«ҚҰРАҚ ҚҰРАУДЫҢ ӨЗІ БІР МАТЕМАТИКА»

0
1627

Мата қиындыларынан қиюластырылып жасалған түрлі-түсті әсем көрпелер әрбір шаңырақтың сәні ғой… ал көңілге жылулық сыйлайтын мұндай көрпеге отырсаң өзіңді хан жайлауда отырғандай сезінетінің тағы рас.

Талдықорған қаласында тұратын Сәуле Есенаманқызы бала кезінен қолөнерге жақын болды. Анасының жанынан бір елі шықпай, жасағанын қайталаумен қолөнерге қызығушылығы арта түсті. Айтуынша, құрақ құрау деген тұнып тұрған математика.
Қолөнер десе ішкен асын жерге қоятын кейіпкеріміз бүгінде іскерлігін кәсіпке айналдырған шебер жанға айналды.
«Қазақ үшін құрақ көрпешенің мән-мағынасы ерекше. Ұзатылған қыздың жасауына, енші берілген жас отауға «басың құралсын, әулетті болыңдар» деген ізгі тілекпен міндетті түрде құрақ көрпеше беретін әже-апаларымыздың әдемі үрдісі әлі күнге сақталған. Өміршең өнерді өлтірмей келетін құрақшыларымыз аз емес. Алайда, сапаға мән беретіндер, құрақтың қыр-сырына жіті қарайтындар нағыз құрақшыны көрпешенің тігісінен-ақ ажыратып алады», – дейді ол.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Сәуле Есенаманқызы бұл өнерін кейінгі жастарға, қыз-келіншектерге үйрете отырып, ұлттық қолөнерімізді сүюге және оны дамытуға айтарлықтай үлесін қосып келеді. Қол қусырып қарап отырмай, кәсіптің көзін тапқан келіншектің бұл ісіне көпшілік риза.
Істің көзін тапқан ісмер жанға ісіңіз алға баса берсін дейміз. Көктеммен келген әз-Наурыз мейрамы құтты болсын!

ЗАРИНА БЫЖЫБЕК


ПІКІР ЖАЗУ