ИТ АУЛАУ ҮШІН ДЕ тендер өткізіледі

0
494

2022 жылдың 2 наурызынан бастап «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» жаңа Заң күшіне енгелі бері адамға иттен қауіп көбейген. Әрі бұл заң шыққалы қоғам пікірі де қаққа бөлінгенін байқауға болады. Бірі қаңғыбас иттердің жоғын жоқтаса, екінші тарап бұл иттердің зиянсызын айтуда. Қалай десек те, әзірге иттердің дегені болып тұр…

Сонымен, жаңа Заң бойынша айтсақ,  енді қаңғыбас иттерді ұстап алып, уақытша панажайға әкеп вакциналап, залалсыздандырып (медициналық піштіру), аяқтан тұрғанша күтіп-бағып, қайтадан көшеге қоя беру керек. Ал бұл қызметті тендер арқылы тек жеке кәсіпкер ғана жүргізе алады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз жан-жануарларға қамқорлықпен қарауымыз қажет. Бірақ олардың адамдарға, әсіресе балаларға қатысты шабуылына жол бермеуге тиіспіз. Бұған қоса, бұралқы иттердің шабуылына тап болғандардың саны артып келеді. Бұған жол беруге болмайды. Барлықтарыңыздан іс-шара қабылдауды тапсырамын».

Мемлекет ақшаны кәсіпкерлерге аударуы тиіс. Бұл тұста кей  қоғам белсенділері «қаңғыбас иттердің туын көтергендердің  ойы ақшаға келіп тірелетінін, яғни, бұл жерде  қып-қызыл бизнестің иісі бұрқырайды»  деп топшылауда. Әрі олар қорғансыз жануарларды жою – жауыздық екенін, бірақ иесіз жануарды залалсыздандырып,  15 күннен кейін суық, аш, далаға қоя беру шешім емесін де айтуда.

Әлбетте, қоғамды ізгілендіру, жануарларға қайырым жасау мақсатында қабылданған заңға ешкімнің қарсылығы жоқ дегенмен, қаңғыбас иттерге қарсы  жағдай ушығып тұр. Неге десеңіз,  қараусыз иттердің адамдарға шабуылы күн санап артып келеді. «Түн тұрмақ, күндіз көшеге шығудан қалдық»,  – деген талдықорғандық тұрғындар ветеринарлық қызмет пен иесіз иттерді аулайтындардың жұмысына наразы.

Жаңа жылдан бастап Талдықорған  қаласының көшелері қаңғыбас иттерге толды.  Бұған  алаңдаулы  қала тұрғындары   топтасып жүрген иттерді видеоға түсіріп, оны «Талдықорған инста» парақшасы  жариялауда.  Себебі көше кезген қаңғыбас иттердің салдарынан мектеп жасындағы балалар зардап шегуде.

 

 Талдықорған қаласы бойынша, 3330 қаңғыбас ит пен 64 мысық ауланды. 270-ке жуық үй жануарлары иесіне қайтарылып, қорғау ұйымдарына берілді. Одан бөлек 495 бас қаңғыбас ит пен мысыққа кастрация жасалып, 253 бас ит пен мысық залалсыздандырылып, вакцинацияланды. 2378 бас қаңғыбас ит пен мысық ізгілік жолмен (эвтаназия) жойылды.

Мәселен,  жуырда ғана «Жастар-2» тұрғын үй алабында ойнап жүрген мектеп оқушысын ит талағаны туралы ақпарат тарады. Жалпы әлеуметтік желідегі дерек көзінше, жыл басталғалы қараусыз иттен зардап шеккен 6 оқиға тіркелген.

Қалада қаптаған қаңғыбас иттерге қатысты мәлімет берген облыстық  ветеринария басқармасының бөлім басшысы Дархан Әбілбаев былай дейді: «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң шыққалы иттерді бұрынғыдай ұйықтататын дәрі беріп алып кете алмайды, тек қана арнайы торлармен ұстайды. Ұстаған күннің өзінде алып барып, ол иттерді 4 күн анықтайды.

2023 жылы Жетісу облысы бойынша 12 933 қаңғыбас ит пен 134 мысық ауланған. Оның ішінде 850-ге жуық үй жануарлары иесіне қайтарылып, қорғау ұйымдарына берілді. 1500-ге жуық ит пен мысық кастрацияланды, 606-сы залалсыздандырылып, микрочиптелді. Ал 10 мыңнан астамы ізгілік жолмен (эвтаназия) жойылды.

Егер 4 күннің ішінде иттің агрессиясы жоқ болса, ұрғашысын стерилизация, еркегін кастрация жасап, қайтадан мекендеу орнына 10 күннен кейін еркегін, 15 күннен кейін ұрғашысын әкеліп жібереді. Оған қоса чип тағып, екпе жасайды.

2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап елді мекендердегі иесі бар иттердің барлығы чиптеуге жатады . Бұл жұмысты ветстанциялар мен жеке клиникалар атқарады. Ит үй ауласынан шығып кетіп, көшеде қараусыз жүрген жағдайда сканер арқылы анықталып, қожайынына 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 34 мың теңге айыппұл салынады».

Өз сөзінде Дархан Қуатұлы Жетісу облысы бойынша үй жануарларына арналған баспанасын орналастыру үшін жер телімдері бөлініп, аталған жер телімдеріне жобалау сметалық құжаттамалары дайындалуда екенін  де айтты. – Қазіргі таңда облыстық бюджеттен «Жануарларға арналған баспаналар, уақытша ұстау орындарының құрылысы» бюджеттік бағдарламасы бойынша жобалау-құрылыс жұмыстарына 28,0 млн. теңге, құрылыс-монтаж жұмыстарына алдын ала 742,0 млн. теңге қаражат қарастырылуда.

Ветеринар маман қоғамда жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру керек деген ойын да жасырмады. Сондай-ақ ол қанша жерден емдік шараларын жүргізсе де, қараусыз иттің  аты қараусыз ит болып қалады дейді. Айтуынша, соңғы жылдарда қаңғыбас иттердің саны күрт өскен. Мәселен,  2020 жылы олардың саны 7 мың болса, қазіргі таңда 12 мыңға жеткен.

«Заң талаптарына сай жұмыс жасалып жатыр. Дегенмен иесіз иттердің қатары сейілмей тұр. Негізінде көшеде жүрген біраз  иттің   иелері бар. Заң талабынан қашқан адамдар  иттерін босатып жібере салады. Неге десеңіз, ақылы болған соң иттерін чиптетуден қашады, өздеріне артық жауапкершілік алғысы жоқ.

2023 жылы Жетісу облысы бойынша Ішкі істер басқармасының тарапынан әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес, облыс бойынша «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңын орындауда  31  адамға  ескерту жасалып,  136 адамға  739 815 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Ертең  біреуді қауып алса да    айыппұл  төлегісі келмейді, істі болудан қашады. Егер жануарлардың иелері бірдейлендіруге қарсы болып, заң талаптарын орындамаса, оларға Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің талаптарына сәйкес шаралар қарастырылған. Тексеру жұмыстарын учаскелік полиция қызметкерлері атқарады», дейді ол.

Маман айтқандай, қазіргі қаладағы көше кезген иттер егілмей қалса, аса қауіпті жұқпалы ауру таратушыға айналады.

2023 жылы денсаулық сақтау мекемелерінен 819 адамды тістеу, тырнау және т.б. фактілері бойынша шұғыл хабарламалар келіп түскен. Ауылдық (қалалық) округтердің  ветеринариялық дәрігерлері 502 жануарды (иелері бар 436 ит, 53 мысық және 13 басқа жануарлар түрі) клиникалық бақылауға алып, нәтижелері бойынша жануарлардың иелеріне 474  анықтама берілді. Қалған 317 жануардың (252 ит, 58 мысық және 7 басқа жануар түрі) иелері жоқ екені анықталған.

Солардың бірі – құтырма. Сонымен қатар, иттен жұғатын эхинококкоз да емі жоқ ауру. Одан тек  хирургиялық жолмен ғана құтылуға  болады екен.

Дархан Қуатұлының сөзінше, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңына тәуелді нормативтік құқықтық актілерді іске асыру мақсатында, бекітілген 4 бағдарламаны орындау үшін облыстық бюджеттен жалпы 170 млн. теңге қаражат, ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 172,4 млн. теңге қаражат бөлінді. Осы бағдарламалар аясында жұмыстарды атқару үшін тендер жарияланды. 31 қаңтарда көрсетілетін қызметті атқарушы анықталады.

Р.S: Бір күшіктегенде бірнешеуін өмірге әкеліп, көше толтыра көбейіп жатқан қаңғыбас иттердің  мәселесі  реттеуді қажет етеді-ақ. Санада сан сұрақ. Соның бірі: киіктердің санын реттеуде  белгілі бөлігін атуға рұқсат берген үкімет қаңғыбас иттер мәселесін реттеуде қолға мылтық алудан неге бас тартып отыр деген заңды сұрақ туындайды? Ал, бұл туралы, сіз не дейсіз?

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ