Бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылады

0
208

 

Әне-міне дегенше жаңа оқу жылы да басталды. Биылғы оқу жылында өңір бойынша 129 800 оқушы білім алады. Оның 12 900-і 1-сыныпқа барды. Аймақтағы білім саласында атқарылып жатқан ілкімді істер мен алға қойған жоспарлары туралы Б. Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды.

Білім саласына қатысты мәліметтерді баян еткен облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлидің сөзінше, биыл 58 мектепті жаңғыртуға 2,9 млрд. теңге, оқулықтарды сатып алуға 1,7 млрд. теңге бөлінген. Жалпы оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету 100 пайызды құрайды. Облыста 69 елді мекеннен 1766 оқушы (мектептері жоқ 27 елді мекен, тиісті мектепсіз 40 және 2 саяжай қауымдастығынан) жеткізіледі. Осыған орай 604,2 млн. теңгеге 12 автобус сатып алынып, оның 7-і оқу жылы қарсаңында берілді. Ал қалғаны жыл соңына дейін ел игілігіне ұсынылмақ.
Баяндамашының айтуынша, облыс бойынша оқушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда еселенген. Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыс бойынша 4 мыңнан астам студент жоғары оқу орны мен колледждерге қабылданған. Ал оның 2400-і жұмысшы мамандықтар болып отыр.
«Мемлекет басшысының сайлауалды тапсырмасын іске асыру мақсатында жаңа оқу жылында 52 600 бастауыш сынып оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылатын болады. Ал асханасы жоқ 49 мектепке тамақ тасымалданып беріледі» – деген облыс әкімінің орынбасары жалпыға бірдей оқыту қорынан жекелеген санаттағы 23486 оқушыны мектеп формасымен және оқу құралдарымен қамтамасыз етуге шамамен 1 млрд.теңге бөлінгенін де айтты. «Жаңа оқу жылында облыс бойынша 5 мектеп ашылды. Бүгінде Талдықорған қаласы, Ынтымақ ауылында 1200 орынды мектеп салынып жатыр және жаңа оқу жылының екінші тоқсанына дейін пайдалануға беріледі» – деді ол.
Өз кезегінде аймақ басшысының орынбасары журналистер қойған сауалдарға жауап берді.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ