Таксистерді кім жөнге салады?

0
298

Қоғамда таксистер туралы әңгіме өзекті болып тұр. Бірі таксистердің өмірі қауіпке толы десе, енді бірі бұлардың араны ашылған деседі. Алайда, такси көлігіне тәуелділік күннен күнге артып келеді. Қалтасында ақшасы барлар отырар, ақшасы жоқтар қала ішінде жүретін автобустармен қатынайды. десек те, қараша қауымның көбі таксиге жүгініп жатады. Ал, бұл көліктің бағасы қарапайым жұрттың қалтасын қағуда.

Интернет желісін ақтарып отырып «ТМД елдері ішінде ең қымбат такси Қазақстанда ғана» деп хабарлаған energyprom.kz. сайтының жаңалығын көзіміз шалды. Әрі: «ең қымбат такси қызметі Қазақстанда, ол тағы 9%-ға қымбаттады» — дейді. Бізде қымбаттамай жатқан не бар өзі, бәрі қымбат. Жылма-жыл  жанар-жағармай бағасы өскенде базардағы, сауда үйлеріндегі бағалар шарықтап шыға келеді. Оның артынан коммуналдық төлемдер өседі. Energурrom.kz. хабарлауынша, 2023 жылдың  қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстанда такси қызметін ұсынатын компаниялардың кірісі бір жылда 17%-ға өсіп, 5,9 млрд. теңге болған. Осы кезеңде такси қызметін 47,4 миллион адам пайдаланған, бұл бір жыл бұрынғыдан 2 пайызға аз. Жолаушылар айналымы бір жылда 44%-ға төмендеп, 1,4 млрд. теңге болды. Өткен жылдың қаңтар-қараша айларында такси саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция бір жыл бұрынғы 495,1 миллион теңгемен салыстырғанда 751,9 миллион теңгеге жетті. Құндық мәндегі инвестицияның жылдық өсімі 51,8% болды. Инвестициялардың ең көп көлемі Алматыға түсті: 360,6 млн. теңге, бұл бір жыл бұрынғыдан 6,9 есе көп. Аймақтар үлесі еліміздің 48 пайызын құрады. 2023 жылдың желтоқсан айында такси тарифтері өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 9,1%-ға өскен. Өңірлер бойынша бағаның өсуін Алматы қаласының тұрғындары қатты сезінді, себебі бір жылда 30,3%-ға көтерілді. Көшбасшылыққа қарсы екінші және үшінші орындарды Ақтөбе және Абай облыстары иеленді: онда 22,1% және 17%.

Такси қызметі құнының бір жылдағы ең аз өсімі Маңғыстау облысында, онда 1,2% болды. Тағы үш облыста – Алматы, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстанда баға бір жыл бұрынғы деңгейде қалды. Қазақстанда такси қызметінің құны 0,61 доллар, бұл ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Салыстармалы түрде алсақ: Әзірбайжанда стандартты тариф бойынша 1 шақырымға таксимен жүру 0,59 доллар, Ресейде – 0,34 доллар, Украинада – 0,32 доллар, Беларусьте – 0,31 доллар, Армения мен Өзбекстанда – 0,3 доллар тұрады деп ақпарат таратты Energурom.kz.

Жетісу облысында үш бірдей: «400-400», «Яндекс» және «Индрайвер» такси қызметтері бар. Біз бір жыл бойы такси бағасының  қалада қаншалықты өскенін білмек болып, әуелі «такси: 400-400» автопаркіне хабарластық. «Таксопарк 2014 жылдан бері жұмыс жасап келеді», – деп бізбен хабарға шыққан Өркен Дәулетовтің айтуынша, баға тұрақты, аса қымбаттай қойған жоқ, ары кетсе 100 теңге қосылған екен.  «Ең арзан баға бізде. Ал Алматыға салон жалдасаңыз 18000 мың теңге» — деген Өркен Дәулетов  қазір жаңа бағдарламаға көшіп жатқандарын да айтты. «Бағаның құбылуы бізге де, оңай соғып жатқан жоқ, жанар-жағармай, құрал-саймандар да қымбат,  әрі көлік такси иелерінің өз көліктері» дейді.

«Яндекс» таксопаркі төңірегінде тұтынушылар арасында қызу талқы бар. Қалаған жерге баруа керек болып,  «Яндекс» такси шақырсаңыз бағасы удай. Мәселен, мен тұратын Жастар-1 шағын ауданынан №28-ші мектеп аралығы он бес минуттық  жер. Аязды күні  баланы мектепке апару үшін  ертеңгісін  такси шақырып ем 700-ден астам теңге төледім. Таң қалып «бұл қалай ары кетсе 300 теңге төлеп жүрген жер ғой»  десем  бұл таксопарктің өздерінің ішкі шарттары екен. Ертеңгі мезгілде елдің бәрі қарбаласқа түскенде бағаны көтеріп жіберіп, түс ауа қайта төмендете қояды. Өйткені елдің бәрі ертеңгі уақытта  балаларын сабаққа, балабақшаға, әрі өздері жұмысқа асығады. Көлігі барлар өздері тасымалдап жүреді. Ал  көлігі жоқтар азанда балаларын аязды суыққа ұрындырығысы келмей жедел такси шақырады. Міне, осы мүмкіндікті «Яндекс» такси паркінің қожайындары жақсы пайдалануда. Әрі ауа райы құбылып күн райы бұзылған сәтте де бағаны қалауларынша көтеріп, түсіріп отыру «Яндекс» үшін құбылысқа айналған. «Яндекс» такси бір  жылда  9 пайызға   қымбаттаған. Ең төмен бағасы 1 км — 400 теңге. «Яндекс» такси қызметінің қосымша-сына кірсеңіз Талдықорғаннан  Алматы қаласының Жетісу ауданына дейін түскі баға 32 220 теңге болса, сағ: 13:20-дағы уақытта 28 600 теңгені көрсетіп тұр, бұл салонның бағасы. Ал, Алматыға «индрайверде» салон 15000-18000 мың теңге арасы болса, «такси: 400-400» бағасы 20 мың 400 теңге.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, Алматыда жер сілкініп, ел дүрлігіп көп қабатты үйден қашқанда таксистердің көктен сұрағаны жерден табылды. Алматы іргесіндегі Ұзынағашқа 2000 теңгемен баратын халықтың қалтасына көз алартқан таксистер бағаны 20000-50000 мың теңгеге дейін бірақ көтерген. «Біреу өлем десе, біреу көмем» демекші, жан сауғалап шұбырған жұрттың бір жағына шығысудың орнына бас пайдаларын көздеген таксистер елдің наразылығы мен табасына қалды. Ашкөзденген таксистер туралы айтыскер Сырым Әуесхан мен  Жандарбек Бұлғақов әлеуметтік желіде таксистерді әжуалап сын тезіне алды. Бұл үлкен дүрбелең болды. Жалпы кәсіптің бұл түріне арнап тіркеліп тиісті салығын төлеп, жұмыс жасап жатқан таксопарктар мен тіркелмей адам тасып жүрген таксистер бар. Ал олардың адамдық қадір-қасиеттері де сан алуан. Олардың  бет-бейнесін жер сілкінісі кезінде бұқара халық көрді. Осыдан бір жыл одан әріректе таксистер де салық төлеуі тиіс деген салықшылардың бастамасы көтерілгенде: «Кісі тасып әрең күнімізді көріп жүрміз, жұмыссыз салық төлесек бала-шағамызды кім асырайды. Жанармай, көлік саймандары удай қымбат», – деп өре түрегелген таксистерді жер сілкінісінен кейін аяудың қажеті жоқ екеніне көзіміз жетті. Жалпы, жабайы тірлік жасап жүрген әрі бағаны қалауынша көтеріп түсіріп жүрген таксопарк иелерін кім жөнге салады? Таксопарктер тіпті ауа райының құбылған күнін де сәтті пайдаланады. Мереке күндері Алматы мен Талдықорған арасындағы қатынайтын таксистердің дәурені жүреді. Халық арасына кең тараған бір тәлімді әңгіме бар. Үй өртеніп жатса, көршісі жүгіріп келіп, «айырға шанғыған қойдың басын үйітіп алайыншы» депті. Жер сілкінісіндегі таксистердің әрекеті де осыған саяды. Сарапшылардың пайымынша такси бағасы тағы да  10-15 пайызға қымбаттауы мүмкін екені айтылуда.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ