Полицейлеріміз – қорғаушы ма, қорлаушы ма?

0
409

Мемлекеттік органның бір саласы халықтың тыныштығын күзетіп, тәртібін қадағалайтын, қылмыстың алдын алып, жолын кесетін – полиция қызметкерлері. Алайда, қазіргі қоғамда полицияға деген елдің сенімі төмендеп кетті.

Мұны екі жыл бұрын болған қаңтар оқиғасынан көрдік. «Шаш ал десе, бас алған» талай қызыл жағалылар алаңға шыққандарды жәбірлеп, қинап, арқаларына үтік басып істі болған полицейлерді ел ұмыта қойған жоқ. Тіпті айтуға аузың бармайтын әрекеттер полиция тарапынан жасалып жатыр. Қыз зорлау, тәркіленген есірткіні қайта айналымға шығарып, қылмыскерлермен ымыраласқан полицейлер елге әшкере болуда. Әлгі «Бір қарын майды, бір құмалақ шірітеді» деген тәмсіл, нақыл сөзді бүгінгі полицияға қаратып айтуға болады. Қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланып, жемқорлықпен сатылып жүргендер де сол полицейлер…
«Бес саусақ бірдей емес» дейміз ғой. Алайда ел тыныштығын күзететін полицияның өзі қылмыс жасаса, қоғамды, халықты кімге сеніп тапсырып жүрміз. «Полицияның ішіндегі ала-құлалық, ашкөзділік қашан жойылады?» деген сауал сананың шаңын қағады. Полицияның бәріне бірдей топырақ шашып отырғамыз жоқ. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, берген антына адалдығын дәлелдеп, қызметтік сатыда жоғарылап, қылмыскерлермен бетпе-бет келіп, жанын пида еткен тәртіп сақшыларын да ел жақсы біледі, оларға құрметпен қарайды. Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген өсиетті сөзін полициядағылар да бой тұмардай сақтап, сақшы деген шендеріне кір келтірмей жүрсе дейміз ғой. Қалың тобырдың ішінде тентек те, ырыққа көнбейтін, талқыға түсіп жатса да тәртіпке бағынбайтын басбұзарлар көп. Солардың соңына шам алып түсетін, заңның аясынан шықпайтын, ақ пен қараны айыратын, жазықсызды жәбірден арашалап, жазықтыны сот алдына әкелетін полиция. Демек, мемлекет те, бұқара халық та полицияға тәуелді. Бірақ «сенген қойым сен болсаң, күйсеген аузыңды…..» демекші, жазықсызға жала жауып, қолындағы өкілеттікті асыра сілтеп жүрген полицейлер жазаланып жатыр. Жазаланып қана қойған жоқ, олар «полиция қорғаның емес, қорлаушың» деген атақ алып, ары, қолы таза өзге әріптестеріне, яғни, полицияның атақ-абыройына қара дақ салып кетті. Жаңа жылды жаңа табыспен бастайық десек те жылда полицейлер арасынан арандатушылар шығып жатады. Былай қарасаң бұл барлық мемлекеттік органдарда болып жататын құбылыс қой, неге сонша полицияға шүйлікті деген сақшылардың реніші боларын біз біліп тұрмыз. Бірақ «ауруын жасырғанды, өлім әшкерелейді». Босағадан шығып бара жатқан қоян жылында біз арнайы полицияның қам-қарекетіне үңіліп, әлеуметтік желіні сүзіп шықтық. Оның үстіне Талдықорған қаласындағы қалалық ішкі істер бөлімі бастығының әрекеті биылғы жылдың ең сорақы әрі шулы оқиғасы болды. Сот үкімін кеспей, экс полиция басшысын қылмыскер деп айтуға құқымыз жоқ. Мақала дайындау барысында біз тек қана Алматы және Жетісу облыстарын ғана қамтымай, сақшылар туралы кең көлемді қамтығанды жөн көрдік. Жалпы 2023 жылы лауазымын асыра пайдаланған полиция қызметкерлері жайлы қалам тербемекпіз. Мәселен, процестік іс-шаралар барысында іске қатысы бар деген айыппен сәуір айында Астана қаласында sрutnіk, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері полицияның жеке қауіпсіздік бөлімшесімен бірлесіп Ақмола облысы полиция департаментінің басқарма басшысы мен аға жедел уәкілін ұстады. Бұл полиция қызметкерлері лауазымдық өкілеттігін асыра және теріс пайдаланды деген күдікке ілініп сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілген болатын. Міне, білдей бір департамент басшысының құрыққа ілінуі сол өңірдегі полицияның бет-беделін көрсетіп берді. Ал, Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында қалалық полиция бөлімінің тергеу бөлімшесі бастығының орынбасары тіркелген қылмыстық істерді тоқтатамын деп әйел адамнан 250 000 теңге пара алып жатқанда қолға түсіп, ісі сотқа жетіп, 7,5 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелген. Астана қаласында қызметін асыра пайдаланған тағы бір полицей бес жылға сотталып кетті. Бұл сарбаз әуе көлігіндегі жолаушыны ұрыпты. Жұдырығына сеніп, зорлық-зомбылық көрсетемін деп сау басына сақина тілеп алған. Жетісу облысы Талдықорған қалалық полиция бөлімінің бастығы да кабинетінде қыз зорлады деген күдікке ілінді. Полицияның атына кір келтіріп жүргендер қатардағы жай полицейлер емес, лауазымдары жоғары, шендері үлкен дөкейлер торға түсіп отыр. Бұл полиция беделінің белден төмен түсіп кеткенін көрсетпей ме? Біз онсызда атағы дардай, тиісті жазаларын алған беделді сақшылардың аты-жөнін жариялауды жөн көрмедік. Онсыз да ақпарат құралдары оларды қоғамға әшкерелеген және сот органдары тиісті жазаларын кескен, әлі де сотта қаралып жатқандары бар. Қылмысты ашып, жолын кесудің орнына аранын ашып, алақан жаюын, қылмыстың үлкені демей, не дейміз? Қостанай облысында ер адам ішімдік ішіп, әйелімен оның құрбысын пышақтап өлтіргені жайлы ақпарат тарады. Өзекті өртер өкініштісі әйел тірі кезінде 49-рет күйеуінің үстінен шағымданып, полицияға арыз жазған. Қызметтеріне салғырт қараған полицейлердің кесірінен екі бірдей адамның өлімі орын алды. Бұл дерек бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде бірқатар лауазымы бар адамдар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны айтылды. Тағы бір ауыр қылмыс Қызылорда облысында болған. Құдай қосқан қосағын полиция қызметкері соққыға жығып, ол үшінші қабаттың терезесінен құлап, мүгедек болып қалғанын Skifnews.kz ақпарат порталы хабарлады. Бұл жайында көгілдір экранда да көрсетілді. Полицей ішкі істер органының құрамынан қуылды. Іс осымен бітті, ал әйел мүгедек болып, төсекке таңылды. Полицейлердің у-шуы Парламент қабырғасына дейін жетіп, Мәжіліс депутаты Қазбек Иса құқық қорғау қызметкерлерінің есірткі сатып жүргені туралы мәжіліс отырысында айтты. Депутаттың сөзін үзбей бергенді жөн көрдік. «Биылдың өзінде еліміздің 8 өңірінде 11 полиция қызметкері, арасында басшылары да бар, есірткіні сатып, өткізіп жатқанда ұсталған. Бұл полиция қызметкерлері тәркіленген есірткіні қайтадан айналымға сатып жатыр деп айыпталуда. Бұл не масқара? Қазақ «ет сасыса, тұз себеді, тұз сасыса, не себеді» дейді. Тәркіленген есірткі күшейтілген режимде қорғалып, ерекше тәртіппен жойылуы тиіс емес пе? Сонда біз қасқырға қой бақтырғандай, есірткімен күресуді кімдерге сеніп тапсырғанбыз?», – деді депутат.

Расында полиция есірткі сатып жүрсе, қылмыспен кім күреседі? Халық кімге арқа сүйейді? Депутат Қазбек Иса айтпақшы, қой терісін жамылған қасқырларға күніміз қараса, жетіскен екенбіз. Оның айтуынша, биыл күзетші иттердің өзі 260 есірткі қылмысын ашып, 6 тоннадай есірткі тәркілеген. Иттер есірткіні табады, полиция оны айналымға қайтадан сатады, есірткі сатушылармен ымыраласқан полицейлер сонда кімнің құқығын қорғап жүр? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамды алаңдатып, жастардың сана-сезімін улап жатқан есірткіге қарсы күресті күшейтіңдер деп құқық қорғау органдарына сеніп, тапсырма жүктейді. Ал, олар есірткі саудасын қыздырады. Заң бойынша тәркіленген есірткіні жою шарт. Осыдан кейін полицейге кім сенеді? Депутат Қазбек Иса орынды әрі күрделі мәселені қозғап, әсіресе есірткіні жоюды бұдан да қатаң күшейтіп, полицияның өзіне бақылау қажет деп бозторғайдай шырылдап отыр. Мемлекет қоғам болып аса қауіпті дертпен күресіп жатқанда полицияның мұндай қылмысы жайлы не дейсіз? Құқық қорғау органы қызметкерлерінің қылмысы жайлы ресми статистика бар ма? Онымен күресуде не істеп жатырсыздар? Бұдан кейін өзі қылмыс жасайтын полицияға ел қалай сенеді? «Есірткі сатқан полицияға есті адам сене ме?», – деген депутат өз сауалын ішкі істер министрі Ержан Саденовке жолдады.
Министр депутаттың бұл ақпаратын растады. «Бүгінде тәркіленген есірткінің 1 грамын ғана экспертизаға аламыз. Қалғанының бәрін жоямыз. Бүгінгі күнде «екінші рет айналымға енгізу» деген сөз жоқ» деген ІІМ басшысы Ержан Саденов есірткі қылмысымен айналысқан қылмыскерлердің барлығын сатқын деп атады.
«Олар сатқын, олар мемлекетті де сатып, қылмысқа кең жол ашқандар әрі ішкі істер саласының мыңдаған адамының жұмысына, беделіне кір келтіргендер. Сол себепті оларды қылмыскерлер деп санаймын. Тікелей бастықтары, командирлері қарамаған. «Өзіңіз білесіз. Ішкі істер министрлігі деген – үлкен армия. Мұны жоюға, күресуге тырысамыз. Мұндай болмауы керек», – деп депутат Қазбек Исаға жауап берген министр Парламент үйінен терлеп шыққаны анық. Кешегі кеңестік кезеңде италияның «Спрут» атты көпсериялы киносын көргенбіз. Сонда бүкіл жүйеге, оның ішінде ішкі істер органдарындағы есірткіге қатысы бар полицейлерге жалғыз қарсы шыққан комиссар «Катани» еріксіз ойға оралды. Есірткі сатқан полицейлерді сатқын деген ішкі істер министрі Ержан Саденовке де комиссар Катанидей айбатты болуды тілейміз. Өйткені әлемді үлкен қасіретке ұшыратып отырған есірткі саудасы өршісе, біздің мемлекетте саналы ұрпақ өспейді. Онсызда жастардың есірткіге тәуелділігі аз көрсеткіш көрсетіп тұрған жоқ. Зиянды, аса қауіпті өнімді сатудың түрлі жолдары барын полицейлер мен қауіпсіздік органдары ұдайы айтып, ақпарат та таратып, күресіп жатқандарын айтуда. Бірақ өз ішіңнен жау шыққаны, қылмыстың жолын бөгемей, оған айқара жол ашқан полицейлер елді қорғаушы емес, қорлаушылар. Жіптің ұшын тартсаң тарқатылып кете барады. Полицейлердің жасаған қылмыстары мұнымен де шектелмейді. Зорлық-зомблыққа қысылмай-қымтырылмай бара-тыны таңдай қақтырып, жаға ұстатады. Алматы облысында екі полицей 14 жастағы қызды зорлады деген күдікке ілінді. 22-23 жастағы тәртіп сақшылары қамауға алынды. Олар кәмелет жасына толмаған қызды зорлады деп күдікке ілініп қана қоймай, бұл әрекеттерін видеоға түсіріп алғанын «Не Молчи» қоғамдық қоры айтқан-ды. Артынша екі полицейге қылмыстық іс-қозғалып, қызметтерінен аластатылған. Ішкі істер саласында небәрі бір жыл қызмет атқарғандар қаршадай қызға қалай жәбір көрсеткен. Анау мынау емес, полиция бастығы және жас полицейлер қыз зорлайды. Полицейлер арасынан педофильдер шығып жатса таң қалмайтын дәрежеге жеттік. Себебі, балық басынан шіріп тұр. Полиция қыз зорлайды, есірткі сатады, жемқорлыққа сатылады, зорлық-зомбылыққа қатысады, қызметтік істеріне салғырт қарайды. Осыдан соң полицияға халықтың көзқарасы қай дәрежеде болуы керек? Талдықорған қаласында пышақталған қыздың ісіне қатысты полицейлер жазаланды. Қызметтік тергеу жүргізіліп, Талдықорған қалалық ІІБ-нің бес қызметкері қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. «Не Молчи» қоры полицейлер қорғауындағы әйелге «заңсыз және қорлау әрекеттерін» жасағаны туралы хабарлап: «Олар оны реанимациядан бір сағаттан кейін наркоздан әлі айыға қоймаған кезде ауруханадан шығарып, жауап алып, мәжбүрлеп, құжатқа қол қойғызған», – деп ақпарат таратқан болатын. Міне, полиция өкілдерінің қоғамдағы орны қандай екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Қысқасы, полиция парасатты болмай, халық алдындағы беделі жоғарыламайды. Шынымен халықтың қорғанына айналамыз десе, әуелі өздері тәртіпті бұзбай, заң аясынан шықпай, берген анттарына адал болуы тиіс. Ал енді «ұлу» жылында полиция беделі қай дәрежеде боларын уақыттың еншісіне қалдырдық. Жалпы, «мешкей» деген жақсы атақ емес, полиция қылмыс жасады дегенше, министр айтқандай, олар «сатқындар» деп айтуға толық құқығымыз бар шығар…

А.МҰХАМАДИ.


ПІКІР ЖАЗУ