ҰЛУ ЖЫЛЫНДА ұлы істерге жол ашылсын

0
237

Ассалаумағалейкум, ардақты ағайын, жетісулық жерлестер! Кірпік қаққанша қоян жылы да аяқталып, босағадан «Ұлу» да кірді. Әрине бұл Григорян күнтізбесі бойынша, ал күллі мұсылман қауымы үшін жаңа жыл – Наурыз айынан бастау алады.

Тәуелсіз ел болған Қазақстан «орда бұзар отыздан асып, 33-ке толса да» әлі күнге дейін тәуелділіктен арыла алмай келеді. Себеп сол, «ауру қалса да әдет қалмайды» дегендей, ұлттық үрдісімізге үрке қарап, орыстың «орманынан» шыға алмай жүрміз. Сонымен ескі жыл есіркеді де, жылатты да, толағай табысымыз да, әттеген-ай дегізген қалысымызда болды. Өмір болған соң ақ пен қара арпалысып жатуы заңдылық. Әр жылдан жаңашылдық пен жақсылық күтетін бұқара халық «ұлу» жылынан да үмітті. Қоян жылына айтар өкпеміз жоқ. Сонымен ескі жыл несімен есте қалды?
Өткен жылдың ең елеулі оқиғаларын тізбелесек, қазақ халқының саны 20 миллионға жетуі үлкен жетістік, зор мәртебе. Ұлттың өсіп өнуі, ұрпақ сабақтастығының тамырын тереңге жаюы, мемлекеттің ірге тасының берік болуы да осы ұлт санының көбеюіне байланысты. Наурыз айында кезектен тыс Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Әділетті Қазақстан құру жолында демократиялық бағытты таңдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ескі жүйедегі отыз жылдан астам авторитарлы биліктің қыл бұрауын үзіп, мәжіліс сайлауын өткізуі елеулі оқиға болды. Елеулі оқиғаның тағы бірі 1-ші қыркүйектегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауында аталған «Әділетті Қазақстан» ұғымының өмірге келуі. Отыз жыл басылып, жаншылған бұқара әділет сөзін жоғары биліктің аузынан естіп, оларға талап та қоя білді. Наурыз айында Қазақстанда банкроттық туралы заң қабылданып, бір күнде банкроттыққа 2,5 мың адам өтініш берді. Ал алты айда банкроттыққа 70 мың адам өтініш беріп, оның 6 мыңы мақұлданып, 9 миллиард теңге қарыз кешірілді. Қазақстандықтардың банкке әлі 9 трлн. 200 млрд. теңгеден астам берешегі бары айтылды. Сондай-ақ жыл басынан бері 16,4 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн. 123,5 мың этникалық қазақ оралған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (53,7%) – Өзбекстаннан, 19,3% – Қытайдан, 10,9% – Моңғолиядан, 7,7% – Ресейден, 6,3% – Түрікменстаннан және 2,1% басқа елдерден келген. Отыз жылда төрден орын ала алмай, босағада жетімнің күйін кешкен мемлекеттік тіл – қазақ тіліне қаражат бөлінді. Бұған Президенттің өзі бастамашы болып, қорға ақша аударды.
Елеулі оқиғаның тағы бірі – спорт саласында Елена Рыбакина теннистен WTA-1000 турнирін жеңіп, әлемнің төртінші ракеткасы атанды. Футболдан Қазақстан құрамасы өз алаңында Данияны қабылдап, тарихи камбэк жасады. Жеңісті жолды Қазақстан боксшылары жалғап, Ташкенттегі әлем чемпионатында 4 алтын, 1 күмісті еншіледі. Ризабек Айтмұхан Қазақстан тарихында тұңғыш рет еркін күрестен әлем чемпионы деген атақты жеңіп алды.

Тізбелей берсек, ауыз толтырып айтатын толағай табысымыз, экономикалық қарқынымыз аз емес. Күнгейінен күн нұрын шашқанымен көлеңкесінде өзекті өртер өкінішіміз де аз болған жоқ. Елімізде бірқатар ірі апат пен өрт болып, адам шығынына жол берілді. Оқыс оқиғалардың салдарынан қаза тапқан адамдардың саны да аз болмады. Тергеу барысында орын алған апатты жағдайлардың барлығы жауапсыздықтың салдарынан болғаны анықталды. Қоғамдық резонанстан соң ресми билік шұғыл шешімдер қабылдап, жауапсыз шенділерді қамауға да алды. Түркістан облысында жан түршігерлік жол апатынан 10 адам мерт болып, 9 адам өртеніп кетсе, Абай облысы Аягөз қаласындағы жер үйлердің бірін өрт шалып, төрт бала оттан ажал құшты. Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы «Костенко» шахтасында жойқын жарылыс болып, 46 адам қаза тауып, 28 кенші жарақат алды. Алматы қаласындағы Хостелдегі өрттен 13 адам өмірімен қоштасты. Жүректі сыздатып, жан-дүниеңді күйзеліске түсіретін ауыр да, қаралы оқиғалар аз болған жоқ. Жергілікті жердегі өткен әкімдер сайлауында айқай-шу аз болмады. 7 қарашада Қазақстанда алғаш рет өткен 42 аудан және 3 облыстық деңгейдегі әкімдердің сайлауы өтті. Әділетті Қазақстанда әділетсіз сайлау өтті, ескі жүйенің әкімдері қайта сайланды деген үміткерлер дауысы өктем шықты. Бұл сайлаудың бір ерекшелігі үміткерлер халықпен емен жарқын жүздесіп, бағдарламаларымен кеңінен таныстырды, халық та оларға талаптарын қоя білді. Қоян жылы алаяқтар үшін де қолайлы жыл болды. 2023 жылы елімізде алаяқтар 100 млрд. теңгені қалтасына басқан. Заң бұзушылықтардың жартысына жуығы интернет-алаяқтыққа тиесілі – 19,9 мың жағдай. Төлем карталарын пайдалана отырып алаяқтық жасау – 267 жағдай, несиелеу саласында – 53 жағдай және ақшалай қаражатты қарызға алу арқылы – 41 жағдай тіркелген. Өткенге есеп беріп, жаңа жылға жаңаша үмітпен қарайтын ел іргесі бүтін, шаңырағы шайқалмағанын қалайды.
Мемлекеттің бүтіндігі біртұтас халықтың арман-тілегі. Ескі жылды босағадан шығарып, жаңа «ұлу» жылынан ұлағатты істерді күтеді ел.
«Ұлу» жылдары қандай оқиғалар болды, енді аз-кем соған да тоқталып өткенді жөн көрдік. Жалпы «ұлудың» өзі жайлы қызықты деректерге зер салсақ, «ұлулар» жарық пен қараңғылықты ғана ажыратады. Ал бір-бірімен жанасу арқылы байланысады екен. «Ұлулар» орташа есеппен 15 жыл өмір сүреді. Қолайсыз жағдай кезінде 6 айлық ұйқыға кете алады. Бір минуттың ішінде 7 сантиметр қашықтықты жүріп өтеді; ұрпақ қалдыру үшін серіктес қажет емес; өз салмағынан 10 есе ауыр затты тасымалдай алады; ұлудың етіндегі ақуыз мөлшері тауықтың жұмыртқасынан көп; тістерінің саны кез-келген акуладан көп; өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, шешім қабылдай алады; ең үлкен түрі – австралиялық ұлу, салмағы – 40 кг, ал ұзындығы – 30 см дейін жетеді. Эволюция теориясының негізін қалаушы Чарльз Дарвин ұлулар кез келген жағдайға бейімделе алатын тіршілік формасы екендігін мәлімдеген.
Қазақтың жыл санауы бойынша 2024 жылы «ұлу» жылы кіріп тұр. Ал әр жылдың өзіне тән мінезі, ерекшелігі бар. «Ұлу» – өте жайлы, жұмсақ жыл болып есептеледі. Стихиялық белгісі – ағаш. Бейбіт өмірді сүйетін, жайлы, тыныштықты жаны қалайтын, ақылды да зерек адамдар осы жылы туады деседі. Кемшілігі: тез ренжігіш, қырсықтау келеді. Енді «ұлу» жылы туған тұлғалар жайлы ақпараттарға шолу жасасақ. Шығыстың шайқы шайыры Омар Хайям (1048) бастаса, атақты жазушы, детектив жанрының негізін қалаушы Эдгар По (1810), әйгілі қаламгерлер Льюис Кэрролл (1832), Дж.Р.Толкиен (1892), Иосиф Бродский (1940), Максим Горький (1868), философтар арасынан «фашизмнің рухани атасы» Фридрих Ницше (1844), коммунизмнің «көкесі» Фридрих Энгельс (1820), Освальд Шпенглер (1880), Жан-Жак Руссо (1712), әйгілі Иммануил Кант (1724), саясаткерлер Жанна д’Арк (1412), орыс патшасы Николай II Романов (1868), Америка президенті Авраам Линкольн (1810), Эрнесто Че Гевара (1928), көрші Владимир Путин (1952), Франсуа Миттеран (1916), Эдуард Шеварднадзе (1928), Нұрсұлтан Назарбаев (1940) ұлу жылында дүние есігін ашқандар. Ұлу суда жүретін болғандықтан бұл жылы құрғақшылық болмайды. Жыл тыныштықпен, береке-молшылықпен өтеді деп топшылаған түркі жұрты оның ішінде қазақтар да «ұлу» жылы астық, шөп мол болады деп жорамалдаған. Алайда «ұлу» жылында да қолайсыз жағдайлар болып тұрғанын тарих парақтарынан көруге болады. 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс, 1928 жылы голощекиндік кәмпіскені айтуға болады. Ал, тәуелсіз Қазақстанда 2012 жыл – Тәуелсіздіктің 21-ші жылы – 2012 жыл еліміз үшін табысты, ырысты, берекелі жыл болып басталды. 2012 жылы Қазақстанда көппартиялы Парламент жасақталды. Саясатта экономика, әлеуметтік және мәдени өмірдегі әлем айшықтарында Ресей, АҚШ, Франция, Оңтүстік Корея және Мысырдағы табиғат апаттары орын алса, Қазақстанда Алакөлдегі «Арқанкерген» шекара бекетіндегі 13 сарбаздың өлімі, Челахтың шулы ісі мен Жаңаөзендегі қанды оқиға сот ісі еске түседі. Сонымен қатар Қазақстанда 2012 жылы өте көп көлік апаты тіркеліп, бір жылда 2400 адам қаза болған. Қазақстан Лондон олимпиадасында жеті алтын, бір күміс, бес қола жүлде иеленіп, жалпы командалық есепте 12-орын алды. 2012 жылда әлемнің әр түпкірінде ақырзаман болады деп күткендер де болды. Майя халқының күнтізбесі бойынша 21 желтоқсанда ақырзаман болады деп болжанған болатын. Ал Тибет монахының болжауында 21 күні жер бетін қараңғылық басып, адамдардың басым көпшілігі өледі деп болжанған. Міне, өткен тарих беттеріндегі «ұлу» жылының қысқаша тарихы осындай.
Араға он бір жыл салып, он екінші жылы қайта айналып келіп отырған «ұлу» жылымен барлық Жетісу халқын «Алатау» қоғамдық-саяси газетінің атынан шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі қоғамда әлеуметтік желі, интернет дамып, газет-журналдардың екінші қатарға ығыстырылуы заман ағымы десек те, оқырманы бар басылымдар қатарында «Алатау» газеті де өмір сүріп келеді. Баспасөзге жазылу жыл бойы жалғасуда. Қоғамдағы түрлі құбылыстар мен өзгерістерде қөзқарасын білдіріп, мақала жолдап жатқан газет оқырмандарына мыңда бір алғыс айтамыз. Алғыстың ең үлкенін баспасөз науқанында «Алатауға» тегіс жазылған Алакөл, Панфилов аудандарының әкімдігіне, жалпы қолдау көрсеткен ел-жұртқа шынайы алғыс білдіреміз. «Ұлу» жылында да еліміздегі айрандай ұйыған ұлт пен ұлыстарымыздың ынтымағы артып, береке-бірлігі бұзылмай, бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүруге Алла нәсіп етсін. Экономикамыз өрлеп, бюджетіміздің бүйірі томпайып, жаңа жылдан бастап әрбір қазақстандық сәбилерге берілетін дивидент жылдан-жылға ұлғая берсін. Халықтың денсаулығы жақсарып, жастарымыз жалындап, қарттарымыздың қадірі түспесін. Қазақ саны артып, енді он жылда отыз миллионға жетейік. Өткен жылға өкпе жоқ, келген жыл кемелді болсын. Баршаңызды босағадан аттаған «ұлу» жылымен шын жүректен құттықтаймыз! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

Айтақын БҰЛҒАҚОВ


ПІКІР ЖАЗУ