Парламент депутаттарымен кездесті

0
309

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттарымен кездесті. Бұл туралы   Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында облыс басшысы халық қалаулыларына  өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндай келе, шешімін күткен бірқатар мәселені сөз етті.

Өз сөзінде Бейбіт Исабаев: «Мемлекет басшысы былтырғы облысымызға жұмыс сапары барысында келесі екі жыл ішінде «Лепсі – Балқаш» автожолының құрылысын аяқтау жөнінде тапсырма берді. Автожолдың жалпы ұзындығы – 141 шақырым, бүгінге оның 39 шақырымы жөнделді. Іске асыру сатысында екі жоба бар: «Лепсі – Балқаш көлі» 0-27 шақырымы және «Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай» жолының 35 — 110 шақырымы. Екі жобаның жалпы құны – 17,7 млрд. теңге, 9,5 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде 2023 жылға – 2,9 млрд. теңге. «Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай» автожолының 35-110 шақырымын қайта жаңартуды аяқтау үшін 7,4 млрд. теңге қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2023 жылға өтінім берілген соманың 2,5 млрд. теңгесін қолдады және қаржы күзде республикалық бюджетті түзету кезінде бөлінбекші. Сіздерден 2023 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде және 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті қарау кезінде құрылысты аяқтау үшін қаражат бөлуге жәрдем көрсетуді сұраймыз», – деді.

Сонымен қатар газдандыру жұмысы да қарқынды жүргізілуі тиіс. Биыл жергілікті бюджеттен 84 жоба әзірленуде. Оның ішінде 22 жоба бойынша жалпы сомасы 11,5 млрд. теңгеге мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2023-2025 жылдары жүргізу жоспарлануда. Бейбіт Өксікбайұлы депутаттардың назарын жоба құнының қымбаттауына аударды.

– Жаңа Бюджет кодексінің жобасын қарау кезінде құрылыстың нормативтік мерзімдерін сақтамауға, ұлттық валюта бағамының елеулі өзгеруіне және құрылыс материалдары құнының қымбаттауына байланысты жобаның сметалық құны ұлғайған жағдайда республикалық бюджеттен қаржыландыру нормасын қосу орынды деп санаймыз. Мысалы, жоғарыда аталған «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автожолын қайта жаңарту жобасын іске асыру 2018 жылы басталды, яғни алтыншы жыл қатарынан іске асырылуда, бұл ретте құрылыстың нормативтік мерзімі – 2,5 жыл. Осы уақыт ішінде құрылыс материалдарының құны 2 есе өсті, – деді облыс  әкімі.

Аймақта  елді мекендердегі кәріз желісін салу жұмысы да өзекті болып тұр. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласындағы ірі жобаларды іске асыру, Алакөл көлінің жағасын бекіту, Ақши және Көктұма ауылдарына дейін жоғары вольтты электр беру желілерінің құрылысы бүгінгі күннің басты талабына айналды. Аталмыш мәселелер оң шешімін табатын болса, облыстағы туризм саласының әрмен қарай өркендеуіне жол ашады. Келесі кезекте сөз алған халық қалаулылары аймақ басшысы көтерген мәселелер назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Әсіресе, жаңадан қабылданып жатқан заңдардың оң ықпалын мысалға келтірді. Сонымен қатар өзгертулер мен түзетулер енгізілетін заң жобаларымен таныстырды. Оның ішінде мемлекеттік сатып алуға қатысты өте өзекті мәселелерге мән берілмекші.  Жиын барысында жазықсыз деп танылған мердігерлердің жұмысы  да сынға алынды. Жалпы кездесуде қатысушылар облыстың дамуына қатысты көптеген ұсыныстарын жеткізді. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік сатып алу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, субсидиялау қағидалары, инвестициялық жобаларды жетілдіру, жайылымдардың жетіспеушілігін жою, халықтың талап-тілегіне құлақ асу сынды бастамалар айтылды.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ