ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

0
298

Ер азаматтармен бірге  қатарласа жүріп  қой қырқудан алдына жан салмаған Қазия  ЖҰМАҒҰЛОВАНЫҢ  есімін Сарқан ауданына қарасты  Қойлық ауылының тұрғындары  жақсы білетін болар.  Күніне жүз қойдан қырқатын көп балалы ананың еңбегі елеусіз қалмапты. 1985 жылы колхозшылар арасындағы қой қырқу жарысында  апамыз бірінші орынды иеленген.

Қырықтық кезінде ерлермен тең дәрежеде қой қырқатын келіншек туралы сол кездегі аудандық «Путь Ленина» газетінде мақала да жарияланыпты. Өзі туралы жазылған мақаланы ол отбасылық альбомға жапсырып, бүгінге дейін көзінің қарашығындай сақтап келеді. Ұлыстың ұлы күні – наурыз мерекесі қарсаңында жетпістің жетеуіне келген қазақтың еңбекқор қызы Қазия апамен жолығып, әңгімелесіп қайтқан едік.
Өмірі өнегеге толы аяулы жанның сөзінше, небәрі 13 жасқа толар-толмас шағында анасынан айырылып, жетімдіктің тауқыметін ерте тартыпты. Анасының өлімі оның балғын балалық шағын да, кейін құрылыс саласының маманы болсам деген іштегі ой-арманын да күл-талқан еткен. Десе де, басынан талай қиындықты өткерген асыл ана еш мойымай тек алға қадам басқанын айтып, өткен өмірінен сыр шертті.
«Шешем көз жұмған соң әкеміз қайта үйленді. Бойжетіп қалған мен үшін өгей ананы қабылдау қиын болды. Сондықтан небәрі 15 жасымда өзімнен үш жас үлкен азаматпен бас қосып, келін атандым. Келген шаңырағымда үш енем болды. Оның екеуі атамның бәйбішесі болса, үшіншісі тоқалы-тын. Ал, бәйбішенің бірі – әмеңгерлік жолмен алған өзінің туған жеңгесі екен. Оның екі баласы болды. Ал атамның бәйбіше мен тоқалдан туған он бір баласы, соның тұңғышы менің жолдасым – Есенқұл болды. Қысқасы, үш бірдей ененің бабын тауып, тоғыз қайын мен екі қайын сіңліге қызмет қылдым. Ол кездерде тоқал тамдар еді ғой. Соның бірінде алты баламен атамның тоқалы тұрса, тағы бір үйде екі енеммен бірге біз тұрдық.
Жастай босаға аттасам да ата-енемнің алдынан кесіп өтпедім. Үлкендердің алдына түсіп сөйлемедім. Алланың берген тоғыз баласын аман-есен дүниеге әкелдім. Екі-үш балалы болғанда, шамамен жиырма жасымда колхоз қойларын қырқушы болып жұмысқа тұрдым. Затым әйел болса да қырықтыққа баратын 100 ер азаматтың ішінде ең озық қырқушы болдым. Мұнан кейін он екі жылдай аспазшы болып еңбек еттім. Қырманда, одан кейін мектепте еден жуушы болып жұмыс істедім. Белім бүгілгенше қара жұмыстан қол үзгенім жоқ. Дей тұрғанмен зейнеткерлікке көп балалы ана ретінде шықтым», – деп ағынан жарылды апамыз.
Көпті көрген ананың сөзінше, отбасының беріктігі – әйелден. Мұндайда қазақтың: «Жақсы әйел – жарты иманың», – деген мәтелі еске түседі. Қазия Жұмағұлова әйел — текті, иманды, ибалы болмай, ер бақытқа бөленбейтінін айтады.
Есенқұл атамен бірге 49 жылға тарта ғұмыр кешіп, тоғыз баладан 15 немере, 30 шөбере сүйген ана – ене мен келін арасындағы қарым-қатынас, наурыз мерекесі жайлы да тебірене айтты.
«Ене мен келіннің ара қатынасы, бітпейтін әңгіме» ғой дейді ол. – Енелер де бір кездері келін болды. Келіндер де кейін ене болады, мына мен секілді. «Сиырдың басына туған күн, бұзауға да туады» – деген сөз бар емес пе, қазақта. Өкінішке орай бұл сөздің пайымын кеш түсініп жататындар баршылық. Сөзімде айтқандай, бір емес, үш ененің тәрбиесін көрген жанмын. Құдайға шүкір, сол бір қазыналы енелерімнің арқасында шешемнен ерте айырылсам да ананың жылы лебін сезініп өстім десем болады.
Жалпы «келін» деген сөздің өзі, келген адам деген мағынаны білдіреді екен. Жұмағұловтардың отбасына келін болған күннен бастап сол шаңыраққа сіңісіп кетуге өзім де барымды салдым.
«Келін қай жерден, қандай отбасынан келсе де, ол баламыздың таңдауы. Ұлымызбен бірге отбасылық өмірге қадам басып, ұрпақ жалғастырар екінші жартысы, жан жары. Алдымен Алланың, екінші ата-анасының аманаты. Аманатқа қиянат жасау, үлкен күнә» – дейтін еді марқұм енелерім. Мен де сол ізгі жолдан аттап кеткенім жоқ.
Келінге қаншалықты мейіріміңізді төгіп, ақылмен-сабырмен, өз отбасыңыздың тәртібін, жәй-жапсарын үйретіп, бауырыңызға бассаңыз, ол да сізге бар мейірімін төгері анық. Бұл өмір шындығы. Өмірдің айнымас заңдылығы».
Берекелі отбасының аяулы отанасы, сыйлы енесі, немерелердің сүйікті әжесі болып отырған Қазия апа осының бәрі Алланың оған берген сыйы әрі кезінде өзі ерекше жақсы көріп, тәлім-тәрбие алған енелерінің де еңбегі екенін тағы бір даралап айтты. Құдай қосқан қосағымен бірге жарасымды ғұмыр кешкен апамыз балаларын адалдық пен еңбекқорлыққа баулып өсірсе, олар да өз балаларын осындай ізгілікті жолмен жүруге тәрбиелеп келеді.
«Наурыз мейрамы деген ұлттық дәстүрімізді ұлықтайтын күн ғой. Сонымен қатар қазақтың түрлі салт-дәстүрін жаңғыртатын мереке. Бұл күні қазақтың әр отбасында қазан асылып, наурыз көже жасалады.
Менің бала кезімде наурыз мерекесі қалай тойланғаны есте қалмапты. Ал тұрмыс құрып, отбасылы болған шақтан колхоздың тұрғындары бөлімшелерге бөлініп, бұл күнді ерекше атап өтетін-ді. Мен ол шақта аспазшы болып жұмыс істедім ғой. Сондықтан ауыл еңбеккерлері үшін арнайы наурыз көже жасайтынбыз. Өздеріңіз жақсы білетіндей, көжеге жеті түрлі дәм қосылып жасалады. Оның да өзіндік мәні бар. Мәселен, көжеге су қосқаны – өмір өзен, ұрпақ-өріс судай асып-тасысын дегені. Екінші дәм, тұз қосқаны – қазақ ешқашан дәмсіз сөз сөйлемеген. Бір-бірімізге дәмді сөз айтып жүрейік дегені. Үшінші дәм, сүт немесе ақ құйғаны – сүттей ұйып отырайық, ақ мол болса денсаулыққа да кепіл дегені. Төртінші дәм, құрт қосатын себебі – қуаттың көзі болсын, ел қуаты нығайсын дегені. Бесінші дәм, ет қосатыны – қазан толсын, асар мол болсын дегені. Алтыншы дәм, арпаны қосқаны – жаратушы Алла «нандардың ішіндегі ең жақсы нан – арпа наны. Кім оған қанағат қылса, ол оны тойдырады. Себебі, ол менің наным, барша пайғамбардың наны» деген екен. Жетінші дәм, ол – күріш. Мұны қосатыны – бір тамырдан өсіп-өнген күріштей ұрпағымыз да көп болсын дегенге саяды. Міне, наурыз көже деген – қазақ тілегінің, ырымының басты көзі болып табылады», – дейді қарт-ана.
Мақалаға арқау болған кейіпкеріміздің қалалық болғанына жиырма жылдың жүзі болған. Бүгінде қала маңындағы Еркін ауылында екі немересімен бірге тұрып жатыр. Әңгіме желісінде ана-жүрек құдай қосқан қосағы, марқұм Есенқұл атамен бірге тамырын тереңге жайып, бүгінде Жұмағұловтар әулетінің алып бәйтерекке айналғанын да аса бір мақтаныш сезіммен айтты.
Саналы ғұмырын, қажыр қайратын еңбекке арнаған Қазия апамыздай рухы мықты, тұлғасы биік жанға қандай құрмет көрсетілсе де жараспақ. Аман болыңыз апа, әз-Наурыз мейрамы құтты болсын!

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ