АЙЫППҰЛДАР САНЫ ӨСІП БАРАДЫ
Мемлекет басшысы жол қозғалысын ұйымдастыруға қатысты екі заңға бірдей қол қойды. Олардың бірінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізіліп, жүргізушілерге арналған айыппұлдардың жаңа мөлшері бекітілді. Бұл айыппұлдар екі айдан кейін күшіне енеді. Қазақстанда жылдамдықты белгіленген мөлшерден асырғандар үшін айыппұл мөлшері екі есе артып, 2024 жылы 147 680 теңгені құрайды.
Егер бір жылдың ішінде құқықбұзушылық қайталанса, айыппұл 60 АЕК-ке дейін өсіп, 221 520 теңгеге жетеді. 2025 жылы АЕК мөлшері 3 932 теңгеге дейін өседі деп күтілуде, сондықтан бұл айыппұл 157 280 теңгеге дейін артады. Бір жылдың ішінде қайталанған құқықбұзушылық үшін айыппұл 60 АЕК-ке (2024 жылы 221 520 теңге, 2025 жылы 235 920 теңге) дейін көтеріледі.
Қазіргі уақытта жылдамдықты асырғаны үшін айыппұлдар келесі мөлшерде: 10-20 км/сағ асырғаны үшін – 5 АЕК (2024 жылы 18 460 теңге), 20-40 км/сағ асырғаны үшін – 10 АЕК (36 920 теңге), 40 км/сағ немесе одан көп асырғаны үшін – 20 АЕК (73 840 теңге). Ал қайталанған жағдайда айыппұл 110 мың теңгеге дейін барады. Осылайша, екі айдан кейін бұл тізімге жылдамдықты 60 км/сағ немесе одан да көп арттырғандар үшін төленетін айыппұл қосылады және өндірілетін айыппұл көлемі екі есе артады, — деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазір жол бойында ала таяқпен тұрып жылдамдықты тексеретін қарауыл-полиция жоқ. Озық технология заманы. Барлық жерде орнатылып қойған бейнекамералар көлігіңнің жылдамдығын түсіріп отырады. 2024 жылдың мамырындағы деректер бойынша елімізде 1 млн.318 мың бейнебақылау камералары орнатылған екен. Оның 155 мыңы Алматыда, 6000-нан астамы Астанада, ал Талдықорғанда 871-ден астамы бар. Оған қоса балабақшаларда, мектептерде, ЖОО орнатылған. Сергек, Автоураган ВС, Интегра деген камералар әкімшілік құқық бұзушыларды анықтап, олар көше қиылыстарында орнатылған.
2023 жылдың 9 айында Алматы қаласында 1 847 765рет жол ережесін бұзғандар анықталып, оларға 13 млрд.теңге айыппұл салыныпты. Ал Астанада осы мерзімде 842000 жол ережесін бұзған анықталып, 9,7 млрд.теңге айыппұл салынған. Талдықорғанда жыл басында ғана 1576 жол ережесін бұзушылық анықталған. Ал қанша айыппұл салынғаны белгісіз. Осы арада туындайтын сұрақ: осы айыппұлдардың ақшасы қайда кетеді? Мемлекет қазынасына қаншасы түседі? Бейнекамераларды орнатқан жекеменшік компаниялардың қоржы-нына қаншасы кетеді ?Осының бәрін қадағалайтын орган бар ма ,бар болса оның аты бар ма?
Салыстырмалы түрде айтар болсақ айыппұлдардың мөлшері жөнінен Қазақстан алдыңғы орында тұрса керек. Жүргізушілердің айтуынша, мұндай құқық бұзу-шылықтар үшін Ресейде біздің ақшамен айтқанда 3000 теңге, Белруссияда 5000 теңгеден басталса, бізде бірден 17 мың теңгеден.(қазір 18 мың теңгеден асады) – дейді текелілік заңгер Талғат Жанбулатов.
Кедейдің қалтасын қағатын айыппұлдар көбейіп барады. Сол айыппұлдың алдында неге ескерту жасамайды немесе көпшіліктің талқысына салмайды. Мүмкін тіпті айыптылардың аты-жөндерін БАҚ-тарда жариялап жазып қойса қалай болар еді? Айыппұлдар мөлшерін азайтса болмай ма?- дейді бізге хабарласқан оқырмандарымыз.
— Бізде айыппұл түрі көбейіп кетті. Даладағы қызғалдақты жұлсаң — миллиондап айыппұл төлейсің.Түкірсең,боқтасаң, қоқыс тастасаң, қоғамдық орындарда немесе тіпті өз үйіңде айғайлап, көршілерге маза бермесең де – төлейсің… Қысқасы, бізде 609 түрлі айыппұл салынады екен – дейді өзін телефонда Ахметов Бауыржан деп таныстырған қала тұрғыны.
Айыппұлдың түп-төркіні – қоғамдағы жұртшылықты тәртіпке шақырудың ең бір тиімді жолы болса керек. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» — деп жазушы атамыз, әйгілі қазақ қолбасшысы батыр атамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, әрине, тәртіп болу керек және сол тәртіпке бағыну керек. Алдағы уақытта айыппұлды қолдану тәртібі жүйелендіріп, қазіргі заңда бар қарама-қайшылықтар өз шешімін табатын болады деген үміттеміз. Өйткені барлық озық елдер қолданып жатқан айыппұл салу тәжірибесін Қазақстанда да кеңінен енгізу қажеттілігі туындап тұр.
Баян ТАҢАТАРОВА