КӨКТЕММЕНЕН СӘН КЕЛДІ, НАУРЫЗ КЕЛДІ, ӘН КЕЛДІ!

0
210

Өткенге де, көктемге де бауырмыз,
Нұр шуаққа, Гүл шуаққа зәруміз.
Көктемменен бірге келген наурыздың,
Қарсы алдынан шыға келді ару қыз.

Көңілінен күй төгілген күмбірлеп,
Ару қыздар кетіп жатыр бір-бірлеп.
Құшақ жайып келіп тұрған көктемнің,
Жүрегінде үміт-арман тұр гүлдеп, – деп жырлаған ақын Әбен Дәуренбековтен асырып бұл көктемнің кереметін кім айтсын. Жанымызды нұр шуаққа да, гүл шуаққа да бөлеп, көкорай көктеммен бірге күллі мұсылман баласы тойлайтын жаңа жыл – әз-Наурыз келді ағайын!

Қар көбесі сөгіліп, жердің тоңы жібіп, көктемнің жұпар иісі танауды қытықтайды. Бұл «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер» мезгілі. «Көтеремнің аузы көкке тисе, көксау да өлмейді» деп тәмсілдеген малсақ шаруалар «қой-қоздап, қорада у-шу» болатын, егінмен айналысатын шаруалар, қыстай күрегін сайлағандар білек түре танаптарға аттанатын уақыт та таяды. Тарихи кезеңдерге көз жүгіртсеңіз, ата-бабаларымыз жаңа жыл – наурызды тойлауды «Наурызнама» деп атаған. Ұлы әрі ұлық мереке 8-9 күнге ұласқан. Биылдан бастап бұл мереке жаңаша тойланатын болды. Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев 10 күндік кесте ұсынып, бұл республиканың барлық аймағында жүзеге асырылуда. Бұған дейін болған Наурыз мерекесі батыс облыстарында «Көрісу», «Амал» мерекесі деп аталып, Наурызды батыс облыстары ерте бастап кететін. Енді міне, бұл мереке де бір ізге түсіп, жалпы республика бойынша бір жүйеде аталып өтуде. Он күнге созылған ұлттық мереке Наурыздың мән-мағынасы мен мазмұнын байытып, мәдени әрі дәстүрлі шаралар қамтылмақ. Бұл мереке он күнмен ғана шектеліп қалмай, тарихи құндылықтарға, ұлттық салт-дәстүрлер мен экологиялық акцияларға дейін жалғасып, әртүрлі форматтар бойынша 10 мыңнан астам іс-шара жүзеге асырылмақ.
14-ші наурыз күні Маңғыстау облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен құрыл-тай өтті. «Амал» мерекесінен бастау алған мейрам күллі мұсылман қауымы үшін адам баласын мейірімділік пен ізгілікке үндейтін, қайырымдылық пен қамқорлықтың символына айналмақ.
Құрметті, Жетісу жұрты! «Алатау» қоғамдық-саяси газеті ұжымының атынан сіздерді әз-Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Көңілдеріңіз көктемдей жайнап, жүздеріңізден нұр таймасын. Отбасыларыңыздан бақыт пен шаттық кетпесін. Көкорай көктеммен келген сәндеріңіз салтанатқа, наурызбен келген әндеріңіз мархабат пен махаббатқа ұласа берсін. Жылдан аман өткенімізге, жаңа күнге жеткенімізге мың бір тәубе. Наурыз мерекесімен қабаттаса келген оразаларыңыз қабыл болсын, ағайын!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ