ТАЛДЫҚОРҒАНДА 37 ЖЕЛТОҚСАНДЫҚ БАР
Қала әкімі Ернат Бәзіл талдықорғандық желтоқ-саншыларды қабылдады. Қала басшысы желтоқсан оқиғасына қатысып, тәуелсіздік жолында қазақи рухты көрсеткен аға буынға алғысын айтып, мерекемен құттықтады.
Бүгінде егемендікті жақындатқан 1986 жылғы қазақ жастарының ерен ерлігі ұмыт қалмай, жас буынға ұдайы дәріптеліп жатыр. Міне, тарихта қаралы күн болып есте қалған оқиғаның өткеніне 38 жыл толды. Желтоқсан оқиғасына сол кезде 20 мыңға жуық жас жиналған. Шеруде 8 500 адам ұсталып, 99 адам сотталған екен. Тағы 264 студент оқудан шығарылған. Желтоқсан оқиғасы Қазақстанның Тәуелсіздікке жасаған алғашқы қадамы, тәуелсіздіктің бастауы ретінде мәңгілік бағаланады.
Бүгінде Талдықорған шаһарында 37 желтоқсандық батыр тұрады. Сол азаматтардың басын қосып, алғыс хат пен гүл шоғын табыстаған қала әкімі жиылған қауымға жылы лебізін білдірді.
– Тәуелсіздік – бәрінен қымбат ең қастерлі ұғым, қоғамдағы басты құндылық! Себебі, егемен ел болмай жарқын өмір сүру, берекелі қоғам орнату мүмкін де емес. Сондықтан, елдің тыныштығы, халықтың ауызбіршілігі — біз үшін, біздің мемлекетіміз үшін бәрінен маңызды.
Желтоқсан көтерілісінде ұлт болашағы үшін бастарын бәйгеге тіккен батырларымыз бүгін міне, арамызда. Желтоқсаншыларға әрдайым құрмет көрсетілуі тиіс. Ерлігімен ел аузында қалған жандардың арасында талдықорғандық жерлестеріміз де тәуелсіздік таңын бір табан жақындатуға өзіндік үлес қоса білді. Сіздердің келешек ел ертеңі – жастарымызды патриоттық рухта тәрбиелеуде қосар үлестеріңіз орасан зор деп санаймын, — деді Ернат Бәзіл.
Сонымен қатар, Жетісу облысының «Жетісулық Желтоқсандықтар» қоғамдық қорының төрағасы Ермұхан Жүнісханұлы да ізгі тілегін айтып, желтоқсандықтарды құттықтады.
Облыс бойынша «Жетісулық Желтоқсандықтар» атты қоғамдық қор 2011 жылы ашылған. Сол кезеңдегі Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтың қолдауымен құрылған қор бүгінде жылдың әр уақытында жұмысын тоқтатпай, өскелең ұрпақтың патриоттық рухын көтеріп, тәрбие беру мәселесінде мектеп, колледж, университет қабырғасында жастармен кездесулер өткізуде.
Аталған қордың басты міндеті – желтоқсандықтарға құқықтық-ақпараттық, әлеуметтік көмек көрсету жұмыстарын жүргізу. Қоғамдық қор басшысы Ермұхан Жүнісханұлының айтуынша, елімізде әлі күнге желтоқсан көтерілісіне байланысты саяси баға берілмеген. Алайда Талдықорған өңіріндегі 37 желтоқсандыққа тиісті түрде жеңілдіктер мен көмектер жыл сайын үздіксіз көрсетіледі дейді.
– Облыс тарапынан желтоқсандықтарға түрлі көмектер қарастырылған. Оның бірі жылына бір рет төленетін 200 мың теңгеге жуық әлеуметтік төлемақы. Сонымен қатар, жыл сайын курортқа тегін жолдамалар беріледі. Естуіміз бойынша өзге қалаларда мұндай көмектің 25%-ын азаматтар өздері төлейді екен. Бізде тіпті жол құнын да мемлекет төлейді емес пе деп марқайып қаламыз. Қаладағы тағы басқа ерекшеліктің бірі, ауруханалар мен емханалардағы ақылы көмек көрсету тегін және кезексіз қарайтыны, — деп қор төрағасы облыс әкіміне алғысын білдірді.
2023-2024 жылдары курортқа демалуға 86 жолдама табысталған. Одан бөлек ауыз толтыра айтуға болатын ізгі істің бірі Талдықорған шаһарында күні кеше «Желтоқсан желі ызғарлы» атты монументтің ашылу салтанаты өтті. Аталған монументтің Қазақстан аумағында аналогы еш жерде жоқ. Ескерткіш қаламызда бірінші рет Желтоқсан оқиғасында қаза болған жас саңлақтардың әруағына тағзым ету ниетінде салынды. Оның жобалық және идея авторы Ермұхан Жүнісханұлы. Ашылу салтанатынан кейін Талдықорғандағы қаза болған желтоқсандықтардың рухына арнап ас та берілді.
Қазір желтоқсаншыларды марапаттап, сән салтанат көрсетіп жатқанымен, қиын өмір мен сол азапты күннің естелігі олардың жадында мәңгілік сақталары хақ. Желтоқсан оқиғасы – Қазақстан тарихындағы маңызды әрі қайғылы кезеңдердің бірі. Бұл оқиға Кеңес Одағының соңғы жылдарында, елдегі саяси және әлеуметтік өзгерістердің бастамасы ретінде танылған. Желтоқсан көтерілісі қазақ халқының ұлттың тәуелсіздігі мен өз құқықтарын қорғауға ұмтылған бір бөлігі ретінде тарихта қалды.
Көтеріліске қатысқан жастардың көпшілігі полиция тарапынан ұсталып, тергеуге алынды. Қамалғандардың арасында тек студенттер ғана емес, жұмысшылар да болды. Бұған қоса, оқиға кезінде бірнеше адам қаза тауып, көптеген адамдар жарақат алды. Олардың қатарында, Талдықорғандық тұрғын Бибігүл Жұмажанқызы да бар еді. Алаңға шыққан небәрі 18 жастағы қазақ қызының басынан түрлі қиындық өткен. Тігін цехында қызмет еткен оны «Алаңға шықтың» деген айыппен статьямен жұмыстан шығарған. Өзінің айтуынша, бір өлімнен аман қалып, түрмеге түсе жаздаған.
– Жұмыста жүрген кезімізде алаңға шығып, тәуелсіздік үшін наразылығымызды білдірдік. Алаңға жетпей жатып біздерді итпен қоршап, түрмеге қамады. Шашымыздан, жағамыздан сүйреп, зат сияқты автобусқа лақтырды. Сонда желке тұсымнан сүйреп, мойнымнан қысқанда шубамның жағасына қылқынып, дем жетпей өліп бара жатқанымды түсіндім. Бірақ Алланың құдіретімен сол сәтте түймем үзіліп кетіп, бір өлім аузынан аман қалдым.
Жертөледе ұсталғандардың барлығын жинаған уақытта қазақ қыздары көп болдық. Сұрақтың астына алып, ұзақ уақыт бойы қудалады. Қайта босатылғанымда алаңдағы біреуге ұқсатып, қайтадан темірторға жапты. Москвадан келген солдатқа тас аттың деп айыптады. Жігітті ауруханадан әкеліп, түрімді анықтаған кезде «бұл қыз емес» деп сотталудың аз алдында қалдым. «Артур» деген есімі әлі күнге дейін есімде қалыпты. Ол осы қыз деп айта салғанда не боларын елестете де алмаймын, — деп үрейлене еске алды Бибігүл Жұмажанқызы.
Мұнымен тоқтамаған билік тарапы Бибігүлдің лауазымды орында қызмет атқарған туысқан ағасын да қудалап, қарындасың халық жауы деп түрлі айып та таққан. Кейіпкеріміз сол азапты күндерден кейін қатты күйзеліске түскенін, бүгінге дейін тәртіп сақшыларының машинасын көрсе бойын бірден үрей билейтінін айтты.
Келесі желтоқсаншы кейіпкеріміздің есімі Қайырбек Ырысханұлы. Ол көтеріліс болған уақытта Талдықорған қаласындағы Педагогикалық институттың 3 курс студенті болған.
– Сол оқиға орын алған сәтте 30-ыншы группаның старостасы болдым. 16-17 желтоқсаннан кейін Талдықорғанда бірнеше көтеріліс болды. Кешкісін жатақханада жиналып үгіт-қағаз жасадық. Онда «Құрметті қазақ жастары, қазақ елі мен жері үшін алаңға шығыңдар. Бізге белгісіз жағдаймен Д.Қонаев ағамызды орнынан алып тастады. Орыс азаматы Колбинді сайлады. Соған қарсылық білдіріп, бейбіт ереуілге шығыңдар», — деп жаздық.
Солай таңнан жиналып ереуілге шықтық. Алайда алаңға жете алмадық. «Рахатқа» дейін барған шығармыз. Содан мәжбүрлі түрде пожарныйлармен су шашып, барлығымызды қайтарды. Қаламызда орталыққа шыққан жастар көп болды. Алды алаңға дейін жетті, артымды тіпті байқамадым, — дейді Қайырбек Ырысханұлы.
Алаңға дейін барған бұл кісі қудаланып, 3 жылға дейін түрмеге қамалған. Айта берсек мұндай оқиғаның түрлісін баяндар аға буын жеткілікті. Олардың барлығы азаттық алғанға дейін халық жауы саналып, қоғамнан шеттетілген. Ақталып шыққандарына да ұзақ уақыт болмаған көрінеді.
Өкінішке орай, желтоқсан оқиғасы туралы нақты мәліметтер ұзақ уақыт бойы құпия болып келді және бұл туралы кеңес үкіметі көптеген деректерді жасырды.
Желтоқсан оқиғасы тек бір күннің немесе бір көтерілістің оқиғасы емес, ол Қазақстан халқының рухани тұрғыдан еркіндікке ұмтылуының белгісі болды. Бұл оқиға тек қана қазақ жастарының еркіндік үшін күресі емес, бүкіл Қазақстанның саяси тарихында маңызды бетбұрысқа айналды. Қазіргі таңда Желтоқсан оқиғасының маңызы мен салдары көптеген зерттеулер мен тарихи талдаулардың объектісіне айналды, ал желтоқсандықтар ұлттың тарихында естелік ретінде сақталды.
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ