Берекесі ұйысқан, ынтымағы артқан аудан

0
368

«Қаратал күндіз күміс, түнде алтын» деп ақын Темірғали Рүстембеков жырлаған Қаратал өзенінің бойында Қаратал ауданы орналасқан. 18 әулиеге құтты қоныс болған ауданның орталығы Үштөбе қаласы. 40-қа жуық ұлт пен ұлыстар мекендеген өңір – облыс орталығы Талдықорғаннан небәрі 60 шақырымдық жерде орын тепкен.

Қазақ өнерінің шоқ жұлдызы Бикен Римова, детектив жанрының хас шебері Кемел Тоқаев, оның баласы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлын өмірге алып келген өңір аграрлық сала негізінен күрішегіп, мал шаруашылығымен айналысады.
Құмды өңір Алматы облысының Балқаш және Қарағанды облысының Ақтоғай, Жетісу өңірінің Ақсу, Көксу аудандарымен шектесіп жатыр. Ауданда 46 мыңнан астам халық тұрады. 10 округ, 37 ауылдың қам-қарекеті – дала жұмыстары. Төрт түлік мал өргізіп, егін және балық шаруашылығы өріс алған. Ауданда 1221 ауылшаруашылық тауар өндірушілері бар болса, оның 592-і егін шаруашылығымен, 380-і мал шаруашылығымен, 249-ы аралас шаруашылықтар, 18-і жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер. Аудандағы ірі қара малдың саны 46 мың 959 бас, қой мен ешкі 110 мың 503, жылқы 10 мың 147 бас, құс 100 мың 378 бас. Жыл сайын мал басы өсіп, одан алатын өнім көрсеткіші де көңіл тояттатады. Оны он айдың көрсеткіші бойынша салық түсімдерімен, аудан бюджетінің кассалық игерілуінен аңғаруға болады. Мал шаруашылығы бойынша 16 млрд. 50 млн. теңгеге өнім өндіріліп, 102,2 пайызға жетсе, ауыл шаруашылығында өндірілген өнімнің көлемі 31 млрд. 880 млн. теңге, физикалық индекс көлемі 100 пайызға орындалған (2022 ж. – 34663,2 млн. теңге болған).
Төрт түлік малмен күнелтіп отырған аудан тұрғындары үшін малдан тарайтын әртүрлі жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында ауданда ветеринарлық қызметті жақсартуға ерекше көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылы осы мақсаттарға 299 млн. теңге бөлінген. Желтоқсан айында Тастөбе, Елтай ауылдық округтерінде жалпы құны 33 млн. теңге болатын екі модульдік ветеринариялық пунктті пайдалануға беру жоспарланған, олар 2 арнайы автокөлікпен жабдықталған, компьютерлік техниканың 15 бірлігі және «(VET – MOBILE» мобильді қосымшасына арналған 12 планшет, сондай-ақ аса қауіпті ветеринариялық ауруларға қарсы іс-шараларды іске асыруға 227 млн. теңге бөлінген. Осыған қарамастан 35 бас ірі қара мал мен 32 бас ұсақ малдан бруцеллез анықталған. Кесел жұқтырған малдардың көзі жойылып, мал иелеріне мемлекет тарапынан мал құнының 30 пайызы (3,8 млн) төленген.
«Ұйымдастыра білген ұтады» демекші, аудан әкімі Ұлан Досымбековтің айтуынша, биылғы жылдың он айындағы көрсеткіш салық түсімінде 2 млрд. 470 млн. теңге, орындалу пайызы 106,7%, аудан бюджетінің кассалық игерілуі 7 млрд. 334 млн. теңге, орындалуы 96,6 пайызды құраған. Аудандағы өнеркәсіп саласында 4 млрд. 745 млн. теңгеге өнім өндіріліп, нақты индекс көлемі 135,4 пайыз орындалған (2022 ж.-3371 млн.теңге). Жылдан-жылға өнім өндіру қарқынын арттырып отырған аудан еңбеккерлері толағай табыстарға қол жеткізуде. Мәселен, егін шаруашылығы бойынша 15 млрд 630 млн. теңге (жоспар 97,8 %-ға), дәнді-дақылдардан күріш, арпа, тәтті түбір егіп, ел экономикасына сүбелі үлес қосып отыр. Қызылша демекші, осы балтамырды егу, одан мол өнім аламыз деп жоспарлаған шаруалардың еңбегі зая кеткен. Себеп, 104 гектарға егілген тәтті түбір, жер асты суларының көтерілуіне байланысты өнім алынбай, мал азығына жіберілген. Бүгінде дала жұмыстарын толыққанды аяқтап, қыстық жем шөп қорын 154 мың тоннадан астам мал азығын дайындап алған шаруалар төрт түліктің қыстан қысылмай шығатынына бек сенімді. Жаз жайлау, қыс-қыстауға көшіп-қонып жүрген малшы қауымы енді көктемгі мал төлдету науқанына жан-жақты дайындалуда. Малдың жайылымы, егістік алқапты ұлғайту мақсатында өткен жылы 74,8 мың га пайдаланбай жатқан жер анықталып, оның 20,2 мың гектары мемлекет меншігіне өтсе, қалған 1,9 мың гектар жерде шаруашылықтардың (6 тұлға) мал бастарын бірдейлендіру жүйесіне (ИСЖ) тіркелгендігі анықталып, қайта айналымға енгізілгенін айтқан аудан әкімі Ұлан Әлдибекұлы мемлекет меншігіне 29,9 мың гектар жер қайтарылғанын, жалпы алты шаруа қожалығынан 23,5 мың га, (ірі шаруашылықтардан «Шығыс Қаратал» ЖШС –15 мың га, «Бақыт — Қаратал» ЖШС – 1,2 мың га, «Тамас» ЖШС – 10 мың га, «Текелі Agro Sеrvis» ЖШС – 5 мың га, «Темірқазық С.Қ.» ЖШС – 5 мың га, «Г. Житкеев» ШҚ – 3,5 мың га). Бұдан басқа 52,7 мың га жер иелеріне (106 тұлға) анықталған заң бұзушылықтарды жоюға (бір жыл) нұсқама берілгенін, оның орындалуына тексеру жүргізу қараша айынан басталғанын айтты.
«Жер, су, жалпы республика бойынша өзекті мәселе болып тұрғанын, игерілмей жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, ел игілігіне жаратылуы тиіс екенін Мемлекет басшысы да ұдайы айтып келеді. Аудан экономикасын көтеру үшін әуелі халықтың жағдайы жасалуы тиіс. Ол үшін шағын кәсіпті дамыту, оларға қолдау көрсету біздің міндетіміз. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бірінші траншпен Қаратал ауданының 45 тұрғынына бизнестің 4 бағыты бойынша (жиһаз, термопанель, жартылай дайын тағам цехтары, мал шаруашылығы) 220 млн. теңге несие берілді (2,5%, 8,8 млн.теңгеден). Екінші траншқа бүгінгі күні 54 өтінім қабылданды (244 млн. теңге, барлығы 464 млн. теңгеге 77 өтінім). Биылғы жылдың қараша айынан бастап несие беріле бастады. Шағын және орта бизнесте ауданда 3 мың 37 бизнес субъектісі жұмыс істейді (облыстағы үлесі – 5,1%), заңды тұлға – 150, жеке тұлғалар –1 мың 466, шаруа қожалықтары – 1 мың 421. Өткен жылмен салыстырғанда 479 бизнес субъектісіне артты немесе 19 пайызға өсті, нәтижесінде 5 мың 164 адам жұмыспен қамтылды. 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,6 пайызға жоғары (2022 жылғы 1-ші тоқсанда – 4 мың 391 адам, облыстағы үлесі – 5%). Бюджетке түсетін түсімдер 735 млн. теңгені құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 1,7 есе артық. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 1 қыркүйекке 294 млн. теңгеге 13 жоба қаржыландырылды (ауыл шаруашылығы – 3, тамақ өнімдерін өндіру – 4, тоқыма бұйымдарын өндіру – 6). Аудандық бюджеттік бағдарлама әкімшілері тарапынан іске асырылып жатқан жобалар» – деген аудан әкімі Ұлан Әлдибекұлы бөлшек тауар айналымының көлеміне де тоқталды.
Сонымен бірге, аудандағы құрылыс және инвестиция саласы жайлы да тілге тиек етті. Айтуынша, құрылыс жұмыстарының көлемі 8 млрд. 634 млн. теңге, нақты индекс көлемі 169,1 пайыз (2022 ж. – 4348,6 млн.теңге) және тұрғын үй құрылыс көлемі 8 мың 800 шаршы метр іске қосылды (2022 ж. – 15,7 мың ш.м.). Инвестиция бағыты бойынша, ағымдағы жылдың бірінші қараша айына негізгі қорға тартылған инвестиция көлемі 15 млрд. 300 млн. теңгені құрады. 2022 жылмен салыстырғанда нақты индекс көлемі 188 пайыз (6,4% үлесімен облыста 6 орында тұрмыз). Оның ішінде бюджеттік инвестиция 9 млрд. 940,7 млн. теңге, бюджеттен тыс инвестиция көлемі 5 млрд. 359 млн. теңге, 2022 жылмен салыстырғанда 122 пайызға артқан (4408,5 млн. тенге). Он айдың көрсеткіші бойынша, инвестиция тартуда облыс алтыншы орынға шыққан. Қаратал ауданының барлық саласында ілгерілеушілік бар.
«Мәдениет саласында жаңа екі жаңа нысан құрылысы бой көтеріп, Үштөбе қаласында өлкетану мұражайының құрылысы және Калпе ауылында 200 орындық мәдениет үйінің құрылысы жанданды. Келер жылы Балпық ауылдық округі әкімі аппараты ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, Үштөбе қаласында 40 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы салынуда, мемлекеттік қорытындысы бойынша нысан келер жылға өтпелі (2,4 мың шаршы метр). Биылғы жылы Үштөбе қаласында 15 жеке тұрғын үй (1,3 мың шаршы метр) салуға демеуші «Әлия Сервис» ЖШС-мен келісім-шарт жасалып, жеке тұрғын үйлердің құрылысын салу үшін инфрақұрылымы тартылса, Көкдала ықшам ауданында 15 жер учаскесі берілген. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, мердігер тұрмысы төмен көп балалы отбасыларына басапана берілді. 2024 жылы Үштөбе қаласында (Ақын Сара көшесінде) 60 пәтерлік (7 мың 500 шаршы метр) және 20 жеке тұрғын үйлердің құрылысы басталатын болады (1 мың 500 шаршы метр), аталған нысандардың ЖСҚ-сы сараптамадан оң қорытынды алған, облыстық басқармаға бюджеттік өтінім берілді. Сондай-ақ, тіршілік көзі ауыз су мәселесінде 2022 жылдан өтпелі нысан Тастөбе, Бесағаш, Бірлік ауылдарын ауыз сумен жабдықтау құрылысының жұмысы жүргізілуде. (Балпық ауылдық округі бойынша халық саны 2 мың 044 адам: Ұмтыл ауылында 3 көше, 34 аула саны — 183 адам тұрады) Көпбірлік ауылын ауыз сумен қамту мақсатында қазіргі уақытта іздестіру-барлау жұмыстары жүргізілуде (мердігер ұйым «Жер су» ЖШС, 15.08.2023 жылғы №158/23 шарт, аяқтау мерзімі 2024 желтоқсан айы)» – деді аудан әкімі.
Оның сөзінше, Үштөбе қаласы мен Ескелді би ауылының тұрғындары тарапынан ауыз су мәселесі жиі көтеріледі. Сондықтан Үштөбе қаласындағы 123 көшенің 31-інде (28 км, 580 аула, халық саны — 21544), Ескелді би ауылындағы 17 көшенің 9-ында (12 км, 98 аула, халық саны — 506) ауыз су жүйесі жоқ. 2024 жылы Үштөбе қаласында сумен жабдықтау желілерінің реконструкциялау, Кішітөбе ауылындағы сумен жабдықтау жүйесіне ағымды жөндеу, «Қаратал таза су» МКК-на күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Облыс іргесіне тиіп тұрған ауданда газдандыру жұмыстары 35 елді мекеннің 19-ы көгілдір отынмен қамтылуға жатады. Жоспарланған 19 елді мекенді газдандыру нәтижесінде 2025 жылы ауданның 39 мың тұрғыны немесе 96,8 пайызы табиғи газға қол жеткізе алады деп жоспарлануда. Ағымдағы жылдың соңына дейін ауданның 11 ауылын жалпы сомасы 3,2 млрд. теңгеге газдандыруды кезең-кезеңімен аяқтау жоспарланған (Жаңаталап, Оян, Ескелді би, Қызылжар, Көкдала, Достық, Кальпе, Қанабек — жұмыстар 2021 жылы басталған, Тастөбе, Ортатөбе, Бастөбе – жұмыстар 2022 жылы басталды). Сонымен қатар өткен жылдан бастап Үштөбе қаласы бойынша газ тарату желілерінің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күні Кәлпе және Оян ауылдарына газ беріліп, көгілдір отынмен қамтамасыз етілген, жыл соңына дейін Үштөбе қаласының батыс бөлігімен Қанабек ауылында газға қосу жұмыстары жүзеге асырылмақ. Сарыбұлақ ауылын газдандырудың құрылыс-монтаж жұмыстарына келісім-шарт жасалып, құрылыс жұмыстары басталған («Алматы Production Construction&Invest» ЖШС, «ST-LTD» ЖШС). Бұл – 2024 жылдың желтоқсан айында аяқталады. Қалған 5 елді мекенді газдандыру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өтуде, қорытындысын алғаннан кейін энергетика министрлігіне бюджеттік өтінім жолданады (Жылыбұлақ, Жасталап, Қаражиде, Кішітөбе және Үшкөмей), сонымен қатар жоба бойынша 17 көп пәтерлі тұрғын үйді газбен жылыту үшін 4 блокты-модульді қазандық орнату жоспарланған. Бүгінгі таңда, бір қазандық орнатылса, қалған үш қазандықтың құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталып, тұрғын үйлер жылуға қосылатынын айтады аудан басшысы.
Жалпы Үштөбе қаласында газ желілерінің құрылысы келесі жылдың соңына дейін аяқталып, 19,5 мың қала тұрғыны газға қол жеткізбекші. Газға қосылу бағасы 169 мың теңгеден аспайды, орташа бағасы 135-140 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, қазандықтың құнын қайтарымсыз, 10 айға бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған.
Өз кезегінде аудан басшысы 2024 жылы Үштөбе қаласының жылу желілерінің қайта жаңарту жұмыстары жүргізілетінін де айтты. Аудан орталығы Үштөбе қаласындағы «Абылай хан» көшесіне көгалдандыру, Үштөбе стелласына жөндеу, Үштөбе қаласына кіре берісіндегі айналма жолға (кольцо) ағымдағы жөндеу, «Ақын сара» және «Жәлменде би» көшелері бойында скверлер құрылысын салу, Бастөбе ауылы «Корчягин» көшесіндегі скверді көгалдандыру, Елтай ауылдық округіндегі Қаратал ауданы және Елтай ауылы стеллаларын жөндеу, Жолбарыс батыр ауылдық округі Кәлпе ауылында сквер, аллея құрылыстары, Бастөбе ауылындағы «Корчягин» көшесіндегі алаңды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, қолданысқа берілді. «Ауданымыздың орталығы Үштөбе қаласындағы әрі кетіп тозығы жеткен 26 көп қабатты тұрғын үйлердің қас беттері мен шатырына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы Үштөбе қаласындағы 16 тұрғын үйлердің аулаларын аббаттандыру жұмыстары және Жаңаталап ауылындағы орталық саябаққа ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, жарықтандыру мен көшелерді асфальттау бойынша ағымдағы жылы жалпы 13 көшеге жарық шамдары орнатылды. Елтай ауылына кіре беріс (ұзындығы 5,5 км) облыстық маңызы бар жолды жөндеуге берілді. Толық асфальт төселді. «Үштөбе-Алмалы-Көпбірлік бағытындағы 176 шақырым автожолының 134 шақырымы жөндеуді қажет етеді. Оның 59 шақырымын (2022 ж. — 29 км, 2023 ж. — 30 км) биылғы жылы аяқтаймыз. Келесі 40 шақырымына жоба кеш әзірленіп, бөлінген қаржының негізгі бөлігі келесі жылға ауыстырылды. Жөндеу жұмыстары 2024 жылдың соңында аяқталады (мердігер «Казстройцентр» ЖШС). Қалған 35 шақырымын жөндеу 2025 жылға жоспарланған. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 4 елді мекенде (Үштөбе қаласы және Қаражиде, Көкпекті, Ойсаз ауылдарында) жалпы ұзындығы 7,7 шақырым ауыл ішілік 11 көшенің орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. «Ауыл Ел Бесігі» бағдарламасы аясында аудан ішілік маңызы бар 10 автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қаратал ауданы бойынша 28 автобус аялдамаларын орнату бойынша, ашық конкурс нәтижесінде «RusStroy» ЖШС-гі жеңімпаз атанып, ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап, аялдама орнату жұмыстары жүргізілді. Қазіргі күнге жұмыстың 90 пайызы аяқталды» – деген аудан әкімі әлеуметтік салада Ұлттық жоба шеңберінде 328 адам (жоспар – 342 адам) жұмысқа орналастырылғанын да тілге тиек етті.
Білім беру саласында қыркүйек айында Үштөбе қаласында 100 студентке арналған 30 орындық жатақханасы бар колледж пайдалануға берілді. Онда заман талабына сай, облыста сұранысы бар мамандарды даярлайды (педагогикалық мамандықтар – бастауыш сынып және мектепке дейінгі білім беру. Келесі жылы шетел тілі, логопедия мамандықтары ашылады). Биылғы жылы ауданда екі мектеп күрделі жөндеуден өткен. Оның біреуі Кәлпе ауылындағы орта мектебі, екіншісі демеушілер есебінен Үштөбе қаласындағы К.Тоқаев атындағы мектеп. 2024-2025 жылдарға арналған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Үштөбе қаласында оқушы орындарының тапшылығын ескере отырып, көпшілік ата-аналардың сұранысы бойынша С.Морозов атындағы №51 мектеп-гимназиясы жанынан жаңа 600 орындық мектеп салу жоспарланып отырған көрінеді.
«Жас келсе іске, кәрі келсе асқа» деп бабаларымыз айтқандай, ауданды басқарып отырған жас әкімнің алғырлығы мен іскерлігіне ел-жұрт дән риза. Берекесі ұйысқан, ынтымағы артқан аудан жайлы әлі де айтарымыз, жазарымыз да көп. Мұны алдағы күндердің еншісіне қалдырдық.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ