ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЖАЗЫЛБЕК ҚУАНЫШПАЕВ АТЫНДАҒЫ КӨШЕ БАР

0
37

Облыс орталығындағы қызыл комиссар Михаил Фрунзенің атындағы көшенің атауы өзгертілді. Айта кетерлік ерекшеліктің бірі – облыс орталығындағы түгелге дерлік орыс атақтыларының атымен аталып келген көшелер тәуелсіздік жылдары баяу болса да біртіндеп қазақтың тарихи тұлғаларының есімдерімен өзгертіліп келеді.

Талдықорған қаласының бір көшесіне Қазақстан тарихындағы тұңғыш екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған аңыз адам Жазылбек Қуанышпаевтың атын беру туралы ұсыныс айтқан Қадырғали Жалаири атындағы Халықаралық қайырымдылық қоры болатын.
Кезінде ел арасында малшылардың маршалы, шопандардың атасы атанған малшы-селекционер Жазылбек Қуанышпаев атамыз құнды елтірі беретін қаракөл қой саласындағы жетістіктері мен марапаттары және адами қасиеттері осы күнге дейін ел арасында мақтанышпен айтылып жүр. Ол кісінің есімі ел аузынан тастамай айтып жүретін Нұрмолда Алдабергенов пен Зылиха Тамшыбаева сияқты Еңбек ерлерінің есімдерімен қатар аталады.
Ақсақал 1930-1980 жылдар аралығында бүкіл Қазақстанның мерейін тасытты. Тіпті, оның даңқы өз заманында Кеңестер Одағынан асып, шет елдерге дейін жеткен деседі.
Алдағы күндері де тарихта есімі еленбей жүрген талай азаматтардың атымен аталатын қала, ауылдардың көшелері көбейеріне кәміл сенімдіміз.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ