Қамысты алты мемлекетке экспорттаған әйел

0
287

Ақымақ әйел үйді бүлдіреді, ақылды әйел әлеммен саудаласады.  Алты мемлекеттің сұранысын өтеп отырған қазақ әйелінің іскерлігін қалай дәріптесекте жарасады. Жапан даладағы өсіп тұрған қамысты қажетке жаратып, бизнестің көзіне айналдырған қызылордалық  кәсіпкер  Венера Тайлақбаева әлеуметтік желінің жұлдызына айналды.  Қазақтың қарапайым қара қызының табандылығына сүйсініп, нарық заманының ұршығын шыр айналдырған кәсіпкер әйелдер жайлы  «Алатау» қоғамдық-саяси газетінің бір үзік сырын оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Кәсіптің көзін тапқандар  жоқтан бар жасап жүр. Істеген ісіне қарап сүйсінесің. Бірі мал өсіріп, өнімін сатады. Енді бірі алып сатумен айналысып, базар жағалайды.  Шағын кәсіптен бастап, үлкен өндіріс орындарына қол жеткізіп жатқандары қаншама?  Өткенде ғаламтордан «Әлемдегі ең жалқау  халық – қазақ» деген сөзді  көзім шалып қалды. Оқыдым, намыстандым. Аузы барлар сөйлей береді ғой дедім. Біз расында жалқау халықпыз ба деген ойға да шомдым. Өзіміз жұмыс таба алмай жүріп  қырғызға, өзбекке үй салдырамыз. Миллиардттан саны асып кеткен қытайларға жер бөліп, жұмыс береміз.  Қазір мен тұратын «Жастар-1» шағын ауданында көшеге асфальт төсеп «тротуар» салу жұмыстары жүріп жатыр.  Күн аптап ыстық болған соң бастарын бүркеп алған әлігерді әңігімеге тартып, «Қалайсыңдар бауырларым» десем «Ассаламуағаләйкум әкә, яқши ахуал» деп гәпіріп тұр. Қазақ  дегенім өзбек болып шықты. Алты-жеті өзбек сенбі жексенбіге қарамай жолдың шеттерін жөндеп, шағыл тастар тасып жүр. Арасында біздің қазақтар да бар, олар сенбі жексенбі күні істемейді. Барлық техникалар тоқтайды. Ал өзбектер күнге күйіп, жұмыс жасап жатады. Алматыдағы Сайын даңғылында, Талдықорғандағы Дәнеш Рақышев пен Дінмұхамед  Қонаев даңғылының бойында қара жұмысқа жалданып жүрген қаракөздерді көріп көңілің жасиды. Әлгілер жұмысты сағатына қарап бағалайды. Өздерінің қойып алған (ставкалары) бағалары бар. Жұмыс шықса барады. Шықпаса ертеден кешке дейін карта ойнап отырғанын көресің. Ауылды жерлердің жастары жұмыс жоқ деп қалаға шұбырып жатады. Істеймін деген адам болса  кәсіптің небір түрі ауылда жатыр ғой. Қызылорда облысы Қазалы ауданында  Венера Тайлақбаева деген әйел, далада өсіп тұрған қамысты кәсіп көзіне айналдырған екен.  Жұмысшы жалдап, қамысты орып, отырған кәсіпкер әйел дайын өнімдерін Нидерландия, Полша, Германия, Дания,  Франция және Беларусия елдеріне эспорттауда. Жылына 900-1000 тоннаға дейін қамыс өнімін жөнелтетін Венера құрылыс жасау мезгілі келгенде қамыс жақсы сатылып, мол табысқа кенелетінін айтады. Үш-төрт айда  200-ден астам адамға жұмыс беріп кәсібін дөңгелетіп отырған әйел қамыстан бөлек екі гектарға алма, құлпынай  қарбыз еккен. Оның да сортын Нидерландиядан алдырыпты. Он бала тәрбиелеп отырған Венера  аудандағы ең жоғары салықты да өзі төлейтінін тілге тиек етті.  Жұмыс жоқ дегендерге менің жасап жатқан жұмысым «мотивация» болсын дейді. Расында тепсе темір үзетін жігіттердің қолынан келмеген істі нәзік жанды әйелдің жандандырып отырғанына қалай сүйсінбейсің. Әсілі бар ғой, нарыққа алғаш қадам басқанда, дүниенің бәрі алып сату болып, өндіріс орындарының жүрек соғысы тоқтағанда, екі қолға бір күрек таппай еркек атаулы қазан ошақтың басында отырып қалған уақытта, осы әйелдер ала дорба арқалап базарға саудаға шықты ғой. Сол кезеңдерде еркек жасамаған ерлікті әйелдер жасады.   Қазақтың ұлттық тағамдарын шет мемлекеттерге танытып, Кореядан, Америкадан асханалар ашқан қазақ қыздарының ерен еңбегіне қалай тәнті болмайсың. Ұлттық өнерді дамытып, құрақ көрпе, жастық, тағы басқада  бұйымдарды нарыққа шығарып, сұранысын  арттырып отырған қазақтың  кәсіпкер әйелдерінің іскерлігі өзгелерге үлгі болуда. Ал жұмыс жоқ дегендерге қамыс сатып пайдаға кенеліп отырған әйелден артық қандай мысал керек. Жетісу өңірінің табиғаты қарасаң көздің жауын алады. Алакөл, Балқаш, Бөрілтөбе, Қаратал, Пафилов аудандарында не көп қамыс көп.  Осыны кәдеге асырса жұмыс жоқ деген жігіттер білек сыбанып осы іске кіріссе қанеки. Өз кәсібін үлкен нарыққа шығарған Венера өзінің байланыс телефонын сұхбат алушыға беріп тұрып, хабарласса жөн-жобасын айтамын дейді. Қамысты оруын орамыз, кіммен байланысамыз  деушілерге Венера ханым жол сілтеуге дайын тұр.

Бір ғана Қызылордалық кәсіпкер емес елімізде бұндай ержүрек қыздарымыз көп. Солардың бірі 12 жыл бұрын отбасымен бірге Қытайдан Қазақстанға көшіп келген Бақытгүл Мұхаммед. Елге оралған соң бірқатар кәсіпорында еңбек етіп,  Астанаға қоныс аударған Бақытгүл «Өркен» жұмыспен қамту орталығына барып, 3 ай тігінші курсын оқып, сертификат алған. «Әртүрлі кәсіпте оқыған мамандарға «Атамекен» палатасы жұмыс бастау үшін 250 мың теңгеден грант бөлетін болды. Мен сол байқауға қатысып, 250 мың теңге ұтып алдым. Ол қаржыға бір тігін машинасын сатып алдым. Сонымен 1 жылдай үйде отырып жұмыс істедім»,  – дейді кәсіпкер.

Тігіншінің айтуынша, 2019 жылы кәсіпті кеңейтіп, ауқымды жұмыс істеу қажет болған шақта туған-туыстан қарызға қаржы алып, Қытайдың Сиянь қаласынан көрпе тігетін және жүн түтетін үлкен станок алыпты.  Міне, табыс  көзін тапқан әйел бүгінде жүн түту, көрпе тігу, қыз жасауын әзірлеумен айналысуда.

– Кәсібіме  отбасылық, жолдасым мен балаларын қолғабыс етеді. Үлгермеген кезде жұмысқа  адам аламыз. Жазда бірнеше адам еңбек етті. Қазір 2 жұмысшы бар. Жалпы кәсіпорында 6 адам еңбек етеді. Бірақ негізгі жұмыс күші отбасымнан шығып отыр, – дейді ол.

Қазақстанда іскер әйелдердің қауымдастығы бар. Бұл қауымдастық үкіметтік емес ұйым.  26 жыл бұрын құрылған қауымдастықта 15 мыңнан астам әйел тіркеліпті. Бір ғана Астана қаласындағы қауымдастықтың өзіне жүзге тарта әйел бар екен. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп отырған» әйел қауымының іскерлігі анау-мынау еркектерді жолда қалдыруда. қазақтар жалау халық»  деген сөзге қалдырып жүрген жұмыс жоқ деп әйелінің тапқан табысына ортақтасып, қазан ошақтың басын күзетіп жүрген еркектер ғой. Тіпті әйелдер жүн түтуді былай қойып, жиһаз жасайтын цех ашып енді бірі дәнекерлеуші болып темірден түйін түйіп жүр. Ол аз десеңіз көліктерді жөндеп ерлерге үлгі болып жүр. Соқталдай жігіттер ескі-құсқы көлігін сол аруларға жасатып әйелдердің іс-әрекетеріне таңдайларын қағып, тамсанып қарап тұрады. Кәсіпкер әйелдердің талабы мықты, әлеуеті зор. Ауыл шаруашылығында да шаруа  қожалығын ашып, өзгелерге жұмыс беріп отырған әйелдер бар. Солардың бір Раушан Қансатарқызы. Әу баста 46 бас жылқы өсіріп, оның санын 700 басқа дейін жеткізген Раушанның қам-қарекеті елді қайран қалдырды. Өзі экономист бола тұра шаруа қожалығына ден қойған әйелдің көздеген мақсаты қазақ елін таза сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету екен. Кәсіптің иін қандырып илеген әйел 50 гектар жерге таңқурай егіпті. Дастарқанымыз өзіміздің өніммен жайнап тұрғанға не жетсін дейді ол. Әйелдерді мақтап еркектерді кемсітіп отырғанымыз жоқ. Нарық заманында қолы қимылдағанның аузы қимылдайтынын уақыттың өзі дәлелдеп тұр. Тағы бір шымкенттік кәсіпкер дәнекерлеуші әйел Айжан  Исаева сүйікті ісін кәсіпке айналдырған. Бала болып қуыршақпен ойнамай темір-терсекке жақын болған Айжан шашылып қалған велосипедті жинап ағасын таң қалдырыпты. Мектеп бітірген соң ата-анасының ұйғарымымен дәрігерлік оқуға түсіп, бір жылдан соң оқуды тастап  кеткен келіншек өзінің сүйікті ісіне қайта оралады.  Ол – темірден түйін түйеді, дәнекерлеуші. бұзылып қалған тұрмыстық техникалар мен жүрмей тұрған темір тұлпарды жөндеумен айналысады. Міне қазақ қыздарының игермеген кәсібі жоқ. Зәулім үйлерге құрылыс материалдарын көтеретін ауыр  техникалардың құлағында ойнайтын әйелдерді де көресің.

Түзде еркек болып, үйге келсе білегін сыбанып әйелдік қызметін атқаратын кәсіпкерлер жайлы таңды-таңға ұрып айтуға да, жазуға да болады. Біз соның бірнешеуін ғана мысалға алып отырмыз. Қамыстан құрылыс материалдарын жасап шет елге эспорттап отырған Венера да, он баланың анасы. Кеңестік кезеңде осы қамыстан (каркас) жақтау үйлер салынатын. Заман ағымына қарай құрылыс саласыда түрлі технологиялық жаңару үрдісіне ілесіп келеді.  Қамысты қажетсіз деп  қарамай жүргендер енді қызылордалық кәсіпкер әйелдің ісін іліп әкетіп, әлем нарығына шығарып жатса құба-құп болар еді. Қураған қамыстыңда қажетке жарайтынын, экспортқа сұранып тұрғанын көрмейсің бе! Жұмыс жоқ дегендер қамыс шабыңдар. Шет елге өткізе алмасаңдар қызылордалық кәсіпкер Венераға  сатыңдар.

Біле білсеңіздер қамыстан құмшекерде өндіріледі. Оның жарқын айғағы Ақсу қант зауыты. Зауыт іске қосылған кезеңде, маусымаралық уақытта бос тұрмас үшін шетелден шикізат әкеліп, қамыс қантын шығаруға мүмкіндік бары айтылған болатын. Тәтті түбірді қабылдайтын өндіріс орны қант қамысынан қант өңдейтін құрылғыларды орнатып,  Бразилиядан қант шикізатын тасымалдап, ойдағы істі жүзеге асырған. Әу баста 30 мың тонна қант өндіруді жоспарлған Жетісу облысы екі айдың ішінде 16 мың тонна қант өндіріп нарыққа шығарған. Қамыстанда қыруар пайда табуға болады…

Айтақын БҰЛҒАҚОВ

Суреттер ғаламтордан алынды.


ПІКІР ЖАЗУ