Үздіктер марапатталды

0
231

Облыс құрылғаннан бері бір жарым жыл ішінде Жетісу өңірі ішкі әлеуетін тиімді пайдалана отырып, орнықты өсуді қамтамасыз ете алды. 2023 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша облыста орта есеппен 16% экономикалық өсімге қол жеткізілді. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Өткен жылдың соңында облыс әкімі Бейбіт Исабаев облыстық басқармалардың, қалалар мен аудандардың, құқық қорғау органдарының өкілдерімен, облыс әкімі аппаратының қызметкерлерімен, ардагерлермен және мәслихат депутаттарымен қорытынды кеңес өткізіп, осындай мәліметтерді келтірді. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, инвестициялар тарту, құрылыс және ТҮКШ саласындағы негізгі көрсеткіштерге тоқтала отырып, өңір басшысы халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту мәселесіне ерекше назар аударды.
Халықты маусым аралығына жеміс-көкөніспен қамту үшін Талдықорғанда «Жетісу Агро кешені» кәсіпорнының қоймасы қайтадан жаңғыртылып, 6 мың тоннаға жуық өнім әр түрлі мерзімге сақтауға салынса, Жаркент қаласында «Валиев Аюпжан» шаруа қожалығының 7 мың тонналық қоймасы жуырда іске қосылды. Осындай шаралар маусым аралық кезеңде азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермей, бағасын тұрақтандыруға ықпал етеді. Қазіргі уақытта халықты арзандатылған азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында 7 әлеуметтік сауда орны жұмыс істеуде, оның 5-і Талдықорған қаласында. Қаңтар айында Талдықорған қаласында тағы бір ірі әлеуметтік дүкен ашу жоспарлануда.
Облыс әкімі денсаулық сақтау және ветеринария саласын дамыту мақсатында қабылданып жатқан шараларға да тоқталды. Құрылыс кезінде уақыт ұтуға, бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік беретін блоктық-модульдік технологияларды қолдану медициналық және ветеринариялық пункттердің жетіспеушілігі проблемасын шешуге көп көмек болды. Атап өтсек, облыста блоктық-модульдік 21 медпункт, 24 ветпункт іске қосылды.
Облыс әкімі атап өткендей, аяқталмаған құрылыстардың мәселелері шешілді. Атап айтқанда, Алакөл және Балқаш көлдеріне дейінгі жолдардың ұзаққа созылған құрылысы аяқталуға жақын. Лепсі станциясынан Балқашқа дейінгі (0-27 км) жолдың асфальтбетон жабынын төсеу аяқталды, жолға абаттандыру жүргізілуде (2024 ж. іске қосылады). Екінші учаске – «Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай» жолы (0-110 км). Биыл 50 шақырымы асфальтпен жабылды, келесі жылы қалған 60 км аяқталып, жол ашылады. Бұл ретте шомылу маусымына дейін Алакөлге, яғни Талдықорғаннан Үшаралға дейінгі жол учаскесі ашылды. Жұмыстар қазір 90% орындалды. «Енді құрылыс-монтаж жұмыстарының кестесінің сақталуын бақылауды қамтамасыз етіп, мұндайға бұдан былай жол бермеу керек», – деп түйіндеді Б.Исабаев.
Халықты жұмыспен қамту, кедергісіз орта қалыптастыру, мәдениет пен спортты дамытуда қабылданып жатқан шаралар да назардан тыс қалмады. Білім беру саласына келетін болсақ, өткен жылдың жаңалығы жасөспірімдер тәрбиесі үшін менторлық жоба пилоттық режимде Талдықорған мектептерінде енгізілді. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл жоба Панфилов ауданының мектептерінде де қолға алынатын болады.
Сонымен Сарқан, Кербұлақ және Қаратал аудандары 2023 жылдың ең үздік аудандары болып танылды. Оларға дипломдар мен арнайы техника, соның ішінде автогрейдерлер мен трактор берілді.
Жер қатынастары, энергетика және ТҮКШ, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар облыстың үздік басқармалары қатарынан көрініп, оларға да дипломдар мен қажетті техникалар табысталды. Атап айтқанда, интерактивті LED-панелі мен түрлі-түсті принтер, жоғары вольтты дизельді генератор және жаңа инватакси берілді. Сондай-ақ, облыстың дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар қызметкер алғаш рет «Елге қызмет» арнайы алғыс белгісін алды.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ