САНАЛЫ ҰРПАҚҚА САПАЛЫ БІЛІМ КЕРЕК

0
330

Қоңыр күзден бастап мамыр айына дейін оқудан бас алмаған мектеп білімгерлері үшін жазғы демалыс басталды. Ал жыл бойы БЖБ, ТЖБ тапсырып алған білім деңгейлерін шамалаған оқушылардан бөлек, мектепті бітіретін түлектерді тағы бір сынақ күтіп тұр. Ол – ҰБТ.

«Оқысаңыз балалар шамнан шырақ жағылар, Тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар» деп ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсарин айтқандай, алдарына арман-мақсат қойған жас түлектер қобалжулы. Бәрінің сынақтан сүрінбей өтіп, жоғары білім алғылары келеді. Бағы жанғандардың жұлдызы жарқырайтын сәтте алыс емес.
«Білім – инемен құдық қазғандай» деп мың жерден тәмсілдесек те бүгінгі қоғамда оқыған бала өрден көрініп, көптің қатарында ғана жүрген түлектердің барын ешкім жоққа шығара алмайды. Мемлекет саналы ұрпақтың сапалы білім алуына барлық жағдайды жасауда. Нарық қағидасына орай жекеменшік жүйе білім және денсаулық саласына да енді. Бай мен кедей, орта топ деп үш топқа бөлінген бүгінгі қоғамда балабақша мен мектеп әлеуметтік саланың қатарында. Жекеменшік балабақша, жекеменшік мектеп, жекеменшік жоғары оқу орындары мемлекеттік мекемелермен иық тірестіріп тұр. Қолы жеткендер балаларын ақылы мектептерде оқытуда. Мемлекеттік білім ордаларымен ақылы оқу орындарының арасындағы бәсеке де қыза түскен. Алайда, зеректігімен танылған түлектер қай оқу орындарында оқыса да озаттығымен көзге түсуде. Бұл мектеп және ата-ана, аудан, қала, облыс үшін үлкен абырой. Өйткені ауданның, қаланың, облыстың экономикасының өрлеуі еленіп-екшелгенде оның әлеуметтік саласы, мәдениет, білім, денсаулық тағы басқа да нысандары толық қамтылып сараланады. «Білімді мыңды, білекті бірді жығады» деген аталы сөз білім саласына қаратып айтылған. Атом мен техника дамыған заманда білімділердің дәуірі болып тұр. Түрлі технологиялардың өндіріс орындарына енгізілуі, электронды жүйеге ауысып, адам қолымен атқарылатын тетіктер роботтардың немесе түйме басу арқылы атқарылып жатқан жұмыстардың барлығында білімділердің, өнертапқыштардың қол жеткізген жетістігін көруге болады. Ол үшін әр мемлекет басты бәсекелестікті білім жүйесіне зер салып, озық үлгіде білім ғимараттарын жасақтауда. Қазақстан тәуелсіздік алған отыз үш жылдың ішінде білім саласына сан түрлі реформалар жасалды. Оның озығынан тозығы көп болғанын да жасыра алмайсыз. Батыстың білім жүйесіндегі кей реформаларды көшіріп ала қоямыз деп опық жеген тұстарымыз да аз болған жоқ. Білім саласына келген министрлер де реформа жасап жарысты. Оның зиянын әлі күнге тартып келеміз. Қалай десек те әлі толыққанды бірізге түсіп кете алмаған Қазақстандағы білім саласы бәсекелестікті, білімділікті, біліктілікті арттыруға күш салуда. Біз өткен жолы мақаламызда Ескелді ауданындағы білім саласының жайын жазғанбыз. Бұл жолы кезек Көксу ауданына түсіп тұр.
«Ауданда 2024 жылғы оқу жылын 7 749 оқушы бітіреді деп күтілуде, оның – 443-і мектеп бітірушілер. Осы түлектердің арасында «Алтын белгіге» – 28, «қызыл аттестатқа» – 41 түлек үміткер. Өткен жылғы (2022-2023) оқу жылын 445 түлек бітіріп, 329-ы ЖОО-на оқуға түссе, оның 262-сі мемлекеттік грант иеленіп, 21-і шет мемлекеттердегі жоғарғы оқу орындарына түскен. 52 түлек арнаулы орта білім беру мекемелеріне (колледждерге) оқуға түсіп, 31-і мемлекеттік грант иегері болды», – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Күзбаев Қуат Жұмағұлұлы.
Жалпы аудан көлемінде – 25 білім ошағы болса, оның ішінде 13 орта, 1 – негізгі орта, 1 – бастауыш мектеп бар. Қазағы басым ауданда 19 – қазақ, 6 – аралас мектеп. Ауданның жалпы білім беретін мектептерінде барлығы 1 078 педагог қызмет етеді, оның ішінде 1 038 (96,2%) жоғары білімді, 40 (3,8%) – арнайы орта білімді. Олардың санатына мән берсек, педагогтардың жалпы санынан 3 – жоғары, 2 – бірінші, 4 – екінші, 469 – педагог-модератор, 382 – педагог-сарапшы, 103 – педагог-зерттеуші, 1 – педагог-шебер квалификациялық санатты мұғалім. Білім бөлімі басшысының айтуынша, педагогтардың жоғары, бірінші, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші, педагог-шебер санаты барлық педагогтың 45,5%-ын құрайды. Мұғалімдердің білім берудегі елеулі еңбегі мектеп түлектерінің түрлі олимпиадалық жарыстардағы жетістіктерінен айқындалады. Сол арқылы аудандағы қай мектептің озық және қалыс қалғаны сараланып жатады. Мұғалімнің шеберлігі, іс-тәжірибесінің көрнектілігі де шәкірттердің білім деңгейімен өлшенеді. 2023-2024 оқу жылында Көксу ауданы білім алушыларының олимпиадалар мен байқаулардың республикалық, облыстық кезеңдерінің жеңімпаздары туралы мәліметке көз сүзсек, 5-6-сынып оқушыларына арналған республикалық пән олимпиадасының нәтижесі бойынша Қ.Жапсарбаев атындағы ОМ 5-сынып оқушысы Ұлағат Нүрәділқызы жаратылыстану пәнінен ІІІ орын; 9-11-сынып оқушыларына арналған республикалық пән олимпиадасында Қ.Жалайыри атындағы ОМГ 11-сынып оқушысы Гүлжихан Ерденбек орыс тілі пәнінен І орын иеленді.
Ауыл мектептеріне арналған республикалық олимпиаданың нәтижесі бойынша Қ. Жалайыри атындағы ОМГ 11-сынып оқушысы Жалғас Кульджақан математика пәнінен І орын; М. Құрманов атындағы № 2 ОМ 11-сынып оқушысы Аяла Нұрлыбек физика пәнінен ІІ орын, Қ.Жалайыри атындағы ОМГ 11-сынып оқушысы Нұрдина Басеп қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ІІ орын; Қ. Жалайыри атындағы ОМГ 11-сынып оқушысы Жансерік Нұрланұлы химия пәнінен ІІІ орын алды.
Ал 10-11-сынып оқушыларына арналған «Алтын түлек» математикалық олимпиадасының республикалық кезеңінің нәтижесі бойынша Қ.Жалайыри атындағы ОМГ 11-сынып оқушысы Жалғас Кульджақан математика пәнінен І орын иеленді. Түрлі байқаулар бойынша республикалық кезеңде З.Тамшыбай атындағы ОМ 10-сынып оқушысы Жәнәбіл Қания республикалық «Яссауи тану» байқауының ІІІ орын жеңімпазы атанды.
Аудан бойынша 25 мектептегі білім сапасы бойынша Қ. Жалайыри атындағы ОМГ алдыңғы қатарда.
Елді мекендердегі мектептегі кадр мәлесі қалай шешілуде, мемлекеттік «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша қанша (кадр) педагог тартылды? Мұғалімдердің тестілеу бағыты қалай жүзеге асырылуда? Осы сауалдарымызды аудандық білім бөліміне жолдағанбыз. Жолданған сауалдарға орай білім бөлімінің басшысы Қуат Жұмағұлұлы былай дейді: «№ 12 ОМ математика, Жеңіс ОМ мен Жетіжал ОМ арнайы мамандар (педагог-логопед) жетіспейді. Осы мәселені шешу үшін еңбекті ынталандыру және жас мамандарды ұстап қалу тетіктерін жетілдіру қажет. Әсіресе жыл сайын шалғай ауылдардағы маман тапшылығын шешу үшін аймақтағы ЖОО өткізетін «Бос орын жәрмеңкесіне» қатысып отырамыз. Еңбек.кз порталына бос орындарға конкурс жариялаймыз. 2023 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен 36 жас маман көтерме жәрдемақы алып, 17 жас маман тұрғын үй алуға несие алды».
Ал мұғалімдерді тестілеуге қатысты «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтерді және білім және ғылым саласындағы басқа да азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағида-лары мен шарттарын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 83 бұйрығына сәйкес 2024 жылғы 2 сәуірдегі № 72 бұйрығы негізінде аудан бойынша аттестаттаудың бірін-ші кезеңінен 139 педагог өткен. Сондай-ақ, 2023-2024 оқу жылының басында 2 мектептің жаңа ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Олар Бесқайнар және Қазақстанның 10 жылдығы ауылындағы 120 орындық мектеп. 2023-2024 оқу жылына 2 мектеп ғимараты бейімделген. Олар – Жеңіс негізгі мектебі және Қаратал бастауыш мектебі. Қаратал ауылында 120 орындық жаңа мектеп ғимаратының құрылысы жүргізілуде, аяқталу мерзімі 2024 жылғы шілде айына жопарланған. Мектеп түлектері алаңсыз білім алуы үшін мемлекет бар мүмкіндікті жасауда.
«Соңғы жылдағы талдау көрсеткендей, аудан мектептерінде оқу үлгерімі, білім сапасы артып, оң динамиканы көрсетуде. Мұның бәрі жұдырықтай жұмылып еңбек етудің нәтижесі. Педагог қызметкерлерді қолдау, қолпаштау мақсатында ауданда ардагер және озық тәжірибелі ұстаздардан «Кәсіби педагогтар орталығы» құрылып, жұмыс атқаруда. Жоғарыда Республикалық, облыстық түрлі байқауларда білімдерін сарапқа салған түлектер жайлы айттық. Соның ішінде ауыл мектептеріне арналған облыстық байқауларда оза шапқан түлектеріміз де баршылық. Біз олармен мақтанамыз. Сапалы білім алған ұрпақ, өнегелі, білімді, білікті болғанын қалаймыз. Бұл жолда түрлі реформаларды бастан кешіп келе жатқан ұлағатты ұстаздардың да өлшеусіз еңбектері бар. Ең басты мәселе, қайталап айтайын, «іс тетігін кадр шешеді» деп кеңестік жүйеде айтылған әрі кадр саясатын оңтайлы шешкен сол дәуірдің озық үлгісі білім ошақтарына ауадай қажет», – дейді Көксу аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Күзбаев. Бұл толғақты мәселеге біздің де алып қосарымыз жоқ. «Алты Алаш бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі» деп марқасқа ақын Мағжан Жұмабаев айтқан-ды.

А. БҰЛҒАҚОВ.


ПІКІР ЖАЗУ