АЛТЫ БЛОКТЫ — МОДУЛЬДІ СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛАДЫ

0
193

Жетісу облысында спорт саласының инфрақұрылымын дамыту бағытында, әсіресе, ауылдық жерлерде блокты-модульді конструкциялар кеңінен пайдаланылып келеді. Өткен жылы осындай 4 блокты-модульді спорт кешені салынса, биыл тағы 6 нысан тұрғызу жоспарланған. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәселен, Спорт күніне орай Қаратал Тастөбе ауылында жаңа блокты-модульді спорт кешені ашылса, осындай нысандар Кербұлақ ауданының Қызылжар, Алакөл ауданының Қарабұлақ ауылдарында және Ескелді ауданындағы Шымыр, Жетісу, Елтай ауылдарында салынуда.
Ескелді ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Асхат Оразалиновтің айтуынша, бүгінде ауданда 4 спорт нысаны жұмыс істейді. Оларда балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің 1200-ге жуық тәрбиеленушісі спортпен айналысады. Ал жаңа блокты-модульді спорт кешендерінің салынуы халықты бұқаралық спортқа көптеп тартуға мүмкіндік тудырып отыр.
Ескелді ауданындағы екі қабатты жаңа блокты-модульді спорт кешендерінің бірінші қабатында мини-футбол, волейбол, баскетбол сияқты командалық ойындарға арналған залдар орналасса, екінші қабатында бокс, күрес және басқа да спорт түрлеріне арналған залдар қарастырылады. Сонымен қатар спорт залдары, душ бөлмелері, киім ауыстыратын бөлмелер және басқа да қажетті орындар жобаланған. Ғимараттардың әрқайсысының ауданы 720 ш.м., ойын залдарының алаңы – 500 ш.м.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ