ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕП АШУ БИЗНЕС ПА?

0
812

Дерек көздеріне сүйенсек, елімізде жекеменшік мектептер Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрыла бастапты. Қазіргі күні Астана, Алматы қалаларында жекеменшік мектептердің білім беруде озық үлгісі қалыптасқан. Ал, жалпы статистика бойынша, жекеменшік орта мектептердің 90 пайыз түлегі университетке түсіп, оны жақсы нәтижелермен аяқтайды. Әрі бүгінде әлемге танымал саяси тұлғалардың басым көпшілігі жекеменшік мектептің түлегі екен.

Шетелдің білім беру жүйесін зерттеп көру үшін бірнеше елді аралаған. CA Garden Schools басқарушы компаниясының директоры Нұрмұхамед Досыбаев «Азаттық радиосына» берген сұхбатында: «Жекеменшік мектептердің қаншалықты жақсы білім беретіні құрылтайшыларының мектепті қандай мақсатпен ашқанына байланысты болуы мүмкін. Біреулер оған сапалы білім беретін оқу орыны ретінде қараса, тағы да біреулер кіріс келтіретін бизнес ретінде мектеп ашуы ықтимал» – депті.
Қалай десек те, мектеп табыс табатын емес, ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін орын екені белгілі. Алайда ел іші жекеменшік мектептердің барлығында сапалы білім беріледі деу жаңсақ пікір екенін айтады. Ал балаларын ақылы мектепте оқытатындар жеке мектептегі атмосфера мемлекеттік мектептен мүлдем өзгеше дейді.
Осы орайда біз облыс орталығы Талдықорған қаласында ашылған жекеменшік мектептер туралы қалам тербеуді жөн көріп, білім ошақтарының тынысымен танысып, басшыларымен тілдескен едік.

Ниеттен – жетістікке…

Аян Тілеубекұлы, «INNOVERSE TALDYKORGAN» жекеменшік мектебінің құрылтайшысы: «Мектепті құру жоспары серіктесім Жұмаділ Мырзабекұлы екеуміздің ортақ ісіміз. Бастапқыда курс ретінде аштық. Ондағы мақсат – балалардың орта мектепте алған білімдерін қосымша негізде арттыру еді. Сөйтіп түстен кейінгі уақытта балаларды ҰБТ-ға дайындауды бастадық. Алайда оқушылардың көпшілігі екі жақта шапқылап жүріп шаршап қалатындықтарын байқадық. Сөйтіп жүріп өзіміздің жеке мектебімізді ашсақ деп ниеттендік. 2019 жылдың қыс мезгілінде жекеменшік мектеп ашуға қолымызға лицензия алдық. Осылай «Ниеттен – жетістікке» деген ұранмен ісімізді бастадық. Атауын неге «INNOVERSE TALDYKORGAN» деп қойдыңыздар дейсіз ғой. Негізі бұл атау түрлі мағынаны береді. Бірнеше варианттың ішінен «Жаңа әлемдегі Талдықорған» деген аудармасы ұнады. Біз осы нұсқаны қабылдадық. Тура мағынада болмаса да, осыны таңдадық. Серіктесімнің маркетинг саласы бойынша білімі өте жоғары болғандықтан ағылшын тілінде жазуды құп көрдік.
Мектепті ә деп ашқанда директорлық міндетті өзім атқарып келдім. Одан кейін Әділет ағайды тағайындадық. Ол – өте әмбебап адам. Өзі математика пәнінің мұғалімі әрі менеджмент жағынан, қаржылық сауаттылығы да жоғары маман.
2020 жылдың қаңтарынан бастап мемлекеттен қаржы аламыз. Бұл қаржыны да оп-оңай ала салмайсың. Алдымен арнайы тексеру, аудит жүргізеді. Егер барлық ісің сәйкес келіп жатса ғана ақша бөледі. Ал, берілетін қаржы оқып жатқан бала санына орай есептелініп бөлінеді.
Негізі сапаға қарайды ғой. Бізде 10-11-сынып болған соң жоғарғы оқу орнына түсу дәрежесін, одан кейін жұмысқа тұруына да мән беріп қарайды. Мәселен, 2019-2023 жылдар аралығында мектепке қабылданған 565 түлектің 20 пайызы ғана грант иегері бола алмады. Қалғандарының дерлігі жоғары оқу орнына түсті.
Жалпы, ата-ана бастауышта балаға көп көңіл бөледі де, бесінші сыныпқа көшкенде оны түрлі үйірмелерге беріп, сол жаққа итере салады. Түске дейін сабақта, түстен кейін секцияда. Осылайша 5-9-сынып арасында балаларының біліміне баса мән бермей, босаңсытып алады. Содан 9-шы сыныпты аяқтаған шақта «мына баланы не істейміз, колледжде оқытамыз ба әлде университетке түсе ме» деп жанталасады. Осы 5-9-сыныптың аралығында оқушының ата-анасына орта мектеп мұғалімі «балаңыз оқымай жүр» деп құлақтандырғанымен, оның сөзіне олар бас ауырта бермейді. Содан кейін, тура 10-сыныпқа келгенде баласын емес, көпшілігі мұғалім дұрыс оқытпады деп кінәлап жатады.
Баланы «ағаш» деп есептесек, төрт жыл бойы ағашқа су құйып келесіз де, одан кейін қараусыз қалдырсаңыз, оның қандай күйде болатынын көзіңізге елестетіңізші. Бала да солай ғой. 10-11-сыныпқа келгенде одан жақсы нәтиже көргіміз келеді. Біздің курсты ашу себебіміз де осындай балаларды біліммен қаруландыру еді.
Жекеменшік мектеп ашуды бизнестің көзі деп қарайсыз ба? Бұл сауалға жан-жақты жауап беруге болады. Байқасаңыз, бізде «сеть» мектептер көп. Бұл – әр қаладан ашып алған мектептер. Мұны бизнес деп айтуға болатын шығар. Алайда, олардың да өз ойлағандары болуы мүмкін… Ал біздің мақсат әу бастан осы Талдықорған қаласында ғана ашу болды және түпкілікті нәтижесін көруді, 10-11-сыныптың балаларын оқытудың өзін шырқау шегіне жеткізсек деген ойды ғана көздедік. Сөзімде айттым ғой, «ниеттен – жетістікке» дейін деген ұранмен балаларды оқытып, оның жақсы маман болып шығуына жол ашу ғана. Жалпы, қандай істі қолға алсаң да ниет түзу болуы керек».

Басты ұстаным – сапалы білім беру

Әділет Жанарбекұлы, «INNOVERSE TALDYKORGAN» жекеменшік мектебі бірінші филиалының директоры: «Алғаш ашылған 2021-2022 жылғы оқу жылында мектебімізден 268 бала бітіріп шықса, соның 9-ы ғана грантқа түсе алмады. Біз жыл сайын 11-сынып оқушылары үшін Алматыға арнайы тур ұйымдастырып, онда орын тепкен оқу орындарына апарып көрсетеміз. Жүрек түкпірінде кім қандай оқу орнын таңдаса алдын ала көрсін, білсін деген оймен. Осындай турдан кейін баланың бойында белгілі бір мақсат пайда болып, оқуға деген ынтасы да оянады. Бір қуантарлығы, оқу орындарына барғанда өзіміздің балалар алдымыздан шығып, амандасып жатады. Мұны көргенде іштей еңбегіміздің ақталып, жемісін беріп жатқанын аңғарып, бұдан да бетер жұмыс істеуге құлшынысымыз оянады.

Білім – бүкіл әлемді өзгерте алатын қуатты қару. Егер білім беру жүйесінде сапаға мән берілмесе, тұрақты даму болмайтыны сынды, біздің мектеп те сапалы білім беруді басты ұстаным етеді.
Қазір көпшілігі жекеменшік мектепті ақша табудың, бизнестің көзіндей көреді. Өкінішке орай, көрсеткішке мән беріп жатқан жан жоқ. Талдықорған қаласында ҰБТ бойынша жоғары балл алып жатқан мектептің біріміз деуге болады. Әрине, ел ішінде жеке мектептер жайлы «дайын асқа тік қасық» деген пікір қалыптасқан. Яғни, мемлекеттік мектептерден келетін дайын, білімді баланы оқуға қабылдап алады да, ары қарай аз ғана күш жұмсап, нәтижесінде өздеріне ұпай жинайды деп жатады. Бұл – қате пікір. Себебі біздің мектепке келгенде олардың білімі тексеріліп, тест арқылы қабылданады. Тест көрсеткіші төмен көрсетсе де баланы қабылдап, ары қарай оның білім деңгейін өсіруге күш саламыз. Мектебімізге тек жақсы оқитындарды ғана емес, үштік бағамен келгендерді де бөлмей қабылдаймыз. Алғаш рет тест тапсырғанда 35 балл алған бала жыл соңында 85-90 балға дейінгі көрсеткішті көрсетеді.
Талдықорғандағы үшінші жыл қатарынан жұмыс істеп келетін мектебімізге баланы қабылдау үшін түрлі жеңілдіктер де қарастырылған. Көп ата-ана баласының қандай мамандыққа бейімділігін білмей жатады. Бізге келгенде тегін «профориентация» жүргіземіз, яғни, қандай кәсіпке бейімі барын тест арқылы анықтаймыз. Осы бойынша қандай мамандықты таңдау қажеттігін айтамыз.
Қазіргі таңда екі филиалды қосқанда 813 бала білім алуда. Соның ішінде осы мектепте 602 бала, оның 319-ы 11-сынып оқушылары. 11-сыныптан 16 сынып бар. Алғашқыда 10-11-сыныптар үшін ҰБТ-ға дайындайтын курс ретінде қалыптасқан академия соңғы үш жылда жеке мектепті ашып, талай баланың білімін жетілдіруге барынша үлес қосуда. Бүгінгі таңда 80-нен аса мұғалім оқушылардың білімдерін жетілдіру жолында аянбай тер төгіп келеді.
Жалға алып отырған ғимарат 1958 жылы салынған. Бүгінде толық күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, заман талабына сай етіліп жасалып, жабдықталды. Мұнда тек қаладағы балалар ғана емес, аудан, ауылдардан келген оқушылар да білім алуда. Осы орайда айта кетейін, оқушылардың сабақ уақытынан тыс немен шұғылданатыны да аса маңызды. Сынып жетекшілері күнде кешкілік балалардың ата-аналарына арнайы есеп беріп отырады.
Сөз басында айтқандай, әр балаға төлейтін оқу төлемақысы ай сайын 75 мың теңге. Орташа математикалық есеппен алып қарасаңыз әр баладан түсетін ай сайынғы төлемақы мұғалімнің еңбекақысын төлеуден аспайды. Ал оның сыртында мемлекетке төлейтін салығыңыз, мекемені жалға алып отырғандықтан оның ақшасын шығару керек. Сондықтан мемлекеттен «Жан басына шаққандағы қаржыландыру» бойынша ақша беріледі. Бұл ашық бағдарлама. Ай сайын Білім министрлігіне осынша балаға білім бердік деген жұмыс актісін өткіземіз, соған сай мемлекеттен бала басына қаржыландыру бөлінеді.
Жеке мектеп бизнестің көзіне айналды деген қаңқу сөз қайдан шығады? Өкінішке орай, оқу-ағарту министрімен өткізілген бір жиында балалардың аты-жөнін өтірік тіркеп, жеке мектеп аштық деп мемлекеттен ақша алып отырғандар анықталғаны айтылды. Осындай жандар біраз жеке мектептің атына кір келтіргені былай тұрсын, мұны бизнестің көзі ретінде ашқан ғой деп қарайтындар саны көбейді.
Меніңше, болашақта мықты деген жеке мектептер ғана қалуы мүмкін. Оқу ағарту министрі айтқандай-ақ, біз бір нәрсені ұғынуымыз керек: мектеп – жекеменшік болғанымен, бала – жекеменшік болмайды».

ҰБТ-мен өмір өлшенбейді

Айбар Нұрболұлы, «INNOVERSE TALDYKORGAN» жекеменшік мектебі екінші филиалының директоры: «Жыл сайын балалар санының көбеюімен 2021-2022 жылғы оқу жылында екінші филиал іске қосылды. Мектебімізді бітіріп жатқандардың шамамен алғанда 95 пайызы грант иегері атанады.
Өздеріңіз жақсы білетіндей, «INNOVERSE TALDYKORGAN» 2016 жылы алғаш курс ретінде есігін айқара ашты. Қазіргі таңда да курсымыз жұмысын жалғастырып келеді. Соңғы жылдарда қалада ҰБТ көрсеткішінің пайызы төмендеп кеткен-тін. Мұның себеп-салдарына назар аудара келе, курстан бөлек мектеп ашуды жоспарға қойдық. Яғни, дайындыққа келетін оқушылар үшін ыңғайлы, қолайлы жағдай туғызу. Ал курсқа келетіндер өз мектебінде түске дейін оқып, одан кейін қосымша түстен кейін бес пән бойынша бізде кешкі 19:00-ге дейін дайындықта болады. Бұл бала үшін өте қолайсыз, оның тез шаршап қалуына әкеледі. Екіжақты білім алу үрдісі қиынға соғып жатады. Сондықтан да осы мәселелерді ескере келе жеке мектепті қалыптастыруға ден қойылды.
Қазіргі таңда 10-11-сынып оқушылары мектебімізде білім алуда. Сабақ уақыты 9:00-де басталып, кешкі 18:00-де аяқталады. Бұл жерде балаға барлық жағдай қарастырылған. Жеке мектептің артықшылығы – бала саны әдеттегі мектептен аз болады, сәйкесінше балаға көңіл бөлу мүмкіндігі жоғары. ҰБТ-да келетін пәндерге басымдық беріледі.
Дәл қазіргі таңда осы филиалда облысымыздың аудан, ауылдарынан келетін 260 бала білім алуда. Оқу ақысы ай сайын – 50 мың теңге. Тамақтану кіріктірілмеген. Оқушылар мектеп асханасында қолжетімді бағамен тамақтана алады.
Мектепте 30 мұғалім жұмыс істейді, әр сыныптың арнайы жетекшілері бар. Жетекшілер баланың сабаққа келуін, оқуын, тәртібін қадағалап, олардың әрқайсысымен жеке жұмыс істеуге көп көңіл бөледі. Ата-аналармен тығыз қарым-қатынас ұстайды. Ай сайын баланың үйіне барып, ата-анасымен жеке сөйлесуге де уақыт бөледі. Жалпы, нәтижеге жету жолында үш бірдей байланыс жолын негіз етеміз: оқушы, ата-ана және мектеп.
Үшінші жыл қатарынан жұмыс істеп келетін мектептің көрсеткіші жаман емес. Алғаш ашылған жылы 146 бала мектепті тәмамдаса, оның 138-і грант иегері атанды. Өткен жылы 183 оқушының 171-і грант иегері болды. Биыл да жоғары нәтижеге жетеміз деген ойдамыз.
Осы орайда грант иегерлерінің көрсеткіші неге жоғары деген сауал туындауы мүмкін. Бұл тұста айтарым, балалар ҰБТ тапсырған соң алған балына орай олардың мамандық пен оқу орнын таңдауына барынша көмек көрсетеміз.
Қазір мектептерден ҰБТ-ға дайындау міндетін алып тастады. Бұрынғы жылдары оқушыларды дайындауды мұғалімдерге жүктемелеп қоятын-ды. Бұл енді ақылы мектептің ашылуына негіз болды дей алмаймын. Дей тұрғанмен қазіргі таңда жеке мектептерге сұраныс дамуда.
Айта кетейін, Талдықорған қаласында «INNOVERSE TALDYKORGAN» ақылы мектеп болып ашылған алғашқы білім ошағы. Бізден кейін тағы екі мектеп бой көтерді. Енді осы мектептер арасында бәскелестік бар ма десеңіз, бар деп айтамын. Білім көрсеткіші бойынша мектебіміз алдыңғы орында тұр десем болады.
«Ақшасы барлар беттеп, ақшасы жоқтар шеттей беретін мектеп» деп айтуға келмейді. Сөз басында айтқандай, бізде екі филиал бар дедік. Бірінші мектепте төлемақы – 75 мың теңге болса, біздің мектептің оқу төлемақысы – 50 мың теңге. Айырмашылығы – қолжетімді баға болсын деген ой. Сонымен қатар, көп балалы, мүгедектігі бар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары үшін пайыздық жеңілдіктер қарастырылған. Ал, ұстаздар жалақысы өз еңбек өтіліне қарай төленеді.
Біздің мектепке келгенде көпшілігі тесттен төмен көрсеткіш көрсетеді. Осыған орай олардың деңгейлерін көтеруге барынша ден қойып, нәтижемен жұмыс істейміз. Олар әр апта сайын тест тапсыру арқылы деңгейлерін екшеп жатады.
Әлбетте, ҰБТ деген психологиялық тұрғыдан балаға қиындық туғызуы бек мүмкін. Өйткені, ата-аналардың көпшілігі баласына грантқа түсуің керек деген талап қояды. Ал мұны естіген балаға өмір ҰБТ-мен ғана өлшенетіндей көрінеді. Негізінде, олай емес. Әрине, белгілі бір мамандықтың иесі атану үшін ҰБТ тапсыру қажет. Білімді тест тапсыру арқылы шектеп қойғанымен, мұны мамандық таңдаумен байланыстырса жөн болар еді. Яғни, баланы өзінің таңдау пәні бойынша даярласа, алдағы уақытта жақсы мамандар шығатын еді деп ойлаймын».

Білім беру ісі бизнес емес, елдің болашағы

Асылан Серікқалиұлы, «Dostyq» shcool Тaldykorgan» жекеменшік мектебінің директоры: «Алдымен «Dostyq- тың» жалпы тарихына тоқталып өтейін. Еліміз бойынша 2003 жылы ашылған орталыққа жиырма жыл болды. Қазіргі таңда барлық өңірде (Солтүстік облыстан басқа) филиалдары бар. Алғашқыда тіл курсы болып ашылып, ҰБТ енгізілген жылдан күні бүгінге дейін тестке дайындап келеді. Біздің орталықты ҰБТ-ға дайындайтын қара шаңырақ деуге болады. Себебі, 2003-2004 жылдары ашылғанда елімізде тестке дайындайтын курс болған емес. Ал Талдықорған қаласында 2015 жылдан бері ашылды. Өздеріңіз білетіндей, алғашқыда курс, 2022-2024 жылдан жеке мектеп болып ашылды.
Соңғы жылдары мектеп ашу тенденциясы жүзеге асқандықтан «Dostyq» әр жерден өзінің жеке мектептерін аша бастады. Соның бірі – Талдықорған қаласындағы мектеп. Қазіргі таңда мектепте 10-11-сыныпты қосқанда барлығы 218 бала білім алуда. 11-сыныптардан 10-сынып, ал 10- сыныптардан 4-сынып бар. 30-ға жуық мұғалім сабақ береді.
Мұғалімдеріміз арнайы емтихан арқылы қабылданады. Оларға қойылатын басты талап – өз пәнінің үздігі болуы тиіс.
Ертеңгілік сағат 9:00-ден – 15:00-ге дейін ресми сабақтар жүреді. 15:00-ден бастап қосымша сабақтар басталады. Балалар тамақтануға сыртқа бармайды, мектепте асханамыз бар. Сатып аламын дейтіндер үшін түскі ас бағасы – 500 теңге, ал сатып алмаймыз дегендер үйлерінен алып келеді. Тамақты жылытатын пеш те бар.
Оқу ақысы – 11-сыныптар айына – 50 мың теңге, 10-сыныптар – 45 мың теңге төлейді. Бұл жеңілдіксіз төленетін баға. Көп балалы, аз қамтылған отбасылардың балалары үшін арнайы жеңілдік қарастырылған. Мұнымен қатар бізде ешқандай төлемақысыз грантпен оқып жатқандар да бар. Бұл қалай дейсіз ғой? Біз әр жыл сайын олимпиадалар ұйымдастырып, жеңімпаз атанғандарға тегін оқу грантын береміз.
Мектеп ашудағы басты мақсат – бәсекеге қабілетті мамандарды тәрбиелеу болып табылады. Сапалы білім, саналы тәрбие деп жатамыз ғой. Көпшілігі жекеменшік мектеп баланы тек ҰБТ-ға ғана дайындап, басқа дүниеге көңіл бөлмейді екен деп түсінеді. Әр мектептің өз ерекшелігі бар. Біздің мектептің концепциясында білім мен тәрбие бірге ұштастырылған. Яғни, оқудан бөлек тәрбие жүйесіне де көбірек көңіл бөлініп, көптеген іс-шара да ұйымдастырылады. Ал енді бәсекеге қабілетті мамандар дайындау дегенім – қазір университетте оқып жатқандар көп болғанымен, бітірген соң мамандығы бойынша жұмыс істеп жатқандардың қатары аз. Бұл мәселе еліміз бойынша өзекті болып табылады. Осы орайда мектебімізге қабылдайтын әр баланы қабілетіне, қызығушылығына қарай олардың ата-аналарымен де жұмыс жасай отырып мамандық таңдау жолына бағыттаймыз. Профориентациялық көмек беріледі. Әр баланың табиғатына сай қандай мамандыққа сәйкес келетінін анықтаймыз. Бізде қазір қызық түсінік қалыптасқан. ҰБТ-дан қандай балл алайын, соған сай мамандықты таңдай саламын ғой дейді. Бұл дұрыс емес. Осы орайда балаларға ең алдымен мамандықты таңдап, соған сай ұпай жинау керегін айтып, түсіндіреміз. Әлбетте, бала төрт жыл тегін оқуды ойлайды. Бірақ, тегін оқимын деп артынша дұрыс жұмыс таба алмай, қиналып жатады. Сондықтан, біз баланың мамандық таңдау бағытына көбірек көңіл бөлеміз.
Мектепке қабылданған оқушыларға барлық пән нөлден басталып үйретіледі. Себебі төменгі сыныптарда бала тарапынан кейбір пәнге көңіл бөлінбей қалуы мүмкін. Тағы бір ерекшелік, бала санасынан «мен ештеңе білмейтін едім» деген сауалды алып тастауға күш саламыз. Біз оларға «Достыққа» келуіңмен сен өміріңнің жаңа парағын ашасың деген жақсы ойды сіңіріп, алдыға қарай жылжуына мүмкіндік береміз. Бұдан кейін мектебіміз барлық өңірде орын тепкен оқу орындарымен тығыз байланыста. Осы орайда кәсіптік бейімдеу бағытында балаларға әр түрлі оқу орындарына баруға арнайы тур ұйымдастырылады. Күні кеше ғана Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университетінде өткен «Ашық есік» күніне барып қайттық. Осындай оқу орындарында турлар өтіп тұрады. Мектепті бітіріп кеткен соң да жұмыс аяқталып қалмайды. Шілде айында балалар грантқа құжат тапсырады. Сол кезде кәсіптік бағдар беру мамандарымыз оқушыларды ата-аналарымен бірге мектепке шақыртып, ҰБТ-дан жинаған балына қарай отырып, төрт оқу орнын бірге таңдауға көмектеседі. Мәселен, өткен жылы бір оқушымыз ҰБТ-дан 99 балл алды. Оның таңдау пәні дүниежүзі тарихы мен ағылшын еді. Бірақ жалпы көрсеткішпен 120 балл болмаса, грантқа түсу қиын. Сондықтан кәсіптік бағдар беретін мамандарымыз әлгі оқушының ата-анасын шақыртып, жалпы конкурстан бөлек грант түрлері барын айтып түсіндірді. Қазақстанда 14 университет өзінің педагогикалық квотасын бөледі. Осыған орай мамандарымыз өткен жылғы статистикаға қарап, аталмыш оқу орындарына педагогикалық квота бойынша қанша балмен түсуге болатынын анықтады. Сөйтіп, өткен жылы Түркістандағы Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне 97 балмен түскендер болыпты. Ал біздің оқушымыздың тесттен жинаған көрсеткіші 99 балл. Осылай, оқушы мен оның ата-анасына осы университетті төртінші етіп белгілесеңіздер болады деп кеңес бердік. Айтқандай, оқушымыз 99 балмен Түркістандағы оқу орнының грант иегері атанды. Мұның жанында 100 балдан асырып, грантқа түспей қалғандар саны өте көп.
Сөзімді қысқа қайырсам, біздің мектептің артықшылығы жоғары оқу орнына түсіп кеткенге дейін оқушымен жұмыс істейді. Яғни, мектеп табалдырығын ә деп аттаған баланың университетке түсіп кеткенге дейінгі аралық біздің құзырымызда болады.
Жалпы мектеп білім мен қатар тәрбиелік құндылықтарға да баса мән береді деп айттым ғой. Осыған сай іс-шаралар, практикалық жұмыстар да атқарылады. Жуырда оқушылар арасында бір қызықты эксперимент жасадық. Олардың әрқайсысының қолдарына бір-бір піспеген жұмыртқаны ұстатып, апта соңына дейін осыны сындырып алмай, қайта алып келесің дедік. Осы арқылы баланың жауапкершілігін тексеріп, анықтадық.
Жекеменшік мектептердің болуы бәсекелестікті арттырады. Меніңше, жеке мектептер өз алдына жеке ұйым ғана болып қалмай, міндетті түрде мемлекеттік жүйемен тығыз жұмыс жасау қажет деп санаймын. Осы тұрғыда Жетісу облыстық білім басқармасындағыларға: «Біз жекеменшік мектеп деп бөлініп қалмасақ. Қандай іс-шаралар өткізсеңіздер атсалысып қатыссақ, егер мұғалімдерге семинар өткізсеңіздер біздің ғимаратта өткізейік. Бұл біздің бір үлесіміз болсын» деп ұсыныс айтқан едім. Негізінде біте қайнасып, жұмыс істесек деген ой ғой.
Әзірге мемлекеттен қаржы алғамыз жоқ, бұйырса алдағы айда алып бастайтын шығармыз деп отырмыз. Сабақ беретін мұғалімдердің жалақысы оқушылардың төлемақысынан төленеді. Былтырғы жылдың соңында ғимаратымызды жалға алып, жөндеу жұмыстарын жүргіздік.
Рас, ел ішінде «дайын балаларды оқытып, ақша алады» дейтіндер саны көп. Мұндай сөздің орын алуы заңдылық. Дей тұрғанмен, біз кілең жақсы оқитын қаймақтарын ғана іріктеп алып жатқамыз жоқ. Келген балалардың әрқайсысын тест арқылы, төмен көрсеткіш көрсеткендерді де қабылдап, олардың білім деңгейін жоғарылатуға барынша тырысамыз. Қазіргі таңда 11-сыныпта оқитын 152 баланың 14-і «Алтын белгі» иегері. Білім басқармасындағы мәліметке көз жүгіртсеңіз, «Алтын белгі» иегерлерінің талайы осы жеке мектептерден болып отыр. Бірақ салыстырмалы түрде алсақ, пайызбен шаққанда біздің мектептің көрсеткіші көп деп саналмайды.
Жекеменшік мектеп бизнестің көзі емес пе дейсіз бе? Бұл тұрғыда әркім сан түрлі пікір айтуы мүмкін. Меніңше, бұл ең қайырлы, зияны жоқ, қайта қоғамға пайда әкелетін бизнестің түрі. Мәселен, жеке мектепте оқып жатқан әр баланың болашағы бізге жүктеліп берілді. Ендеше, сол балалардың әрқайсысы өмірден өз жолын тауып, жақсы бір маман иесі болып, еліміздің көркейіп, жандануына үлесін қосып жатса, біздің өз миссиямызды орындағанымыз деп есептеймін.
Негізі, білім беру ісі бизнес емес, елдің болашағы екенін қаперде ұстасақ екен деймін».

Мектеп ашу – үлкен жауапкершілік

Қанат Мұратұлы, «125 high school Taldykorgan» жекеменшік мектебінің директоры: «Аты айтып тұрғандай, мектеп Қазақстан аумағындағы ең ауқымды жекеменшік мектептер желісі. Талдықорған қаласында ашылғанына биыл екінші жыл. Жалпы 125 мектептер желісінің тарихы тереңде жатыр. Мектептің негізін қалаушы, құрылтайшысы Тараз қаласының азаматы – Әлібек Есенов.
2011 жылы курс ретінде құрылған орталық әр жыл сайын дамып, 2019 жылы жақсы көрсеткіштерге қол жеткізе бастайды. Оқытқан балалардың бәрі 100 пайыз грант иегері атанады. Сол жылы жекеменшік мектеп ашуды қолға алады. Бүгінде еліміз бойынша осындай 18 мектеп бар. Негізі, Қазақстан бойынша мұндай мектеп Астана, Петропавл, Қарағанды және Өскемен қалаларында ғана жоқ.
Талдықорған қаласындағы білім ордасының сыртында «Халықаралық 5-11- сыныптарға арналған жоғарғы мектеп» деп жазылғаны бренд атау ғой. Біздің мектептің өзге жекеменшік мектептен айырмасы бесінші сыныптан бастап қабылдаймыз. Жаңа заң бойынша жыл бойы балаларды мектепке қабылдауға рұқсат етілген.
Қазіргі таңда мектепте 325 бала білім алуда. Оның шамамен 190-ы 5-10- сынып оқушылары, қалғаны 11-ші сыныпта оқитындар. Жалпы 5-ші сыныптан екеу, 9-шы сыныптан екеу бар. Қалған сыныптар үштен келеді. 10-шы сыныптан төрт, 11-ші сыныптан бесеу.
Мектеп таза қазақ мектебі болып табылады. Білім ордасы ұлттық құндылықтарға бағытталған. Себебі, тәрбие бағдарламамыз осыған негізделген, оқушыларымызды соған дәріптейміз. Сонымен қатар ағылшын және математика пәндері тереңдетіліп оқытылады. Балаларды олимпиадаға дайындаймыз. Өткен жылы 70 түлек бітірсе, 10 оқушы «Алтын белгі» иегері болды. Олардың 85 пайызы грант иегері атанды.
Мемлекеттік мектептен айырмасы бізде әр сыныпта 18 оқушыдан отырады. Бұдан бөлек ауысым деген мәселе мүлдем жоқ.
Бала ертеңгі 8:45-те келген соң таңғы саптары болады, 9:00-де сабағы басталады. Кешкі 17:00-ге дейін мектепте болады. Оқушыларымыз осы жерде тамақтанады: түскі ас, тіске басар (полдник) беріледі. Түске дейін академиялық сабақтары жүрсе, түстен кейін таңдау бойынша үйірмелерге қатысады. Бұл төменгі сыныптар үшін. Ал 10-11-сыныптар ҰБТ-ға дайындалады. Мектеп ұстаздары арнайы іріктеуден өткен мамандар. Шамамен 30-ға тарта мұғалім жұмыс істейді.
Осы жылғы 5-9-сыныптар төлейтін ай сайынғы төлемақы 88 990 теңгені құрайды. Бұл ақшаның ішіне оқудан бөлек екі мезгіл тамақтану мен үйірмелер кіріктірілген.
Жекеменшік мектеп болсақ та оқу төлеміне қатысты жеңілдіктер бар. Көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына, сонымен қатар бұрынғы мектебінде олимпиадаларда орын алған балалар үшін жүз пайызға дейінгі жеңілдіктер қарастырылған. Атымыз жекеменшік болғанымен облыста өтетін түрлі олимпиадаларға мектебіміздің балалары қатысады. Биылғы жылы облыстық олимпиадаға орыс тілі мен информатика пәні бойынша екі оқушымыз қатысты. Өткен жылы қалалық олимпиадаларға қатысып жүлделі орын алған оқушылар бар.
Биыл 11-сыныптан бес сынып бар десек, барлығы – 75 бала мектептен түлеп ұшқалы отыр.
Мектебіміз тек білімге ғана емес, құстың екі қанатындай, екінші қанат тәрбиеге де көп көңіл бөледі. Ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Ғимаратты жалға алып отырмыз. Үш қабатты мектептің әр қабаты өзінше бөлек дизайнмен жасалынған. Ішкі құрылысына ерекше көңіл бөлініп, әр заттың орналасуына дейін өзінше ден қойылған. Өзіңіз білесіз, қазіргі жастар көп дүниені көзбен ұнатады. Мәселен, «Мега» сауда орталықтарына барып қыдырып, еркін жүргісі келеді. Біздің мектепте де сондай атмосфера есіп тұрсын әрі оқушы өзіне жайлылық сезіне алсын деген оймен жасалынған. Сонымен қатар әрбір қабатта ұлы тұлғалардың айтқан сөздері мен мурал-суреттері салынған. Әр сыныптың атауы жылқы атауларымен сабақтастырылған. 5-9- сыныптар бойынша 12-сынып болса, олардың әрқайсысына: Сұңқар, Керқұла, Құлагер деген секілді жылқы атаулары қойылған.
Сөзімде айтқандай, тәрбиеге көбірек көңіл бөлінетіндіктен екі бірдей тәрбие жөніндегі меңгерушіміз бар. Оның бірі – ер адам, екіншісі – әйел. Мектеп ішінде амфитеатр орын тепкен, кез келген жиын сол жерде өткізіледі.
Мемлекеттік мектеп пен жекеменшік мектептің де илеп отырғаны бір тонның пұшпағы. Бізде оқып жатқан өзіміздің облыстың балалары, жұмысқа қабылданған мамандардың 90 пайызы жергілікті өңірден. Он пайызы ғана басқа қалалардан келген. Жергілікті адамдарға жұмыс беріп, қалаға инвестиция салып отырмыз.
Ал енді мектепке кілең үздіктерді жинап алып отырғамыз жоқ. Бізде келгендердің дерлігі қарапайым, оның ішінде үштік бағамен оқығандар да бар. Алайда олар өзінің ішкі жанайқайымен келеді… Біз әр оқушының білім деңгейін тексеріп, қабылдаймыз. Мәселен, тоғызыншы сыныпта оқитын бала келді. Оның білімін тексергенде жетінші сыныптағы білім деңгейімен қалып қойған. Қосымша сабаққа бармаған. Жай мектепке барып-келіп, уақытын бос өткізіп жүрген ғой. Сонымен қатар қоғамда орыс тілді балалар көбейді. Біз қазақ мектебі болған соң ата-аналардың басым көпшілігі балаларының тілдері қазақша сөйлеуге икемделсін деп арнайы алып келеді.
Мақсатымыз – балаларға сапалы білім беру. Ал жекеменшік мектептің көбеюі білім беру саласының дамуына оң әсерін тигізеді деген ойдамын».

Жекеменшік мектептер жайлы ата-аналар не дейді?

«Қызым жекеменшік мектепке дейін қаладағы ең мықты білім ошағының бірінде оқыды. Ол жерде жаман оқыды демеймін, мұғалімдері де өте білікті мамандар болды. Дарынды балаларға арналған мектеп болған соң ондағы сабақтың салмағы күрделі. Күні бойы мектепте, үйге тапсырманы үйіп-төгіп береді. Барлық пәннен жақсы оқуың керек. Ал қызым кішкене әлжуаздау, үйге келген соң шаршап қалады. Сөйтіп 10-сыныпта түбегейлі «INNOVERSE TALDYKORGAN» жекеменшік мектепке ауысуға бел буды. Мұндағы ерекшелік ҰБТ-ға дайындалатын бес пәнге басымдық беріледі. Бұл мектепті бітірген соң да қолына сол аттестатын алады. Ауысқанына еш өкінбейді. Бұл жердегі нәтиже өте жақсы. Қазіргі таңда тесттен жақсы ұпай алып жүр.11-сыныпқа дейін көрсеткіші одан да жақсы болатынына шүбәм жоқ.
Жекеменшік мектептегі білім жүйесі балалардың еркін ой айтуына, мұғаліммен дос секілді сырласуына, ал ұстаздар оларды оқушы деп емес өзімен теңдей қарайтыны қуантады. Мұнда ата-ана, мектеп және бала арасындағы байланыс жақсы орныққан. Сондай-ақ, балаңыз төмен көрсеткіш көрсетіп жатса, алдын ала ескертіледі. Ата-анамен ашық сөйлесіп, ертеңгі күні мектеп атына теріс сөз келмес үшін «баламды беріп едім, оқыта алмады» дегенге жеткізбей, алдын алады. Яғни, ата-ана баласының қандай білім алып жатқанынан хабардар болып отырады.
Бұл мектептің артықшылығы, ертеңгі күні балаңыз жоғары оқу орнына түсе алмай қалған жағдайда соңғы бір жылдағы ақшасын қайтарып береді. Бірақ бала түсе алмай қалды дегенді естімедім.
Жеке мектептер бизнестің көзі емес пе? Жалпы әлем бойынша білім деген ақылы ғой. Ел ішінде «бала біліміне неге ақша төлеу керек, оның төлейтін жағдайы жоқ, мемлекет не қарап отыр» деген сындар айтылып жатады. Бірақ, әркім баласының болашағын ойлағаннан, жекеменшік мектептердің нәтижесін көрген соң оқытады ғой. Ендеше, елімізде жекеменшік мектептердің болғаны дұрыс деп санаймын» – дейді Ж. Оспанұлы.

* * *
«Балам қаладағы физика-математика пәнін тереңдетіп оқытатын мектепте оқыды. Арманы шет тілі маманы болсам дейтін. Бірақ, оқитын мектепте сол пәнді тереңдетуге еш негіз болмады. Сондықтан жекеменшік мектепке ауысуға тура келді. Нәтижесінде өзінің қалаған мамандығы бойынша грант иегері атанды», – дейді атын атамауын өтінген ата-ананың бірі.
Оның айтуынша, мемлекеттік мектептер бойынша реформа жасалуы тиіс. Тізімді қатайтып, жеке мектептерге қоятын талап қойылуы керек.
«Мәселен, бала мемлекеттік мектепке барғанымен қосымша математика, физика және басқа да пәнді жақсы меңгеру үшін тағы бір мұғалімге ақы төлеп барады. Ал енді қосымша басқа мұғалімге төлейтін ақшаңды жекеменшік мектепке төлейтін болсаң, сол ұтымды ғой. Себебі бала ертеңнен кешке дейін бір жерде оқып, білімін жетілдіре алады. Айтпағым, мемлекеттік мектеп дайындамаса, ақша төлеп қосымшаға бергенше, жекеменшік мектепке берген тиімді. Ал, мемлекеттік мектепте оқыта ма, онда дұрыс білім берсін. Олай етпесе, онда мемлекеттен несіне ақша алады? Орта мектептерде бала – баға үшін оқиды. Кейбір ата-ана бар апайлармен жақсы болып алған, нәтижесінде солардың балалары үнемі беске шығады. Сөздің тоқетері, балалар – білім үшін емес, баға үшін таласады. Ал енді жекеменшік мектептерде таза білімге қарай бағыттайды. Мұны қызымды оқытқаннан білемін. Ол жекеменшік мектептің табалдырығын алғаш аттағанда тапсырған тесттен 60 балл ғана алды. Дей тұрғанмен екі жыл ішінде «INNOVERSE TALDYKORGAN» жеке мектебінің мұғалімдерінің дайындығымен жоғары көрсеткішке жетті.
Ата-ана ретінде айтарым, ақылы мектепке кеткен ақша қосымша төлеп оқытқаннан анағұрлым тиімді. Өйткені, ағылшын пәнін қосымша оқытқаның үшін сен айына кемінде 35 мың теңге, математикаға 30 мың теңге төлейсің, физикаға тағы сондай ақша кетеді. Бұл ақылы мектепке беретін ақшаңнан асып түседі. Содан кейін бала екіжақты болып жүреді. Түске дейін сабағына барады, түстен кейін қосымшаға барады. Ол жерде де қатырып оқып жатқаны шамалы. Онда берілген тапсырманы бала үйіне барып орындайды, қысқасы белгілі бір тәртіп жоқ.
Жекеменшік мектепке ақша төлеп отырған соң білімді талап ете аласың. Мемлекеттік мектепке ондай талап қоя алмайсың. Себебі баланың алған бағасы жақсы, оқытып жатыр. Ендеше, не деп талап етесің. Баланы баға арқылы көтермелеп отырған мұғалімдер де жетіп артылады. Бағасына қарап кейбіріміз баламыз керемет оқып жатыр деп ойлаймыз. Ал жекеменшік мектепте балаң дұрыс оқымаса сені шақыртады. Не оқысын немесе алып кетіңіз дегенге апарады. Өйткені тест алады, одан бала өтпесе, төлеген ақшасын қайтаруға тура келеді. Сондықтан ата-анасын шақырып, баласының білімінің қалай болып жатқанын айтып, содан кейін қолхат жаздырып алады. Ертеңгі күні тағы өтпей жатса, жазған қолхатыңды көрсетесің. Барлық мектепке топырақ шашудан аулақпын. Бірақ, негізінде, жекеменшік мектептегі тәртіпті жай мектепке енгізсе жөн болар еді.
Рас, жекеменшік мектепті бизнесі көзі ретінде қарайтындар көп. Бірақ, олар алған ақшасын бала білімін жетілдіруге, содан бір нәтиже шығаруға күш салып жатыр ғой. Меніңше, жай мектептер арасында да сағатқа таласып, білімді емес, ақшаны алға шығаратындар қатары сейілмей отыр. Бұл да бизнестің көзі емей, не сонда? Жарайды алсын делік, бірақ, олар – балалардың болашағына қаншалықты бас ауыртады, міне, мәселе қайда?
Кезінде қытайда қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бердім. Сол кезде былай болатын: «а» сыныбына сабақ беретін мұғалім «б» сыныбының балаларынан, ал «б» сыныбына беретін мұғалім «а» сыныбының оқушыларынан емтихан алатын. Егер оқушыларыңның 50 пайызы үшке тапсырды ма жұмыстан кетесің, 70 пайызы үш болса онда алатын жалақыңның 50 пайызын шегеріп, ұстап қалады. Сені қудалап, жаныңа тиетін сөздер айтпайды. Тәртіп солай. Сонда әлгі мұғалім менің балаларымды, мен оның оқушыларын қыбырлатпаймын. Өзің сүрініп қалмас үшін әр бала түсінгенше қырық бес минут оның миына құюға барыңды саласың. Біздегі жекеменшік мектептегі әңгіме дәл сол қытайдағыдай ғой. Талап қояды, тапсырма береді. Болмаса, жүре бер дейді. Міне, бары осы» – деп ағынан жарылды ол.
«Жекеменшік мектеп ашуды ойлаған адам алдымен пайданы емес, өзге жекеменшік мектептерден қандай артықшылығым болады деген сұрақтың жауабын ойлауы керек қой – дейді бізбен тілдескен ата-аналардың тағы бірі. Айтуынша, жекеменшік мектептер барлық елде қолданыстағы білім жүйесінің кемшілігін толықтырып тұратын үлкен күш. Қазақстанда жекеменшік мектептер көп болуы тиіс. Сонда бәсеке пайда болады, ал бәсеке болған жерде баға төмендейді және жекеменшік мектептің мемлекетпен әріптестігі артады. Осылай болғанда мектеп оқушыларының үштен бір бөлігі жекеменшік мектептерде оқуға қол жеткізбек.
Осы тұрғыда пікір білдірген орта мектепте сабақ беретін ұстаздың бірі: «Мемлекеттік мектеп пен жеке мектепте едәуір айырмашылықтың бар екені тайға таңба басқандай байқалып тұрады. Ал, баласын кім қайда беремін десе де, жан қалауына жағдай жасалған. Бастысы, бұның барлығы ел игілігіне жұмыс істесе болғаны да» – дейді.
Ал, бұл тұста Сіз не ойлайсыз, көзі қарақты оқырман?

P.S: Талдықорған қаласындағы жекеменшік мектептер туралы қалам тербеуде Жетісу облыстық білім басқармасындағылардан тақырыпқа орай пікір білдіруін сұраған едік. Алайда бөлім меңгерушісі басшылардың рұқсатынсыз пікір білдіре алмайтынын айтып, орынбасарға хабарласуымызды өтінді. Ал орынбасар басшыдан рұқсат алуым керек деді. Ақыры сол күні түс ауа білім басқармасының қабылдау бөліміне қоңырау шалып, мақала жазып жатқанымызды айтып, осыған орай жауап алу үшін бізді Марат Сүлейменовпен қосуын сұрағанымызда: «Ол кісі қазір зумда отыр. Зум аяқталған соң Сізге арнайы хабарласып, жауабын айтамыз» деді. Бірақ?….

Сарби ӘЙТЕНОВА


ПІКІР ЖАЗУ