«ТӘУЕКЕЛ КАРТАСЫ» ЖЕМҚОРДЫҢ ЖОЛЫН БӨГЕЙДІ

0
150

Қоғамды алаңдатып, мемлекеттің экономикасының өркендеуіне тұсау салып тұрған жемқорлық дейтін жегі құрт жойылмай тұр. Желіндеген жемқорлық жауламаған сала қалмады. Жетібасты айдаһардай ысқырғандар түрлі айла шарғыларға барып, бюджет қаржысын миллиондап емес, миллиардтап жұтып жүр.

Пара беріп, пара алып, жеке бастың мүддесін күйттегендер торға түскен торғайдай топырлап бірінен кейін бірі ұсталуда. Жемқорлыққа қарсы заң да қатқылданып жатыр. Бірақ одан ығып отырған жемқорлар жоқ, ашкөздер арасында кімдер жоқ дейсіз. Денсаулық, Білім, Спорт, Әлеуметтік сала, қыл аяғы көшеге асфальт төсеу, кеден бекеті, айта берсең ащы ішектей шұбатылып кете береді. Күні кеше ғана Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Ахметжанов Саян Қылышұлы ақпарат құралдары өкілдерімен жүздесіп, бойларына құрық бойламайтын жемқорлардың жолын бөгеуде «антикордың» атқарып жатқан жұмыстары жайлы кеңінен толғады.
«Тәуекелдер картасы» арқылы қылмыстың жолын кесуде тиімді шаралар жүзеге асуда. Өңір халқы үшін неғұрлым сезімтал салалардағы тәуекелдерді болдырмауға және бюджетке келтірілген залалдың алдын алуға бағытталды, – деген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департамент басшысы Саян Ахметжанов сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасына 9 сала енгізілгенің айтты.
«Тәуекел картасы» бағытымен жемқорлық дендеген денсаулық сақтау саласында 27 медициналық мекеме басшылығынан 400 млн. теңге сомасына заңсыз үстемақылар алынып тасталды. Ебін тапқандар екі асаған денсаулық «басшыларының, орынбасарлардың және бас бухгалтерлердің лауазымдық жалақыларының бекіту туралы» жыл сайын шығаратын жалақы мөлшерінің күші жойылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Жетісу облысы бойынша департаментінің ұсынысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі бірыңғай әдістеме әзірлеуде. Біздің хатымыздың негізінде АӨК Төрағасының бірінші орынбасарының қолымен денсаулық сақтау министрлігіне хат жолданды, – дейді департамент басшысы.
Бюджет қаржысын жымқырудың ұясына айналған білім беру саласындағы 8 колледждің қызметінде басқарушы персоналға 80 млн. теңге (79,2 млн.) сомасына көтерілген жалақылар мен үстемеақылардың заңсыз төлемдері анықталған. Сарқан ауданының білім бөлімінің бухгалтері Қазпошта арқылы ақша қаражатын ұрлаудың қылмыстық схемасын құрыпты. Оған 1,6 млрд. теңге жымқыруға айып тағылып отыр. 190,2 млн. теңге мүлікке тыйым салынды. Бұл іс республика бойынша масштабталып, ауданның Қазпошта басшылығы да қылмыстық іске қатысты жауапкершілікке тартылып жатқаны көрінеді. Бұл бағытта Қазпошта және Фаворит ақпараттық жүйелерін интеграциялау туралы ұсыныс енгізіпті. Бұл – ұрлықты азайтуға мүмкіндік береді деген Саян Қылышұлы бюджет қаражатын ұрлаған Талдықорған қаласындағы 21 мектептін бухгалтеріне қатысты сот үкімі шыққанын да мәлім етті.

Осы ОПГ қатысушылары білім беру саласында нақты жұмыс істемеген. Жеке тұлғаларға, сондай-ақ өздерінің жеке шоттарына жалақыны заңсыз аудару жолымен 4,5 млрд. теңгеден астам қаражатты жымқырған. Сот сотталушыларды кінәлі деп тауып, 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға үкім шығарған.
Жемқорлық тамыр жайған тағы бір сала әлеуметтік қолдау орталығы мүгедектікті белгілегені және ұзартқаны үшін облыстың еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің бөлім басшысы тарапынан жүйелі пара алып келгені әшкереленген. Қылмыстық істі зерделеу негізінде осындай тәуекелдерді жою жөнінде ұсыныстар енгізіліпті. Бұдан бөлек, фискалдық салада Қазақстан-Қытай шекарасындағы әлеуметтік шиеленіс алынып тасталған. Кәсіпкерлерге шетелдік рұқсат бланкілерін тікелей өткізу пункттерінде беру қамтамасыз етілгені де тілге тиек етілді.
Біздің бастамамыз бойынша көлік министрлігі еліміздің барлық шекара маңындағы өткізу пункттерінде (РФ, Қырғызстан және Түрікменстан) осындай тетікті енгізу бойынша жұмысты бастады. Сондай-ақ, экология саласында, Сібір жаралы жерлеу бөлігінде биылғы жылы 33 иесіз объектілердің 20-сы жергілікті атқарушы органдардың балансына берілді, алты аудан әкімдіктері жерлеу бойынша санитарлыққорғау аймақтарын белгіледі. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, – деген департамент басшысы жемқорлықтың жолын кесуде Талдықорған қаласының бірқатар көшесі бойынша жолдар саласында 2025-2026 жылдарға арналған сметаға 351,7 млн. теңге сомасына жұмыс істемейтін жұмыс көлемін енгізу фактілері анықталып, оларды өзге көшелерді жөндеуге қайта бөлу қамтамасыз етілгенін де айтты.
Матай станциясының автожол учаскесін жөндеуді жедел сүйемелдеу шеңберінде 578,8 млн. теңге сомасына жұмыстардың орындалмағаны анықталған.
Жемқорлық спорт саласында айналып өтпепті. Мәселен, 2,5 млрд. теңге сомасына бірқатар спорт ұйымдарында заңсыз жалақылар мен үстемеақылар түрінде бюджет шығындарының алдын алынған, «Жетісу» футбол клубы 1,7 млрд. теңге, «Жастар» ойын спорт түрлері клубында – 700 млн. теңгеден астам (737 млн.); спортты дамыту дирекциясында – 80 млн. теңгеден астам (84 млн.) әшкереленген. Тексеру комиссиясының актілері бойынша көрсетілген қаражатты бюджетке қайтару бойынша жұмыс жүргізілуде.
Осы бағытта, «азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Үкіметтің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына сәйкес спорт ұйымдарына ақы төлеу қорын қалыптастыру қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, «Жетісу» ФК бас директоры Донсебаев пен спорт директоры Иманқұловқа қатысты тергеу аяқталуда. Оларға бюджеттен жымқыру айып тағылуда 47,5 млн. теңге залал толық көлемде өтелгенін мәлімдеді. Жемқорлықтың иісі аң-қыған тағы бір сала «Бизнеске жол» жобасы аясында 3 мыңға жуық ШОБ субъектілерінің құқықтары қорғалып (2 964), мемлекеттік сатып алу мониторингімен 301 млн. теңге үнемделіп, әкімшілік жауапкершілікке 10 адам тартылды, – дейді С. Ахметжанов.
Жемқорлардың жолын кесуде «Тәуекел картасы» аясында бірінші жартыжылдықта қамтылмаған салаларға баса назар аудара отырып, алдағы кезеңге арналған міндеттер мен өңірдің тәуекелдер картасы бойынша жұмыс та айқындалды. Өз сөзінде департамент басшысы жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолын кесу мақсатында өңірде автожолдар салу мен жөндеуді мониторингтеуді және жедел сүйемелдеуді жалғастырылатынын айтты.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ