Болашақта әлемді жұмыссыздық жайлай ма?

0
316

Болашақта әлемді жұмыссыздық жайлауы мүмкін деген әңгіме қазір қызу талқыға түсуде. Себеп, заманауи технологиялардың қауырт дамуы, тіпті өндіріс орындарының, адам күшімен атқаратын жұмыстарды роботтардың атақаруы, адам күшін қажет етпейтін дә-режеге жетуі ғаламдардың алаңдаушылығын туғызуда. Осы қарқынмен технологиялық үрдістер дами берсе, адамзат баласы жұмыссыз қалады дейді әлем ғалымдары.

ХХ ғасырдың соңы, ХХI басында Еуропадан келіп жатқан техникалар мен өндіріс орындарына қойылған жаңа технологияларды көріп таңдай қаққанымыз да жасырын емес-ті. Адам күші атқаратын жұмыстардың көбі автоматтандарылғанда заманауи технология деп қуанғанбыз. Енді сол қуанышымыз бірте-бірте адам баласын жұмыстан ығыстырып жатқанын көріп әрі болашақта жұмыссыз қалатыныңды ойлап көріңізші. Бұл үлкен трагедия. Бұған дейін бар тірлікті, қызметті адам өз қолымен жасап келді. Яғни, ешқандай техникаға жүгінбеді. 90 жылдардың соңы, 2000 жылдардың басында бір ғана әкімшілік пен жергілікті мекемелерде, редакция алқаларында іс қағаздары қолмен толтырылып, жазу үрдісі машинкалармен атқарылатын. Өндіріске компьютер енгенде алғаш рет технологиялық дәуірге аяқ басқанымызды көріп қуандық. Ал, батыс елдері, оның ішінде алпауыт мемлекеттер Америка, Қытай, Жапония, Корея тағы басқа да мемлекеттер жаңа технологияларды бірінен соң бірі өндіріс орындарына енгізіп, саудалауға көшті. Ал қазір бұл мемлекеттер шығарған технологиялар әлемді аузына қаратып тұр. Тіпті олардың қарыштап дамығаны соншалық, әскери ұшқышсыз ұшырылатын ұшақтарды (дрондарды) пайдалануда. Оның көрінісін Украина мен Ресей арасындағы соғыстардан көріп отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, техникасыз өмір сүру мүмкін болмай қалды. Бір жағы автоматтандырылған құрылғылар адам күші атқаратын жұмыстарды едәуір жеңілдету-де. Оның алғашқы жетістігі үйдегі көгілдір экраныңызды отырған орыннан қозғалмай-ақ, «пулть» арқылы қалаған каналдарға аударып көресің. Одан кейін тұрмыстағы кір жуатын машинкалар мен ыдыс жуатын қондырғылар нәзік жандылардың қолмен атқаратын жұмысын автоматты түрде жүзеге асырды. Тамақ пісіретін де әрі жылытатын да технологиялардың алуан түрі бар.Технология дәуірінің үлкен жетістігі адам бейнесіндегі роботтар. Алғашқы роботтар тек бір-екі сөз сөйлеп, ары-бері қимылдағаны болмаса, артық қызмет атқара алмайтын. Технолгиялық білімді жетік меңгергендер, яғни, инженерлер, өнер тапқыштар, өндіріске қосқан темір адам халыққа қызмет етуге көшті. Заман ағымына қарай, әрі озық үлгідегі жасалған құлтемірлердің атқармайтын жұмысы жоқ. Кеудесінде жаны, аузында тілі жоқ демесеңіз, олар адаммен кәдімгідей тілдесіп, үйіңді жинайды, асыңды әзірлейді, жұмсаған жағыңа барады. Ғылыми тілде әрі технологияның құлағында ойнайтын өнер тапқыштар қазір мамандық иелері бойынша роботтар жасап шығарған. Мәселен, медициналық қызметті атқаратын, медбикенің шаруасын істей беретін hospi роботы, робот-адвокат, робот-оқушы, робот-даяшы, әлеуметтік, өнеркәсіптік тағы басқада түрлі қызметтер атқаратын, ауруханда, мейрамханаларда, қонақ үйлерде, аэропорттарда осы құлтемірлер жұмыс атқарып жүр. Басқа-басқа медициналық салада құлтемірлердің қыз-мет атқарып жүргеніне таңда-нысын білдіріп, өзіндік пікірін жариялаған журналистің мына сөзіне құлақ түріңізші. «Науқастар адам өміріне жауапты, ақ халаттылардың еміне ғана емес жылы сөздері, ықыласына да зәру. Ал «бетін тілсең қан шықпайтын» темір медбикеден жылы сөздерді қалай суырып алмақпыз?» – дейді мақала авторы. Көңілді алаңдатып қана қоймай, бірте-бірте адам тәрбиесіне де осы роботтар араласа бастады. Автокөлік пен қол телефондар және техникалық құралдардың озық үлгісін жасап, өндіріске шығарған, әрі осыдан қыруар қаржы тауып, экономикалық өсімдерін арттырып отырған Жапония мемлекеті ақылды құлтемірлер ойлап тапқан. Олар бастауыш сынып оқушыларына дәріс беруде. Осы құл темірлер, оқушылардың бет-әлпетіне қарап, олардың аттарын есіне сақтай алады екен. Демек, бірте-бірте баланы басынан сыйпап, әріпті үйрететін мұғалімнің орнын алмастырған роботтар адам баласына дәріс беріп, ақыл үйрете бастауы әрі қызық, әрі қорқынышты құрал. Осы жансыз құлтемірлерді жасаудан аты озып тұрған Күншығыс еліндегі ғалымдардың зерттеуі бойынша жасанды интеллектілі роботтар 10-20 жылдан кейін әрбір үшінші жапондықтың қызметтерін атқара алатын болады дейді. Робототехникаларды даму болжамдары бойынша болашақтағы жасанды интеллекті аппараттар 601 жұмыс түрінің 235-ін мүлтіксіз орындай алатындығын көрсетіпті. Бұл үлкен өндіріс орындары үшін қыруар қаржыны үнемдеп қалудың басты талабы. Үлкен зауыттарда 1000-ға дейін адам жұмыс жасайтын болса, солардың орынын алмастырған құлтемірлердің кесі-рінен қаншама адам күнкөріс көзінен айырылатынын пайымдай беріңіз. Қазіргі уақытта мұндай жұмыстармен шамамен 25 миллион адам, яғни, Жапонияның 49 пайы-зы қамтылған. Экономикалық жора-малдаушылар мен көріпкелдер 2044 жылы өзін-өзі көбейтетін роботтар жасалады деген болжам айтуда. Технологиялық ғылымның дәуірлеп, жаңалықтан жаңалыққа жетуі жетістік десек те, тап осы роботтардың адам өміріне етене араласқаны енді сол ғалымдардың өзін сары уайымға салып отыр. Тереңірек бойласаңыз, әрі ойласаңыз, тілазар баланы, шайпау әйелді, жатып ішер, еңкеюге ерінетін еркек пен жағаласып жүргенше «құда да, құдағи да тыныш» деп құлтемірді жұмсап, күн көруге болатын шығар. Адам баласы бір-бірімен сырласып, араласып-құраласып, тіршілігін жасап жүргенде олар атқаратын бар тірлікті құлтемірлер иемденіп кетсе, адамзат қайтіп күн көрмек. Ойласан, төбе шашың тік тұрады. Тіпті жыныс ерекшеліктеріне дейін адамнан айнытпай қуыршақтар жасалуда. Әлгі жалғыз басты адамдар енді осы роботқа тұрмысқа шығып жатса, оған таңдануға болмайды. Себебі мұның алғы шарты шет мемлекеттерде көрініп жатыр. Жұмыссыздықты бәсең-дете алмай отырғанда, жылдан-жылға құлтемірге деген сұраныс артатын болса, өндіріс орындарындағы адам саны да жылдан-жылға азаяды. Оның үстіне бұл роботтарыңыз отбасы тірлігіне араласқан соң, үйдегі үндеместердің саны күрт артатын шығар. Қазірдің өзінде телефонға телміріп, әр бұрышта өзімен-өзі отыратын адамдар бара-бара тілдесуден де қалып, мылқаудың күйін кешетін шығар. Басқаны білмеймін, қазақтар жұмыссыз қалмайды, шаруашылыққа ойысады дейін десек, мал шаруашылығына да құлтемірлер тартылуы мүмкін. Жер қазып, техника дайындайтындар да солар болады. Қытай мемлекетінен шығып жатқан жаңа көліктерде рөлде жіберіп қойсаң өзі бағытталып жүре беретін жүйе бар екен дейді. Тіпті, алдыңғы көлік қанша жылдамдықпен кетіп бара жатқанын көрсетіп отырады деп таңқалдырды үйге келген меймандардың бірі. Ал енді жайылып жүрген малдардың мойнына салып қойған чиптің өзі оның қайда жайылып жүргенін, не болмаса ұрланып бара жатқанын көрсететінін айтып жар салып жүрміз. Қазірдің өзінде мал бағатын малшы таппай жүргенде қолы жеткендер құлтемір сатып алып, мал бақтырса қайтпекпіз. Астанадағы қонақ үйлерде, Алматыдағы мейрамханалардың бірінде осы құлтемірлер халыққа қызмет көрсетеді екен. Енді бірте-бірте халыққа қызмет көрсететін орындардағы қызмет түрлері құлтемірге берілтетін болса, адамдар бір-бірімен кездесуден де қалатын шығар. Үйге келген мейманның бірі осы технология туралы кеңінен толғап, осы жүйені үкімет пен әкімдіктерге тезірек енгізсе, шаруамыз тез шешілетін еді, әрі жемқорлықтан құтылатын едік деген ойымен де бөлісті. Ғалымдар сан-салалы технологияларды ойлап тапқанымен, олардың кеудесіне жан сала алмады, әрі бастарына сана сезім ұялату қолдарынан келмеді. Қолдан да адам жасап көрді, алайда кеудесіне жан бітіре алмайды. Бұл тек қана құдыретті күшті Құдайдың құзырындағы іс екендеріне олардың көзі әбден жеткен. Алайда Құдаймен жағаласып, адам бейнесіндегі роботтарды жасап шығаруда. Оларды түрлі жұмыстарға бағыттап, құлша жұмсай алады. Бар жұмысыңды еш ақысыз тегін атқарып, адам баласын таяу жылдарда жұмыссыз қалдыратын болса, мұндай технологияның барынан жоғы жақсы еді. Мұны ойлап тапқан ғалымдардың өзі адамзат баласы таңданардай жаңалық ашқанмен, мұның түбі бір өкінішке апаратынын жоққа шығармайды.

Айтақын МҰХАМАДИ
 


ПІКІР ЖАЗУ