Ақсудағы ауқымды істер

0
328

Ақсу ауданын ауызға алсаңыз айтулы тұлғалары ойға оралады. Бұл өлкеде қазақ балаларының сауатын ашу жолында жиған-терген дәулетін халықтың игілігіне жұмсаған, алғаш мектеп ашып, бәйге жариялаған Маман Тұрысбектер, жыр құлагері Ілияс Жансүгіров, Сара Тастанбекқызы, Барлыбек Сыртановтай, тағы басқа нар тұлғалар туған. Тоғыз жолдың бойында орналасқан ауданның әл-ауқаты, әлеуметтік жайы туралы бұған дейін де сан мәрте қалам тербегенбіз.

«Түгін тартсаң майы шығатын» шырайлы өңірдің ауыл шаруашылығына пайдаланатын жерінің ауданы 1,17 млн. га, оның ішінде жыртылуға жарамды жері 56,6 мың га, жайылымы 1,03 млн. га, шабындығы 55,2 мың га жер. Бұл 2006 жылғы көрсеткіш. Ал аудан экономикасының бүгінгі көрсеткіштері қандай? Әлеуметтік ахуалы, инвестициялық бағыт-бағдары мен ауыл шаруашылығындағы көрсеткіші қай деңгейде?
Әуелі, әлеуметтік нысандар төңірегінде сөз қозғайық. Ауданға қарасты Сағабүйен ауылындағы дәрігерлік амбулатория 2,5 мыңға жуық халқы бар елді мекен үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша салынған. Ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсарту мен сапалы қызмет алуларына орай салынған амбулатория құрылысына жұмсалған қаражат көзі 180 млн.теңге. Сондай-ақ, Көкөзек елді мекенінде модульді фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. 2025 жылға дейін осындай 15 емдеу мекемесі бой көтереді деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарын спортқа баулуда спорт нысандары салынып, пайдалануға берілуде. Мәселен, Ақсу ауылында пайдалануға берілген спорт залында волейбол, баскетбол, бокс және күрес секциялары ашылған. Кешенге жеке кәсіпкердің қаржысымен 350 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалған. Ауданда спорт саласынан республиканың намысын қорғаған небір айтулы спортшылар шықты. Мәселен Асхат Жикеев, Әбілсейіт Айхановтан бастап айтсақ жіпке тізілген моншақтай жарқыратып көрсетуге болады. Аудан халқы айтулы палуан жерлестері Әбілсейіт Айхановқа ескерткіш орнатамыз деп жұмылып жатқандарын да естідік. Бұл, әрине, екі қолды көтеріп құптайтын-ақ іс. Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайына осы Әбілсейіт Айхановтың аты берілсе деген өтінішімді облыс әкімі Бейбіт Исабаев мырзаға айтқан болатынмын…
Әлеуметтік нысандар саласында ауданда 30 шақты тарихи-мәдени ескерткіштің бар екенін археологтар анықтағанын «Хабар 24» арнасы хабарлаған болатын. Жалпы археологтар Ақсу өзенінің аңғарынан 15 мыңнан астам петроглифті анықтағанынан хабардармыз. Олар қола дәуірінің соңғы кезеңі мен ХХ ғасырға дейінгі аралықты қамтиды. Экспедиция барысында көне тұрақтар мен обалардың да бар екені белгілі болды. Екі жылдың ішінде археологтар 30 шақты тарихи мәдени ескерткіштерді тіркегенін, олардың арасында дәуір сабақтастығынан сыр шертетіндерін «Хабар-24» арнасы көрсеткен-ді. Әдебиеті мен мәдениеті төңірегінде ауданда Жарданбет Тоспағамбетов, Қуат Терібаев, Разбек Жолдыбаев, Назарбек Әмірғалиев, Сағымбек Рақышев, Дәмен Шаймерденова, Бағила Тынысбаева сынды өнер саңлақтары туған өлкеде өнер, білімнен алдарына жан салмаған небір ғалымдар шыққанын айтуға болады.
Енді аудандағы ауыз су, баспана, ауылдардың ішкі жолдарын жөндеу, жарықтандыру әрі абаттандыру бағытындағы атқарылған жұмыстар бойынша тоқталсақ. Жиренше шешен күркеден аяғын шығарып жіберіп «өз үйім өлең төсегім» деген ғой. Айтқандай-ақ, баспана дауы қазіргі қоғамда әлі түйіні толық тарқатылмай келетін күрделі мәселеге айналғалы айдан анық. Бұл тек Ақсу ауданына қатысты емес, жалпы республика бойынша өзекті проблема. «Ақсу ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, ММ 10 айлық қорытындысы бойынша, ауыз су саласында «Жансүгіров ауылындағы арық жүйесін орналастыру» құрылыс жұмыстарына қатысты, ұзындығы 37 шақырымның 21 шақырымы аяқталса, «Арасан ауылының сумен жабдықтау жүйесін реконструкциялау және салу» объектісінің жұмыстары аяқталып маусым айында іске қосылған. Аудандағы 49 елді мекеннің 42-сі орталықтандырылған ауыз су жүйелерімен қамтылса, 7 елді мекенде әлі ауыз су жүйелері орталықтандырылмаған. Ауыз су жүйелері орталықтандырылмаған елді мекен қатарында 6 разъезд (Қайрақты, Ақөзек, Жасқазақ, Береке, Қарой, Құмтөбе) және 1 ауыл (Қопалы) бар. Разъездерде және Қопалы ауылында тұрғындар саны 50 адамға жетпегендіктен ауыз су жүйесін салу тиімсіз болуда. Тұрғындары темір жолшыларға арналған тасымал сумен және жергілікті жер асты су көздерімен қамтамасыз етілген.
Баспана мәселесін тілге тиек етсек, ауданда тұрғын үй кезегінде 827 адам тұр. Оның 336-сы халықтың әлеуметтік тұрғыдағы осал топтары болса, 63-і жетім балалар, сонымен қатар тұрғын үй апатты деп танылған 16 адам бар, «Ана даңқы», «Алтын алқа», «Күміс алқа» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар шағын санаты – 212 адам, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметкерлер, мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын тұлғалар – 200. Республика күніне орай Жансүгіров ауылында 50 пәтерлі баспана пайдалануға берілсе, тұрғын үй мәселесі бойынша, 2019 жылы Жансүгіров ауылында 36 пәтерлі 3 тұрғын үй (Қабанбай Батыр 45, Қабанбай Батыр 43, Желтоқсан 29) апаттық деп танылып, бұл баспаналар бұзылған. Жеке кәсіпкер Болысбеков Айбек Болатбекұлы өз есебінен Жансүгіров ауылында СИП панелінен үш көп қабатты 36 пәтерлі тұрғын үй салып берген. Баспана тамыз айында толық аяқталып, тұрғындарға берілген.
«Ауыл — Ел бесігі» атты бағдарламасы аясында Сағакүрес, Арасан, Суықсай ауылдарына көше жарығы орнатылған. Бюджеттен 6 ауылдың ішкі жолдарын орташа жөндеуден өткізуге қаражат бөлініп, Б.Сыртанов (Ә.Молдағұлова, Қ.Сәтбаев, С.Махмутов, Есенов, Тәуелсіздік), Еңбек (Ерментас, Ақтанберді, Әйтеке би, Мейірман), Қарашілік (Жаңақұрылыс, Қастекбаев, Ә.Молдағұлова, Нұрпейісов, Омарбаев, Ақын Сара), Есеболатов (Курценко, Жиенбаев, І.Жансүгіров) Тарас (Төле би, Ш.Қалдаяқов, Қабырғатал, Құдайберді) Жансүгіров ауылдарының жаңа аудан көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруы туралы бұйрығы шығысымен жергілікті органдар мен құзырлы орган, прокуратура бірлесіп жүргізген істің нәтижесінде талай жер мемлекет меншігіне қайтарылуда. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын тауып келеді. Арнайы мәліметтерге көз жүгіртсек, осы жұмыстар бойынша аудандағы жер мәселесіне қатысты 11 ауылдық округінде 306 лот, барлығы 82,3 мың гектар, оның ішінде: 0,337 мың га суармалы егістік, 0,526 мың га тәлім егістік, 0,99 мың га шабындық және 81,3 мың га жайылым жерге байқау өткізілген. Аталған байқаулардан 38 лот, барлығы 3079 га оның ішінде: 18,2 га суармалы егістік, 131,1 га тәлім егістік, 17,64 га шабындық және 2912 га жайылым жерге өтінім біреу және мүлдем түспегендіктен лоттар ойнатылмай қалған. Ал 38 лот жергілікті газетке жарияланып қайта ойнатылмақ екен. Сондай-ақ, жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (аукциондарды) мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында электрондық түрде ұйымдастыру бойынша 54 жер учаскесінің кадастрлық бағалау құны айқындалып, жалпы 57,735 млн. теңгені құраған. Бүгінгі күнге 8 коммерциялық жер учаскесі (автожанармай құю кешені — 2 учаскесі, магазин 2 учаскесі, ғимаратқа қызмет көрсету – 4 учаскесі) жалпы алаңы 3,978 гектар салуға электрондық сауда-саттық нәтижесінде жалпы 15 436 195 теңгеге сатылды (бағалау кадастрлық құны 11 541 166 теңге ). Аудан бойынша мемлекет меншігіне 28 мың га жер қайтару жоспарланған. Бүгінгі күнге ауданның арнайы жер қорына барлығы: 55,604 мың га жер қайтарылған, оның ішінде: 958,6 га суармалы егістік, 480,0 га тәлім егістік, 57,56 га шабындық және 54,108 мың га жайылымдық жерлер. Сонымен қатар, Жетісу облысы жер ресурстарын басқару департаментіне барлығы: 47,0 мың га, оның ішінде: 2,506 мың га суармалы егістік, 3,9 мың га тәлім егістік, 0,165 мың га шабындық, 40,5 мың га жайылым жерлерге шара қолдануға берілген.
Аграрлық салаға тоқталсақ, аудандағы мал басының артуы көңіл көншітеді. Ірі қара малы былтырғы жылмен салыстырғанда 100,6 пайызға өсіп, 101,2 мың басты құраған (2022ж. – 100,6 мың бас). Қой-ешкі 100 пайыз, 376,5 мың басқа жетті (2022ж. – 376,5 мың бас). 110,8 пайыз, 42,2 мың басқа жетсе, (2022ж. – 38,1 мың бас). Түйе 103 пайыз, 68 басты құрады (2022ж. – 66 бас). Үй құстары 100,9 пайызға артып 132,4 басты құраған. (2022ж. – 131,2 мың бас). Ауданда 180 басқа арналған 2-шағын сүт тауарлы фермасы жұмыс істеуде. (ШҚ «Туркпенова Алма» — 60 бас, ШҚ «Ащыбулак» — 120 бас). Жыл басынан 82 тонна сүт өндірілген. Өндірілген өнім Сарқан сүт зауытына өткізілуде. Ауданда 3,4 мың басқа арналған 9 мал бордақылау алаңы бар, бүгінгі күнге 0,982 бас бордақылануда, жыл басынан 0,256 мың тонна ет өндірілген. Алдағы уақытта инвестициялық жобамен ЖК «Ералы» 200 басқа арналған мал бордақылау алаңын салуды жоспарлануда. Ашылатын жұмыс орны 5 адам, тартылатын инвестиция көлемі 250 млн. тенге. Ауданға инвестиция тарту бойынша жеке инвестициялардың үлесі 56,8 пайызды немесе 10216 млн. тг. бюджет үлесі 43,2 пайызды немесе 7779,5 миллион теңгені құраған. Жеке инвестицияларға қатысты «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ бойынша қарыз қаражаты (заемные средства) да жатады, 11 айда олар 6,96 млрд.теңге сомасына инвестицияларды игерсе, 250 млн. теңгеге жол бойындағы сервис салу бойынша инвестициялық жоба іске асырылған, бұл өз қаражаты есебінен болған. Ақсу ауылында «Вектор строй» ЖШС жеке инвестициялар есебінен ФОК құрылысы аяқталған. Инвестициялар сомасы 285 млн. теңгені құраса, Суықсай ауылында 2024 жылы 3 гектар жерге құлпынай өсіру жобасын іске асыру жоспарланған. Ол жыл сайын 40 гектарға дейін ұлғайтылады, «Арасан-Жидек» ШҚ жобасының бастамашысы, жобаның қуаты тәулігіне 2т, маусым кезеңінде 45 жұмыс орны. Бүкіл Қазақстан бойынша өткізу нарықтары барын әрі биылғы қоян жылы 6 инвестициялық жоба іске асырылып, статистикалық есеп бойынша 298 млн. теңге сомасына бағаланған. 2023 жылдың 11 айы бойынша инвестиция көлемі 17995,5 млн. теңгені құрап, НКИ өткен жылмен салыстырғанда 182,8 пайызға жеткен. 2021 жылдан бастап «Ақсу ГЭС» ЖШС форель шаруашылығының құрылысын бастады (тауарлы балық өндірісі), қуаттылығы жылына 265 тонна, 13 жұмыс орны, инвестиция сомасы 515 млн. тг. Ағымдағы жылы инвестор қаржы қаражатының болмауына байланысты бұл жобаны тоқтатқан. «Жетісу инвест» ЖШС-мен бірлесіп жобаны одан әрі іске асыру үшін жаңа инвесторлар іздестірілуде. Аудан экономикасының тасын өрге домалататын да осы инвестиция мен өнеркәсіп саласы әрі шағын бизнесті өркендету. Өнеркәсіп саласында 10 кәсіпорын, оның ішінде өнеркәсіптің негізгі көлемін қалыптастыратын 1 ірі және 1 орта, қалғаны кіші кәсіпорындар жұмыс істеуде. Бұл салада мыңнан астам адам жұмыс істейді. Биылғы жылға арналған жоспар 6,5 млрд. теңге болса, он бір ай бойынша өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 4994 млн. теңгені құрап, НИК — 148,2 пайызға жеткен. Кәсіпорындар бойынша «Аксу Кант» ЖШС «Ақсу қант» зауыты өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі кәсіпорын болып табылады. Ағымдағы жылы зауыт өз қаражатынан, оның ішінде құрылтайшылардың жеке қаражатынан қантты өңдеудің қамыс желісін іске қосу, Алажиде станциясында зауытқа шикізатты қабылдау және сақтау үшін шараларды ұйымдастыру бойынша жұмыстар қысқа мерзімде жүргізілген. Зауыт жұмыс істеген қазан-қараша айлары аралығында жалпы сомасы 1573,4 млн. теңгеге 6187 тонна қант пен патоканы өндірген. Ауданда «Қапал-Арасан» гранит және мәрмәр кен орындары, саздақ және құмтас сияқты құрылыс материалдары сияқты пайдалы қазбалардың бай қоры бар, бұл құрылыс материалдары өндірісінің белсенді дамуының алғышарты болып табылады. Бүгінгі күні ауданда «Granite-industries» ЖШС жұмыс істейді. Қапшағай қаласында оның жеке өндірістік кешені бар, табиғи тастан жасалған әр түрлі құрылыс материалдары мен бұйымдарын сату мақсатында «Қапал-Арасан» кен орнының гранит блоктарын өндірумен айналысып, гранит өндіру көлемі жылына 4 мың текше метрді қамтыған. 2 тоқсаннан бастап «Текелі Гранит» ЖШС гранит өндіру бойынша жұмысы басталып, қайта өңдеу зауыты Текелі қаласында орналасқан, өндіру көлемі жылына 3 мың текше метрді құрайды. Сондай-ақ, ағымдағы жылы «Копал Алтын» ЖШС Қызылағаш кен орнында қатты пайдалы қазбаларды (алтын кенді) барлау жұмыстарын жүргізуді жоспарлануда. Осы жоба 2020- 2025 жылдарға арналған, өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген. Ауданда қуаты 2 МВТ/ сағ. «Ақсу ГЭС» ЖШС жұмыс істейді. Машина жасау саласындағы негізгі кәсіпорын «Loko-centr» ЖШС болып табылады. 2017 жылға дейін бұл ЖШС локомотивтерге арналған тежегіш қалыптарын шығарумен айналысқан. Қазіргі уақытта өндіріс жұмысы тоқтатылған, өйткені жабдық ескірген және өндіріс экономикалық жағынан тиімсіз болуда. Бүгінгі таңда «Loko-centr» ЖШС негізінен Қытай өндірісінің ҚТЖ тапсырыстары бойынша ескі локомотивтерін жөндеумен ғана айналысады. Ағымдағы жылы Қызылағаш ауылында шұжық цехын салу жоспарлануда, «Аркабаев» ЖК-ның эскиздік жобасы бекітілді. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар бойынша биылғы жоспар – 12,5 млрд. теңге. Ал шағын және орта бизнес саласында жұмыс істеп тұрған субъектілерінің саны аудан көлемінде 4056 бірлікті құрайды.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ