САЛАДА МАМАН ТАПШЫ.ДӘРІ МЕН ҚЫЗМЕТ ҚЫМБАТ

0
152

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Талдықорған тұрғындарымен кездесіп, денсаулық саласындағы бірнеше көкейкесті сұраққа жауап берді.

Облыс тұрғындарының мұң-мұқтажынан хабардар болған Денсаулық сақтау министрі азаматтарды жеке қабылдауда мұқият тыңдап, түрлі бағыттағы мәселенің шешу жолын қарастыратынын айтты.
Бейсен Құранбек атындағы журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Ақмарал Әлназарова мен облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев журналистер тарапынан қойылған медицина саласындағы кадрлар тапшылығы, БАҚ өкілдерінің қызметтік сұрауларына жауап қатпауы, дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы және болашақ дәрігерлердің білімін бақылау сияқты сұрақтарға жауап берді.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша маман тапшылығы Жетісу облысының шалғай аудан, ауылдарында ғана емес, республика өңірлерінің біршама аймағына жетіспейді.
– Денсаулық саласындағы күрделі мәселенің бірі кадр тапшылығы екені рас. Соңғы 3 жылдық көрсеткіш барысында дәрігер тапшылығы 7 мыңнан 4 мыңға дейін төмендеген. Бұл пайыздық мөлшерлемемен алғанда 21 %-ды құрайды. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жас мамандарды әлеуметтік қолдау үшін жаңа заңға қол қойылып, ауылдық жерде қызмет ететін дәрігерлерге қосымша көмек беру жұмыстары атқарылуда, — деп тоқталды министр.
Ағымдағы жылдың 19 сәуірінде қабылданған бұл заң аясында облыстық бюджеттен 170 млн. теңге қаражат бөлініпті. Облыста бүгінге дейін 27 дәрігер аталған көмекке жүгінген. Заң бойынша көмек алған дәрігерлер міндетті түрде 5 жыл көлемінде жұмыс атқаруы тиіс. Сонымен қатар, министрдің айтуынша кадрлар тапшылығын төмендету мақсатында мемлекеттік білім беру жүйесінде оқуын тәмамдаған жас мамандарды жолдама арқылы жұмысқа орналастыру мәселесі қатаңдалып, мемлекет тарапынан бөлінетін грант санын арттыру көзделген.
Министрдің халықпен кездесуі барысында Жетісу тұрғындары медициналық көмектің сапасы, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ем алу мүмкіндігі, қалалық медициналық ұйымдарды білімді, өз ісінің шебері болған кадрлармен қамтамасыз ету туралы түрлі сұрақ қойды. Зейнеткерлердің айтуынша қала мамандары адам денсаулығына бей-жай қарайды. Осының салдарынан пышақ астына қайта жатуға мәжбүр болғанын, ауырсынудан мезі болғанын айтқан олар медициналық жұмысқа тұрмас бұрын жас дәрігерлер мен студенттердің сапалы біліміне, емтихан нәтижесіне аса назар аударуды сұрады.
Сұрақтардың тағы бірі қаралып жатқан жаңа Салық кодексінің өзгерістері жайлы болды. Заңға өзгертулер енген жағдайда Қосылған құн салығын (ҚҚС) дәрі-дәрмек өндіретін кәсіпкерлер де төлейді деген қауесеттің шынайы, әлде жалған екенін министрдің өзінен сұрауды жөн көрдік. Егер бұл ақпарат шындыққа жанасатын болса дәрі мен ақылы медициналық қызметтердің тағы қымбаттайтыны барлығына мәлім. Бұл туралы Ақмарал Шәріпбайқызы: «Аталған Заң күшіне енбеді, қарастырылу үстінде. Қосылған құн салығын (ҚҚС) дәрі-дәрмек өндіру орындары да төлейді деген шешім қабылданып жатса, дәрі мен медициналық көмек бағасын тұрақты түрде сақтауды көздейміз», — деп мәлімдеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы БАҚ өкілдерінің барлық сұрақтарына толық жауап берді. А. Әлназарова өңір тұрғындарының әрбір өтінішіне толық түсініктеме беріп, бірқатар мәселелерді жеке бақылауға алып, ведомствоның бейінді департаменттеріне шешімдерді пысықтауды тапсырды.

Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ