ЖҮЛДЕ ЖАУҒАН КҮН: Байқау жеңімпаздары марапатталды

0
355

Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауы 2018 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Бүгінге дейін бес рет өткен байқау көпшілікке жақсы танымал.

БИЫЛҒЫ детектив шығармалардың алтыншы байқауы жазушының 100 жылдығымен тұспа тұс келді. Әрі бұл шара Жетісу облысының орталығы Талдықорғандағы Салтанат сарайында өтті. Бұл игі шараға Жетісу облысының әкімдігі қолдау көрсетті.
«Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС директоры Досымбек Өтеғалиевтың сөзінше, байқауға 70-тен астам шығарма түссе, соның 13-і іріктеліп, әділқазылар алқасының қарауына ұсынылған.
Кемел Тоқаев туған өлкеде өткен салтанатты шараның түске дейінгі кезеңі осыған дейінгі байқауларда бас жүлдені иеленген үздіктердің шеберлік сабағын өткізумен бастау алды. Детектив жанрына қалам тербеп жүрген әр қаламгер толғамды ойларымен бөлісті. Мәселен, жазушы Серік Әбікенұлы «Детектив жанрының бүгіні мен болашағы» жайында ой қаузаса, Полиция полковнигі, Кемел Тоқаев атындағы IY байқаудың жүлдегері Әмірбек Шаймағамбетов «Детектив шығармаларда сараптама қорытындысын, айғақтарды пайдаланудың маңызы» туралы айтса, Түркістанда өткен байқаудың жүлдегері, жазушы Нұрлыбек Саматұлы «Детектив шығармаларда кездесетін логикалық, стильдік қателіктер» туралы сөз етті. Шеберлік сабағын өткізген спикерлер детектив жазғысы келетіндерге кәсіби маман ретінде баға жетпес ақыл-кеңестерін берді.
АЛТЫНШЫ жыл қатарынан өтіп келетін бұл доданың арқасында талай қаламы қарымды жазушы, журналистер, заңгер, құқық қорғаушылар детектив жанрында шығарма жазып, байқаудың тартысты өтуіне үлес қосты. Бұл шығармашылық сайыс сонымен бірге жас қаламгерлердің жаңа қырынан танылуына мүмкіндік туғызды. Мұның бәрі әдебиеттің кенжелеп қалған жанрының түрленуіне, жандануына ықпалын тигізгені анық. Байқау жүлдегерлерінің үздік шығармалары топтастырылған «ШЫТЫРМАН» жинағы корпорацияның 2018 жылдан бергі еңбегінің жемісі, детектив жанрының дамуына қосылған қомақты үлес десек болады.
ШАРА барысында сөз алған «Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС директоры Досымбек Өтеғалиев биылғы байқаудың жүлде қоры да осал емесін тілге тиек етті. Айтуынша, Жетісу облыстық сотының төрағасы Ержан Кененбаев бастаған ұжым төрт үздік шығармаға арнайы жүлде тағайындаған. Байқаудың орта жолда қалмай, үздіксіз жалғасуына сот ұжымдарының да көмегі көп болыпты.

САЛТАНАТ сарайында өткен марапаттау шарасында ақын Әміре Әрін жазушы Кемел Тоқаев туралы толғамды ойларын ортаға салып, осындай керемет шараны ұйымдастырып келетін «Заң» Медиа-корпорациясы» ұжымына алғысын білдірді.

Жетісу жерінде өткен байқаудың қорытындысы бойынша алты адам ынталандыру сыйлығын иеленсе, қалған жетеуі бас жүлде, бірінші, екінші, үшінші орын иегерлері атанды. Атап айтсақ, Кемел Тоқаев атындағы байқаудың бас жүлдесі «Моладағы манеж» шығармасымен жазушы Серік ӘБІКЕНҰЛЫНА бұйырды. Жүлдегерге 1,5 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Ал жүлделі бірінші орынды «Қара мысық» шығармасымен жазушы Қанат ӘБІЛҚАЙЫР (1 млн. теңге) алды. Екінші орынға екі адам (Тұрақ АДИСҰЛЫ, Әдина ЖҮСІП) лайық деп танылып, 750 мың теңгенің сертификаты берілді. Үшінші орын алған үш бірдей жеңімпаз (Ырысбек ДӘБЕЙ, Сайлау ТӨЛЕУОВ, Аршын НҰРБАҚЫТ) 500 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
ДЕТЕКТИВ шығармалар байқауының қорытындысы Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткізілген баспасөз мәслихатымен жалғасып, «Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС директоры Досымбек Қонысбекұлы Жетісу жерінде өткен байқау туралы сөз қозғап, журналистер қойған сауалдарға жауап берді.
«Жыл санап байқаудың сапасы артып, ілгерілеушілік байқалады. Сонымен қатар жүлде қорының да үлес салмағы артып келеді. Бұған дейін байқауға қатысушылар шығармалары он-он бес беттен аспауы тиіс деп шектеп келгенбіз. Осы орайда, байқауға қатысып жүрген қатысушылар мен оқырмандардың ұсыныс-өтініштері бойынша болашақта шығарманың көлемін ұлғайтсақ па деген ойымыз бар. Осы жолғы шеберлік сабағын өткізген спикерлер жақсы ұсыныстарды тілге тиек етті. Соның бірі, қазақ детективінің мықты бір кейіпкерін қалыптастыруға көшуіміз керек деген ұсыныс болды. Айтылған ұсыныстарды жадымызға түйіп, алдағы уақытта осы бастамаларды қолға алсақ па дейміз» – деді Досымбек Өтеғалиев.

С. БАЗАРҚҰЛОВА.


ПІКІР ЖАЗУ