«Мейірім» шығармашылық орталығының балалары жаңа жыл мерекесін тойлады

0
261

 Жетісу жерінің кіндігі болып табылатын әсем қаламыз Талдықорғанда    балалардың бос уақытын қызықты әрі тиімді пайдаланумен қатар олардың  бойындағы өнерін дамытуда   «Мейірім» балалар шығармашылық орталығы ашылған болатын.

Талдықалада алғашқылардың бірі болып есігін айқара ашқан орталық өнерлі балалардың қанатын қатайтуға өз үлестерін қосып келеді. Орталық директоры Гүлмира Қуанышқызының сөзінше, төрт бағыт бойынша жұмыс істейтін орталықта «Сурет», «Тоқыма», «Мүсіндеу», «Вокал», «Шешендік өнер», «Көркемсөз оқу», «Домбыра» үйірмесі бар.
«Төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі 200-ден аса баланы өнерге баулыған орталықтың ұстаздары да өз ісін сүйетін нағыз мамандар. Ашылғалы бері балаларды өнерге баулып келетін білікті мамандарыма ерекше алғыс айтқым келеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді ғой, сол кісілердің біліктілігінің, күнделікті сабаққа тыңғылықты дайындықтарының арқасында жұмысымыз ілгерілеп келеді», – деген орталық басшысы «Мейірім» шығармашылық орталығы екі жыл ішінде қала маңындағы Өтенай, Еңбек, Мойнақ ауылдарындағы мәдениет үйі ғимараттарынан филиалдарын ашып үлгергенін де тілге тиек етті. Сондай-ақ, орталықта арнайы пән сабақтары бойынша ақылы үйірме де жұмыс істейді.
Әр түрлі мерекелік, шығармашылық іс-шараларды ұйымдастырып, орталықтағы балалар мерейін асырып келетін орталықтың директоры бастаған ұжым биыл да балаларға арнап жаңа жылдық шара өткізді. Қаламыздағы «Кидс-парк» ойын алаңына жиналған 100 шақты балаға «Түрлі түсті кеш» (Цветная вечеринка) ұйымдастырылып, жаңа жылдық тәттілер таратылды. Бұл кешке келе алмаған балалар да ескерусіз қалған жоқ, оларға да жаңа жылдық тәттілер табыс етілді.
Талдықорған қаласындағы Жаңа Ғарышкер ықшам ауданында 5/5-үйде орналасқан «Мейірім» орталығы биыл да жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтап отыр. Ендеше, балалар мерейін өсіріп, түрлі өнерге баулып келетін өнер шаңырағының шамы әрқашан жарық болғай!

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

 


ПІКІР ЖАЗУ