Өткен жылы мыңнан аса адам із-түзсіз жоғалған

0
263

Ай күннің аманында адам жоғалып, табылып жатады. иЯ болмаса зорлық-зомбылыққа ұшырап, із-түзсіз жоғалуы, құрбан болғаны айтылуда. Өзекті өртейтін өкінішті жайт кісі қолынан ажал құшып, болмаса, із-түзсіз жоғалып кету белең алуда. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері бойынша 2023 жылы 10 748 адам іздестіріліп жатса, олардың 2 176 із-түзсіз жоғалғандар санатында екен.

Қолындағы малы жоғалса ен таңбасын айтып, өзі іздеп, күдер үзгенде құқық қорғау органдарына жұмылып жататын адам баласы үшін ет бауыры баласын, бірге туған жақынын жоғалтудан артық азап жоқ шығар. Бүгінгі қоғамда адамға – адамгершілік көзқараспен қарау, аяушылық, жанашырлық таныту деген ұғым жойылып барады. Әлсізді әлділердің жәбірлеуі, бала-шаға демей зорлық-зомбылық көрсету, одан қалса, ажал құштырып бақиға аттандыра салу, шыбын өлтіруден де оңай болып кетті. Адамзат тағдырының тәлкекке айналуы бұл үлкен қасірет. Адам саудасы да үлкен қылмыс. Қорқытып-үркіту, видеоға түсіріп, қаржы бопсалау, жезөкшелікке мәжбүрлеу, одан қалса адам органдарын саудалау қылмыстары жан түршіктіреді. Қыл аяғы есік алдында ойнап жүрген ойын баласын алдап алып кетіп, арам ойларын іске асыратындарды адам санатына қосуға аузың бармайды. Ашық күнде көз алдарында ойнақтап жүрген құлыншақтарынан айырылып қалғандардың ата-аналары, туыстары өздігінен іздеп, артынан құқық қорғау органдарына шағымданып, жоғалған перзенттерін ия болмаса ет жақын бауыры, туысы, егде жастағы жақындарын шарқ ұрып іздеп жатады. Олардың бірі тірі табылса, енді бірінің мәйіттері орманнан, өзендер арнасынан, маңынан, құбырдан және айдаладан, тау жыныстарынан жәбірленген, зорлық-зомбылық белгілерімен табылып жатады. Болмаса, пәленбай жыл мал соңында құлдықта жүрген жерінен құқық қорғау органдарының пәрменімен құлдықтан босатылады. Ата Заңнан үркіп, заңды қадірлеп жатқандары некен-саяқ. Сонда, заң кім үшін жасалады? Қатыгез адамдар өзі теңдес адамдардың өміріне неге немқұрайлы қарайды? Іздеу жарияланып, оған адам күші тартылып әрі-сәрі күйге түсеміз. Табиғат апатынан не болмаса түрлі тосын апаттардан жоғалып кеткендердің жөні бөлек. «Алдап-арбап адам саудасымен айналысатындар, не болмаса, тізе батырып құлдықта ұстайтындар өзі теңдес адамдардың тағдырына неге немқұрайлы қарайды деген сауал сананың шаңын қағады». Жоғалған адамдар жайлы мәлімет іздеуде сақшылар мен еріктілер, блогерлер, тұрғындар атсалысуда. Бас прокуратураның интернет желісіндегі ақпараты бойынша 10748 адам іздестіріліп жатса, олардың 2176-сы із-түзсіз жоғалғандар санатында екенін ескерсек, бұл адамдардың қаншасы өлі, не тірі екені құзырлы органдарға әрі жоғалған адамдардың отбасыларына беймәлім болуда. Көп жағдайда кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер үйден шығып, қайтып оралмай қыдырып кетіп, ата-аналарын сары уайымға салдырып, артынан табылып жататын кездер болады. Ия, болмаса ата-анасымен сөзге келіп, үйден безіп кететіндер де бар. Олардың үлкен қалаларда бей-жай жүруі, ата-анасымен қайтадан қауышуы бір жағынан қуаныш, екінші жағы үлкен трагедиямен аяқталып жататыны тағы бар. Қаны бұзық қаныпезерлердің қолына түскендерінің өмірі келте болмаса, тағдырлары тәлкекке айналуда. Мәселен, жақында такси болып қызмет жасайтын азаматтың көлігіне мінген екі жолаушы таксистің алқымына пышақ тақап, қалаға жеткізуін талап еткен. Абырой болғанда таксистің көрер жарығы бар екен, жол бойында тұрған полиция қызметкерлерінің көлігін соғып, өзі тірі қалып, екі қылмыскерді полицейлер дер кезінде тұтқындап үлгерді. Жолды қадағалаушы полиция көлігі тұрмағанда екі қылмыскер таксисті тірі қалдыруы екіталай еді. Мұндай оқиғаларды тізбектеп санауға болады. Жетісу облысында іс-түзсіз жоғалып кеткен 14 жасар оқушының өлі денесі табылды. Туған қызын өлтіргенін анасы мойындап, қайда жерлегенін айтып берген. Полицейлер соның ізімен Карина Дорохинаның мәйітін Текелі қаласының іргесіндегі тау бөктерінен қазып алған. Жеткіншектің қараша айынан бері мектепке бармай, ізім-ғайым жоғалғанын әкесінің туыстары айтып, дабыл қаққан еді. Содан кейін мектеп директоры полицияға хабар берген. Желтоқсан айында қызды өлтірді деген күдікпен анасы ұсталған болатын. Осы қылмысқа қатысы бар деген айыппен оқушының өгей әкесі де жақында қамауға алынды. Жалпы тәртіп сақшылары бір айдан астам уақыт іздеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде із-түзсіз жоғалған жасөспірім өзге емес, күдікті деп танылған анасы мен өгей әкесінің қолынан ажал құшқаны айтылуда. Атам қазақта «кебін киген келмейді» дейтін тәмсіл бар. Ақыл-есі дұрыс болса, жоғалған адамдар түбі бір туған жеріне оралар. Ажалдан, жәбірлеу мен зорлық-зомбылықтан аман болса әрине. Күні бүгінге дейін құқық қорғау органдары адам саудасымен аяусыз күресіп келеді. Әсіресе, бойжеткен қыздарды шет мемлекеттерде жұмыс бар деп алдап, барған соң құжаттарын тартып алып, жезөкшелікке салған оларды саудалаушы қазақстандық қылмыстық топты әшкерелеген құзырлы органдардың қимыл-әрекеттеріне ел-жұрт риза болған-ды. Бұл оқиғаның қай уақытта, қай жылы болғанын айтып жатудың өзі артық. Мұндай оқиғалардың түп тамыры түбегейлі үзіліп кеткен жоқ. Ал баласын өздері өлтіріп, тауға апарып мәйітін жасырып жүрген анасы мен өгей әкесі сияқты тас бүйректер бұл қоғамда аз емес. Қылмыстық топтың құрбанына айналғандар да бар болуы мүмкін. Мәселен, Жетісу облысы Панфилов ауданы, «Лесновка» ауылының 72 жастағы тұрғыны Орынбүбі Мұқанова із-түзсіз жоғалғандар санатында. Өткен жылдың мамыр айында үйден белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайтып оралмаған. Аудандағы полицейлер мен шекарашылар, еріктілер шарқ ұрып іздегенімен әлі күнге хабар-ошарсыз. Ересек ұлымен ғана тұратын зейнеткер ананың үстінде қара түсті күртеше, қоңыр көйлек, жеңіл аяқ киім болғанын, бойы 155-160 см, денесі арықша келгені хабарланған-ды. Сондай-ақ, Қаратал ауданында қыркүйек айында жоғалып кеткен 15, 16, 17 жастағы жеткіншектерді Талдықорған, Алматы қаласы және Алматы облыстарын іздеу салып таппаған болатын. Жетісу ПД криминалдық полиция еш нәтиже бермегенін, бұл іс ерекше бақылауда екенін айтқан-ды. Бұл жеткіншектердің табылған-табылмағаны жөнінде Жетісу облысы полициясынан толық ақпарат ала алмағандықтан, біз аудандық әкімдікке хабарласқанбыз. Із-түзсіз кеткен екі жасөспірім Шымкент қаласынан табылған. Қыздың айтуынша, оған серіктес болған жігіт үйден кеткісі келетінін айтып, қызға өзімен бірге кетуін өтінген. Олар алдын ала келісіп, киімдерін дайындап, Талдықорған қаласына келіп, сол жерден Алматы қаласына жолға шыққан. Үштөбеден олар 50 000 теңгемен шығып, қаражаттары аз болған соң екеуі қалта телефондарын сатып, Алматыдан 60 000 теңгеге такси салонын жалдап, Шымкент қаласына тұрақтаған. Олар Шымкент қаласынан пәтер жалдап, жұмысқа орналасқан. Қыз дүкенге сатушы, жігіт базарда жүк тасымалдаушы болған. Үйден кетулерінің себебін тергеу орындары анықтаған шығар, алайда істеген істерінің арты қалай болатынын болжамаған екі жас ата-аналары мен ел жұртын аяқтарынан тік тұрғызғаны анық. Жастықтың желігімен өз беттерінше күн көруді ойлаған екі жасөспірімнің кәмелеттік жасқа толмағанын ескерсек, отбасындағы бала тәрбиесінің тасада қалғанын аңғаруға болады. Қуанарлығы сол жасөспірімдер дін аман табылып, отбасына оралған. Із-түзсіз жоғалғандардың арты кісі өлтірудің құрбаны болып жататыны жанға батады. Оған дәлел Текелі қаласындағы оқиға. Мұндай оқиға өткен жылы Түркістан облысында да болған. 2004 жылғы студент қыз үйден белгісіз бағытқа кетіп, қайтып оралмаған. Үш күн жер көкті шарлап іздеген қыздың мәйіті жертөледен табылған. Оқиға орнына барған жедел тергеу тобы жертөледен төсек жаймасына оралған, денесінде зорлық белгілері бар мүрдені анықтаған. Мұнда да жау алыстан келмеген. Бойжеткенді туған жездесі өлтірді деген күдікпен ұстаған болатын. Өткен жылы Астана қаласының полициясына із-түзсіз жоғалғандар туралы 4000-ға жуық арыз түсіпті. Астана қалалық полиция өкілдерінің айтуынша, із-түзсіз жоғалғандардың ішінде балалар туралы 3669 арыз түссе, жоғалғандардың көпшілігі 24 сағат ішінде табылып, қалғандарының орналасқан жері іздестіру шаралары барысында анықталған.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ