«ТАТУ ҮЙГЕ ТАҚСЫРЕТ ЖОЛАМАЙДЫ»

0
280

Ардагер сөзінің түп-төркіні құрметті, ардақты, қадірлі адам деген мағынаны білдіреді. Ел қамын ойлап, намысын қорғаған, елеулі еңбек сіңірген абыройлы адамды «халық ардагері» деп жоғары бағалайды.

Жеке адам қоғамда ерекше істерімен, ақыл-парасатымен, адамгершілік асыл қасиетімен, беделімен жұртшылыққа танылғанда ғана ардагер болады. Қазіргі кезде еңбек ардагері, соғыс ардагері деп атаймыз. Бұл бір адамға ғана қаратып айтылған теңеу. Ал саяси аренада елге еңбегі сіңген, халық алдында беделі бар адамдарды ұйыстырып Ардагерлер кеңесін құрған билік айтулы ақсақалдардың ақыл-кеңестеріне құлақ түріп келеді. Ел ішіндегі түрлі шараларға, дау-жанжалдарға, береке-бітім жасауға осы ардагерлер тартылып жатады. Сонымен, ардагерлер дегеніміз кім? Олардың қоғамдағы рөлі, атқарып отырған жұмыстары қандай? Бүгінгі әңгіме ауаны осы төңіректе өрбімек.
Көксу аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сайлау Бәзіловтың айтуынша, аудандық Ардагерлер кеңесі әкімдікпен бірлесе жұмыс жасайды. Елдің мақсат-мүддесі жолында аудандық әкімдікпен тізе қосып жұмыс атқаратын ардагерлер аудан көлеміндегі жүзеге асырылып жатқан барлық бағдарламадан шет қалған емес.
«Келісіп пішкен тон келте болмайды» демекші, жергілікті билік те ардагерлерді жиындардан шет қалдырмайды», – деген С. Бәзілов қандай да бір игі бастаманы жүзеге асыру кезінде әуелі ардагерлердің сөзіне құлақ түріп, ақылдасып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып отыратынын тілге тиек етті.
Ақсақалдар алқасына құлақ түріп, олардың ақыл-кеңестері мен көзқарастарын назарға алған жергілікті билік те ардагерлерді ардақ тұтады. Аудан көлемінде қандай да бір мәселе туындаса, көпті көрген көнекөздер жиналып, ақ-қарасын ажыратып, сабырлы да салиқалы жолмен шешуге бекемдейді. Бұл үрдіс ата-бабадан келетін салт-дәстүр. Үлкеннің батасын алу, оларға құрмет көрсету, қарты бар үйді қазыналы үй деп есептеген қарға тамырлы қазақ қариялардың өзін төрт топқа бөлген. Мәселен, халық батыры Бауыржан Момышұлы ақсақалдардың қоғамда, отбасы-ошақ қасында алатын орны қашан да ерек екенін айтады. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қартты – шал, әулетін уысында ұстап, билік жүргізген қартты – қария деп, тұтас бір ауылдың жыртығын бүтіндеп, айбынын асырып отырған қартты – ақсақал деп, елдің дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты – абыз деп атаған екен. Біз өзімізді осы бағыттағы қарттармыз деп есептейміз. Себебі жастарға жол сілтейтін, тек жастар емес, әкім қаралардың атқарып отырған ісіне баға беріп, дұрыс жеріне қолдау көрсетіп, бұрыс жерінде жөн сілтейміз. Біз – көнекөз қариялармыз. Тар жол, тайғақ кешуден өткен ұрпақтың өкіліміз. Бар мен жоқты, кешегі сұрапыл аштықты, соғысты, зобалаңды көрген көнекөздердің ақылын, өсиетін, терең мағыналы әңгімелерін тыңдап өскен баламыз. Азды-көпті қоғамға еңбегіміз сіңді, алдыңғы толқын ақсақалдардың алдын көрдік, шалыс баспадық, енді қариялар санатына қосылған соң ардагер деген атымызға лайық болсақ дейміз. Шынайы ардагерміз бе, жоқ па, жалпы осы атауға лайықтымыз ба? Оның бағасын халық берер. Аудандағы береке-бітімді ұйыстырып, сетінеген жерді бүтіндеп, отбасы – ошақ қасындағы ер мен әйелдің ара-жігін айырып отыру да ардагерлерге жүктелген. Әсіресе, шаңырақ көтерген жас отаулардың отбасы мәселесіне жеңіл-желпі қарауы, тұрмыстағы қиындықты бірлесіп көтермей, бүгін қосылып, ертең ажырасып, екі тараптың сотқа жүгініп, дүние-мүлік бөлісіп жүруі, алимент төлеуден жалтарып жүрген қашқын әкелердің бала-шағаларын тірі жетім атандырып жүрген әйелдердің мәселесіне Ардагерлер мен Аналар кеңесі атсалысып жатады. Аудандық әкімдік те ардагерлердің ерен еңбегін жоғары бағалап, оларға әрдайым қолұшын созып келеді.
Айтуынша, әкімдік тарапы Абай облысының Семей қаласына, Жейдебайға Абай Құнанбаевтың басына барып тәу етуге отыз шақты аудан ардагерін жіберген. Олардың барып келу, жатын орны, тамақтану, жол қаражатына кәсіпкерлер қолдау көрсетіпті.
Түркістан облысына, Алматы облысының Ұзынағаш ауылындағы ХХ ғасырдың гомері атанған жыршы жырау, ақын Жамбыл Жабаевтың мұражайына, Қазақстанның халық әртісі, Нұрғиса Тілендиевтің зиратына бардық. Осының бәріне бізге арнайы көлік бөліп, қауіпсіздігімізді сақтап, қазақ даласының қасиетті жерлері мен заманында өмір сүріп, қоғамға, мемлекетке үлкен еңбек сіңірген, өмірден өткен тұлғалардың басына барып, құран бағыштап, көрген-білгенімізді насихаттай жүру – біздің парызымыз. Аудан әкімі де ардагерлермен тығыз байланыс орнатқан. Әкімдіктің қандай да бір жиындарынан тысқары қалып көрген емеспіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сындарлы саясатын, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда қартайдық, қажыдық деп жантайып жата берсек бізге ешкім қой демейді. Керісінше, билік өкілдері көрген-білгендеріңізді жастарға айтыңыздар, бізге де ақыл кеңестеріңіз ауадай қажет деп қолқалап отырады. Ардагерлердің алқа жиыны үш айда бір рет өтіп тұрады. Бұл жиынға екі рет аудан әкімі келіп қатысып, біздің ой-пікірімізді, ауылдағы ақсақалдардың мұң-мұқтажын тыңдап, нәтижелі шешімдер шығарылды. Ардагерлер ұсынған келелі мәселелердің кейбірін шешуге уәде берді.
Ауданымызда өзге ұлт өкілдері де бар. Олардың да ой-мақсаты Қазақстанның өркендеу жолында сүбелі үлес қосу. Қазақта «тату үйге тақсырет жоламайды» деген тәмсіл бар. Олардың да ой-пікірлерін ескеріп, әдеп-ғұрпына атсалысып отырамыз. Ауданда қандай да бір шаралар өтсе соның басы-қасында Ардагерлер мен Аналар кеңесі жүреді.
Бүгінгі қоғамда ең өзекті мәселеге айналған зорлық-зомбылық, отбасылық жанжалдар, жастар арасындағы белең алған ажырасуларды тежеуде аянып жатқан жоқпыз. Мұның бәрі айналып келгенде тәлім-тәрбиенің ақсауы, идеологиялық бағыттың әлсіреуі, отбасылық құндылықтардың құлдырауынан болып тұр. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік алған жылдардан бастап Еуропаға еліктейміз деп естен танғанымызды кеш біліп отырмыз. Бір сөзбен айтқанда батыстың батпағына батып қалдық. Діннің діңгегі босады, жат ағымның жетегінде кетіп жатқан ұл мен қыздарымыз бар. Салт-дәстүрді көненің сарқыншағы санадық. Ұлдан ұят, қыздан қылық қашты. Ата-ананы сыйламайтын әңгүдік жастар көбейді. Алдау-арбау, кісі ақысын жеу, қоғамда қомағайлық үрдіс алды. Осы кеселдермен күресіп жатырмыз, – дейді Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлау Бәзілов.
Өз сөзінде С. Бәзілов жақында Алғабас ауылында үлкен арыз-шағым жазылып, арты кикілжіңге дейін барғанын айтты.
Осыған орай аудандық ақсақалдар алқасының мүшелері түгел барып, жиын өткізіп, жастармен бірге мәселенің мәнісін талқылап, нәтижесін шығардық. Ұрлық қарлық та болып жатады. Осы мәселені шешуде де аудандық ақсақалдар алқасы, аудандық полиция, прокуратура, сотпен тағы басқа да бөлімдермен тығыз жұмыс жасаудамыз. Ауыл халқының талап-арыздарын шешу жөнінде аудандық ақсақалдар алқасының мүшелерімен ақылдасу үшін айына бір рет бас қосамыз. Жан-жақтағы әкімнің қабылдауына кіре алмай жүрген ақсақалдар болса әкімдікке арнайы хат жолдаймыз. Біз – халықтан алыстаған жоқпыз, әр ауылға барып қал-жағдайын біліп отырамыз және сол жақтың ақсақалдар алқасымен жақсы қарым-қатынастамыз. Көтеріп отырған мәселемізді тиісті органдарға жіберіп, оның орындалғанын бақылауға алып, өзімізше шешім қабылдап отырамыз. Сондай-ақ, Жетісу облысының ақсақалдар алқасымен де жақсы араласамыз. Олармен Жетісу облысында атқарылып жатқан дүниелерді талқылаймыз, – деген ол «Жас адам қызметке, қарт адам кеңеске» дегендей, кеңесіп тон пішетіндерін де тілге тиек етті.
«Көп қарттың ішінде бір бала дана болар, көп баланың ішінде бір қарт бала болар», «Қартайған адам нашар көрсе де, көпті көреді» деген аталы сөз бар. Ендеше, көптің сөзін сөйлеп, ақ пен қараны айыра білгенге не жетсін?!.

А. БҰЛҒАҚОВ.


ПІКІР ЖАЗУ