Ұлттық валютамызға 30 жыл

0
302

Егемен елдің еңсесін биік ететін төл нышандарымыз секілді ұлттық валютамыздың да болуы заңды. Биыл ұлттық валютамызға 30 жыл.

Осы арнаулы күнге орай Бейсен  Құранбек атындағы Журналистер үйінде Ұлттық банк Жетісу облыстық филиалының директоры Зере Үстенова, филиалдың қолма-қол ақшамен жұмыс бөлімінің басшысы Ғалия Сәдуақасова және тарихи кезеңде Талдықорған облыстық Ұлттық банк басқармасын басқарған Білімтай Түменбаевтың қатысумен БАҚ өкілдері үшін баспасөз мәслихаты өтті.
Шараға қатысушылар төл теңгеміздің тарихынан сыр шертті. Сала мамандары сөзінше, теңге тарихы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 1993 жылдың 12 қарашасында қол қойған «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» заңынан бастау алады. Араға үш күн салып, 15 қарашада ел аумағындағы жаңа сауда-саттық жасау құралы ретінде төл теңге қолданысқа енді. Ал, 1997 жылы 13 қарашада Н.Назарбаев алғаш теңгенің айналымға түскен күнін «Ұлттық валюта күні» деп жариялады. 1992 жылы теңге дизайнын әзiрлейтiн мамандар тобы құрылыпты. Бұл топ құрамында Тимур Сүлейменов, Меңдiбай Әлi, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов пен Хайролла Ғабжәлел болған. Тиынның дизайнын жасау Айрат Исмамбетов пен Виктор Ивженкоға тапсырылыпты. Жаңа валютаның нобайын жасау Алматыда ерекше құпия жағдайда жүргізілгенін айтқан сала ардагері Б.Түменбаев төл ақшамыздың атауы сонау түркі әлемінің валютасы болған денге, таңғадан алынғанын да тілге тиек етті.
«Тәуелсіздік алған кезде елімізде ақша бастыратын фабрика жоқтың қасы болатын. Ал, құнды қағаз бастыратын қаржы тапшы болды. Тегеурінді әрі жедел жұмыстардың нәтижесінде Ұлыбританияның «Harrison & Sons» деп аталатын баспаханасы қағаз ақшамыздың бірінші партиясын басып шығарды. Бұл жұмыс оларға бүкіл әлемге танымалдылық және ең жақсы экспорттық тауар үшін патшайым II Елизаветаның алтын белгісін алып келді. Шетелде әзірленген ақшаларымыз елге жалға алынған «Ил-76» ұшағымен тасып әкелінді. Осылайша, 1993 жылғы 13 қарашада барлық БАҚ ағартушы әл-Фараби, дәулескер күйшілеріміз Сүйінбай мен Құрманғазы, ғалым Шоқан Уәлиханов, ақын Абай, Әбілқайыр хан бейнеленген жаңа валютамыздың суреттерін берді» – деп ағынан жарылған ардагер Түменбай Жуанышұлы ұлттық валютамызды бағалау керектігін де баса айтты.
«Студент кезімізде оқытушыларымыз: «жерде жатқан тиынды міндетті түрде көтеріп алуларың керек» деп үнемі құлақтандырып отыратын. Неге де-сеңіз, әрбір металда сол мемлекеттің ұлттық гербі бар. Осы сөзді бүгінгілерге айту – менің адамдық парызым деп білемін» – деді сала ардагері.
Баспасөз мәслихатында сөз алған өзге де сала мамандары төл теңгеміздің тек ақша номиналы емес, ұлттық құндылық екенін, қауіпсіздік пен қайталанбас дизайны бойынша әлемдік деңгейде мойындалғанын айтты.
Шара барысында журналистер сала мамандарына көкейдегі сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ