ҚАЗАҚ МУЛЬТФИЛЬМІ НЕГЕ ДАМЫМАЙДЫ?

0
38

Балаларға отансүйгіштік, адалдық және адамгершілік қасиеттерді жас кезінен үйрету – қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Бұл құндылықтарды қалыптастырудың тиімді жолдарын — мультфильмдер. Алайда қазақ мультфильмдері әлі күнге дейін әлемдік деңгейге жете алмай келеді. Неге? Мәселе қаржыландырудың аздығында, идеяның әлсіздігінде және ұлттық кейіпкерлердің заманауи үлгіде жеткізілмеуінде. Ұлттық анимацияны дамыту арқылы біз жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде үлкен жетістікке жете аламыз.

Алғашқы қазақ анимациялық фильмі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген атаумен 1967 жылы шыққан. Бұл мультфильм режиссер Әмен Қайдардың шығармашылығының жемісі болып табылады және қазақ анимациясының тарихындағы алғашқы маңызды қадамдардың бірі саналады.
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі табиғаттың біртұтастығы, жаратылыстың әсемдігі мен қоршаған ортаға деген қамқорлық туралы баяндайды. Мультфильмде құстар мен жануарлар арасындағы достық пен өзара көмек көрсету туралы қызықты оқиға суреттеледі. Құйрығы айыр болып туған қарлығаштың қиыншылықтарға қарамастан өз арманына жетуге ұмтылуы — адамның табандылығы мен қиындықтарды жеңуін білдіреді.Бұл мультфильмнің негізгі идеясы — мейірімділік, адалдық, достық, бір-біріне көмек көрсету сияқты адамгершілік құндылықтарды насихаттайды.
Осы секілді басқада мультфильмдер балаларды отансүйгіштікке, адалдық пен адамгершілікке баулып, олардың өз елінің тарихы мен ұлттық құндылықтарын құрметтеуге тәрбиелеу — әр ата-ананың, қоғамның басты міндеттерінің бірі. Қазақ мультфильмдерін дамыту арқылы біз өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, оларды өз халқының нағыз патриоты етіп тәрбиелей аламыз. Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, көптеген елдер мультфильмдерді балалар тәрбиесінде белсенді қолданады. Анимациялық туындылар арқылы балаларға ізгілік, батырлық, адалдық, еңбекқорлық сияқты құндылықтарды үйретеді. Мұндай мультфильмдермен тәрбиеленген бала болашақта қоғамға пайдасы тиетін, саналы азамат болып өседі. Алайда қазақ мультфильмдері неге әлі күнге дейін әлемдік деңгейге жетпей келеді? Бұл сұрақтың жауабын іздегенде бірнеше себепті атап өтуге болады: қаржыландырудың жеткіліксіздігі, сапалы қазақ тіліндегі контенттің аздығы және кейде идеялардың әлсіздігі.
Қазақ мультфильмдерінің тарихы тереңде жатқанымен, әлі де көптеген кемшіліктер бар. Мәселен, ұлттық құндылықтарды насихаттауға тырысқан мультфильмдер арасында кейбірі мазмұндық тұрғыдан сынға ұшырайды. Мысалы, «Алдар көсе» мультфильмі. Көпшілікке таныс бұл мультфильм ұрлық пен айлакерлікке назар аударады. Баланың санасында мұндай бейнелер теріс әсер қалдырмауы мүмкін бе? Бұл ойланатын мәселе. Дегенмен, сапалы әрі тәрбиелік мәні бар қазақ мультфильмдерінің саны артып келеді. Мысалы, «Толағай», «Өсиет», «Мұзбалақ», «Ер Төстік пен Айдаһар», «Қошқар мен Теке», «Күлтегін», «Аңшы» сынды мультфильмдер балалардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыруға үлкен үлес қосады. Әсіресе, «Күлтегін» мультфильмі Түркі қағанатының тарихын баяндай отырып, жас ұрпақты батырлық пен ерлікке баулиды. Ал «Аңшы» қысқаметражды мультфильмі табиғатпен үйлесімде өмір сүрудің маңыздылығын көрсетеді.
Қазақ тіліндегі шетелдік мультфильмдер де балалар арасында танымал. Мысалы, «Аңдар шаһары», «Балерина», «Күлшеқыз» секілді дубляждалған туындылар сапалы әрі тәрбиелік мәнге ие. «Аңдар шаһары» балаларды мақсатқа жету жолында табандылық танытуға үйретсе, «Балерина» өнер мен армандарға адалдықты дәріптейді. Бұл туындылардың қазақ тілінде көрсетілуі қуантады, бірақ олар уақытша шешім ғана.
Қазақ дубляжының сапасы мен дамуы туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, оның ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі екенін түсінуіміз керек. Мультфильмдерді ана тілінде тамашалау — балалардың тілге деген сүйіспеншілігін оятып, ұлт болашағын тәрбиелеудің негізгі құралдарының бірі. Алайда, өкінішке қарай, қазіргі таңда еліміздегі дубляждың жағдайы көңіл көншітпейді.
Қазақ дубляжына сұраныстың төмендігі – ең өзекті мәселелердің бірі. Балаларға арналған мультфильмдердің басым бөлігі орыс тілдерінде көрсетіліп жүр. Бұл қазақ тіліне деген қызығушылықты әлсіретуде. Сонымен қатар, елімізде жылына ең көп дегенде 10 фильм ғана қазақша дыбысталады. Бұл өте аз көрсеткіш. Мәселен, көрші Ресейде ай сайын 10-нан астам фильм дубляждалады. Неліктен бұлай? Өйткені Ресейде дубляжға деген сұраныс жоғары, ал Қазақстанда бұл салада қаржылық және техникалық қиындықтар бар.


Қазақ дубляжының деңгейін көтеру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Мәселен, дубляж жасауға мемлекет тарапынан қаржылай көмек керек. Мемлекеттік бағдарлама арқылы дубляж саласына субсидиялар бөлініп, арнайы гранттар ұсынылуы тиіс. Сонымен қатар, жеке компаниялар мен инвесторларды дубляж жасауға тарту маңызды. Оларға салықтық жеңілдіктер немесе басқа да ынталандыру шаралары ұсынылуы мүмкін. Қазақ дубляжын дамыту — ұлттық мәдениетімізді сақтау мен оны кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызды тетігі. Егер сапалы дубляж арқылы балалардың қызығушылығын арттырсақ, қазақ тілі күнделікті өмірде кеңінен қолданылатын, сұранысқа ие құралға айналады. Қазақ дубляжын дамыту — ұрпақ тәрбиесі мен мәдениетімізді сақтаудың маңызды тетігі екені анық. Балалар үшін өз ана тілінде мультфильм көру олардың тіліне деген сүйіспеншілікті ғана емес, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруді де қамтамасыз етеді. Осы тұрғыда, олардың ой-пікірін тыңдау маңызды.
8 жастағы Аян:
– Мен көбінесе мультфильмдерді орысша көремін. Өйткені қазақша мультфильмдер аз. Егер барлық мультфильм қазақша болса, мен тек қазақ тілде көретін едім.
10 жастағы Айсәуле:
– Маған қазақша мультфильмдер өте ұнайды. Соның ішінде менің сүйікті мультфильмім «Ер Төстік» болды. Бірақ басқа орыс тіліндегі мультфильмдерді де көрем. Кейбір жерлерін түсінбеймін сондықтан қазақ тілінде мультфильмдер көп болса екен.
Балаларға сапалы әрі қызықты дубляж ұсынылса, қазақ тілі балалар арасында табиғи түрде дамиды. Ұлттық руханиятты сақтауда дубляждың маңызы зор, және оны бүгіннен бастап қолға алу қажет. Мемлекет тарапынан қолдау көрсету арқылы сапалы анимациялық студиялар ашып, талантты режиссерлер мен суретшілерді ынталандыру керек. Қазақ ертегілері мен батырларының бейнесін заманауи форматта көрсету арқылы балаларға жақын әрі түсінікті кейіпкерлерді қалыптастыру қажет. Қазақ мультфильмдерін тек елімізде ғана емес, шетелде де таныту арқылы ұлттық брендке айналдыру мүмкіндігі бар. Сонымен қатар мультфильмдерді тәрбиелік құрал ретінде мектеп бағдарламасына енгізіп, ұлттық тарих пен мәдениетті оқытуға пайдалануға болады.
Қазақ мультфильмдері — ұлттық сананы қалыптастырудың қуатты құралы. Егер біз сапалы, тәрбиелік мәні терең мультфильмдер жасасақ, жас ұрпақтың бойына ізгілік, отансүйгіштік және ұлттық рухты сіңіре аламыз. Қазіргі таңда қазақ анимациясының алдында тұрған негізгі міндет — ұлттық құндылықтарды дәріптейтін заманауи кейіпкерлер мен оқиғаларды жасау. Осы бағытта қарқынды жұмыс істесек, қазақ мультфильмдері де әлемдік деңгейге көтеріледі. Ұрпақ тәрбиесі мен ұлт болашағы үшін осы бағытта аянбай еңбек етуіміз қажет.

Зарина БЫЖЫБЕК


ПІКІР ЖАЗУ