ЖЫЛҚЫМЕН ЖАНЫ БІР ХАМЗА

0
483

Өткен аптада Ескелді ауданындағы Жалғызағаш ауылына барып, ауылдың тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтқан едік. Сол кезде ауыл әкімі Диас Сапарғалиев: «Шабандоз Хамза баламызды білесіз ғой. Ол осы ауылдың баласы, біздің мақтанышымыз», – деп аса бір ыждахаттылықпен айтып еді.

Өз басым шабандоз бала туралы естігенім болмаса, қанша жаста, қай жердің баласы, қандай жетістіктерге жеткенін білмейді екенмін. Ол туралы ғаламтордан іздеп көріп едім жазылған мақала көп екен. Бірақ барлығында Хамзаның шабандоздығы мен жеткен жетістіктері сөз етіліпті. Сондықтан өз мақаламда оның балалық шағы туралы қалам тербеуді жөн көрдім. Осылайша Жалғызағаш ауылының әкімінен Хамзаның анасының телефонын алып, хабарласып, онымен жолығып, тілдескен едім.
Ауылымызда «Ақылбай» шаруа қожалығының иесі Ақберлинов Марат ағайымыздың үлкен ат қорасы бар. Ат қора жанында атбегілер мен шабандоз балаларға, бапкерлер мен басқа да жұмысшыларға арналған үлкен үй бар. Онда барлық жағдай жасалған. Сондықтан Хамза баламыз аттың жанында жүріп, тіпті тамақ ішуге үйге келмейді. Ауыл балаларының барлығы сонда аттың жанында жүреді. Аттарға шөп, су беріп жатқанда балалардың барлығы сонда ойнайды. Жолдасым Марлан Бектенов те әрдайым балалармен бірге. Екеуі үйге кешкі сағат сегіз жарым, тоғызда бірақ келеді, – деп бастады әңгімесін Динара ханым.
Динара мен Марлан екеуінің бүгінде құдай берген жеті баласы бар. Хамза отбасындағы үшінші бала. Марлан Бектенов бүгінде елге танымал бапкер екен. Кезінде өзі де талай бәйгеде қатарластарын шаң қақтырған шабандоз болыпты. Кейін атбегі болып та жұмыс істепті. Бәйгені жаны сүйген Марлан Бектенов бапкерлікке ауысқанына да көп жыл болыпты. Осы күнге дейін жиырма баланы атқа отырғызып, шабандоз қып тәрбиелеп шығыпты. «Олардың алды бүгінде балалы-шағалы болып отыр», – дейді Динара.
Хамзаның есімі елге тарап кеткені – алты жасынан бастап бәйгеге қатысқан ол бүгінгі күнге дейін небары төрт жылдың ішінде тоғыз көлік, бір пәтер, 60-70 миллиондай теңгені қанжығасына байлаған. Айтулы бәйгелерде осылайша жүлдені жібермейтін баланы халық құрметтемей қайтсын? «Барған жерінде тек мейрамханаларда тамақ жеп, ең жақсы жерлерде демалатын Хамза өзін өте қарапайым ұстайды, себебі үйдегі тәрбие сондай. Ата-апасына ғана еркелеп, айтқанын істетеді», – дей келе Динара баласының аттан басқа ештеңені ойламайтынын тілге тиек етті.
Күні бойы аттың құлағында ойнап жүрсе де үйге келгенде бір жасында көкесі сыйлаған ағаш атына отырып алады екен. Анасы «Күні бойы атта отырып шаршамадың ба?», – десе басын шайқап, атында секіріп отыра береді екен. Ол ағаш аты болмаса жастықтықтың өзіне ат сияқты мініп алатын көрінеді. Үш жасынан атқа мініп үйренген Хамза өте белсенді бала болып өсіпті. Артынан ілескен інісі қазір екі жарым жаста. Анасының айтуынша, ол кішкентайынан қорқу дегенді мүлдем білмейді. Қазірдің өзінде жалқыны жақсы көретіні байқалады.
«Бұйыртса екінші ұлымыз да шабандоз болады-ау деп отырмыз. Ол Хамзадан асып түспесе, кем болмайтын шығар деймін. Қорқыныш деген сезім оған жат. Ал атқа отыру үшін сондай болу керек. Қорыққанды ат та сезеді де бірден оны құлатып жібереді. Атқа отыру да өзінше бір батырлық», – деген ананың сөзінен мақтаныш сезімі сезілді.
«Анамыз ғой. Қайда жүрсе де, не істеп жүрсе де уайымдап отырамыз. Ал сіздің ұлыңыз жылдың соңында бірақ онға толады. Аттан құлап қалады-ау, бір жерін ауыртып алады-ау деп уайымдамайсыз ба?» – деп сұрадым. Сұрағыма Хамзаның анасы:
Біріншіден, бапкері әкесі. Ол баласының жанынан бір елі аттап шықпайды. Ал аттан құлап бір жерін ауыртқанға үйреніп кеттік. Бәйгеге кеткен сайын Аллаға аманат деп тақымымды қысып отырамын, әрине. Қаншама рет құлады, аяғын шығарып алған кезі де болған. Лепсіде жеті жасында аттан құлап аяғы шығып кеткен. Үйге келгенде аяғының шығып кеткенін білмейді де. Түнде аяғы күп болып ісіп кетті. Дереу дәрігерге апарсақ тізесі шығып кетіпті. Оны емдетіп жүгірдік. Жақында ғана құлап жамбасын ауыртып алды. Бірақ өзі ауырдым деп үйде жатпайды. Ары кетсе бір-екі күн жатса жатты, әйтпесе ақсаңдаса да үйден қашып аттарына барады.
Шабандоз бала биыл төртінші сыныпқа барады екен, алдағы оқу жылына ынтасы қалай деген сауалыма орай анасы:
«Өтірік айтпай-ақ қояйын, керемет деп айта алмаймын. Негізінен сабаққа бәйге болмайтын қыс мезгілінде барамыз. Айта-айта мұғалімдері де жалықты. Ол ауылдың баласы емес, халықтың баласы болып кетті ғой. Сондықтан әйтеуір үш деген бағасын қойып беріп жатыр», – деп күлді.
Түске дейін оқыса, түстен кейін атына жүгіретін Хамза бала болашағын да ат үстінде өткізгісі келеді екен. Классикалық жакей болуды армандайтын шабандоз бұйыртса он бес жасқа толған кезде Англиядағы жакейлерді оқытатын арнайы мектепке барып түсуді мақсат еткен. Еуропаның үздік шабандоздарының бірі – Бауыржан Мырзабаевтың өзі Хамзаға оқуға түсуіңе қолдау көрсетемін деп сөз беріпті. Үлгітұтар ағасының өзі осылай қолдау көрсетіп отырғанына Хамза бала тіпті арқаланып, құлшынысы арта түсті дейді Динара сөз арасында.
Жолдасы бапкер, баласы шабандоз, өзі ата-енесінің қолындағы көпбалалы ана Динара қарапайым көрінгенімен талай істің басында жүр екен. Ауылдағы азық-түлік сататын дүкеніне де, Қарабұлақтағы ұлының атымен ашылған дүкенге де баскөз болып отыр, баласының атынан ашылған бүгінде қырық бір мың оқырманы бар инстаграм парақшасын да белсенді жүргізіп отыр, сонымен қатар, үйіндегі ата-енесі мен шейіттей балаларға да қарап, екі сиырын сауып, құрт-майын жасап та үлгеруде.
Сөз соңында анасы Хамзаның атақты жүйрік Жұмыртұяқпен бірге алдағы 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатынын айтты. Егер ол бәйгеде орын алып жатса, облысымыздың мақтанышы Хамзаға халықаралық дәрежедегі спорт шеберіне үміткер атанады екен. Енді көшпенділер ойыны басталғанда Хамзаның отбасы ғана емес, бүкіл облыс тұрғындары тақымын қысып отыратын болды.
«Бұйыртса ұлыңыз жеңіспен оралсын! Сол кезде құттықтап, тағы да газетке шығарамыз ғой», – деп Динарамен жылы қоштастық.

Айнұр ӘБДІРАХЫМ


ПІКІР ЖАЗУ