ЛОТЕРЕЯ ОЙЫНЫ: қызығы мен шыжығы

0
288

Лотерея ойнатып ұтысқа кенелгендерді, жолы болғыш адам дейміз бе әлде кездейсоқ бақытқа бөленген жандар дейміз бе? Қалай десекте бір сәтте байлыққа кенелгендер жайлы  ақпарат құралдарынан және әлеуметтік желіден оқығанда қызғана да,  қызыға да қарайсың. «Шіркін менде осындай ұтыс ұтып алсам, бір жоғымды түгендер едім-ау» деп армандайсың. Бірақ,  байлық та, бақыт та аяқ астынан келе қалмайды. Оны  лотереядан мол қаржы ұтып алғандардың іс-әрекетінен аңғаруға болады. Ол үшін ұдайы лотерея билетін сатып алып, ұтыс ойындарын үнемі бақылап жүру керек.

Тіпті лотерея ойындарын қалт жібермей, ұдайы сатып алып, ұсақ-түйек ұтыс болмаса  ірі  ұтыстан үміті үзілгендер қаншама? Әр ойын сайын ішкі түйсігіне сенетіндерде бар. Үмітін үзбей, әр ойындағы фирларды қадағалап, математикалық тәсілге жүгініп, лотерея билетіндегі белгіленген цифрларды қадағалаумен ұтысқа қолы жеткендер, өзгелерге ешқашан үміттерін үзбеуге үндеп жатады. Ал енді, лотерея шынайы ұтпай қылмыстық жолмен ұтысқа қол жеткізіп, артынан қылмыстары әшкереленгендер абақтыда өмірлерін жалғастырып жатады.

Жақында қызылордалық көпбалалы ана лотереядан 156 миллион теңге ұтып алған. «Сәтті Жұлдыз» ұсынған лотереядан 156 миллион теңге ұтып алып, рекордтық ұтыс сомасына қол жеткізген қызылордалық  әйел ойда жоқта пайдаға кенеліпті. Қомақты қаржы ұтып алған әйелдің есімі Жанар. Оның айтуынша, отбасында әкесі ұзақ уақыттан бері лотереялар сатып алып, сәттілік сәтін күтіп жүреді екен. Алайда денсаулығына байланысты үйден көп шыға бермейтін әкесі ұтыс билетті сатып алған. Бірақ «онлайн» сатып алған соң ұтыс шыққаны  туралы хабарлама келіпті. Ұтыс туралы хабарламаға  сене  қоймаған  Жанар аздаған сома шығар деп ойлаған. Лотерея билеттерін  таңдағанда көбінесе ішкі түйсікке сенім артатынын айтқан әйел 156 миллион теңге ұтып,  күтпеген мол табысқа кенелген. Жанар өзгелерді де лотереяға сенуге және сәттілік серік болатын кезді күтуге шақырады. Лотерея билеттерінен жолдары сәтті болып, қолы жүргендер туралы әлеуметтік желідегі ақпараттарға көз сүзіп, оның ішінде қазақстандықтардың ұтысы жайлы ақпараттарға шолу жасадық. Соның бірі жиыр-ма жыл бұрын Тәжікстаннан Қазақстанға көшіп келген          Алматы тұрғыны Хаким Бобоев та лотерея жеңімпаздарының әңгімесінен шабыт алып,  «Сәтті Жұлдыз» Ұлттық  лотереясынан  тұрақты түрде 10 000 теңгеге билет алып отырған. Шілде  айындағы ұтыс ойынынан 42000 теңге ұтып алған азамат мұны өзінің жеңіс жолы деп есептеп, «Сәтті Жұлдыздың» келесі ойынына тағы да 12 билет алған. Сайттағы өзінің жеке кабинетіне кіріп, жиналған 600 бонусқа  тағы бір билет алған. «Сәтті  Жұлдыздың» «Loto6/49» тираждық  лотереясының ойнатылымында Астана қаласының бір тұрғыны 26 726 955 теңге ұтып алып, жеңімпаз атанған. Бұл жеңімпаз да 1976 жылдан бері ойнап, ұзақ  жылдан кейін ұтысқа қол жеткізген. Мұндайды қазақ «бұйырған кетпейді» деп тәмсілдеген. Сонымен қатар, қазақстандықтар «Мега Миллионер» лезді лотереясына қатыса алады. Бұл лотереяның лезді лотереялар арасындағы бас жүлдесі ең жоғары – 20 миллион теңге. Әрбір тіркелген билет «Екінші мүмкіндік» науқанына қосылып, аптасына бір рет болатын ұтысқа қатысып, миллион теңге ұтып алуы мүмкін. Ұтысқа тіркелу әр жексенбі Астана уақытымен сағат 23:59-да аяқталады. Сәттілік әкелер билетіңізді алып, өміріңізге өзгеріс әкелетін 20 миллион теңгенің иесі атануға асығыңыз деген жарнама жамағаттың көңілін өзіне аударып тұр. Осы лотерея және ұтыс ойындарына қатысты букмекерлік контораға қатысты дау-дамай туындап, соңғы жылдары Қазақстанда лотерея мен лото терминалдарына тиым салу талап етілгенін-Zakon.kz. хабарлаған болатын. Бұл туралы қоғамда екіұдай пікір қалыптасқан-ды. Егер лотерея мен лота терминалға тыйым салынса, кез келген бизнес көлеңкеге кетіп қалады деушілер де болды. Қазақстанда  лотерея ойындарын бірегей оператор «Сәтті Жұлдыз» АҚ  ғана ұйымдастыра алады. Бұл компания 2022 жылы отандық спортты дамытуға 3,6 миллиард  «Қазақстан халқына» қорына 101 миллион теңге бөліп, ел бюджетіне салық түрінде 6,8 миллиард аударған. Ұтыс ойындарынан миллиондап ақша ұтқандар бір сәтте байлыққа кенеліп, артынан тап-тақыр кедей болғанын,  тіпті ұтып алған миллиондарын алуға келмеген адамдар болған. Мәселен,18 жастағы канадалық Джулиетт Ламур 48 млн. Канада доллары (35,8 млн. АҚШ доллары) көлемінде джекпот ұтып алған ең жас жеңімпаз атанғанын Қаз ақпарат хабарлаған болатын. Жасөспірімнің қомақты қаржы ұтып алуына әкесі дәнекер болған. Канада баспасөзінің жазуынша, балаға әкесі лотерея билетін толтыруға кеңес берген. Ұтысқа ие болғанын естіген сәтте бірден әкесінен сүйінші сұраған. Ал енді лотереядан ірі көлемде ақша ұтып артынан түрмеге тоғытылғандар да бар болып шықты. Мәселен, Ресейдің Алтай республикасында қылмыстық жолмен ұтысқа қол жеткізген Жаңасібір облысының екі тұрғыны түрмеге тоғытылған. 2011 жылдың сәуір-маусым айларында қылмыскерлер ұтқан билеттерін Алтайда, «Ресей пошталарының» Маймин бөлімінде ұсынған. Екі алаяқ  поштадан барлығы 5 миллион 18 мың рубльді санап алып, көп ұзамай олар қолға түскен. 2018 жылы лотереядан 19 миллион доллар ұтып алған америкалық жігіт банк тонаушы болып шыққан. Бұл туралы Stan.kz. хабарлаған болатын, The Independent-ке сілтеме жасаған. 55-жастағы қылмыскер 11 қылмысқа қатысты күдікпен ұсталған. 1998 жылы ол лотереядан 19 миллион доллар ұтып алып,  әйелімен ажырасқаннан кейін ақшаның жартысын оған бөліп берген. Ол өзінде қалған ақшаның көбіне есірткі сатып алған. 2019 жылы лотереядан 10 млн. доллар ұтып алған  америкалықты ұтысын алмай жатып тонап кеткен. Жеңімпаз атанған адам, ұтысын алмай жатып, қуанышы қойнына сыймай көршілеріне айтып мақтанған. Алайда, келесі күні лотерея кеңсесіне барғанда 10 миллион ұтыс шыққан билетін біреу ауыстырып қойғанын байқаған, деп жазды The Washington Post. Ашық ауыздығынан зардап шеккен адам оқиғаны көршілеріне айтқанын жергілікті полицияға хабарлаған. Әрі ұрлықты көршісі жасауы мүмкін екенін полиция мен лотерея қызметкерлеріне ескерткен. Лотерея билетін ұрлатып алған адамның жорамалы айна-қатесіз келіп, ұрлықшы, әрі күдікті ақшаны алуға келгенде лотерея компаниясының өкілдері тонаушыға ақшаны бермей, полиция шақырған. Тергеу барысында  көршісінің үйіне ұрлыққа түсіп, лотерея билетін ұрлап кеткені анықталған. Тағы бір оқиға, Ұлыбританияда лотереядан 2002 жылы  жігіт 9,7 миллион фунт стерлинг (7 миллирд 400 миллион теңгеден аса) ірі ұтыс ұтып алып, ақшаны оңды-солды шашып, тіпті үйсіз, жұмыссыз қалған. Миллиардтаған ұтыс ақшасын күніне 10 мың фунт жұмсаған. Ақшадан басы айналып байлыққа кенелген жігіт  «Мерседес» көлігімен жүріп, жаяу жүргіншілерге фастфуд лақтырыпты. Тапқан байлығын бизнеске салмай, арақылыққа салынып, тақыр кедейге айналып үйінен де, көлігінен де айырылған. Бірақ, бұл азамат шашып төккен ақшасына өкінбепті. «Жеңіл келген нәрсе жеңіл кетеді» — деп қайтадан жұмыс істей бастаған.  Шотландияда тұрып жатқан азамат күніне 12 сағат жұмыс істеп, «Көмір салынған 50 келілік қаптарды тасып, жанармай бекеттерінде сатылатын отынды жарамын», — дейді. Оның сөзінше, таңғы сағат 06.00-ден кешкі 18:00-ге дейін 150 қап көмір тасиды екен. «Кейде маған шайға бірнеше фунт береді. Сол кезде күлкім келеді», – депті. Міне, лотерея ойының қызығы мен шыжығы. Ақша біреуге бақ алып келсе, біреудің қолынан сынаптай сусып тұрақтамаған. Ақшаның көзін тапқан соң оны да үнемдеп, тиісті жеріне жұмсап, қадірін білмегеннің басынан тайған бақтай ұшып кететінін осы оқиғалардан көруге болады. Не нәрсе болса да  адал еңбекпен тапқан дүние мүлкіңе не жетсін. «Ақша жүрген жерде албасты да жүреді» дегендей, лотерея билетін ұрлап, одан қалса түрлі көзбояушылыққа барғандардың жеткен жері абақты болды, адамзат баласына үлкен сабақ болса керек-ті.

А. БҰЛҒАҚОВ

 


ПІКІР ЖАЗУ