«ALEMPAY» КЕТТІ, «ONAY» КЕЛДІ

0
1491

Өткен жылда талдықорғандықтардың басын ауыртқан «Алемпей» жол жүру картасы енді жарамсыз. Неге деріңіз бар ма? Ел іші «Алемпейдің» әлеміне енді кірігіп қалғанда төлем картасы көзден бал-бұл ұшып, оның орнын «Оңай» басты.

«Бұл қалай болды деп» шулаған елдің сөзіне бас ауыртар жан жоқ па дейсің… Қала әкімдігіндегілер аталмыш төлем жүйесінің енгізілетіндігі жайлы хабарламаны ресми сайт пен әлеуметтік желідегі парақшаларда жариялағанбыз десе, ел іші жаңалықтан тағы да хабарсыз болдық деп даурығуда. «Ерте бастан қалалық әкімдік пен автопарк басшылығы немесе қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан ескерту, хабарландыру жұмыстары жүргізілсе, мұндай түсініспеушіліктер туындамайтын еді ғой» – дейді қала халқы.
Ел қанша жерден даурықсын, даурықпасын Талдықорғанда «Оңай» деп аталатын төлем жүйесі барлық қоғамдық көлікте іске қосылды. Осы мәселеге орай Б. Құранбек атындағы Журналистер үйінде брифинг өтіп, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Саятбекұлы мәлімдеме жасады. Оның сөзінше «Оңай» жүйесінің енгізілуімен қаланың көлік инфрақұрылымында оң өзгеріс орын алмақ.
«Біріншіден, жүйе нақты жолаушылар ағынын көрсетеді. Осыған сүйене отырып, маршруттық желіні оңтайландыруға, автобустардың дұрыс жүру кестесін құруға, қаладағы қоғамдық көліктің жылжымалы құрамын біртіндеп жаңартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жолаушылар мобильді қосымша арқылы көлік қозғалысын бақылай алады», – деді Жеңіс Андабеков.
Брифинг барысында «Алматы қаласының Көлік холдингі» ЖШС (АКХ) директоры Дәурен Сәбитов те сөз алып, «Оңай» төлем картасы жайлы кеңінен ақпарат берді.
«Алматы қаласының Көлік холдингі» ЖШС «Оңай» жүйесінің операторы болып табылады, қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлеу, диспетчерлеу, жолаушылардың қажеттіліктерін неғұрлым егжей-тегжейлі анықтау үшін көлікті жоспарлау, модельдеу және талдау саласындағы қызметті жүзеге асырады. Бүгінгі таңда Алматы, Қарағанды, Балқаш, Саран және Теміртау қалаларында электрондық билеттендіру жүйесінің жұмысын қамтамасыз етеді. Компанияның миссиясы: күнделікті тапсырмалар үшін қарапайым шешімдерді ұсыну» – деген Д. Сәбитов 2024 жылдың тамыз айының соңында Жетісу облысының әкімшілік орталығы – Талдықорған қаласында «Оңай» жүйесін іске қосуды қолға алып отырғанын айтты.
Спикердің сөзінен белгілі болғандай, қазіргі таңда Талдықорған қаласындағы қоғамдық көлік «Оңай» жабдықтарымен толық жабдықталған (көлік карталары және QR арқылы жол ақысын төлеуге арналған терминалдармен, қолма-қол ақшамен төлеуге арналған мобильді көлік терминалдарымен, бақылаушының портативті терминалдарымен).

Қалада жол жүруді тіркеу үшін оқушылар, колледж студенттері, 70 жастан асқан зейнеткерлер, көпбалалы аналар, оның ішінде ордендермен марапатталған, 1 топтағы мүгедек адамдар, 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, дербестендірілген жеңілдік карталарын пайдаланатын болады. Жеңілдікпен жол жүру тек жеке көлік карталары бойынша беріледі. Осылайша, жүйе пайдаланушыны анықтай алады және тасымалдаушы сол жолаушының сапары үшін өтемақы ала алады.
Карталар қалаларда «Оңай» қызмет көрсету орталықтары, теміржол вокзалдары мен әуежай, газет дүңгіршектерінің желілері, «Қазпошта» АҚ бөлімшелері, тасымалдаушылардың автопарктері сияқты қолжетімді нүктелерде сатылады. Ал жеңілдікті карта түрлерін алу үшін тұлғаларды тіркеу оқу орындарында, аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде, сондай-ақ «Оңай» қызмет көрсету орталықтарында жүзеге асырылады.
Талдықорған қаласында «Оңай» бірыңғай картасын қызмет көрсету орталығынан (мекенжайы – Бірлік 2а), сондай-ақ «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінде сатып алуға болады. Жеңілдік карталарды Н.Назарбаев 35а мекенжайы бойынша Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінде рәсімдеуге өтініш беруге болады.
Өз сөзінде Алматы қаласының Көлік холдингі» ЖШС (АКХ) директоры Дәурен Сәбитов 1 қазанға дейін бұрынғы операторының карталарын «Оңай бірыңғай картасына айырбастау тегін жүргізілетінін де айтты. Ал карталарды рәсімдеу үшін қандай құжаттар қажет, жол ақысын қалай төлеу, карталарды толтыру туралы ақпарат компанияның сайтында onay.kz және әлеуметтік желілерде @onay.kz үнемі жаңартылып отырады.
«Барлық өңірдегі «Бірыңғай» картасының құны 800 теңгені құрайды. Колледж студенттері мен оқушылар үшін «Оқушы» картасын, «7 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған» картасын бастапқы шығару құны – 800 теңгені құрайды; «Әлеуметтік карта» – 500 теңге; «Республикалық жеңілдік» картасы – тегін. Талдықорған қаласындағы «Оқушы» картасы 1 қазанға дейін электрондық билеттеу жүйесін іске қосу аясында тегін негізде шығарылады. Көлік карталарын «Оңай» мобильді қосымшасы арқылы толтыруға болады», – деді ол.
Жалпы қазіргі танда Талдықорған қаласында 480-ден астам аялдама, 26 бағыт бойынша тасымалдауды қамтамасыз ететін 228 автобус бар болса, 7 тасымалдаушы жұмыс істейді екен.
Брифингте «Оңай» төлем картасының «Алемпейден» нендей айырмасы бар? Бұл жүйенің енгізілуі қандай қажеттіліктен туындады? Алдағы уақытта қаланың көлік инфрақұрылымын тағы қандай өзгеріс күтіп тұр? – деген БАҚ өкілдері тарапынан сауалдар да қойылды.

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ