Жаркентте Жандарбекке арналған айтыс өтті

0
472

Шығармашылық кеште Жандарбек Бегімбетовтың әндері шырқалып, айтыскер ақын жайлы жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекеев, ауданның құрметті азаматы, жазушы Әдепхан Жақыбаев, айтыскер, Қазақстан республикасының еңбек сіңірген қайраткері Даулеткерей Капұлы сағынышқа толы естеліктер айтты. Аудан әкімі Марат Сағымбаев баяндама жасап, ақының анасы Шәкенге құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.

Сіздер мен біздерді бүгінгідей думанды кеште дидарластырып отырған айтулы оқиғаны өздеріңіз жақсы білесіздер. Жыр көгінде аққан жұлдыздай өте шыққан айтыскер ақын, саңлақ сазгер, әуезді әнші Жандарбек Әкімбекұлы Бегімбетов көзі тірі болғанда қазір асқарлы жас – алпысқа толып, ортамызда жарқырап жүретін еді. Талант қай жерде де талантынан таңбайды. Ол ақындығымен қоса келешегінен көп үміт күттіріп жүрген композитор еді. Оның «Әкеме», «Анама», «Ұстазыма», «Солдат сағынышы», «Жалғыз аққу», «Қол шатырдың астында» атты әсем әндері мен «Тереңнен теріп маржанын» атты термесін қазір мектеп қабырғасындағы қаршадай ғана оқушыдан бастап атағы таудай әншілерге дейін асқақтата айтып жүр. Жәкеңнің музыкалық аспаптың кез келгенінде керемет ойнайтын шеберлігі туралы өнер сүйер қауым әрдайым тамсана да таңқала әңгімелейді. Домбыраны күмбірлете шертіп, баянды да бебеулете, шалқыта тартатын. Гитараның жеті ішегін салалы саусақтарымен ілмелей шерткенде де сырлы да сиқырлы саз сезіміңді селдетіп, көңіліңді көкке өрлете қытықтайтын. Күйсандықтың пернелерін де керемет күйде құбылта басып, жан-жүрегіңді шымырлататын. Кез келген сахнаның сән-салтанатын одан әрі арттырып, сәулетіне бөлейтін келісті келбеті, сымбатты тұлғасы қандай еді десеңізші!? Аламан айтыста да, сонымен қатар асқақтата ән салғанда да кең тынысты, сұлу даусы бойыңды балбыратып, жаныңды жадырататын, – деген аудан әкімі шығармашылық кештің шымылдығын ашып, өмірден небәрі 28 жасында өткен Жандарбектің бұған дейін 30-50 жылдығы Республикалық көлемде аталып өтілгенін айтты. Кеште арнайы сөз алған жазушы Бексұлтан Нұржекеев Жандарбек Бегімбетов жайлы ең алғаш мемлекет және қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтан естігенін, кейіннен Ташкенде өткен республикалық айтысқа барғанда сапарлас болғанын айтып, оның тек ақындығына ғана емес жыршылық әрі әртістік қабылетіне сүйсінгенін айтты. Жандарбектің арынды айтыскерлігі халық ақындары Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, Қонысбай Әбілов, Қатимолда Бердіғалиев, Есенқұл Жақыпбеков сынды тарландардың есімдерімен қатар аталады. Айтыстағы алғырлығы мен қоса ән салса Алатау мен Қаратауды өзіне қарататын сегіз қырлы, бір сырлы Жандарбек нағашы жұрты, Жетісудағы жырлаулар көшінің басында тұрған Қаблиса бабасы мен өз әкесі Әкіш ақсалдың, яғни Мырзагелді руының қанында бар ақындық пен әншілікті бойына сіңірген.

«Ақын боп жылқы жылы шыға келдім,

Әнім-бал, жырым-каусар бұлақ едім.

Ілияс жырлап өткен Жетісуды,

Мен бүгін дүбірлеткен Құлагермін», – деп сахнада сандуғаштай сайраған  Жандарбек өзіндік үнімен «Илигайлап» алаш жұртын әнімен тербеп, айтыскерлігі мен ел-жұртын тәнті еткен ақын болды. Жаркенттік ел-жұрты Жандарбектің жарқын бейнесін ұлықтау мақсатында аудандағы білім беру мекемелерінде танымдық-тағылымдық тәрбие сағаттарын өтізіп, кітапханаларда кітап көрмелері ұйымдастырылып, оқырмандармен конференциялар да өткізді. Сондай-ақ, ұлттық ат спорты бойынша еске алу турнирлері жоспарланып, барлық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде ақпараттық насихаттау жұмыстары жүргізілді. Кішішыған ауылында бір көше Жандарбек Бегімбетовтің есімімен аталса алдағы уақытта мәдени ошақтардың біріне ақын есімін беру жолдары қарастырылып жатқанын аудан әкімі Марат Сағымбаев жиын барысында айтты. Түске дейінгі жиыннан кейін ақынның құрметіне ас беріліп, арты аламан айтысқа ұласты. Жыр додасына, републиканың және Қырғызстан мен Қытай мемлекетінің әр аймағынан он ақын келді. Олар Павладардан Аспанбек Шұғатаев, Абай облысынан Рүстем Қайыртай, Қырғызстаннан Мәмбет Тоқта Ораза, Қытайдан Ержанат Байқабай, Алматы қаласынан Қазірет Бердіхан, Шығыс Қазақстаннан Серік Қуанған, Жамбыл облысынан Қанат Мырзахан, Қызылордадан Мөлдір Айтбай, Нұрзат Қару, Алматы облысынан Шынарбек Тұрсын сөз сайысына түсті. «Алуан- алуан жүйрік бар, әліне қарап шабады» демекші осы он жұп ақынның ішінде Рүстем Қайыртай, Қазірет Бердіхан, Ержанат Байқабай, Серік Қуанған екінші айналымға шықты. Бұл күні Жаркенттің елі-жұрты мен даласы, ел үшін ебңбек еткен ерлері жырмен әспетелді. Айтыстың басты тақырыбы Жандарбек жайлы көкей кесті мәселелерді ақындар тілдеріне тиек етті.Рүстем Қайыртай мен Қазірет Бердіхан арасындағы жыр сайысын оқып көріңіздер.

«Жиеннің құлақ түрсең мәнді ойына

Халықтың қайрылайын хал жайына.

Қастеевтей табиғи суретшінің,

Жаратқан талант берген тал бойына.

Суанның батыр ұлы Сабыр Рақымов,

Генарал біткен тұңғыш маңдайына,

Ән мен саз падишасы Дәнеш аға,

Бұлбұл құс ұя салған таңдайына.

Жандарбек жыр жампозы дес бермеген

Салсаңда аламанның қандайына..

Суретші, батыр, әнші,жыршы деймін,

Еленбесе мен қалай күрсінбеймін.

Осы елдің жеткіншек ұл-қыздары,

Аталары кім болғанын білсін деймін.

Осы төрт тарланбоздың ескерткіші

Қайсқайып Жаркентте тұрсын деймін.

Жүрегінде, жүзінде сұсы рухты,

Білегінде білеудей күші мықты.

Жандарбек жасын-ғұмыр қайран аға

Құлагердей аузымен құс іліпті.

Біздер тек естігенге елтиміз ғой

Көргендер тамсаныпты, тұшыныпты.

«Қазақ әдебиеті» осы қыста,

Ұлықтап бір нөмірін ұсыныпты.

Жандарбек ағамыздың жолдастары,

Жүрек сөзін қағазға түсіріпті.

Көкшелік Құдайберді Мырзабеков,

Сағыныштың сұңқарын ұшырыпты.

Жас болсаң да жарқ еткен жанарыңнан

Көрдім депті кеңдікті, кісілікті.

Құсанбаев Серікке бір көргеннен

Құшақ жайып танытқан кішілікті.

Айтақын ағыл-тегіл ақтарылып

Жан бауырын жоқтағанда іші ұлыпты.

Сәбиге Жандарбек деп ат қоюға,

Талайлар сол жылдары қысылыпты.

Серттен таймай ұлына Жандарбек деп

Ат қойған Айтекеңнің ісі мықты.

Қандай жігіт болғаны Бегімбетов

Білгенге осыдан-ақ түсінікті.

Тағдырдың ақшамы бар бесінімен,

Әркімнің ғұмыры бар несібімен.

Ақынның бәрі амал не Жамбыл емес,

Жүз жасаған жөнімен, жосығымен.

Жұлдыздай ағып түскен шайырлар көп,

Соңында жетімі қап жесірімен.

Ерік аға, Ораздай оғландар,

Опат болды жазмыштың кесімімен.

Оларды төрт аяқты темір тұлпар

Бақидың алып кірді есігінен.

Жүрегі жоқ темірге өкпе бар ма,

Көзіңмен көргеннен соң кешіріп ең.

Жандарбек жарық түнде жазым болды,

Екі аяқты айуанның кесірінен.

Асқаров Ерік аға атындағы

Ақындар мектебі бар осы білем.

Ораздың атындағы орталықты

Шұғайып басқарады пошымы кең.

Қос Қален, Асылақын, Әсеттейін

Айтыстың қонған мұнда көші білем.

Ат аунаған жерде әсте түк қалмай ма,

Ойланып жүрмін көптен осыны мен.

Айтыскерлер мектебі Жаркентте де,

Ашылса әкімдіктің шешімімен.

Ол мектепті атасақ қандай құрмет

Жандарбек ағамыздың есімімен.

Бұлғақовтың талайы шықпас па еді,

Бұлқынып ерте шыққан бесігінен» — деген Рүстем Қайыртайға Алматылық Қазірет Бердіқан:

«Бақада бақыт табар батпақ асап,

Бағалай білмегеннен бақта қашат

Қастеев жайлы Рекең айтып қалды,

Жөн болар әулиені аттамасақ.

Таудың бұлағынан,

Қойдың құлағынан,

Апамның құрағынан үйрендім деп,

Қастеев айтқан сөзін хатқа басат.

Туған жерін аралап шықтым кеше,

Ғажайып боп өтіпті рас бала шақ.

Ырғайлы сайындағы жазуларды,

Жаңылмаспыз жаңғыртып жаттап алсақ.

Қойтас пен Бұрхандағы суреттерді

Алтын қорға апарсақ таспаға сап.

Шежіндегі қашалған таңбаларды,

Танысақ тарих бізге қақпаны ашат.

Болашақтың алдында кінәліміз

Бұларды қорғамасақ сақтамасақ.

Қастеевке қасиет қайдан келді,

Деген ой мыйға сыймай бастан асат.

Ол ойдың құпиясын Жаркенттің,

Топырағы мен өзен-тау аспаны ашат.

Баласы бейнелеуші болмай қайтсін

Бабасы сурет салса тасқа қашап!

Қара түгіл айтатын ханға кеңес,

Жандарбегің қалайша заңғар емес.

Жай оғындай жарқ еткен ғұмырында

Армандарын сүйрепті арбаны емес,

Алашқа мойындатқан ақындығын,

Артында арзан өлең қалған емес.

Әншілігі бір төбе деседі жұрт

Күміс көмей жез таңдай маржан өңеш.

Көкірегі күйсандық Сазгерлігі

Естісең елітеді арман елес.

Сатирасы дәл тиер сайгез оқтай,

Шымшылапты шығармай даудан егес.

Батырлығы бір төбе болған десет,

Қайратына сеніпті қанжар емес.

Ары бардан тауыпты дос жолдасты,

Ақшасы мен атағы бардан емес.

Жалтақбайлар Жандарбек бола алмайды

Бұл айтқаным ақиқат жалған емес.

Ауызы бардың бәрі ақын болмас

Азуы бардың бәрі арлан емес.

Жерінен ағаш өсіп гүл көктеген,

Елінен намысты қыз ұл кетпеген.

Жаркенттің аймаңдай аруларын

Рекең ретімен суреттеген.

Қызы түгіл бұл жақтың келінІнің,

Жүректен рух жүзінен нұр кетпеген.

Жандарбек ағамыздың сүйген жары,

Майра жайлы бастайын жырды еппенен.

Таразда танысып ағамызбен,

Отбасында Олжастай ұл көктеген.

Азаматы ажал ерте әкетседе,

Орындаған парызын сүндетпенен

Ошақ отын өшірмей отауының,

Тіршілігін жасаған тірнекпенен

Ата енесі рұқсат бергенімен,

Әулетінен алыстап бір кетпеген

Жаңа тұрмыс бастауды ойламапты

Жастыққа тән жалын мен дүрмекпен.

Қазір жастар аз күндік қиындыққа,

Шыдамай ажырасу тым көп дер ем.

Солар Майра жеңгемнен үлгі алса ғой,

Көңіл шері көз жасы бір кеппеген.

Жар төсегін күзетіп жайнамаздай,

Жандарбектің рухын құрметтеген.

Жанынан артық көріп ардың құнын,

Жары жоқта жаулығын кірлетпеген.

Алтын күн нұрын төгіп түндігінен

Алты алаштың тараған кіндігінен.

Жер бетіне шашылған қазақтарды,

Бір құдайым айырма бірлігінен.

Жақында Ташкентте жарыс өтті,

Біріккен жердің алты құрлығымен.

Алты алаштың атағын аспандатты,

Жігіттер жұдырығы күрзі кілең.

Финалға жеті бірдей қазақ шығып,

Танылды тас қамалдай тірлігімен.

Қытайдан Тоқтарбектей қандас шықты,

Оралбайға ол қарсы тұрды білем.

Бір жақсысы бір қазақ алтын алды,

Бір жаманы бір қазақ күміс алды,

Қазағым бір жылап бір күлді білем.

Екі қазақ финалда жолыққанын,

Ұмыта алмай жүрмін ау бұл күні мен.

Сол көрністен көзіме жас ұялап,

Қиялым кезіп кетті қырды кілең.

Шіркін-ай қауышсақ қой қазақ деген

Жиырма сегіз мемлекеттің тұрғынымен

Әр тудың астында емес әрбір қазақ,

Бір байрақтың астында бір бірімен», – деп толғаған Қазірет пен Рүстемнің айтысының шоқтығы биік болды. Әзілі жарасып, Жаркентке жиен болып келген Рүстемнің анасы, Алтыүйдің аруы болғаны да тілге тиек етіліп, Жаркенттің тасқа басылған тарихыда жырмен әспеттелді.

Қазірет: «Тарихы боп саналған ұлтының бай,

Орбұлақттың білсеңдер рухы мұндай.

Белжайлауда шайқасқан алты жүз батыр,

50 мың дұшпанынан құр тығылмай.

Әуелі сай ішіне ор қазыпты,

Ашылған аждаһаның құлқынындай.

Сасықтеке гүлінен у жасапты

Жасыл шөпті үгітіп шіркін удай.

Түтінінен уланған қалың жоңғар

Ата алмапты жебесін мылтығындай.

Уланып улап шулап жатқан жаудың,

Әрқайсысын қырыпты бір шыбындай.

Ешкі майын ерітіп маска жасап,

Ал қазақ түсірмепті бір қылындай.

Қойдың құйрық майын ерітіп,

Тұмсығына жағыпты жылқының май.

Неткен білім недеген тактика еді,

Ғаламат ғажайып қой бұл шынындай.

Орбұлақтың орыны әлі жатыр,

Қураған бас сүйектің шұңқырындай.

Жаркенттің тарихына жарасып тұр

Батырдың бетіндегі тыртығындай», – деп көлісе шапқан екі ақында келесі айналымға алқынбай өтті. Шығыс Қазақстан облысынан келген айтыскер Серік Қуанған мен Алматы облысының намысын қорғаған Шынарбек Тұрсын

арасындағы жыр бәсекесі қызықты өтті. «Тең-теңімен, тезек қабымен» дегендей әзіл қалжыңдары жарасқан екі ақында көрерменнің көңілінен шықты. Әсіресе Шынарбек Тұрсынның Өскемен қаласындағы күн көсем саналып келген Лениннің ескерткішін жаңғыртамыз деп алашапқын болған әкімдіктегілердің ерсі қылығы жайлы «ащы» сыны қарсыласын қара терге түсірді.

Шынарбек: «Сөз басында сүйем деп сен еліңді,

Өскеменнен бастап ең өлеңінді.

Енді сол Шығысыңа тоқталайық,

Сынға сап берерің мен беделіңді.

Өскеменнің іргесінде орналасқан,

Алтай деген ауданды ел көре білді,

Сол Алтайдың орталық алаңында,

Қазаққа бөлек тілді, бөлек үнді,

Лениннің ескерткіші тұр дегенге,

Білмедім, сенбесімді, сенерімді,

Ол аздай апта бұрын жаңартсақ деп,

Бюджеттен бөлдің теңге-тебеніңді,

Алтайды атақты еткен Ленин емес,

Білемін Оралхандай мен еріңді,

Орталыққа орнатсаң болмас па еді,

Сөзден сурет салатын шеберіңді.

Жаркентте қасқайып Қастеев тұр,

Адамдарға болсын деп өнеге-үлгі,

Ағасы енді осыған сен не дейсің,

Тыңдайық, азаматтық дерегіңді?!

Аштық пенен қастықтан ел қырылған,

Есіңнен шығардың ба көне күнді,

Жерленуге жер таппай жатқан шалды,

Төрлеріңнен түсірмей не көрінді?», – деп түйреген Шынарбектің сауалына Серікте қолма-қол жауап қайырды…

«Өнердің жаңа бастап гүл көктемін,

Азғана абыройды тірнектедің.

Алтайдың бауырында Ленинге,

Айырықша көрсеттің құрмет дедің.

Билікке айтқанбыз, жазғанбыз да,

Ақындықтың орындап міндеттерін.

Оралханға Шығыста он мүсін бар,

Ол жайында ештеңе білмеп пе едің.

Қасқа бас күн көсемі емес әркез,

Алып Абай еді ғой үлгі еткенім.

Кімнің қайда тұрарын шешетіндей,

Шығысты мен басқарып жүр деп пе едің.

Тағдырдың қарсы келмен шешіміне,

Қара өлеңді бұйыртқан несібіме.

Қарапайым қазақта кінә бар ма?

Кер заманның жолыққан кесіріне.

Белден басып жұмысын жасағыштар,

Беделін жүргізеді бесігіме.

Қолдан келсе қопарып тастар едім,

Саған берер жауабым осы міне.

Төрелер билігін маған берсе,

Төрім түгіл қоймас ем есігіме.

Өтірік өлең өріп өбектеп құр,

Бауырым ел алдында дедектеп тұр.

Ақыры мүсін жайлы айтып қалдың,

Алтай жақтан келтіріп деректі өткір.

Бір істің басын бастап бердің дұрыс,

Бір ойыңа бұл ойым себеп боп тұр.

Қыран ердің бапкері бола білген,

Мынау елдің мақсаты бөлек боп тұр.

Жыр жүйрігі атанған Жандарбекке,

Жаркенттен бір мүсін керек боп тұр», – деді. Бұдан кейін Керекулік Аспанбек Шұғатаев пен қырғыз ақыны Мәмет Токто- Ораза арасындағы айтыс көптің көңілінен шықпады. Қыз бен жігіт айтысына сыр елінен келген Мөлдір айтпай мен Нұрзат Қару және тараздық Қанат Мырзахан Қытай мемлекетінен келген Ержанат Байқабай арасындағы айтыстар әзіл қалжыңға ұласып, әлеуметтік мәселелер көтерілді. Жандарбек марқұмның жан-жары Майра мен кіндігінен өрбіген Олжас және Шәкен ана туралы ақындар аста-төк жырлады. Қазылар құрамының сұрыптауы бойынша ақтық айналымға екі жұп шықты. Олар Қытай елінен Ержанат Байқабай мен Семейлік Рүстем Қайыртай, Өскемендік Серік Қуанған мен Алматылық Қазірет Бердіхан арасында өрбіді. Қазылар құрамының сұрыптауы бойынша бас жүлде бір миллион теңге Қытайдан келген Ержанат Бақайға, бірінші орын мен 800 мың теңге Қазірет Бердіханға, екінші орын мен 650 мың теңге Рүстем Қайыртайға, үшінші орын екі ақын Серік Қуанған мен Нұрзат Қаруға, арнайы жүлде 300 мың теңге Мөлдір Айтбайға бұйырды. Айтысқа қатысқан өзге ақындарға да 200 мың теңге көлемінде сыйақы берілді.

А.БҰЛҒАҚОВ.


ПІКІР ЖАЗУ