Кедейліктен қашан арыламыз?

0
381

Қоғам екі тарапқа бөлінді: бай мен кедей. Балтырын байпақ пысқан, ішкені алдында, ішпегені артында тұрған бай-манаптар қымбатшылыққа пысқырып та қарамайды. Әрине оларды күндеуден аулақпыз. Еңбегімен, іскерлігімен, кәсібімен дәулет жыйғандарға ел де дән-риза. Тіпті жомарттығымен кедей-кепшікке баспана сыйлап, елдің экономикасына қарқынды үлес қосып жүргендері қаншама.

Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұр. Менделеев кестесіндегі жер асты қазба байлықтың бәрі Қазақстанда бар. Алайда, алтын сандықтың үстінде отырған қазақтың бір миллионы тақыр кедейлер. Неге?! Міне, бар гәп, бар сауал жоғарыда айтылған жерасты қазба байлықтарын ат төбеліндей олигархтар бөліп алып, инвестиция тарттық деп 30 жыл халыққа соқыр тиын үлес бермеді. Ел экономикасы да қарыштап кеткені шамалы. Ірі өндіріс орындары ашылмады. Ашылған күннің өзінде жабылғаны тез болды. Тек сырттан шикізат тасымалдап күнін көрген мемлекетте халық кедей болмағанда қайтеді. Бұл ақпаратты Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Парламанттегі жиында көтеріп, осы 1,5 миллион тақыр кедейдің мұңын жоқтаған болып, оларды бюджет есебінен міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандыруды ұсынып, бастама көтерген-ді. Оның айтуынша, бұл үшін шамамен 70-80 миллиард теңге қажет. Дұрыс қой, халықтың денсаулығын күзетіп отырған бас дәрігердің қазақстандық әрбір азаматтың медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелгенін қалайды. Тіпті, бес жыл бұрын (МӘМС) заңды түрде айналымға енгізілген кезде мемлекеттегі барлық адам осы жүйеге тіркелуі тиіс болған. Жұмыс істейтіндер міндетті түрде түрлі салықтармен бірге медициналық сақтау қорына қаржы аударады. Ал, жұмыссыз жүргендер несін аударады. Демек олардың басы ауырып, балтыры сыздайтын болса, тегін ем ала алмайды. Себеп, сақтандыру жүйесінде жоқ. Ажар Ғинияттың айтуынша бес жылдан бері үш миллионнан астам адам бұл жүйеге кірмепті. «Отбасының цифрлық картасының негізінде олардың жеке нөмірі арқылы жүйеде жоқ адамдарды анықтап, сараптама жүргіздік», – деді министр. Елдің тұрмыс деңгейін сарапқа салған министрдің 3,3 миллион адамның 800 мыңы «берекелі отбасы», табысы және т.б. бар. Бірақ «белгілі бір себептермен бұл адамдар жүйеге кірмеген», — дейді. Парламентте қызу талқыға түскен бұл бастамада бас дәрігер адам тасымалдап күнелтіп жүрген таксистерді медициналық сақтандыру жүйесіне тіркеуді сұрауы қоғамда үлкен шу тудырды. Енді бір ақпаратта елімізде бір миллион адам кедейшілікте өмір сүреді дейді. (Ranking.kz) Бұл ақпарат қыркүйек айында жарияланған. Қала мен даладағы елді санатқа алған ақпарат бойынша Қазақстанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен 177,8 мың үй шаруашылығындағы адамдар бар. Биыл екінші тоқсанның қорытындысы бойынша олар барлық үй шаруашылығының 5,1 пайызы. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 9,4 пайызға артық. Мұндай үй шаруашылығында 1 миллион адам өмір сүреді. Көрсеткіш бір жылда 4,7 пайызға артқан дейді. Ал қалаларда тұрмысы төмен 88,6 мың үй шаруашылығы немесе 455,7 мың адам, ауылдардағы көрсеткіш 89,2 мың үй шаруашылығы немесе 560,8 мың адам. Қала мен ауылды салыстырған көрсеткішке назар аударсақ, ауыл тұрмақ қаланың өзінде жетім бұрыштарда жұмыс іздеп топырлап тұрған адамдарды көресің. Бір ғана Талдықорған қаласының өзінде Д. Рақышев пен Д. Қонаев атындағы даңғылдарда жұмысқа жалданушыларды көруге болады. Олардың тәуліктеп жұмыс таппай қайтатындары бар. Табылған күннің өзінде төрт-бес сағатқа болмаса жер қазу жұмыстарына жалданып жатады. Не көп құрылыс саласы, неге сол жұмысқа бармайсыңдар деп сұрағанымызда уақытылы жалақы төлемейді, алдап кетеді дейді. Базарларда арба итеріп табыс табатындарды да кедейлер қатарына жатқызуға болады. Олар ешқандай салық төлей алмайды. Ауырып қалған жағдайда тегін қарала алмайды. Басты себеп медициналық сақтандыру желісіне тіркелмеген. Жылдан жылға қымбатшылық алқымнан алып, күнделікті ішіп-жемнің бағасы және коммуналдық төлемдер өскен сайын тақыр кедейлер үшін өмір сүру қиындай түсуде. Олардың отбасының өзі қуатты, күшті тамақ іше алмайды. Базардағы мал етінің бағасы тұрмақ тауық етінің бағасы қазір аспандап кеткен. Мемлекеттік мекемелерде істейтін қызметкерлердің жалақысы өсуде, олардың мереке сайын алатын сыйақылары тағы бар. Ал, жекеменшік кәсіпорындарда істейтін орта топтағы адамдардың жалақысы ілуде бір көтерілсе құба-құп. Онда да бес-он теңге арасында. Табыстары азық-түлік пен дәрі-дәрмектен артылмайтын орта және тақыр кедей топтары бұл қоғамда өлместің күнін көріп жүр. Қалада да, далада да мәселе маңызды болып тұр. Ауылдағы ағайындар көктем шыға жер тырмалап, қолындағы бес алты тұяққа қарап қалғандар ала жаздай жер тырмалап егін салады. Оны күтіп-баптауын баптайды. Ал, өнімді өткізер кезде оның бағасы күрт төмендейді немесе алушы табылмайды. Ерте көктемнен қоңыр күзге дейін «арқа еті арша, борбай еті борша» болған шаруалар қыс бойы жұмыссыз жататыны тағы бар. Ауылдың өзінде де қорасында қотыр ешкісі жоқ тақыр кедейлер толып жүр. Олардың басым бөлігі әлеуметтік көмекпен не болмаса ата-анасының зейнетақысымен күнелтіп жүр. Кедейлікпен күресу үшін сан бағдарлама жасалды. Бірақ оның жемісті бола қойғаны екіталай. Әлеуметтік желідегі фактілерге көз сүзсек, табысы азық-түліктен артылмайтын үй шаруашылығында 9,4 мың кедей бар екен. Бұл көрсеткіш былтырғыдан 2,6 есе көбейген. Бұл елдегі барлық үй шаруашылығының 0,3 пайызын құрайды. Қалаларда 24,2 мың халқы бар 4,2 мың осындай үй шаруашылығы, ауылдарда 35,2 мың халқы бар 5,2 мың үй шаруашылығы тіркелген. Олардың табысы тамағынан артылмайтыны жазылған. Енді бұлардың құрамына табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын үй шаруашылықтарын қоссаңыз цифр саны арта түседі. Нақты цифрлармен көрсетілген көрсеткіште республиканың Түркістан, Ұлытау, Алматы, Шымкент қалаларын атап, ондағы үй шаруасындағы адамдар саны көрсетілген. Қазір екінің бірі банктерге белшесінен қарыз. Бүгінде 8,4 миллионнан астам адамның банк алдында берешегі бар екен. Бұл халықтың 84 пайызы 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі-шамамен 1,4 триллион теңге. Яғни 1,7 миллион адам қарызын уақытында төлей аламай отыр — дейді Ауыт Мұқибек мырза фейсбуктегі парақшасында. Халықтың берешегі жайлы Парламент Мәжілісінде де үлкен мәселе көтерілген-ді. Осының түп төркінінде халықтың әл-ауқаты жатқанын көруге болады. Мемлекет бұдан бұрын халықтың орта топтағы біразының қарызын кешірген-ді. Алайда, олар қайтадан қарызға батқандары жайлы айтуда. Жұмыссыз жүргендердің әлеуметтік қаржыладандыру бөлімінде жұмыссыздар есебінде тіркеліп, олар түрлі қоғамдық жұмыстарға тартылып, қысқа мерзімде кәсіптерге баулитын курстарға жіберілуде. Кедейлікке қатысты екінші тоқсандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің орташа шамасы жан басына шаққанда айына 47,9 мың теңге болыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 11,1 пайыз артық болса, тұтынуға пайдаланылған кірістер 88,4 мың теңгеге жетіп, бір жылда 15,4 пайыз өскен. Тұтынуға пайдаланылған кірістердің ең төменгі күнкөріс деңгейіне қатынасы бір жыл бұрынғы көрсеткіші 17,78 пайыз болса, қазір 18,4 пайыз. «Ары тартсаң арба, бері тартсаң өгіз өледі» демекші, кедейлер үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі өмір сүру үшін жеткіліксіз. Қазақстанда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтінін сарапшылар айтуда. Бұл соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Алайда жан басына шаққандағы табыс көлемі мен орташа жалақы ұдайы өсіп келеді деген ақпарат билік тарапынан жиі айтылады. Бұл шынайы ма, жоқ көз бояушылық па, көзі ашық, көкірегі ояу жан пайымдай алады. Кейінгі 5 жылда халықтың жалпы табысындағы еңбек кірістері 80 пайыздан 67 пайызға дейін кеміді. Ал оның орнына әлеуметтік трансферттер 17 пайыздан 29 пайызға дейін ұлғайған. «Бұл тұрғындардың елеулі бөлігінің бюджеттің шығысына тәуелді екенін көрсетеді», – деді Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде. Президент жұмысшылар жалақысы инфляция мен нарықтағы бағаға қарағанда анағұрылым баяу өсетінін айтқан болатын. Кедейлердің тапқан-таянғаны отбасылық бюджетінің 59 пайызын азық-түлікке жұмсайтыны айдан анық. Ресми статистикаға сүйенсек, былтыр республика бойынша табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдардың саны 998 мыңға жеткен. Ал сарапшылар кедейлердің 1,5 миллионннан кем емес екенін айтады. Біздің қоғамда әлеуметтік көмек алғың келсе тақыр кедей болуың керек. Тапқан табысың тиісті мөлшерден он теңге асып түссе тиісті әлеуметтік көмекті ала алмайсың. Екі индикатормен өлшенетін ең төменгі күнкөріс және кедейлік шегі бар. Кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс шегінің яғни 36 мың теңгенің 70 пайызын құрайды. Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының берген ақпараты бойынша өңірде 698,5 мың адам жұмыспен қамтылған. Ал жұмыссыздар саны 16,5 мың адам. Екінші тоқсандағы орташа айлық жалақы 247 205 теңгені құраған. Биылғы жылы Жетісу облысы бойынша 31 560 жұмыс орнын, оның ішінде 21 558 тұрақты жұмыс орын құру жоспарланған. Қазан айында 28 694 жұмыс орны құрылғанын, оның ішінде 18 832 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспары 87,4 пайызды көрсеткен. Облыс бойынша «Бастау бизнес» жобасы шеңберінде 1340 адамды оқыту үшін 811,4 миллион теңге мөлшерінде 588 грант және 1 миллиард 245 миллион теңге көлемінде жастарға 249 микрокредит беру көзделіпті. Ағымдағы жылы 8484 адамды уақытша жұмыспен қамту жоспарланған, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына 484 адам тарту көзделген. Еңбекақы субсидиялауға (мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнаулы әлеуметтік жұмыс орындарына) — 10 адам;
– жастар тәрбиесіне — 970 түлек;
– қоғамдық жұмыстарға — 5731 адам;
– алғашқы жұмыс орнына — 500 адам;
–ұрпақтар келісім шартына — 42 адам;
– күміс жасқа — 675 адам.
Әлеуметтік көмек бойынша қазан айына аз қамтылған 14,4 мыңнан астам азаматқа 783,9 миллион теңге мөлшерінде әртүрлі әлеуметтік көмек көрсетіліпті. Оның ішінде 795 отбасына 29,1 миллион теңге мөлшерінде тұрғын үй көмегі төленсе, үйде тәбиеленетін және оқитын 648 мүгедек балаға 30,4 миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмектер төленген.
Әлеуметтік мәні бар аурулармен (туберкулез, ВИЧ) ауыратын 469 азаматқа 48,8 миллион теңге көмек берілген. Жалпы облыс бойынша арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 1577 орынға арналған 13 мекеме жұмыс жасауда.
Жұмыссыздықпен күрес бағытында кезең-кезеңімен іске асырылып келетін мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде облыстағы еңбек нарығындағы ахуал тұрақтанып келеді. Экономикалық белсенді халық саны жыл сайын өсіп, 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,2 есеге көбейді. Жұмыссыздық деңгейі біртіндеп төмендеуде, аталған кезең аралығында ол 5,1 пайыздан 4,8 пайызға дейін азайды. Бұл көрсеткіштерге қол жеткізуге жаңадан ашылған 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны және «Кәсіпкерлік» бағдарламасы ықпал етті , дейді Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінде. Ақпаратта облыстағы кедейлік деңгейі көрсетілмеген. Мың жерден бүркемелеп, жасырсақ та республикадағы бір миллионан астам кедей-кепшіктің бір үлесі Жетісуда да бар екені ақиқат.
Еуроодақ аумағында кедейлік ең төменгі күнкөріс шегінде емес, орташа табыстың 60 пайыз деңгейінде белгілейді екен. Ал, бізде керісінше есептеледі. Орташа жалақы алып, табыс көзін күнкөріске жетпей әлеуметтік көмекке жүгінсең, тапқан табысың отбасына шағылғанда, тиісті мөлшерден сәл асып кететін болса, айтулы әлеуметтік көмекті ала алмайсың. Шілде айындағы күнкөрістің төменгі деңгейі 33 700 теңге болғанын ескерсек, табысы 23 590 теңгеден төмен халық кедейшілік шегінде өмір сүретінін пайымдай беріңіз. Біздің үкімет бір кездері үйіңдегі тауықтың жұмыртқасына дейін санап, кіріс көзіне есептеген-ді. Шыны келгенде күнін көру үшін күнделікті тапқаны тамағынан артылмай отырған кедейлерлің күні күжінумен өтіп жүр… Жерінің асты-үсті тұнған байлық, сонда біз кедейліктен қашан арыламыз?!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ