Жаһанды алаңдатқан су мәселесі

0
389

Әлем назарын алаңдатып отырған толғақты мәселенің бірі де бірегейі – су мәселесі. Ауыз судан бастап, егін алқаптарын суғаратын судың мәселесі бүгінде әлем елдерін алаңдатуда.

Ғаламдық жылудың әсері, экологиялық ахуалдың құбылуы, ауаның ластануы, табиғаттың бүлінуі, адамзат қолымен жасалған кесапаттар енді тіршілік иелерінің жазылмас жарасына айналды. БҰҰ-ның 1985 жылғы мәліметтері бойынша, сол кездің өзінде антропогенді шөлейттенудің көлемі 9 млн км²-ге жеткен және жыл сайын 7 млн. гектар жер пайдаланудан шығып қалуда. Шөлейттену процесі жалпы жер көлемінің Азияда – 19 пайыз, Африкада – 23 пайыз, Австралияда – 45 пайыз, Оңтүстік Америкада – 10 пайызын құрайды. Сахара шөлі оңтүстікке қарай жылына орташа 6 км жылдамдықпен жылжуда. Қазақстан Республикасының меншікті сумен қамтамасыз етілуі жылына бір адамға 37 мың м3/км2 немесе 6 мың м3. Қазақстанның үлкен аумағы мұхитқа шыға алмайтын ішкі көлдердің ағынсыз бассейндеріне жатады. Таулы аймақтарды қоспағанда, жауын-шашын шамалы. Өзендердің жалпы су ресурстары 101 км3 құрайды, оның 57 км3 Қазақстан аумағында қалыптасады. Қалған көлемі көршілес мемлекеттерден келеді: Ресей – 8 км3, Қытай – 19 км3, Өзбекстан – 15 км3, Қырғызстан – 3 км3. Аграрлық саланың бірі де бірегейі Жетісуда су мәселесі өзекті болып тұр. Осы түйткілдерге қатысты су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов келді. Өңірдегі ирригациялық жүйелерді жаңғырту жобасымен танысып, су тартатын гидротораптарды аралап көрген су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов облыс әкімі Бейбіт Исабаевпен кездесіп, бірқатар келелі мәселені талқылады.
Әлем елдерінің алаңдаушылығын туғызған су мәселесін шешу жылдан-жылға күрделеніп барады. Шөлейттенудің басты себебін талқылауға алып жатқан әлем ғалымдары табиғи ресурстарды шаруашылықта тиімді пайдалану көздеріне баса назар аударуда. Оның үстіне жер бетіндегі халық санының өсуі, антропогенді қысымның артуы, кейбір елдердің әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмендігі су жүйесіне себеп болып жатқанын ғалымдар айтуда. Қазақстан да су ресурсы тапшы елдер санатына жататындықтан географиялық тұрғыдан алғанда бізде табиғи су қоры өте аз және негізгі су ресурсының көзі шекаралас мемлекеттер аумағында орналасқан. Көктемгі егіс науқаны бастала салысымен шаруалар үшін «бас ауыртып, балтыр сыздататын» өзекті мәселе суға келіп тіреледі. Көрші мемлекеттер, өзбек пен қырғыз ағайындардан келетін су көздері бітеледі. Әрине судың бас жағында отырғандықтан «әркім көрпені өзіне қарай тартаныны» белгілі. Ала жаздай Оңтүстік өңірдің диқандары егістік алқабымыз қуарып барады, су жетіспейді, өзбек пен қырғыз су бермейді деп бозторғайдай шырылдап жүргені. Бұл бір ғана Оңтүстік өңірге ғана тән ауру емес-ті. Қытай мемлекетімен шектесіп жатқан Шығыс Қазақстан, Жетісу облысы, Ресеймен шектесетін Батыс Қазақстанда да осы мәселе. Интернет желісіндегі ақпараттарға көз жүгіртсек, еліміздің су ресурстары – Қазақстанның жер үсті суларының ресурсы сулылығы бойынша орташа көлемі 100,5 км3. Соның ішінде небәрі 56,5 км3-і ғана республика аумағында қалыптасқан. Қалған көлемі Орта Азия мемлекеттерінен, Ресей Федерациясынан және Қытай Халық Республикасынан келетін өзен суларынан құралады екен. Өзен ағынының көлемі бойынша Қазақстан жер шарының сумен неғұрлым аз қамтылған елдерінің қатарына жатады. Қажетті су тұтыну көлемі 54,5 км3-ді құрайды, мұның сулылығы бойынша орташа есеппен жылда шаруашылыққа пайдалану мүмкіндігі 46,0 км3-ден аспайды. Су тапшы жылдары су ресурстарының көлемі 58 км3-ге дейін, ал пайдаланылатын су тиісінше, 26 км3-ге дейін төмендейді. Тұщы жер асты суларының қоры 15,1 км3-ді құрайды, оларды пайдалану деңгейі 11,3% немесе 1,7 км3. Қайтымды сулардың көлемі 4 км3, су көздеріне қайта құйылған су 2 км3-ден аспайды, қалған ағынды құрамы сейіледі немесе жерге сіңіп кетеді. Қайтымды сулар табиғи сулар мен қоршаған ортаны ластаудың негізгі көзі болып табылады. Жылдан-жылға күрделеніп, түйіні тарқатылмай келе жатқан су мәселесі он сегіз мың ғаламды мекендейтін адамзат баласының басты тақырыбына айналды. Жетісуға келген су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңірлерді аралап, осы салаға жауапты сала басшыларымен жүздесті. Ескелді мен Ақсу аудандары аумақтарының қиылысында орналасқан Ақешкі су қоймасына барып, аталған нысанның өзектілігіне көз жеткізді. 1976 жылы салынған Ақсу ауданының аумағындағы Көлтабан ауылы маңындағы 460 гектар егістік алқабына су беретін қойма бүгінде қаңсып тұр. Бұл қойманың кезінде жобалық қуаты бойынша 2,5 млн. текше метр су жинау мүмкіндігі болған. Өзен суы тартылған. Қойманың пайдаланылуы жөнінде Талдықорғандағы «Қазсушар» филиалының басшысы Саят Құдайбергенов ақпарат берді.
«Қайыр басқаннан кейін су қоймасы іс жүзінде 1,8 млн. текше метр ғана су жинай алады. Оның түбін өз күшімізбен тазалап көрдік. Бірақ одан еш нәтиже шықпады. Толықтай тазалай алғанның өзінде көктемгі еріген қар суымен келген лай қайта басып қалады. Ал қойманың өзін көктем кезінде 2-3 күнде суға толтыруға болады» — деді ол. Бұл тығырықтан шығу мәселесін талқылаған жетісулықтар қиындықтан шығу үшін жыл сайын жер снарядтарын пайдалану қажеттігін айтты. Министр соған орай: Жиналғандардың назарын күрделі қаржы жұмсап, қойманы жыл сайын тазартып тұру экономикалық жағынан тиімді ме? Тазалап тұрғанның өзінде қосымша 200-250 гектарға су бере аламыз ба? Ол алқапта қандай дақылдар өсіруге болады деді. Су қоймасының түбін жыл сайын құм басып қалатыны болмаса, бөгет талапқа сай салынған. Кенеттен мол су келгеннің өзінде артық суды апаттық ағызу жолдары да бар. Бұдан кейін министр Қызылағаш су қоймасына ат басын бұрды. Апатты жағдайды басынан кешкен «Қызылағаш» оқиғасы ел жадынан әлі өше қойған жоқ. Жаңадан салынған су бекеті жайлы жоба авторы Рамазан Файзулла жан-жақты баяндап берді. Құрылысы аяқталған қоймада бүгінде қажетті су көлемі жинақталып жатыр. Биылғы жаз бен көктемнің құрғақтау болуына байланысты су баяу құйылуда. Мәселен, былтыр осы уақытта қоймада 8 млн текше метр су болса, қазір 19 млн текше метр су жинақталған. Қажетті деңгейге жеткізу үшін әлі де осыншама су жиналуға тиіс. Нақтырақ айтсақ, нысанды тиісті сынақтан өткізіп, пайдалануға беру үшін су көлемін анықтайтын белгі 42,6 млн текше метрге көтерілуі қажет. Сол себепті қоймадан су аздаған мөлшерде, атап айтқанда, елді мекендер тұрғындарының малын суаруға қажет мөлшерде ғана жіберілуде — деді. Мұндағы бір ерекшелік – су қоймасын басқару мен бақылау жұмыстарының бәрі автоматтандырылған. Барлық жерге бақылау датчиктері қойылып, мәліметтер орталық диспетчерлік пункттен толық көрініп тұрады. Нысанда жеке дабыл беру жүйесі орнатылған. Соған орай қауіпті тасқын бола қалған жағдайда Қызылағаш, Егінсу ауылдарының әкімшілігі мен мектепте дабыл автоматты түрде іске қосылады. Мұндай дабыл жүйесі электр қуаты берілмей қалған күннің өзінде аккумулятормен екі аптаға дейін қуатталып тұратынын баяндаған. Қызылағаш су қоймасына аса көңіл бөлген министр қауіпсіздік датчиктері істен шығып қалған жағдайда, бірақ су көлемінің қауіп төндірмейтіні көзге көрініп тұрған кезде қандай шаралар қолданылатынын, өзгерістерге ұшырағанда қаншалықты орнықтылығын, қауіпсіздік талаптарына қаншалықты сай екенін нақтылап сұрады.
«Нысанға автоматты түрде басқарудың америкалық жабдықтары қойылған. Мол су жиналатын Шардара су қоймасы финляндиялық жүйемен жабдықталған. Сондықтан, осындай нысандарға мүмкіндігінше бірдей жабдықтар орнатылуы тиіс. Бұл болашақта барлық нысанды басқару жүйесін бір орталыққа біріктіру, бір орталықтан көріп отыру үшін қажет» — деді министр Нұржан Нұржігітов. Сондай-ақ, Қызылағаш қоймасының суын бөлу үшін салынған гидроторап жұмысымен танысқан министр нысанда қауіпсіздік мәселесі қатаң ескерілгенін көрді. Тораптың су өткізу мүмкіндігі жоғары. Қатты тасқын кезінде келетін мол суды басқа арнаға бұрып, ағызып жіберу мүмкіндігі бар. Торап «Қазсушар» мекемелерінің өз күшімен салынған. Бұл жерде бас қосқан мамандар аталған нысанның қандай талапқа сай деңгейде жобаланып салынғанын, болашақта суландыру жұмыстарын жүйелі жүргізу үшін аса қажет екенін айрықша атап өтті.
«Біздегі үш филиалда осы жобалау жұмыстарымен айналысатын үш бөлім бар. Алдағы уақытта сол үш бөлімді біріктіреміз деп отырмыз. Сонда да болса үлкен мәселе жобаның сапасына келіп тіреледі. Біздің комитет 4-5 мекемеге лицензия берді, бүгінде солардың жайын нақтылап жатырмыз. Кейбіреуінің штатында гидрогеолог, инженер жоқ, олардың қалай зерттеу жүргізетіні белгісіз. Жоба жақсы болса, құрылыс та сапалы жүреді, «сақалды құрылыс» дегендер болмайды. Құрылысшы «ана жері, мына жері дұрыс емес» деп келген соң жобаға түзету енгізуге мәжбүр боламыз. Ол тағы бір жыл, жарты жылға созылады, тиісінше құрылыс материалы да қымбаттап кетеді. Содан кейін де республика бойынша алғанда мерзімі 12-14 жылға созылған оннан аса құрылыс бар» — деді министр. Осы мәселе Ақсу ауданының Қызылағаш суару алқабын салудың бас жоспарымен танысу кезінде көтерілді. Мердігерлік ұйым «Алматыинжстрой» АҚ өкілі өз сөзінде нақ осы жобалау мәселесін басты проблеманың бірі ретінде атап өтті. Тапсырыс берушілермен де түсініспеушіліктің барын жасырмады. Республикадағы 58 нысанның бәрінде осындай проблеманың бар екеніне тоқталған министр, бұл мақсатта нақты жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтты. Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, мұндай тығырықтан су үнемдеу технологиясын жаппай енгізу, қолдану арқылы ғана шығуға болады. Жаңбырлатқыш қондырғыларын, тамшылатып суару жүйесін енгізбейінше мәселе өзекті күйінде қала бермек. Демек, шаруа қожалықтары жаңбырлатып және тамшылатып суару қондырғыларын қолдануға тиіс. Ондай құрылғыларды алғаны үшін шаруа қожалықтарына 50 пайыз мөлшерінде субсидия беріледі. Шындығында, шаруа қожалықтарының бұған да шамалары келе бермейді. Сондықтан келер жылы бұл сумманы 80 пайызға көтеру ойда барын айтты. Жетісу облысында су үнемдеу технологиясын қолданатын алқаптардың аумағын 30 пайызға арттыру қажеттігіне тоқталған министр қазір егістік алқаптарының 4 пайызында ғана осындай технология қолданылатынын атап өтті. «Бұл бағыттағы жұмысты істемесек, маусым, шілде айларында су жетпей қалады. Істесек, су бәріне жетеді. Сондай технологияны енгізуге ынталы болып отырған компаниялармен бірлесе отырып, бұл жұмысты міндетті түрде атқармасақ болмайды» деген ведомство басшысы мәселенің өзектілігіне баса назар аудартты. Кезекті іс-сапар Алакөл ауданында жалғасты. Өңірдегі суармалы алқаптардың жай-күйін таныстырған аудан әкімі Алмас Абдинов пен «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының басшысы Саят Құдайбергенов Алакөлге құятын Жаманты өзеніне салынатын су қоймасының жобасымен таныстырды. Бұдан соң Тентек өзеніне салынатын қуаты 50 МВт-тық «Төңкеріс» СЭС-тің құрылысын жүргізетін «Жетісу Гидро» ЖШС-на қатысты мәселелер талқыланды.
Талдықорған қаласының маңындағы ирригациялық нысан жұмысымен танысқан министр жалпы ұзындығы 113 шақырымды құрайтын нысанның 76 шақырымы толық жөндеуден өткенін, құрылысына «Монолит» ЖШС жауапты екенін сұрап білді. Суару маусымына орай биыл жұмыс тоқтап, түзету енгізілгендіктен толық аяқтау мүмкін болмағандықтан жоба келер жылға шегерілген.Бұдан кейін Қарабұлақ ауылына іргелес жатқан Қаратал өзенінде орналасқан су тартатын гидроторапқа барған министрге нысанда жақында жөндеу жұмыстары жүргізілгені баян етілді. «Қазсушар» РМК облыстық филиалының бас инженері Аслан Нұрғалиевтің айтуынша, 2019-2023 жылдары Ислам даму банктің қаржыландыруымен 2 млрд. теңгеге суармалы жүйелер салынған. Осындай игілікті істің нәтижесінде 17 499 гектар жерге су жеткізгені айтылды. Су мәселесінің арқауы облыстық әкімдікте жалғасты. Онда қойнауы қазба байлыққа толы Кербұлақ ауданы аумағында тау-кен байыту кешенін салу жөніндегі жобаны іске асыру жұмыстары пысықталды. Жоба жайлы «Қазақмыс Холдинг» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай кезең-кезеңімен іске асырылатын жұмыстарға тоқталды. Жалпы жобаға 1,3 трлн. теңге инвестиция салу жоспарланып отырғанын, осы жұмыс нәтежесінде 2 мыңнан аса жұмыс орны ашылатынын, кешен жылына 50 млн тонна кен өндіруге қауқары жететінін айтты. Мыс концентраты мен катодты мыс шығаратынын айта келіп, тау-кен байыту кешенін 2027 жылы іске қосу көзделгенін тілге тиек етті. Ал гидрологиялық жағынан күрделі жерде орналасқандықтан Көксай кен орнының жобасына экологиялық шешімдерде қарастырылғанын, мәселен, Қоғалы өзенінің саласын сақтап қалу және лайлануын болдырмау үшін инвесторлар бірнеше гидротехникалық құрылыс салуды көздеп отырғанын, соған байланысты жобадағы экологиялық талаптарды сақтау мәселесіне компания тиісті ведомствомен нақты келісімге қол жеткізуге ниетті деді. Көксу ауданы, Мәмбет ауылындағы су қоймасына барған министр тау өзеніне салынған бөгет арқылы 16 мың гектардан аса алқап сумен қамтылатынын сұрады. Қазір мұнда құбыр тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын, жауаптылар екі жылда толықтай аяқтауға ниетті екенінен құлағдар болды.
«Тентек су қоймасы мен Қаратал өзеніндегі бөгет жұмыстарын ретке келтіреміз. Сонымен қатар өзіміз жасап жатқан жобаларды жүзеге асырып, кішкентай тоғандар мен су қоймаларды салуымыз керек. Бұл арқылы көп мәселе шешіледі. Шаруаларға суды бергенде белгілі мөлшерге сәйкес жіберілуі шарт. Халық соған үйренгені дұрыс. Суды негізінен үнемдеп Балқаш көлі мен Қапшағай су қоймасына көбірек жіберу керек. Себебі Балқаш көлі тартылып барады» – деді Министр Нұржан Нұржігітов. Су ресурстары және ирригация министрінің жұмыс сапарында өңірдегі өзекті мәселелер қозғалып, аймақтағы суару жүйелерінің жағдайын жақсартуға бағытталған тиісті шешімдер қабылданды.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ