Баланы жәбірлеу белең алып барады

0
344

Бір құдайдан басқаға сенуден қалдық. Адамгершілік, ар-ұят, намыс деген ұғым жолда қалды. Алдау, арбау, бөтеннің мүлкін иемдену, жымқыру, жәбірлеу, зорлық-зомбылық көрсету, барымталау, кісі ақысын жеу, әлділер әлсіздерді басып-жаншу үрдіске айналды. Туған ата-анасынан жеріну, туған баласын күл-қоқысқа, әжетханаға, қара жолға лақтырып кету қазақтық қасиетімізге қара таңба салып тұр. Сонда, үлкеннің алдын кеспеу, құрмет көрсету, «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» қазақтың салт-дәстүрі, тәлімі мен тағылымы қайда қалды? Басқа-басқа, қарға тамырлы қазақ неге жабайыланып кетті. Ұлттық үрдістен неге ажырап қалдық?!

Бұл қоғамда не көп, жәбірленуші көп. Бесіктегі баладан бастап, қарттарға дейін жәбір көріп, жылап жүрген қазақты көресің. Тіпті оқыған, кезінде ауыздығымен алысқан арғымақтай жалынан сыйпатпаған, небір қызметтің тізгінін ұстағандардың балалары кәрі әке-шешелеріне қарамай тастап кеткен. Амалсыз қарттар үйін паналап жүр. Хайуан екеш хайуан да төлін еміреніп жалайды ғой. Ал, адам баласы неге бауыр еті баласы мен өзін жарық дүниеге әкелген ата-анасына жәбір көрсетеді. Адам баласының азғандығы сондай, оң-солын танып үлгермеген, буыны әлі қатпаған сәбилерге зорлық-зомбылық көрсететін болды. Көздері қарайды. Адамдық ардан жұрдай болып, азғындық жолға түскен күш көрсететіндер күн сайын «жаңбырдан соң қаулаған саңырауқұлақтай қаулап» келеді. Тіпті зорлық-зомбылықты мұғалім жасайтын болды. Бүгінгі қоғамның көлеңкелі де қорқынышты тұсы осы. Етіміздің үйренгені сондай, үрейленіп қорқудан қалдық. Сәбиге жәбір көрсетіпті, өгей әкесі зорлапты, балабақшада сәбиді тәрбиеші жәбірлепті десе: «ееее» деп елең етуді қойдық. Сонда, бейбіт заманда адамдар неге азғындап кетті? Жасы да, жасамысы да тасбауыр. Тәуелсіз ел боламыз деп тәубемізден жаңылыппыз. Идеологиялық тәлім-тәрбие тасада қалды. Баласын құдайдай сеніп балабақшаға береді. Ал ондағы тәрбиешілер бүлдіршінге білгенін істейді, жәбір көрсетеді. Ұрады, соғады, көк-ала қойдай етіп періштені шошытады. Ондай құқықты тәрбиешіге кім берді? Абырой болғанда тәрбиешілердің сол оспадар қылығы бейнекамераларға түсіп қалған. Осыдан алты, жеті жыл бұрын Алматыда тілі шықпаған ұлды ұрған балабақша тәрбиешісі камераға түсіп қалған. Сәбидің анасы Ақкенже Ғұмарованың айтуынша, балабақшаға он екі мүшесі сау тапсырылған бөбегі үйіне көгала қойдай болып оралған. Баласының денесіндегі көгерген жерлерді көрген анасы жекеменшік балабақшаны тексергенде жәбір көрген Ақкенженің ұлы ғана емес, өзге сәбилер де таяққа жығылатынын білген. Шошынып қалған сәби денесіне анасының қолы тисе болды шырқырап жылайтын болған. Тілі шықпаған бөбекке қол жұмсаған тәрбиешіде жүрек жоқ шығар. Әйтпесе, тілі шықпаған сәбиді есі дұрыс адам ұрады ма?
– Баланы балабақшаға апарып жүрсек, бұл қорлық көріп жүр екен. Мынау не деген сұмдық? Мынау не деген бәле?! Қалай ұруға болады баланы? Бұл бала не жазды? – дейді Алматы қаласының тұрғыны Ақкенже Ғұмарова көгілдір экранда бозторғайдай шырылдап. Өзін қоярға жер таппаған ана баланы бірден тексерткен. Тілі әлі шықпаған сәбидің таяқ жегенін дәрігерлер де растаған. Ал жекеменшік балабақша тәрбиешілері сәбиге «саусағымыз да тиген жоқ» — деп ант-су ішіп, бала өзі құлап қалған деп ат тондарын ала қашқан. «Бала баспалдақтан құлаған, денесіне көгерген іздер содан пайда болған. Оны тәрбиеші байқамаған, бала қатты жыламаған… Жылағанына мән бермеген тәрбиеші», – деп ақталған балабақша меңгерушісі Гаухар Батырханова қол астындағы тәрбиешінің нендей әрекет жасап жүргенін де білмейтін сыңай танытқан. Алайда сәбиінің таяқ жегеніне сенімді болған анасының күдігі расқа айналған. Бейнебақылау камерасына тексеру жүргізілгенде тәрбиеші басқа бүлдіршіндерге де жәбір көрсетіп жатқаны кадрға түсіп қалған. Сәбилерге дөрекілік көрсетуден Қазақстандағы балабақшалар бірінен-бірі қалысып жатқан жоқ. Елордадағы инклюзивті балабақшада болған жантүршігерлік оқиға туралы бас прокуратура «Балаларды қорлауға, жәбір көрсетуге жол бермеуіміз керек» — деп Twitter-дегі парақшасында жазған болатын. Бұл оқиға туралы қылмыстық іс те қозғалып, бақылауға алынып, заң алдында жауап беретіні айтылған-ды. «Балам-Ай» орталығындағы кәмелетке толмаған баласына қатыгездікпен қарау фактісі бойынша полицияға жүгінген ата-ананың шағымынан кейін Ішкі істер министрлігі Астанадағы ерекше балаларды ұрып-соққан тәрбиешінің үстінен қылмыстық іс қозғаған. Бір балабақшада он екі мүшесі сау балаларға жәбір көрсетілсе, енді бірінде денсаулығында кінәраты бар арнайы бақылауға алынған кәмелетке толмаған балаларға жәбір көрсетілгені жайлы түрлі ақпаратты көзің шалады, жаның түршігеді. Апыр-ай, баланы бағып-қағудың қияметіне шыдамайтыны бар неге сол жұмысқа барады. Обал-сауап дегенді ойына алмайтын тәрбиешілер ол ортада не істеп жүр? Жұмысқа алатын кезде, «интернат» не «балабақша» иесі тәрбиешілерді неге психологиялық тексерістен өткізіп алмайды. Олардың мінез-құлқы, іс-әрекеті, баламен не науқас балалармен жұмыс істеудегі қарым-қабілеті неге сүзгіден өтпейді? – деген сауал сананың шаңын қағады. Әрбірден соң тәрбиешілердің жасаған теріс әрекеті, сол балабақшаның, не қарттар, не балалар үйінің абыройына нұқсан келтіретінін мекеменің меңгерушілері жадынан шығармауы тиіс қой. Мұндай келеңсіз оқиға Павлодар облысында да болған. Облыстық балалар психоневрологиялық арнайы медициналық қызмет көрсету орталығының қызметкерлеріне қатысты 16 қылмыстық іс қозғалып, оның алтауы заңды күшіне енген. Жүйкесінде зақымы бар балаларға жәбір көрсеткен қызметкерлердің төртеуі 3,5 жылға бас бостандықта-рын шектеу жазасына кесіліп, 2 қызметкерге қатысты сот шешімі шыққан. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша орта есеппен жыл сайын балаларға қатысты 2000-ға жуық қылмыс жасалады екен. Оның ішінде азаптау, ұрып-соғу, бопсалау, қасақана қауіп-қатерге душар қылу сынды оқиғалар жиі кездеседі екен. Денсаулығында кінәраты бар балаларға қызмет көрсететін медициналық персоналдар мен балабақша, қарттар үйіндегі тәрбиешілердің сорақы қылықтары туралы айтып, тауыса алмайсың. Интернет бетіне шолу жасасаңыз жаныңыз түршігеді. Мекемелер тұрмақ өз үйіне, өз баласына тасбауырлық танытатындарды қайда қоясың. Баланы тапқан соң оның өзіндік бейнеті бар. Бағып-қағып, қанаттандырып жіберу ата-ананың борышы. Ауырса «қанатымен су сепкен қарлығаштай» шырқырап бәйек боласың. Өмір болған соң түрлі сынақ басыңа түседі. Алла Тағала біреуді баламен сынайды, түрлі кесел жібереді. Адам баласының жасайтын қателігі қаншама. Тұқым қуалайтын дерттер бар, ішкілікке салыну, наркотикалық заттарды қолдану, осының бәрі отбасы болғанда құрсақтағы балаға зияны тиеді. Өмірге мүгедек бала келеді. Сап-сау жүріп, аяқ асты түрлі жағдайларға ұшырайды. «Қолыңмен істегенді мойныңмен көтер» деп тағдыр да арқаңа жүк артып береді. Өзім бағам-қағам деп мойныңа алған соң бейнетіне төзуің керек қой.
Жетісу облысында баланы оңалту орталығында сәби ұру оқиғасы болған. Құзырлы орган тергеп-тексеру барысында орталықтын директоры жұмыстан босатылған. Балаларды азаптау мен қатыгездікке қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Арнайы заң қабылданды. Бұл заң бұрында болған, қазір толықтырылды. Азаптаулар мен қатыгездіктің аражігін ажырату үшін Қылмыстық кодекстің 146-бабы «Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын әрекет, азаптаулар» деп өзгертіледі. Яғни, заңнамаға алғаш рет «қатыгездік» ұғымы енгізіліп отыр. Осы бапқа сәйкес енді қылмыстық жауапкершілік, тергеуші сияқты лауазымды адамдарға ғана емес, сонымен қатар емдеу, медициналық — әлеуметтік мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлеріне де қолданылады. Мәселен, балалар үйіндегі немесе интернаттағы балаларға, қарттар үйіндегі қарияларға қатыгездік көрсетіп, қинаған қызметкерлер заң бойынша жауапқа тартылады. Конституцияның 17-бабына сәйкес ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды. Алайда бұл ұғым қолданыстағы заңнамада бекітілмеген. Сонымен бірге мұндай әрекет адамдардың, соның ішінде сот әрекетке қабілетсіз деп таныған (психологиялық ауруы бар, психикасы бұзылған, ақыл-есі кем) дәрменсіз азаматтардың конституциялық құқығын бұзу деп саналады және оны жасағаны үшін тиісті қылмыстық жауапкершілік белгіленуі шарт. Осыған байланысты қылмыстың жаңа құрамы «қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер» енгізіліп отыр. Бұл бап бойынша 2 мың АЕК-ке дейін (6 млн теңгеден астам) айыппұл, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Мақалада біз балабақшадағы сәбилер мен физикалық және ақыл-ойдың толық жетілмеуіне байланысты туғанға дейін де, туғаннан кейін де арнайы қорғау мен қамқорлыққа мұқтаж балалар жайлы айттық. Ең сорақысы әр балаға ең қауіпсіз орын – оның үйі, отбасы ғой. Себебі, бала өз үйінде өзін еркін сезінеді. Оған қамқор болатын ата-анасы бар. Алайда, денсаулығында кінәраты бар балалар өз үйінде қамқорлыққа зәру екенін, жәбір көретін жағдайлар бар екенін сарапшылар айтуда. Ауру бала тұрмақ, сау балалардың өзі үйінде азып-тозып жүргенін, жәбір көретінін, өгей әке, өгей шешеден қорлық пен азаптаулар көріп жатқанын көгілдір экран екі күннің бірінде көрсетеді. Жүрегің сыздайды. Ішкілікке салынған ата-аналар балаларын торғайдай тоздырып жібергенін көресің. Тіпті жақын деген ағайыны ақыл-есінде кемістігі бар екі қызды мал соңына құлдыққа салып қойғаны жайлы «Көреміз» бағдарламасы көрсетті. Әлгілердің тым құрыса бұттарына лыпасы жоқ екен. Оны осы қыздармен бірге оқыған сыныптастары көріп дабыл қаққан. Нағашы ағасы мен әйелі көгілдір экранда мүләйімсіп отыр. Жетімдер үйіндегі балалар, ата-ананың қамқорлығына зәру, балабақшаға сеніп тапсырған балалар тәрбиешілерден қорлық көреді, интернаттағы қарияларды өз балалары қараудан бас тартады, арнайы қадағалауды қажет ететін, жүйкесінде ақауы бар балалардың жәбір көруі қоғамда аз емес. Тәрбиешілерден бөлек, ата-ана отбасында балаларды қалай тәрбиелейді. ЮНИСЕФ сауалнамаларына зер салсақ, Қазақстандағы ересектердің 46%-ы физикалық жазаны тәрбиелеудің қолайлы әдісі және тәртіп үшін қажет деп санайды екен. Зерттеулерге зер салсаңыз, ересектердің көбі тәртіпке салуды күш қолдану деп түсінеді және ата-аналар мен балалардың көбі зорлық–зомбылық дегенді күш көрсету деп пайымдайды. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар ғана емес, сырттай қарағанда өнегелі көрінетін отбасыларда да балаларын ұрып тәрбиелейтін ата-аналар бар. Әдетте, мұндай ата-аналар ұрып-соғудың жағымсыз салдары болатынын біле бермейді. Мамандардың айтуынша, балаға күш қолданудың келесі себептері бар: Баланың тәртібін өзгертуге тырысу; Басып тастау арқылы психологиялық ықпалға ие болу; Біреуге қысым көрсетуді ұнататын адам қатыгездік арқылы қара басының қамын күйттейді.
ЮНИСЕФ пен Қазақстан арасындағы біріккен зерттеулердің нәтижелеріне қарамастан, елімізде 14 жасқа дейінгі балалардың әрбір екіншісі отбасында не болмаса балабақшада зәбір көреді, мектеп оқушыларының үштен екісі қатарластарынан немесе мектеп мұғалімдерінен кемсітуге яки зорлық-зомбылыққа ұшырайтыны анықталған. Негізінен зорлық-зомбылықтың ең көп көрсеткіші балалар үйі мен арнайы интернат мекемелерінде кездесетіні байқалған. Елімізде балалар мәселелері бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қашанда Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне қайғылы оқиғалар орын алған жағдайда, мән-жайын мұқият тексеру керектігін айтып, тапсырма беруде. Мемлекет басшысы балаларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу саясатын қайта қарауға, жағдайды түзеу үшін алдын алу шараларын кешенді жүргізуге және тиімділігін арттыруға ерекше назар аудару туралы ұдайы айтып келеді. Құзырлы органдарға тапсырмалар беруде.
Балаларға қатысты 2020-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Ішкі істер министрлігі балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған «Бала қорғау» кешенді жоспардың жобасын әзірледі. Еліміздегі білім және денсаулық саласына қатысты жаңа бағдарламалар да зорлық құрбаны болған балаларға қолдау және оңалту мәселелерін көтереді. Бүгінгі таңда Қазақстанда 45-тен астам ұлттық заңнамалық құжат бар. Олар қоғамдағы баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге кепілдік береді.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ