Мал ұрлығы қайтсе азаяды?

0
324

Ұрыда ұят жоқ, бөтеннің мүлкіне көз аларту, сұғанақтық жасау – олар үшін кәсіп саналады. «Обал-сауап», көз-жасына, табасына қаламыз деген олардың ойына да кіріп шықпайды. Ұрлық жасап, арамдықпен тапқан көлденең табыстарымен жанұясын асырап, түптің түбінде торға түсіп, қылмысы әшкереленіп, ел-жұрт, бала-шағасының алдында абыройдан жұрдай болғандар абақтыдағы жазасын өтеп келіп, қайталап қылмыс жасайтындарына қайран қаласың.

Қазақ мұндайды «ауру қалса да, әдет қалмайды», болмаса «дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» деп тәмсілдеген.  Алматы және Жетісу облыстарында мал ұрлығымен күресіп жатқан полицейлер қылмыстың айтарлықтай төмендегенін айтуда. Алматы облысы бойынша полиция департаментінің криминалды полиция басқармасының бастығы Асхат Даниярдың берген мәліметіне сүйенсек, Алматы облысында мал ұрлығы қазір екі есеге азайған. 2017 жылы 1 323 факт тіркелсе, 2021 жылғы 6 айдың қорытындысы бойын-ша 265 мал ұрлығы тіркелген. Арадағы жылдар көрсеткіші келесідей: 2018 жылы — 1 338, 2019 жылы – 1 058, 2020 жылы 724 мал ұрлығы тіркелген. Ал, Жетісу облысында былтырғы жылы 145 факт тіркелсе, оның 81-і ашылған. Қолды болған малдың 254-і мал иелеріне қайтарылса, келтірілген шығын 58 миллион 501 мың теңгеге пара-пар. Ұрланған малдың ішінде 76 — жылқы,  54 — ірі қара, 124 — ұсақ мал бар. Мал ұрлығына қатысты 80 адам жауапкершілікке тартылса, оның 3-і қылмыстық топтар болған, яғни, барымташылар. Мал иелерін қан-қақсатқан қасқырлар әсіресе, Көксу, Кербұлақ, Ақсу, Сарқан аудандарында жорық жасаған. Аудандар бойынша Ақсуда – 33, Кербұлақта- 21 факті тіркелген.

«Ел жатса да енекем жатпайды» демекші, күндіз өрістен үйірлеп, табындап, түнде қорадан қолтықтарына қыса кететін әккі ұрылар «ет тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қояр едім» дегендей, шекара таңдамай шауып жүр. Бір кездері Алматы облысы бөлінбей тұрғанда Райымбек, Кеген аудандарының ірі қараларын айырқалпақты ел қырғыз асырған барымташыларды криминалды полиция қолға түсіріп, қылмыстарын әшкерелеген болатын. Мал ұрлығын кәсіп еткендер қылмыстық топ құрып, әрекет еткендерге құрық салған полиция өкілдері жылма-жыл өрістегі малды қараусыз қалдырмауға, оларға сырға салып, таңбалауды ұдайы айтып келеді. Алайда барымташылар түрлі айла-шараға барып жүр. Тіпті, жылқы  мен ірі қараны өрістен мылтықпен жайратып салып, етін саудалап жүргендер де торға тоғытылғанын білеміз. Интернет желілерін ақтарып отырып Жетісу облысына қасқырдай жортуылдаған ұрылардың Көксу ауданының шаруаларына бүйідей тигенін айтуға болады. Өткен жылдың бес айында 11 қылмыс тіркелсе, ұрылар қараусыз қалған жылқылар мен ірі қара, ұсақ малды қолды қылған. Қараусыз қалған малды олжалаған барымташылар бес айда 70 бастан астам түлікті ұрлаған. Ауданда мал иелері төрт түлігін чиптеу, бос жүрген малды арнайы қораға қамау және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жергілікті билік пен құзырлы органдар бірлесіп жүзеге асырып келеді. Қазақтың «өзіңе өзің мықты бол, көршіңді ұры тұтпа» дегені осындайдан айтылса керек-ті. Алайда мың жерден малды чиптеп, қоралап ұстасаң да  айласын асырған ұрылар ұрымтал тұстан соғары анық. Оның үстіне мал басын өсіріп, күнелтіп отырған шаруа қауымы үшін отар қойды, үйір-үйір жылқыны, табын-табын ірі қараны ұрыдан қорқып қораға қамау да оңай емес-ті. Тұяқты малды бір мезгіл өріске шығарып жаймаса,  қолдағы малды  жем-шөппен асырау оңай болмасы анық. Наурыз айында «Мал ұрлығына қатысты» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізген полицейлер жергілікті тұрғындардан мал ұрлады деген күдікпен 7 адамды жауапкершілікке тартып, мал ұрлығының 7 фактісі бұрын жасалған қылмыстар санатына жататынын анықтаған. Үш күн ішінде Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Көксу, Панфилов аудандары бойынша қылмыскерлерді торға түсірген. Бұл барымташылар жылқы ұрлауға бейімделгені анықталып, үш факті бойынша ұсталған.

Іс-шара барысында ұрланған малды өткізетін 78 орын (базарлар, дүкендер, ет павильондары) тексерді. Мал ұрлығының екі фактісі бойынша 9 бас мал ұрлады деген екі күдікті ұсталды. Екі ұрлық та қыркүйек айында Алакөл және Көксу аудандарында жасалған. Ұрланған 6 бас ірі қара табылып, заңды иелеріне қайтарылған. Ұрлық жасамаса «бастары ауырып, балтырлары сыздайтын» ұрылар көзге түскен тұяқты малды буаз, қысырына қарамай пышақтап, саудагерлермен ауыз жаласқандар облыстың сегіз аудан, екі қаласында қасап жасаған. Мәселен, Жоңғар қақпасын мекендеген шекаралық аймақтан, көрші ауылдан 4 бас сиырды ұрлады деген күдікпен Алакөл ауданы, Бескөл ауылының 46 жастағы тұрғыны тұтқындалған. Ұрланған сиыр малының бірі Талдықорған маңындағы мал базарынан табылса, қалғанын күдікті сатып үлгерген. Ұрылар шекара таңдамайды деп мақала басында айтқанымыздай, Қаратау өңіріндегі, Түркістан облысының тұрғыны 35 жастағы ер адам Көксу ауданында жоғалып кеткен 5 малды ұрлаған. Тергеу барысында әккі ұры малды сатып алу және қайта сатумен айналысатынын және кезекті мәмілет жасау кезінде басқа сатып алынған табынмен бірге бөтен сиырларды абайсызда алып кеттім деп ақталыпты.Ұрланған малдар Түркістан облысынан  жеткізіліп, заңды иесіне қайтарылған. Полицияның міндеті қылмыстың жолын кесу, ал шаруа қожалықтары мен жеке мал иелері сан соғып, қапыда қалмау үшін қолдағы малдарына қырағы көзбен қарау керек-ті. Жетісу облысында мал ұрлығының азайып келе жатқаны көңіл қуантады. Жеті айдағы көрсеткіш бойынша Жетісуда 362 мал басы ұрланып, шаруаларға 63 миллионға жуық шығын келтірілген (жыл соңындағы көрсеткішті мақала басында көрсеттік). Мәселен, бір ғана Ақсу ауданында 13 дерек тіркелсе, Алакөл, Көксу, Кербұлақ аудандарында  мал  ұрлығы жиі  болған.  Мал ұрлап, шаруалар мен жеке тұрғындарды зар жылатқан 41 адам қамалып, 4 қылмыстық топ ұсталған, бұл жеті айдағы көрсеткіш. Жетісу облысында, жеті айда 76 бас мал ұрлығы тіркелген. Былтырғы жылға қарағанда 16,5%-ға төмендеп, 36 мал ұрлығы ашылмай, 40 мал ұрлығы санаттағы қылмыс ретінде ашылса, жыл соңында мал ұрлығы 30,6 пайызға азайған. Қазақтың қанына сіңген жаман бір қасиет барымта, ол ықылым заманнан бар деп бір-бірін жұбатады. Қай дәуірде болмасын ол қылмыс. Қылмысты жасағандарға аяушылық болмауы керек. Себеп, біреу еңбегімен, маңдай терімен мал табады. Ал, оны көлденең көк атты, өрістен қорасынан ұрлайды, болмаса барымталап алып кетеді. Мал ұрлығына қатысты Мемлекет  басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев өзі араласып қылмыстың жолын кесуді құзырлы органдарға нығарлап тұрып тапсырған-ды. Мал ұрлығына қатысты шаруларда полицияға деген қара қазандай өкпелерін айтып жатады. Малды иесіз қалдырдың деп өзімізге айыппұл салды деп шулаған болатын Шығыс Қазақстан облысының шаруалары. Алматы облысының талғар ауданының ауыл тұрғындары мен шаруалары бір кездері күдіктенген ұрыларды полицияға айттық, бірақ олар тиісті жазасын алмады деп, көгілдір экранда реніштерін айтқан-ды. Қолыңмен ұстап алмаған соң, ұры деп айып тағуда орынсыз. Қалай болғанда малға, шаруаларға, жеке тұрғындарға маза бермеген ұрыларға қатысты заң  қатаймаса, «ет дегенде бет барма»  деген бетсіз ұрылар ұрлығын тыя қоймас…

    Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ