«Ұлтымның үні – домбыра» байқауының жеңімпазы атанды

0
423

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп ақын  Қадыр Мырза Әли айтқандай,  қазақ пен домбыра егіз ұғым. Әр үйдің төрінде ілулі тұратын домбыра аспабында ойнауды білмейтін қазақ кемде-кем. Солардың бірі  кішкентайынан бірнеше күй үйреніп, түрлі жарыстарға қатысып жүрген Заңғар ӘМІРЕ.

Тоғыз жастағы Заңғар  домбыраны алғаш ғаламтор желісінен   әртүрлі бейнеороликтер көру арқылы  үйренген. Апасы жұмыстан келгенде  күні бойы үйренген күйлерін  ойнап беріп жүріпті. Немересінің  бойындағы қабілетін одан әрі шыңдай түссем деген  апасы  оны «Мейірім» шығармашылық орталығының  домбыра үйірмесіне береді.  Үйірмеге қатыса бастаған кезден-ақ Заңғар  ұстаздарының көзіне түсіп, түрлі жарыстарға қатысады. Әр жарыстан жүлдесіз оралмайтын Заңғар «Respublika» партиясы ұйымдастырған «Ұлтымның үні – домбыра» атты байқауда  жүзге жуық қатысушының ішінен оза шапты. Осылай    Астанада өткен онлайн жарыста Жетісу өлкесінен жалғыз  Заңғар ғана жүлделі орынды  иеленіп,  арнайы тапсырыспен жасалған домбыраны ұтып алды.

– Заңғар кішкентайынан өнерге жақын болды. Бір істі қаласа міндетті түрде соңына дейін апаратын. Алғашында ғаламтордағы бейнероликтерді қарап, домбыра шертіп отыратын. Ол кезде қатты мән бермедік. Бір күні жұмыстан келсем «апа,  қарашы,  қандай күй үйрендім»  деп кәдімгідей домбырада ойнап отыр. Содан кейін өзінің домбыра үйірмесіне қатысқысы келетінін айтты. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, оны бірден «Мейірім» орталығына бердім. Бүгінде  Заңғарымыз тек биіктерден  ғана  көрініп келеді. Барған әр жарыстан  міндетті түрде жүлделі оралады. Жиын-отырыстарда құлағымыздың құрышын қандырып,  әр  түрлі күй орындап береді. Ата-анасы жұмыста болғандықтан Заңғарға көбіне өзім бас-көз боламын. Оны үйірмеге уақытылы жіберіп, күнде не үйренгенін сұраймын. Немеремнің талабы таудай. Домбыра десе ішкен асын жерге қояды. Алғашында көпшілік ортаға шығуға ұялатын. Қазір үйірмедегі балалармен араласып, біраз ашылды. Астананда өткен жарысқа онлайн қатыстық. Үйден арнайы бейнеоролик түсіріп, жолдадық. Жетісу өлкесінен тек Заңғар ғана жүлделі орын алды – дейді Заңғардың нағашы апасы Гүлжат Қасенова.

Өзгелерден дара тұратын Заңғар жайында домбыра үйірмесінің жетекшісі  Гүлнар Зауатбекова  да  пікірін білдірді. «Домбыраға қызығып, күй тартуға ынталанып жүрген балалардың саны күннен-күнге өсуде. Солардың бірі Заңғар. Ол өте зерек бала. Үйреткен нотаны бірден қағып алады», – деген  Гүлнар  апай Заңғарды қоңыр үннің құдіретін түсіне білетін ерекше бала екенін, оның болашағынан зор үміт күтетінін айтады. Күйшілікті домбыра тартудың шыңы дейміз. Заңғар тоғыз жасында сол шыңға шығып, «Жастар биі», «Тепең көк», «Кеңес», «Нәр ағашы», «Келіншек», «Балбыра-уын» сынды күйлерді үйренді. Болашақта  қазақтың дара ұлы  Димаш Құдайбергенов секілді   елімізді  әлемге танытамын деген Заңғарға биік шыңдарды бағындыра  бер дейміз.

Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ