«АНАҢДЫ СЫЙЛА, АНАҢДЫ РЕНЖІТПЕ»

0
372

Жомарт ИГІМАН, ақын: «Әйелді қорлаған еркекті өмір өкінішсіз жібермейді. Өйткені әйел – өмірдің анасы, ал асыл перзент анасын ешкімге де қорлатпайды» деп жазыпты көрнекті жазушы Әзілхан Нұршайықов.
Әйел-ана ұғымы жастайымыздан санамызға сіңді. Әкем марқұм өмірден өтерінде «Анаңды сыйла, анаңды ренжітпе» деп аманаттаған анамыз тоқсанға тақап, шөберелерін мейіріміне бөлеп өтті өмірден. Тірлігінде екеуінің ың-шыңсыз сыйласымды ғұмыр сүргенін көзіміз көрді. Екеуара сол сыйластықтары бүгін, міне, ұрпақтарына мұра болып қалды.
Кеше ғана бар едің, барымды мен
ұрлаттым,
Қия алмайтын жан едің, қасиеттім,
қымбаттым.
Сіз көмкерген көрпенің, сетінер ме
жіптері,
Ескіре ме қимастық… оюындай
сырмақтың.
Мейіріміңмен шуағың айналаңа
шашылған,
Қайырымыңмен ізгі ісің көп еді ғой
шашыңнан.
Жылу төккен жүрегің, алақан ең
ашылған,
Намысты едің жел сөзді асырмаушы ең
басыңнан.
Есейдік, мектептің соңғы жылдарында көршілес ауылдың қызымен танысып, хат-хабар алысып, сағыныш деген киелі сезімнің сиқырын сезіндім. Сол сәлем хаттардың салмағын еселеу үшін өлең-жырға сүйендім. Көңілдегі көрікті ойды ақ қағазға өрнектеп жүріп өлеңмен достасып кеттім. Өлеңімді ұнатқан сол құрбым жиырмадан жаңа асқанда біздің үйдің отын жағып, бесігін тербетті.
Өткен күннен нұр саулап, жыр ағылған,
Арманынан адасар күнәлі жан.
Қыз жүрегін Қозыдай жаулау үшін,
Мен де өткенмін тағдырдың сынағынан.
Мұратына ұйытқан тамам жұртты,
Ғашық жүрек соғысын ғалам күтті.
Баламызға махаббат жырын оқып,
Тәңір тұтып келеміз адалдықты.
Ұл-қыз өсірдік, немере сүйдік. Біздегі жарасымдылық ұрпағымызға көшкенін көріп, іштей тәуба етеміз. Өмірдің өнегелі болып жалғасқаны жаныма шуақ сыйлайды.
Көктемді бүкіл әлем ұнатқан ба,
Күн күліп айналама нұр сыйлады.
Қар сіңіп, ашылды қыр, қыраттар да,
Бәйшешек ғұмыры зая қылтиғаны.

Жылға боп жамырасып жетті көктем,
Биіктен құлдилады төмен құлап.
Самал леп сергітті де, өпті беттен,
Думанға, құс үніне бөленді бақ.

Көктемді тез келсе деп жанар талып,
Алты ай қыс дала күтті мейірленіп.
Кеткендей реңденіп, ажарланып,
Наурызда әйел-ана пейілі кеңіп.

Маңайдан қаңтардағы арылды ызғар,
Сезіндім шуақты анық, жылуды анық.
Наурызда жас келіншек, ару қыздар,
Жайнайды, жасарады сұлуланып.

Қыздарды жұпар иісті гүл ме дедім,
Көз тартып көк белдерде жасанатын.
Білгенге, сезінгенге бұл дегенің,
Көктемнің қайталанбас шапағаты.
Жыл сайын өркен жайып, кемелденіп,
Жаңғырып, жадыраймыз, жаңарамыз.
Тәңіркөк мейірімімен мерейленіп,
Бусанды, міне, тағы Жер – Анамыз.

Ертеңге, беу адамзат, құт тілерсің,
Ертеңге ертегідей сеніп тұрмын.
Мерекең, нәзік жандар, құтты болсын,
Жайнасын, жарқырасын көрікті күн!


ПІКІР ЖАЗУ