КИМЕШЕК КИГЕН ҚАЙРАТКЕР ҚЫЗ

0
297

«КИМЕШЕК – қазақ әйелдерінің әдемілігін арттырып, ажарын ашатын киелі бас киімі ғой. Қараңыздаршы, қарапайым ғана қазақтың Гүлназ деген әйел затына кимешек қандай керемет көрік беріп, ажарын ашып тұр. Шашты жинап, гигиеналық және этикалық мәдениетті сақтап жүруі үшін де кимешектің орны бірегей», – деп жазады өзі туралы «Жетісу» телеарнасының журналисті Гүлназ МҰСТАФА инста және фб-парақшасында. Әріптесіміз айтқандай-ақ, шынында да аппақ шытырадай әйел адамның жамалына көрік беретін сәнді әрі көркем бітеу киім басқа жұрттың бірінде жоқ. Әз-Наурыз мейрамы қарсаңында кимешек киген әдемі келіншекпен сырласудың сәті туды.

Болмысы ерек, мінезі жайдары Гүлназ апай бала кезінен қазақы салт-дәстүр мен құндылыққа қанып өсіпті. Отбасындағы он баланың кенжесі әкесі мен анасының ақыл тоқтатып, білімі жетілген шақта дүние есігін ашқан.
«Ата-анам бес уақыт намазын қаза қылмаған, иман жүзді адамдар еді. Олардың да әкелері молда болып, балаларына өнегелі жол көрсетіп, ізгіліктің жолын ұстаныпты. Сондықтан өз ата-аналарынан түйгенді біздің бойға сіңіріп, имандылық жолына жетеледі», – деп ағынан жарылған Гүлназ ханым өмірдегі идеалы әкесі болғанын мақтанышпен айтты.
«Бала кезімде маған кітап оқытып қоюшы еді. Талай шығарманы оқып бердім. Әкем болса мықты тыңдаушы. Жәй отырмайтын, сол кітаптағы кейіпкерлердің жанында жүргендей, «пах, шіркін, не деген мықты, ақылдысын-ай» – деп риза болғандарын қолпаштаса, ренжігендеріне кейіп отыратын. Ондай тыңдаушың барда кітап оқыған да қызық қой. Менің сүйікті кітабым «Қан мен тер». Ел ауыр шығарма ғой деп жатады, бірақ бұл менің әкеме оқып берген алғашқы кітаптарымның бірі. Осы бір шығарманы басынан аяғына дейін мұқият тыңдап, ауыр тұстарына келгенде әкем марқұм жүрек жағын бір сипап, қора жақты бір айналып келейін деп кетіп қалатын. Жүрегі шаншып кетеме екен.Оны кейін ойлаймын, ол кезде түсінбеппін. Сол шығармадағы Еламанды әкем қатты жақсы көрді, мықты азамат деп кейбір тұстарын қайталап оқытатын», – деп өткен күндерін сағына еске алды Гүлназ ханым.

Өмір жолы

Әр адамның ішінде бір-бір арман жатады. Бала шақтағы арманның жөні тіпті бөлек қой. Бала Гүлназ теледидарда диктор болуды армандапты. Алайда мектепті тәмамдаған шағында өмірін журналистика емес, мұғалімдік жолмен жалғайды. Оқу орнын бітіріп, тұрмысқа шығады. Мектеп пен отбасылық өмірді қатар алып жүрген шағында басына қара бұлт үйіріліп, бір жылдың ішінде енесі, артынан қайын ағасы өмірден өтеді. Мұнан кейін іле-шала сүйген жарынан айрылады. Қабырғасын қайыстырған қаралы қазадан оның өмірге деген құлшынысы да жоғалып, іштей «Адамдар өлетін болса неге өмір сүреді?» деген оймен өзін жей береді. Жанына батқан жара оны депрессияға түсіреді. Сіңлісінің жайын көрген әпкесі оның өмірін басқа арнаға бұруды ойлайды. Осылайша Гүлназ апайды жетелеп сол кездегі «Жерұйық» (қазіргі «Жетісу») телеарнасына алып келеді. Мұндағы әпке ойы сіңлісінің көңілін басқа арнаға бұру еді. Ойлағанындай-ақ, жанға жайлы жылылық пен жаңа орта Гүлназ Мұстафаның өмір жолына жаңа леп алып келеді. Сөйтіп, оның жаңа арнадағы – жаңа жолы бастау алады.

Аналардың алтын тәжі

…Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса…
Нені көрем – деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, расында кимешек қазақ даласындағы аналардың алтын тәжі ғой, – деп жалғады сөзін Гүлназ апай. Айтуынша, марқұм анасы да өмірінің соңына дейін кимешегін шешпеген екен.
«Кимешекке келмей тұрып көп ойландым. Намаз оқып жүріп басыма орамал тақтым. Бірақ мойын тұсым ашық тұрса, өзімді жайсыз сезінентінмін. Күнде басыма не тақсам болады деп мазам қашатын-ды. Хиджап деген ұнамайды әрі бұл менің қалауым емес. Дей тұрғанмен, нені қаласаң, сені іздеп өзі табады деген сөздің жаны бар болып шықты. Не киемін деп көп ойланып жүргенімде «Қазақ аналары – дәстүрге жол» атты қоғамдық бірлестіктің төрайымы Айнұр Жүгінісова байланысқа шығып салт-дәстүрді дәріптеу жолында филиалымыздың жұмысын Жетісу облысы бойынша жүргізуімді сұрады. Біраз ойланғаннан кейін кездесуге бардым. Сөйтіп кимешек киген Айнұр шықты алдымнан. Бірден санама «менің де шешем кимешек киген еді ғой» деген ой келіп, «кимешегіңді киіп көрейінші» дедім. Кимешекті киген сәтте «Міне, менің қалағаным осы» дедім іштей. Осылай сол күннің ертеңінде еш ойланбастан кимешек тіктірдім», – деген ол кимешекті киген күннен оның өмірі де күрт өзгергенін айтады.
«Кимешек киген сәттен бастап өмір жолымда түрлі жетістіктер орын алды. Республикадағы алғашқы кимешекті депутат болдым. Сыртқы ортада көпшіліктің көзіне ерекше дараланып, мерейім де арта түсті. Тіпті жанымда жүрген әріптестерімнің де қасымда өздерін өзгеше ұстайтынын байқадым. Бір сөзбен айтқанда, жеке имиджімді қалыптастырдым…. Кимешектің киесі деген сол – өзіңді құдды бір таза әлемде өмір сүріп жатқандай күй кешесің. Артық ойдан, сөзден, ерсі қылықтан арылып, жаның жақсылыққа ғана құштар болады. Мүлдем басқа жаққа бет бұрасың. Анамның «кимешек – әйелдің қорғаны ғой» деп айтатын сөзін осы кезде жиі еске аламын. Шіркін деймін, кимешекті қадірлейтінімді анамның көзі тірісінде көрмегені-ай деп кейде кейіп қаламын» – дейді ол.
Қазақы салт-дәстүрді бала кезінен бойына сіңіріп өскен Гүлназ апай қазірге дейін ата-анасынан көргенін өз балаларының бойына сіңіріп қалуға тырысып келетінін айтады. Келін түсіріп, немерелі болғанда бесікке бөлеу дәстүрін де жаңғырту көкейдегі басты ойларының бірі.
Ұлыстың ұлы күніне орай «наурыз көже» жасау да «Мұстафа» әулетінің басты ұстанымы. Айтуынша, Наурыз мейрамы қарсаңында әулеттің бала-шағасы жиылып, көже жасап, бұл күнде ерекше ілтипатпен атап өтеді.

Тест-пилот

Әріптесімізбен әңгімелесуде оның өмірге деген шексіз құштарлығын аңғардық. Журналист, инфопродюсер, депутат, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ Жетісу облысы бойынша филиалының төрайымы Гүлназ Мұстафаның тағы бір қыры – парапланеризм спортымен шұғылданып келетіні. Оның бұл спорт түрінен тест-пилот атануы да жайдан жай емес.
«Бұл парапланеризм спортындағы жауапкершілігі жоғары іс-әрекет. Мысалы, әдетте қонып жүрген жерің балшық болып, басқа жақтан финиш таңдаған кезде алдымен бір адамды ұшырады. Бәрі қарап тұрады, сен дұрыс орын тауып, қонуыңа қарап желдің бағытын анықтайды. Содан кейін барып, басқалары ұшады. Менде сондай тест-пилот дәрежесіне көтерілдім. Мен үшін бұл үлкен жетістік.
Мен үшін осы бір аспанға ұшатын қыз -жігіттермен өткізген уақыттың мәні зор. Олармен әлемдік деңгейде әңгіме айта аласың. Себебі спорттың бұл түрінен таныс достарың әр мемлекетте бар. Айтатын әңгіме де ортақ. Жаныңда қарапайым болып жүрген достарың халықаралық деңгейдегі чемпиондар. Ойлау қабілеттері де, сөздері де, ұстанымдары да ерекше. Сондай ортаны маған бұйыртқан Жаратушыға мың алғыс», – деп ағынан жарылды Гүлназ ханым.
Ойыңды әдемі өріп қана емес, сол ойдан нәтиже шығара алып жатсаң жақсы емес пе. Гүлназ Мұстафа да ойын айтып, оның іс жүзінде жүзеге асуына барын салатын қайсар жан. Өзі айтқандай, бұрын журналистік көзқараспен маңыздысын ғана түртіп алып, сол бойынша мәтін жазатын. Қазір депутат ретінде оған басқаша қарау талап етіледі. Бұл жайында бір жазбасында: «Қаншама уақытым облыстық бюджет қаржысының қайда, қалай жұмсала бастағанын анықтап білуге кетті. Осындайда салым суға кетіп, енжарлыққа бой ұрам. Осы саған керек пе еді, нең бар еді депутат болып деген ойлар мазалайды-ай келіп, Өзімді біраз сөгіп барып ісімді қайта қолға алам. Сосын: «Гүлназ, сенің бұл өмірге келгендегі миссияң осы, өз-өзіңді жұбат та алдыға қарай ұмтыл. Сені ұлы істер күтіп тұр» деп француз ақсүйегі құлының графқа айтқан сөзін қайталап, өзімді қамшылаймын», – депті.
Өмір-өзен жолында өзіңізді қамшылаудан жалықпай, алға қадам баса беріңіз, қазақтың қайраткер қызы! Мереке құтты болсын!

Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ