АРЛЫ АДАМ

0
484

«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттермен озады» дейтін ұлы Абай сөзі барлық уақытта бізге бағдаршамдай ғой. Арлы адам дегеніміз намыс, ұят, иба, абырой сынды қасиетті бойына жиған ізгі ниетті кісі екен. Арлы адам жігерлі әрі намысты болады. Ол көрсеқызарлыққа салынбайды, күнәлі істен бойын аулақ ұстайды. Арлы адам адал еңбек етіп, рухани құндылықты өз басынан жоғары қояды екен. Мен 45 жылға жуық танып келе жатқан әріптесім, ұлағатты ұстаз Әуесбай Бақбергенұлын осы сипаттарға сай келетін арлы адам деп айтсам артық айтқандық болмас еді.

1977 жылы Шымкенттегі педагогикалық мәдениет институтын бітіріп, туған жерге оралдым. Шымкентте Асылбек Жанғарин, Серік Қалмағамбетов сияқты әріптестермен қатар оқыдық. Бәріміз Жамбыл қаласына келіп, Абай атындағы педагогикалық училищеге оқытушы боп қызметке орналастық. Әуесбай Бақбергенұлы Өскеменнен педагогикалық институтты бітіріп кеп, біраз жыл Жамбыл мектебінде мұғалім болып істеген екен. 1978 жылы ол да біздің қатарымызға қосылып, педучилищеде оқытушы боп жұмысқа кірісті. Сол жылдардан бері қарай бәріміз бір үйдің баласындай бір ұжымда, музыкалық білім беру кафедрасында еңбегіміз жанып, зейнетке шыққанша жемісті қызмет атқардық. Ортамыз өте көңілді болатын. Жұмысқа қуана баратын қайран күндер!

Әукең қатарынан екі рет кафедрамызды басқарды. Басшыға сай ұжымымыздың нағыз көшбасшысы бола білді. Қарамағындағы әріптестерге және шәкірттеріне талапшыл, жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын білікті маман, іскер басшы, шебер ұйымдастырушы еді. Мәдени-көпшілік, қоғамдық жұмысқа белсенді әріптесімсіз училищедегі ешбір жиын өтпейтін десем қателеспеймін. Кез-келген ортаның сәнін келтіретін өзі еді. Басқа қызметтес оқытушылар сөйлеп бітсе де түйін сөзді міндетті түрде Әуесбай Бақбергенұлы айтатын.  Көпшілік ортада әлдебір ыңғайсыздау тыныштық орнап жаста, Әукең ұжымды орынды әзілімен көмкеріп, ду күлдіріп жатушы еді. Ұстаздың ұжымдағы беделі зор болды. Жұмыс барысында туындайтын әлдебір қиюы келіспей жатқан мәселеге байланысты әуелі Әукеңнен ақыл сұраймыз. «Бұл мәселеге байланысты Әуесбай Бақбергенұлы не айтар екен?» деп күтіп отырамыз. Ол келсе әйтеуір, жұмыс жүріп кететін.

Шәкірттері Әуесбай ұстаздарын қатты жақсы көретіні байқалатын. Бір абзалы, ағайларының сабағына олар қалтырап-дірілдеп, қиналып келмейді. Бірдеңе «үйренсем, білсем» деген зор ықыласыпен барады. Әукең мен шәкірттерінің арасы әрдайым мамыражай қарым-қатынасқа құрылатыны сезілетін. Ұстаздары да үнемі студенттерінің сенім үдесінен шығуды ойлап, уақытымен тура жүретін, дәріске кешігуді білмейтін. Сымдай тартылып, нағыз педагогқа тән мінезбен сабағын бар ынта-шынтасымен беріле өткізетін оқытушыға жастар үйірсек еді.

Бірде Әукең 2014 жылы өз басынан өткен бір оқиғаны айтып беріп еді. Әріптесім ол жылдары имандылық жолына бет бұрып, ептеп Құран оқи бастаған кезі еді. Бір күні жұмыстан үйге қарай жаяулатып кетіп бара жатса алдынан белгілі өнерпаз, «Тараз» триосының әншісі болған Берік Қалиев ойда-жоқта кездесіп қалады. Ескі таныс замандаспен руханият жайындағы әңгімелерді айтып азаматтар біраз тұрады. Бір уақытта Берік замандасы Әукеңе төтесінен сұрақ қойыпты:

— Әуке, сізді жақсы танимыз. Ел сыйлайтын азаматсыз. Балаларыңызды да білеміз. Бүгінде олар елімізге танымал ұлдарға айналды. Алла Тағала сізге қаншама нығметін беріп жатыр. Ал осының өтеуіне сіз де Аллаға бір табан жақындап, ризалығы үшін іс қылуды ойладыңыз ба?, — деді. Тосыннан қойылған сұраққа Әукең не айтарын білмей, дағдарып тұрып қалған екен:

— Сонда мен не істеуім керек?

— Алланың разылығы үшін намазға жығылуды ойламадыңыз ба?, — деп әңгімені түйіндеді. «Бұл әңгіме менің күндіз-түні ойымнан кетпеді. Берікпен кездесуді мен Алланың маған жіберген аманаты деп қабылдадым. Жатсам-тұрсам намазға жығылуды ойлап, іштей дайындала бастадым» дейді Әукеңнің өзі. Оның алдында да асыл дініміз жайында әдебиеттерді қарап, Құран оқып жүрген жайы бар екен. Бірақ осы бір кездейсоқ кездесу Әукеңді мұсылманның бес парызының бірін атқаруға ынтасын одан сайын оята түскен екен.

Әріптесім Әукеңнің намаз оқи бастағаны маған да қатты әсер етті. Әукеңмен имандылық жолы жайында көп сөйлесетін ек. Мен де өмір жайында, балаларымның болашағы жайында толғанған кездерімде Әукең уағыз айтып, жүрегімді тыныштандырып, мұсылманшылықтың ізгі жолы тұрғысында кеңесін беретін. Сөйтіп жүріп мен де көп ұзамай намазға жығылдым. Қазір Құран хатым түсіріп,  оқитын жайым бар.

2014 жылы пайғамбар жасында намазға жығылған Әукең 2015 жылы 64 жасында Меккеге барып, мұсылманшылық парызының бірін өтеді. Ұжымдағылар үшін бұл күтпеген жаңалық болды десек те қашан да сабырлы қалпынан таймай, байыпты әрекет ететін Әукеңнің бұл қадамын бәріміз құптадық. Өзі мақтауға, мақтанға бұрыннан жаны қас. «Мадақ тек Аллаға тән» дегенді жиі айтатын да өзі. Дейтұрғанмен, реті кеп тұрғасын бір ұжымда қырық жылдан аса қызметтес болған әріптесім туралы жақсы сөз айтсам, ұрпақтары, шәкірттері үшін үлгі болар деп ілтипатымды білдірсем айыбы жоқ шығар. Аман жүріңіз, арлы адам!

 Әлия ЖҰМАБАЕВА,

Абай атындағы Жамбыл

  гуманитарлық жоғары

  колледжінің  ардагері.


ПІКІР ЖАЗУ