Футбол алаңы жаңа кейіпке енді

0
393

Балпық би ауылындағы Б.Оңғаров атындағы орталық стадионның жасанды жабын төселіп жаңғыртылған жаңа футбол алаңы қолданысқа берілді.

Бұл нысан Қазақстан футбол федерациясының «ALAÑ» футбол алаңдарын жаңарту бағдарламасының шеңберінде жаңғыртылды. Алаңның салтанатты ашылуына облыс әкімі Бейбіт Исабаев, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов, Қазақстанның футболдан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев қатысты. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиналған көпшілікті қуанышты оқиғамен құттықтаған облыс әкімі жастардың спортпен шұғылданып, бос уақытын тиімді өткізуіне мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалып отырғанын атап өтті. Мәселен, биыл 14 спорт нысанының құрылысы үшін облыс бюджетінен 8,1 млрд. теңге бөлініп, соның 6-уы пайдалануға берілген. Атап айтқанда, бұлар – спорт кешендері, күрес залы, орталық стадион сияқты маңызды нысандар.
«Меценаттар, ірі компаниялар мен іргелі ұйымдар да осы іске атсалысып келеді. Батыржан Оңғаров атындағы орталық стадионының футбол алаңына «Қазақстан футбол Федерациясы» ассоциациясының демеушілігімен реновация жұмыстары жүргізілді. Федерация басшылығына жетісулықтардың атынан ризашылығымды білдіремін. Осы алаңнан талантты балалар спортта жарқырап шығады деп сенемін», – деді Б. Исабаев.
Мұнан соң сөз алған Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов болашақ футбол жұлдыздары осындай ауылдық жерлерден шығатынын, сондықтан жергілікті жерлерде жас балаларды футболға баулудың маңызы зор екенін айтты.
Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұловтың айтуынша, Президенттің бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасына сәйкес ҚФФ 2023 жылдың жазында Қазақстанда «ALAÑ» футбол алаңдарын жаңарту бағдарламасын іске қосқан болатын. Бағдарлама 3 жылға созылады және УЕФА қолдауымен жүзеге асырылады. Осы бағдарлама аясында Балпық би ауылындағы Б.Оңғаров атындағы стадионның футбол алаңы жаңғыртылды. «Негізгі мақсатымыз — спорттық инфрақұрылымның сапасын арттыру, балалар мен жасөспірімдер футболын және бұқаралық футболды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау. Бұған дейін Ақтөбе қаласындағы №2 БЖСМ стадионында алғашқы жаңартылған алаң пайдалануға берілген болатын. «Алаң» бағдарламасы аясында ел өңірлерінде жалпы саны 20 футбол алаңын осылайша тегін жаңарту жоспарланған», – дейді Федерация төрағасы.
Іс-шара соңында ауылдың спортшы балаларына 100 доп таратылды.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ