілде айынан бастап игеріледі. «Семей орманы» резерватының арнайы қорынан 16 көлік сатып алынады. Оның ішінде 4 көлік «УРАЛ» және 12 «УАЗ» маркалы өрт сөндіру көліктері болады, – деп есеп берген  Мақсат Елемесовтың сөзінен кейін Семей орманын тілсіз жау  шарпығанда  төтенше жағдайлар департаментінің қам-қарекетінің сылбыр болып шыққаны тайға таңба басқандай көрінді. Мемлекет басшысы  өрт болған өңірде  жиын өткізіп, танауының астынан міңгірлеген Төтенше жағдайлар департаментінің  мамандарына  сөгіс жариялады.  «14 адам ажал құшты. Бұл  сендерге ойыншық па?  Бала жетім ана жесір қалды. Отбасын асыраушылардан айырылды. Төтенше жағдайдың басы-қасында жүруі тиіс облыс әкімі орынбасарын жұмсай салған. Бұл не масқара.  Жүйелі жұмыс жоқ  екенін көзіммен көріп тұрмын»,  –  деген Президент Төтенше жағдайларға жауапты министр  Юрий Ильинді басшылық  қызметінен босатты. Жел екпіні ырық бермеген бұл өртті сөндіру оңайға соқапасы анық. Мұндай алапат өрттер әлемнің барлық елдерінде болып жатады. Тосынан келген табиғат апаты десекте, әу баста бұрқ ете қалған жалынға жоғарғы деңгейде дабыл қақпаған жергілікті билік  ауа райының құбылып тұрғанына зер салмағаны Мемлекет басшысын қайран қалдырды. 14 адам бейбіт күнде тілсіз жаудан ажал құшты. Оның ішінде бір отбасының жалғыз баласы болған. Үйленбеген жігіт екен. Қартайған әке-шешесі енді кімге арқа сүйеміз деп зарлағанда сай-сүйегің сырқырайды. Өртте қаза тапқан азаматтардың ата-аналары мен туыстары Қасым-Жомарт Кемелұлына «Төтенше жағдайлар департаментінің техникалық ахуалы жақсы, 65 өрт сөндіру техникасы бар» деген Манарбек Шапағатовтың сөзі мен ісі сәйкес келмейді деп шағымданды. Мемлекет басшысы келеді дегенде күні бүгінге дейін жасалмаған көшені 1-2 күннің ішінде асфальтағынында жасырмай айтып салды. Біздің қоғамда осындай жағдайлардан кейін әділетті Қазақстан қалай құрылады. Жергілікті билік өтірік ақпаратпен Мемлекет басшысының көзін бояйды. Халықтың үніне құлақ түрмейді. Артынан былықтары әшкере болып, Мемлекет басшысының алдында  бүлдіріп қойған баладай сүмірейіп тұрғанын көресің. Тіпті Мемлекет басшысы  сөгіс жариялап тұрса білдей бір өңір басшысы Нұрлан Ұранхаев «рахмет»  деп  мойнынан су кеткендей басын көтермейді. Жаңа Қазақстандағы әкімдердің сиқы осы болса, кадрға жарыған екенбіз. Семейдегі өртті бүкіл қоғам талқыға салуда. Парламент мәжілісінің депутаттарының айтуынша өртті сөндіруге желдің тоқтамай соғуы кедергі келтіріп тұр.  Олар желдің бағытын да анықтай алмай жатқан көрінеді. Бұл сынды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жедел штаб жиынында айтқан болатын. Парламент мәжілісінің депутаттары орманшылардың  үстілеріне киетін киімдері де жоқ екенін, алатын жалақыларының мардымсыз 100 мың теңге көлемінде болғанын, техникаларының өзі сонау кеңестік жүйеден қалған ескі екенін айтуда.

Өткен жылы да Қостанай облысындағы орманда алапат өрт болған еді. Өрт Әулиекөл ауданының ауылдарына тараған. Орман өрті үш мың гектар жерді шарпып, тұрғындар эвакуацияланған. Сол кезде министрлік өрт сөндіруге 36 градус ыстық пен жел кері әсерін тигізіп жатқанын айтқан-ды. Ведомство екі тікұшақ өрт сөндіру үшін 36 тонна су шашқанын, өрт сөндіруге үш өрт сөндіретін пойыз, 32 техника және 235 адам жұмылдырылғанын мәлімдеген болатын. Бұл төтенше жағдайға да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы барған.  Жыл сайын төтенше жағдайларға миллиардтаған қаржы бөлініп жатады. Биылғы жылдың ең үлкен мәселесіне айналған Абай облысындағы өрт жайлы барлық ақпарат құралдары жарыса жазуда. Әлеуметтік  желіні ақтарсаң Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов пен министрлік қызметінен түсіп қалған Юрий Ильинді жерден алып, жерге салып, осылар жауапқа тартылуы керек деген пікірлерден көзің сүрінеді. Әрине кімнің жазалану керегін әлеуметтік желі шешпейді. Тиісті тергеу орындары анықтайды. Бұл іс тікелей Мемлекет басшысының назарында. Былтырғы Қостанай облысында болған өрттен кейін барлық өңір төтенше жағдайларға дайын болулары керек еді. Жаз айы басталғанда дала өрттері мен жазғы шомылу маусымында адам шығындары болып тұратынын жергілікті билік жақсы біледі. Табиғат апаттарына ешкім де кепілдік бере алмайды. Себебі ол қолдан қасақана жасалатын іс емес. Семей өңірінде биылғы жылдың өзінде 13 орман өрті тіркелгені жайлы орман шаруашылығының басшылары айтып өтті. Төтенше жағдай кезінде сылбырлық танытудың кесірінен адам шығыны орын алып,  орманды алақаптардың түгесілуіне жол берілген.  «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы Абай облысындағы алапат өрттің жай-жапсары әуелде белгілі болды деген ақпарат берді. Яғни, олар 8-ші маусым күні космо-мониторинг жасап, өрт ошағы мен оның таралуы туралы мәліметті жауапты министрліктерге ұсынған. «Atameken Business» сайтындағы мәліметтерге сүйенсек ашық мәліметті Төтенше жағдайлар департаменті де, экология минстрлігі  де қаперлеріне алмаған көрінеді. Абай облысындағы қайғылы оқиғадан кейін Талдықорған орман шаруашылығы басшылары қаладағы орманды аймақтарға кіруге тиым салды. Тиым қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Талдықорған қаласындағы орманды аймақ 185 мың гектар жерді қамтиды. Қазіргі таңда орман шаруашылығында 100-ге жуық жұмысшы еңбек етуде. Абай облысындағы қайғылы оқиғадан кейін Жетісудағы орман мекемелерінің барлық қызметкерлері күшейтілген режимге көшкен.  Бұл туралы Талдықорған орман шаруашылығы КММ директорының орынбасары хабарлады. Сондай-ақ, Алматы тауларында от жаққандарға айыппұл салынғаны жайлы хабар да бар. Меніңше бұл өте дұрыс шешім. Себебі  өрт ұшқыны осындайлардың кесірінен шығуы әбден мүмкін. Төтенше жағдайлар министрі мен экологияға жауапты министрлік және жергілікті билік өкілдері  түрлі жарылыстар мен апаттардан және болып жатқан орман өрттерінен сабақ алулары тиіс еді. Алайда, Қостанайдағы орман өртінің бір ұшқыны биыл жаңа құрылған Абай облысында қайталанды. Өкінішке орай адам шығынына жол берілді. Әу баста жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыра алмаған облыс әкімі мен Төтенше жағдайлар департаменті бұл оқиғаға тікелей жауапты. Енді төтенше жағдайлар министрі лауазымына тағайындалған Сырым Дүйсенғазыұлы Шәріпханов кем-кетіктердің орнын толтыра ала ма? Абайдағы тозығы жеткен техникалар мен өрт сөндірушілердің әлеуметтік мәселесін қалай шешетінін уақыт көрсетеді. Өрттен сабақ алмай салақтық танытса аяғы неге апарып соғатынын жаңа министр пайымдайтын шығар…

Айтақын МҰХАМАДИ

Сурет ғаламтордан алынды.


ПІКІР ЖАЗУ